Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет13/40
Дата01.03.2023
өлшемі262,13 Kb.
#70727
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   40
Байланысты:
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ ТАРИХЫ

СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ
Саясат пен тілдің арасындағы байланыстың тереңдігін де ешкім жоққа шығара алмасы хақ. Тіл мен саясаттың байланысы, ең алдымен, тілдің құдіретті қызметі – қарым-қатынас құралы болуымен байланысты. Қоғамдағы адамдардың қарым-қатынас құралы болатын тіл арқылы мемлекет өзінің негізгі саяси бағытын халыққа жеткізуі қажет. Осыған байланысты кез келген басқарушы ел өзінің тілдік саясатын ашық немесе жасырын түрде анықтап, қоғамдағы мемлекеттік тіл мәселелерін шешудегі қолданылатын ұстанымдары мен істелетін іс-шараларының жиынтығын белгілейді. Тіл саясаты — ұлт саясатының бір бөлігі. Кеңес заманындағы тіл саясатының өзіндік ерекшелігі болды. Қазақ ғылым-білімі үшін ХХ ғасырдың бергені мол. Бір ғасыр ішіндегі қазақ ғылымының өркендеу дәрежесін салыстырудың өзі қиын. Кей зерттеушілер кеңес заманының “солақай саясаты” деп айдар тағып, қаралағысы келгенімен, кеңестік кезеңдегі қазақ ғылымындағы өрлеуді жоққа шығара алмасы анық. Заманында далалықтар өз мәдениетінің ерекше белгісін өрнектеп, жазу үлгісімен, көне жазбаларымен, көркем ауыз әдебиеті жырларымен мәдениеттің ұлттық болмысын жасағаны белгілі. Дегенмен, уақыт ағысына орай әлемдік өркениеттен артта қалып, баққан малы бір жұттық болып, мал соңында жүрген көпшілік жұртты, кеңес заманында инфрақұрылым жасап, темір жол салдырып, кезеңіне лайық қала салып, жоғары оқу орындары мен ғылым-білім шаңырағын құрып, қазақ ғылымының өркендеуі үшін жасаған қызметін ерекше атауға болар еді. Әрине қай уақытта да таяқтың екі ұшы бар екені анық. Саяси үстемдік ғылым аспанында қаншама әңгір таяқ ойнатты, дегенмен, оның оң тұстары да болғанын, яғни мәдениет пен өркениет көкжиегін елімізге жақын әкеліп қазіргі білімнің, ғылымның есігін ашып бергенін де айту орынды.
ХХ ғасырдағы кеңес өкіметінің қазақ жұртына әкелген ұлы жаңалықтары да болды, елге әкелген ауыр қиыншылықтар да аз емес еді. Осы екі ұдайылық рухани өмірімізден, өнер мен ғылымынан, әдебиет пен мәдениеттен де өз көрінісін тапты. Ең алдымен, қазақ жерінде жатқан саф алтындай таза, кіршіксіз ақ жүректерден жалындап шығатын өнер иелерінің жарқырай көрінуіне ықпал етті. Екінші жағынан, олардың еркіндігіне тұсау салынды. Көркем шығарманы, ғылыми еңбекті қалай жазу керектігіне үлгі болып қана қоймай, оның бағыт-бағдарына үстемдік жасап, жоғарыдан бақылап отырды. Бұл бақылаудан шет қалған, оның құрығына ілінбеген көркем сөз шебері немесе ғалым болды десек қателескен болар едік. Қазіргі егемен ел болған кезеңімізге тәуба айтып, тарих көгіне қарағанда, жанынан баз кешіп жүріп, қазақ ғылымының қалыптасуы мен дамуына еңбек еткен ғалымдардың жазғандарына сын көзімен емес, тарихи кезеңнің шындығына тіке қарап, істің астарын іздеген абзал.
Филология ғылымының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың қаламынан туған ғылыми зерттеулерді оқи отырып біз осындай ойларға барамыз. ХХ ғасырдың 30-жылдарында кеңес еліндегі тіл ғылымында академик Н.Я. Маррдың зерттеу еңбектері туралы көзқарас аса жоғары бағаланды. “Адамзаттың алғашқы тілі — қол тілінің дыбысты тілге айналуы қоғам өміріндегі зор өзгерістің бірі” ретінде танылды. Тіл білімінің өзі буржуазиялық және кеңестік немесе маркстік деп екі жікке бөлініп, ондағы ғылыми идеялар екі бағытта бір-біріне қарама-қарсы қызмет етіп жатты. Өзге де кеңестік тіл білімі сияқты қазақ тіл білімінде бұл көзқарас белең алды. С.Аманжолов “Советтік тіл ғылымының теориялық негіздері” деп аталатын еңбегінде осы кезеңдегі ғылымдағы негізгі теориялық бағытты айқындап жазды. Мұнда тілдің шығуы туралы буржуазиялық деп танылған тілдердің шығуының бір түбірден таралу мүмкіндігі туралы ғылыми көзқарас сынға алынып, кеңестік тіл ғалымдары жасаған ілім, әсіресе Н.Я. Марр енгізген “тілдердің бәрі бір атадан тараған жоқ, әуелде көп болған, бірақ әуелгі тілдер ұсақ келетін еді; заман өткен сайын олардың өзара қатынасы күшеюдің арқасында біріне бірі ұқсай түсті, ақыры олар бірікті, бір тілге айналды“ деген ілімі негізгі теориялық база ретінде танылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұған қарсы дау айту сол кезеңде мүмкін де емес еді. Ғалымның ұтқаны – Марр теориясын айта отырып, қазақ тілінің лексикология, семасиология мәселеріне қатысты теориялық ойларын жеткізуі. Автор “Қай ұлттың болса да, тіл байлығы – сол ұлттың тарихи айнасы. Өйткені сөздің бәрі – сананың көрінісі. Сондықтан әрбір сөз тарихтың дерегі болады” – деп нақты теориялық тұжырым жасайды. Демек, ғалым сөздің халық танымымен тікелей байланыста қаралатынын, тілдің когнитологиялық аспектісін ашып көрсетіп отыр деп бағалаймыз.
С.Аманжолов семасиология мәселелеріне де терең тоқталады. Семасиологияның ғылым ретінде қалыптасуын Марр есімімен байланыстыра отырып, сөздердің даму жолын көрсетеді. Ал 1950 жылдардан кейінгі кезеңде И.В.Сталиннің “тіл ғылымы жөніндегі тамаша ойларынан соң” Маррға және оның іліміне деген көзқарас мүлде қарама-қарсы бағытта айтыла бастады. Тегінде қазақ ғалымдарының бір осал тұсы неге екені белгісіз, жел қай жақтан соқса, сол жаққа қарай ығып жүре беретіндігінде. Заман ағысына қарсы жүзген аға буын ғалымдардың қайда аттанып, ісінің не болғанын көріп, біліп өскендіктен де болар, бәлкім. Тарихи жад ол кезде әлі ескірмеген болатын. Ғылымда болып жатқан сан-салалы айтыстар мен әртүрлі көзқарастар қазақ тіл білімін де айналып өткен жоқ. 1950 жылы кеңес өкіметі тіл ғылымының бұдан кейінгі дамуында маңызды рөл атқарған И.В. Сталиннің “Марксизм және тіл білімі мәселелері” деген еңбегі жарыққа шығады. Н.Я. Марр ілімінің басты теорияларын сынауға арналған бұл еңбектің маңызы кеңестік тіл білімінің құрылымдық аспектіде терең зерттелуін қамтамасыз етуімен байланысты болды. Бірақ сөздің ішкі мағынасын, семантикасын зерттеуші ғалымдарға үлкен соққы болғанын да тарих біледі. Бұл кездегі газет беттерін зерттей қараған кісіге бір-біріне қарсы жазылған тілші ғалымдардың мақалалары мен пікірлері көп-ақ. Тілдің саяси құралға айналуының бұл басы да, аяғы да емес еді. Тіл мәселесі адам баласының ең маңызды өмірлік қажеттілігі болған соң да, оның қарым-қатынас құралы бола алуы, қай тілде қарым-қатынас жасау мүмкіндігі болуы кеңес өкіметінің негізгі саяси көзқарастарын белгілейтін. Мұның өзі ұлттар арасындағы бірлікті сақтау үшін шешілуі тиіс басты проблемалардың бірі болатын. Маррдың қисынды-қисынсыз идеяларына ашық шабуыл басталған тұста, оның ғылыми-теориялық маңызды бағыттары да жоққа шығарылды. Айталық тіл құрылымының мағыналық сипатының зерттелуі ендігі жерде мүлде қажетсіз деп танылды. Сөйтіп сөздің семантикалық құрылымы зерттеу нысаны болудан шеттетіліп, басты бағыт – формальдық грамматика ретінде танылды. Кеңестік тіл білімінде Н.Я.Марр теориясы дәуірлеген тұста салыстырмалы-тарих әдіс туралы жақ ашуға мүмкіндік болмай, оның орнына бедел-ғалымның “төрттаған” теориясы уағыздалды.
С. Аманжоловтың “Жаңа дәуірге көшкен советтік тіл ғылымы және қазақ тілінің кейбір мәселелері” атты мақаласы 1951 жылы жазылады. Сталиннің еңбегін талдап, қазақ тіл білімінің бұдан кейінгі кезде зерттеу бағытын айқындауға тиіс мақала осы болды. Қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан өзгерістер гуманитарлық ғылымға әсер етпеуі мүмкін еместігінің бір фактысын осыдан-ақ байқауға болар, сірә. Ғалымның көрсетілген мақаласының қазақ тіл білімінің теориялық дамуы үшін маңызы ерекше деп бағалаймыз. Әңгіме, мақаланың тек Сталин еңбегін насихаттауына ғана қатысты болмаса керек. Мұнда тілдің шығуы, оның ойлаумен қатысы, тілдің қондырма бола алмайтыны, тілдің ұлттық сипаты, грамматика мен лексикологияға байланысты, тілдердің дамуына байланысты зерттеушінің өзіндік кең ойлары бар. Сталин еңбегін саралап, талдау барысында автор С. Аманжолов Маррдың басты теориялық қателерін он бап негізінде жүйелейді. Ғалымның пайымдауынша, “тілді белгілі бір тап тудырмайды, бүкіл қоғам тудырады, қоғамдағы барлық тап тудырады. Сондықтан да, ол қоғам үшін, қоғамның барлық мүшелері үшін арналған бір ғана халықтық тіл”. “Тіл қай базистен де қай қондырмадан да ұзақ жасайды”. “Мыңдаған жыл өмір сүрген адам баласының дүние тануына үнемі қызмет еткен тіл, тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол дамудың жән күрестің де қаруы болумен қатар, грамматика сияқты адам баласына зор қызмет істейтін өте маңызды ғылымды тудырды.
Ал ғалымның кірме сөздер мен терімсөздер, әртүрлі сөздіктер мен олардың жасалу тәртібі, диалект пен жаргондар туралы айтқан теориялық ойлары күні бүгін де теориялық тұрғыдан өз маңызын жойған жоқ.
С. Аманжолов қазақ тіл білімінің басты теориялық межелерін белгіледі, негізгі методологиялық қисындарының қалыптасуына үлес қосты. Оның қаламынан шыққан еңбектерді былайша жүйелеуге болар еді:

  • тіл ғылымының әдіснамасына қатысты;

  • диалектология;

  • әдеби тіл;

  • терминология;

  • аударма;

  • грамматикалық құрылыс;

  • тіл тарихы.

С. Аманжолов тіл ғылымының маңызын былайша айқындайды: «Тіл ғылымы негізінде адам баласының тілінің жазылуын, өсіп-өнуін, оның құрылысын, бұрынғы, қазіргі күйін, оның бірімен-біірі өзара қарым-қатынасын, олардың даму жолдарын, ондағы заңдарды тексереді [Қазақ тілі теориясының негіздері, 2002, 44]. Ғалым тілдің ең басты маңызды жағы оның «дүние тану құралы екенімен шешіледі» деп тұжырымдайды. Өйткені, тіл:
1) әуелі тіл ғылымы хат тану, оқу, жаза білудің басқышы;
2) хат тани білу арқылы жаңа адамның басқа білімдерге қолы жетеді;
3) басқа білімдердің тарихын білу арқасында адамның өз ой-өрісі кеңейеді;
4) тіл ғылымы арқылы бір халық бір халықпен дұрыс қатынас жасайды; бірінің тілін бірі тез үйренуге де тіл ғылымы себепкер;
5) қысқасы, тілсіз, тіл ғылымынсыз әуелде ешбір мәдениет болған емес [Сонда, 45-46].
Қазақ әдеби туралы айтылған ғалымның толғамды пікірлері әдеби тілдің тарихы мен оны жүйелеу ісінде көп ғалымдарға меже болды. Әдеби туралы С. Аманжоловтың басты ғылыми пікірі «қазақ тілі, басқа тілдер сияқты, толып жатқан тілдердің қосындысынан, яғни толып жатқан ру-тайпа тілдерінің қосындысынан туған» деген ойы еді [2002. 177-бет]. Қазіргі ұлт тілі ретінде қалыптасқан қазақ тілінің шығу және қалыптасу тарихын оны құрап отырған ру-тайпалар тілімен байланыстыра қарауды, қазақ тілінегі говорлардың, диалектінің өзі осы ру-тайпа тілдерінің жұрнағы екендігін ғалым басып көрсетеді. «Халық тілі дегеніміз — диалектілерден (жергілікті ру-тайпа одақтарының тілдерінен) құралған, бірақ әдеби тіл сатысына жетпеген тіл», дей келіп, қазақтың қазіргі тілі дамудың әлденеше сатысынан өтіп, өткелдерден өтіп келгенін байқауға болатынын ескертеді [2002. 177-бет]. «Әдеби тіл деген нәрсе – сапасы жағынан да, өзінің ерекше қасиеттері жағынан да ру тілінен де, ру-тайпа тілінен де, ру-тайпа одақтарының тілінен де, халық тілінен де жоғары тұратын нәрсе» — деп жазады [2002. 177-бет].
С. Аманжолов қазақ әдеби тілінің бастауын біздің заманымыздан бұрын ІҮ-ІІ ғасырларда қаңлы, үйсін, қыпшақ тарихынан бастау керектігін ұсынады. ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін дау-дамай болып келген қазақ әдеби тілінің кезеңдерін айқындауда әртүрлі ғылыми пікірлер болып, дисскуссия жүргізілгені, нәтижесінде С. Аманжолов белгілеген меже қазақ әдеби тілінің басты қайнар көздері ретінде танылғаны белгілі.
Әдебиет:

  • ІV жылдық тіл кітабы, А, 1932;

  • Қазақ Совет фольклоры, А., 1935;

  • Қазақ тілінің грамматикасы, І б. (фонетика мен морфология), А., 193819391940;

  • Қазақ тілінің грамматикасы, ІІ б. (синтаксис), А., 19391997;

  • Орыс алфавитіне негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы, А., 1940;

  • Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы, І б., А., 1950, 1994;

  • Русско-казахский словарь в 2-х т., А., 1946;

  • Вопросы диалектологии и истории казахского языка, А., 1959, 1997;

  • Қазақ тілі теориясының негіздері, А., 2002;

  • Тіл және жазу, Өскемен, 2005.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет