Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет218/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   214   215   216   217   218   219   220   221   ...   248
Үкі тағу, иткөйлек сияқты рухани мәдениеттің этнотаңбалық уәжі олардың мифтік дүниетанымға сай тотемдік мәнімен байланысты.
Осы тектес көне тілдік деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын, материалдық және рухани құндылықтарын, түп-тамырын неғұрлым тереңірек танудың бір құралы, маңызды таным тетігі ретінде зерттеледі.
Қазіргі қазақ қоғамындағы маңызды ерекше сипатқа ие болған ұлттық мүдделі мақсат – халық рухын, оның өзегі мәдениетті жаңғырту. Мысалы, қазіргі күнде жаңа терминдік мағынаға ие болған тұсаукесер сөзінің қызметі оның архетиптік мағынасының қазіргі замандағы ассоциациялық жаңғыруы. Шын мәнінде қазақтың рухани мәдениетінде тұсаукесер ұғымы «Сәби қаз тұрған соң тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым» [32, 441]. Ал қазіргі «алғаш рет таныстыру рәсімін» [сонда] білдіретін терминдік мағынасы тілдің өміршеңдік, мұрагерлік қызметін дәлелдейді.
Әрине, мәдениетті, рухани көріністерді бейнелейтін тіл, миф, өнер, дін және т.б. негізінде құрылатын семиотикалық жүйе. Бірақ көшпенді мәдениетінде, қазақ мәдениетінде рухани мәдениеттің таңбалық негізі, рәміздік жүйедегі ұлттың психологиясы, сакрализациясы негізінен тіл арқылы сипатталады. Сондықтан рухани мәдениеттің коммуникативтік, мұрагерлік табиғатына сәйкес оның ашық жүйе ретінде сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, жаңғыруы, танымы игерілуі, жетілуінің тіл арқылы іске асатынын қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы зерттеулерінде қарастыру тиімді. Себебі ашық жүйе ретіндегі бір этностық (ұлттық) ұжымды мәдени коммуникацияның іске асырылу құралдарының дені, таңбалар жүйесі, рәміздер, әдет-ғұрыптар, материалдық өндіріс туындыларының өзі тіл арқылы қызмет етеді де, мәдениетті тарихи-әлеуметтік процесс ретінде сипаттайды. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде қазақ этносының таным-парасатын, дүниетанымы мен мәдениетін тіл арқылы тану – аса маңызды.
Мысалы «Жеті қарақшы» жұлдызының атауын жеті санының киелі, діни уәж болып тұр десек, оның «жеті қараңғы түн» тіркесін де қатыстылығын байқауға болады. Сол сияқты «жеті шәріп» деген тіркестің діни ұғымы: 1) Мекке шәріп; 2) Мәдина шәріп, 3) Бұхар шәріп, 4) Шам шәріп, 5) Қатым шәріп, 6) Құддыс шәріп (Мысыр шәріп), 7) Кәлем шәріп.
Жеті санының символдануы жалпы адамзаттың өркениетте белгілі «жеті ғаламат» құбылысының да түп тамыр сабақтасады. Тіліміздегі жеті нан, жеті тиын садақа деген діни мазмұнды қолданыстарды былай қойғанда, табиғаттан тыс ерекше кұшті бейнелейтін жетібасты жалмауыз, жетібасты аждаһа сияқты қолданыстар қалыптасқан.
Қазақ танымына сай мәдениетте бұл санның қалыптануы мен заңдасуының бір дәлелі – қазақтың жеті атадан бері қыз алыспау заңы.
Күнделікті тұрмыс пен өмірдегі көп нәрсені де осы өлшеммен белгілеу де қазақ танымына сай қалыптасқан: жеті атасынан шынжыр балақ, шұбар төс; жеті атасынан бері қонған (ақындық, ұсталық, сынықшылық т.б.). Бұл арада жеті сөзі өзінің тура мағынасында тұрған жоқ, олар «о бастан», «ежелден», «арғы аталарынан» т.с.с. ұғымды бейнелейді. Сол сияқты «жеті жұрттың тілін біледі» дегенде де тура «жеті» мағынасын емес, «кең» мағынаны меңзейді.
Демек, тіл – мәдениет дерегі, өйткені ол мәдениеттің құрастырушы бөлігі және тіл мәдениетті танудағы негізгі құрал, себебі ол арқылы біз мәдениетті меңгереміз. Себебі тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады, негізгі этномәдени ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта, бір жағынан, этностың мәдени өзгешелігінің факторы ретінде, екінші жағынан – тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Осылайша қазіргі келер ұрпақты бір тұтастырып, бүтіндікте байланыстырады.
Сонымен, антропоөзектік парадигма адам санасында қалыптасатын ақиқат дүниенің бейнесі арқылы сақталатын тілдік қорды зерттеуге мүмкіндік жасайды, себебі әрбір әлеуметтік жүйеде, ұлттық ұжымда, әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында дүние бейнесі тілде өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады. Олардың негізі тілдік санада концептуалдық жүйе арқылы құрылады және сезімдік қабылдаулар нәтижесінде жеке адамның танып-түсінген деңгейі мен дәрежесі бара-бара ұлттық сипатта тұтасады. Қоғам дамып, дүниенің қасиеттері одан әрі таныла бастаған сайын дүние бейнесінің мазмұны да өзгеріп отырады. Оның мысалын жоғарыда көрсетілген тұсаукесер сөзінің бастапқы этнографиялық ұғымынан қазіргі таңдағы терминдік сипатқа ие болуынан көреміз. Антропоөзектік бағытқа сай тіл арқылы ұлт болмысын тануға ұмтылған қазақтың бүкіл заттық және рухани мәдени атаулары мен ұғымдарының ұлт санасында этномаркерленіп, жадыда терең сақталу құбылысы анықталады.
Мысалы, ежеғабыл құда, бел құда, бесік құда, жаушы, қалың мал, бес жетім, сауын айту т.б.
Сонын нәтижесінде қазақ этнотаңбаларының рухани ұғымдар мен ырым-тыйымдарды, наным-сенімдерді таңбалауда жиі қолданысқа түсетіндігі және олардың халықтың астырт санасында ұзағынан сақталатыны анықталады.
Сонымен, ұлттық дүниетанымның нәр алатын ортасы, әрі көрінер жері – ұлттық мәдениет. Мәдениет халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинақталады. Әр мәдениетте дүние, қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас, түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет заманына, діліне, моральдік нормаларына қарай адамға, өмір – өлімге, адамның іс-әрекетіне, сұлулыққа тағы да басқа әр халықтың басында бар негізгі құндылықтарға байланысты өзінің көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын құралы – тіл.
Сан ғасырлар бойы ұлттық болмыс пен рухани санаға сай қалыптасқан қазақ тілінің тілдік мұрасы осыны толық дәлелдейді. Қазақтың ғасырлар бойғы тарихының, наным-сенімінің, болмыс-тіршілігінің, шаруашылығының, дәстүрінің, мінез-құлқының, адамгершілік, сұлулық туралы түсінігінің энциклопедиясы іспетті тіліміздің өзегі – ұлттық дүниетанымның сақтаушысы, қазынасы ретіндегі қызметі. Мәдениетіміз бен тарихымызды қазақ тілінің қатпарларынан іздеп, ұлтымыздың адамзат мәдениеті аралығындағы орнын анықтау, оның рухани түбін білу үшін ұлттық тілге тереңдей үңілу ғылыми тұрғыдан дұрыс жол-бағыт екенін қазіргі тіл біліміндегі когнитивтік бағыт пен лингвомәдениеттанымдық негіздер көрсетіп отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   214   215   216   217   218   219   220   221   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет