Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Дискурс – «ғаламның тілдік бейнесін» жасаушы тілдік құрал



бет233/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   229   230   231   232   233   234   235   236   ...   248
1.11. Дискурс – «ғаламның тілдік бейнесін» жасаушы тілдік құрал
Қазіргі тіл біліміндегі ғылыми парадигмалардың қалыптасуына сай тілдің жүйелілік сипаты айқындала бастады. Басқаша айтқанда, тілді зерттеудің нысанын аналитикалық тәсіл негізінде жіктеп қарастырудың орнына тілді зерттеудің практикалық та, теориялық та тұрғыдан тұтас синтездік тәсіліне көшу үрдісі өріс алуда. Нақты түрде, бұл лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика салаларында іске асуда.
Бұл үрдіс, түптеп келгенде, қоршаған шындықты адамның жүйелі түрде қабылдауымен тікелей байланысты. Егер бұрын философтар «жүйелілік» деп, шындық туралы пікірлер мен көзқарастардың, тұжырымдардың жүйелілігін түсінсе, бүгінгі ғылыми даму деңгейі санадан тыс өмір сүретін тілдің объективті жүйелілігін анықтап отыр.
Оны бір арқауда тоғыстырып, дәйектейтін архетиптік, паремиологиялық, фразеологиялық, ежелгі тарихи-мәдени, ақпараттық деректер, мәтіндер мәдениеттің прецеденттік көздері ретінде келесі, жаңа мәдени парадигманың түзілуіне, жаңа көркемдік сапаның тууына негіз болады.
Соның нәтижесінде кестелі сөздің танымдық, аксиологиялық, сакралды т.б. мәнде тұтасқан (концептуалданған) бейнесінің мазмұны символдардың қызметі арқылы мәтінде ғана ашылады. Бұл арада танымдық ақпараттың негізі сөзде емес, мәтінде. Ал, мәтіндердің авторлардың, жеке тілдік тұлғалардың шығармашылығы – тілдік санада биологиялық, әлеуметтік және мәдени синтездің тұтасуынан қалыптасатын ментальділіктің тіл арқылы бейнеленетін коммуникативтік әрекетінің көрінісі. Себебі ментальдік – тек психофизикалық күш емес немесе тұрақты мәдени символдар да емес. Олар – адам санасының терең құрылымдарында мәдени концептілер арқылы құралған бейнесі, ұғымдары, тілдік таңбалар. Яғни, концептілер – түпмәннің «дәнінен» коммуникация барысында өсіп шығатын ұғым мазмұны. Демек, ментальділік ана тілі арқылы сананың дүниетанымдық құрылымын анықтайды.
Осымен байланысты мәдениет тілдің вербалды-ассоциативті кеңістігінде дамып, тілдің әрекет субъектісімен арақатынасын тұтастырады. Себебі мәдениетті дамытуға мүмкіндігі бар жалғыз күш – тіл. Және ол әдеби немесе мемлекеттік тіл емес, концептуалды құндылықтар жүйесі ретінде ғасырлар бойында ата-бабаларымыздың ежелгі ойлау кеңістігінде (ноосферада) жинақталып, сақталған, қалыптасқан ұлттық тіл. Мысалы, шаңырақ сөзі – тек киіз үйдің бір бөлігінің ғана атауы емес.
Себебі сөз арқылы нақты ұғым түсініледі, ал дүниені тану, қабылдау ия сезіну концептуалдану нәтижесіндегі символ немесе бейнелі сөз арқылы іске асса, концепті дүниені қабылдау мен түсінудің өзіндік жеке немесе топтық тәсілінің негізгі бірлігі ретіндегі ұлттық менталитетті анықтайды. Таратып айтсақ, концептілер – индивидтің ия әлеуметтік топтың ойлау ерекшелігі мен іс-әрекет тәртібін сипаттайтын когнитивтік және стереотиптік ұстанымдар жиынтығы. Мәдени-танымдық концептінің семантикасын анықтайтын оның бейнелі-метафоралық коннотациялары мен прецеденттік байланыстар түріндегі ассоциативтік құрылымы. Олар этномәдени социумның барлық мүшелеріне жақсы таныс вербалды, символикалық, аксиологиялық құбылыстармен ұқсастыру (ассоциация) қабілетін сипаттайды. Мысалы, Ғ.Мүсірепов дискурсы автор танымының үрдісін сипаттайтын жеке тұлғаның ойы, қиялы, ғалам туралы өзінің біртұтас тұжырымы әрбір оқушыға етене таныс, ұлттық-ассоциативтік парадигма негізіндегі тезаурустық құрылым түзеді: күміс қаршыға; көк жалдың үйіріндей жөңкіліп; көк қырғи; сасық күзендей т.б. («Қазақ солдаты»).
Немесе, көрнекті ақын Ж.Нәжімеденов қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты тұлып сөзінің «жас төлі өлген малды алдарқату үшін қолданылатын бітеу тері» деген семаны «жұбатуға» қатысты метафораға айналдырады: …Жұбау тапты ел тұлыптарға мөңіреп, // Бауырынан бала кеткен талай жан…
Дж.Лакофф, М.Джонсон сияқты ғалымдардың еңбектердің өзінде тілдегі эмоцияны концептуалдаудағы метафоралық құралдар көрсетілген.
Концептуалдану нәтижесінде сөздің нақты, жеке мағыналары көмескіленіп, сөзді бағалайтын оның әлеуметтік және мәдениет дерегі ретіндегі мәні өзектеледі.
Бұл тектес тұжырымдауға өткен ғасырдың аяғынан басталған ғылыми парадигманың гуманистік бағытқа бұрылуы, атап айтқанда, антропоөзектік, функционалдық, когнитивтік, динамикалық парадигманың өріс алып, дүниені тану кіндігінің мәртебесі адамға қарай ойысуы негіз болған. Осыған орай индивидке тән тілдік қабілет туралы ұғым да кеңейіп, тереңдей түсуде. Нақты айтқанда, ол тек санамен сәйкестікте ғана емес, адамның тұлғалық тұтастығында қарастырыла бастады. Осымен байланысты адамның сөйлеу қызметі өзектеліп, ол бұрыннан белгілі мазмұнның қалыптасуын, тұрақталуын ия ол мазмұнның ашылуын сипаттайтын үдеріс емес, ол – осы мазмұнды қалыптастыратын үдеріс. Яғни сөйлеу қызметі, тіпті тілдің өзі адамдардың қарым-қатынасында бір индивидтің екіншіге ақпарат беруі деп емес, социумның өзін қоршаған әлемдегі бағдарын белгілейтін жүйе, «әлем бейнесі» ретінде түсініледі. Демек, жеке адамның «ғалам бейнесін» қалыптастыратын өзекті негізгі ұғым когнитивтік бірлік ретінде тұтас ақпараттық кеңістікте (мәтінде) айқындалады.
Сондықтан концептуалдық талдаудың және лексикалық қор бейнеленген тілдік сананы түзетудің негізгі құралы – белгілі бір концептінің мәтіндегі әрекетінің көрінісін зерттеу. Концептінің тілдік таңба ретіндегі мазмұн межесінде мәнді коммуникативтік ақпарат тұтас мәтінде, нақты айтқанда, дискурста анықталады.
Орыс тіл білімінде дискурс сөзі әуелде «речь» деген ұғымды беріп, «мәтін» ұғымының синонимі іспетті қолданылғанмен, бірте-бірте мәні кеңейіп келеді. Солардың негізгілерін сараптай келіп, дискурсты тек мәтін деп қана емес, түрлі экстралингвистикалық факторларды (қоршаған шындық туралы дүниетаным, пікірлер, тұжырымдар, адресат мақсаты т.б.) қамтитын күрделі коммуникативтік құбылыс деп түсінеміз.
Сонымен, дискурсмәтін түзуші (автор, адресат) – мәтінқабылдаушы (адресант) тұтастығында қарастырылатын, яғни тілдік тұлғаның «таным әлемі» ескерілетін мәтін. Демек, дискурс – тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік бірлік, эмпирикалық тәжірибелердің жиынтығы. Атап айтқанда, дискурста тілдік тұлғаның мынадай ерекшеліктері байқалады: 1) сөйленіс деңгейі; 2) ұлттық таным деңгейі; 3) сөз қорыту, түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4) қоғамдық ойының сипаты; 5) интеллект деңгейі.
Көрсетілген деңгейлері жоқ мәтіндер дискурстық сипатқа ие бола алмайды және олардың авторлары да тілдік тұлға дәрежесіне көтеріле алмайды. Себебі дискурста тұлға әлемі жан-жақты ашылады, «жеке тіл әлемі» пайда болады. Демек, дискурстың басты ерекшелігі – оны жасаушы тілдік тұлғаның көзқарасы мен танымын, көркемдік әлемін оқырманға (адресантқа) аңғарту. Басқаша айтқанда, дискурс – тілдік тұлғаның мәтінге түскен таным әлемі, «өзіндік ғаламының тілдік бейнесі». Таным қызметі ғана әр индивидте әртүрлі дәрежеде болатындықтан, тілдік тұлғаның тіліндегі ғаламның тілдік бейнесі де әртекті және әрқилы сипатталады.
Тіларалық көпір ретінде қызмет еткенде ғана «ғаламның тілдік бейнесі» мен қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар бейнесі бір-бірімен байланыста болады. Ғаламның тілдік бейнесі – тілдік тұлғаға тән барлық қасиеттердің тіл арқылы бейнеленген айқын суреті. Психосоматикалық әрекеттер арқылы қалыптасқан ғалам туралы білім тілдік мағыналарды игерумен қатар жүреді де, тілдік модельдер арқылы архетиптік символдар құрылымы түзіледі. Осы негізде қалыптасқан ақпарат жүйесі негізінде тілдік тұлғаның әлем туралы біртұтас (концептуалды) тұжырымдамасы қалыптасатыны осы саладағы зерттеулерде анықталған. Осы зерттеулерге сүйенсек, ғаламның тілдік бейнесі дегеніміз тіл арқылы берілетін әлем және ұлттық құндылықтардың жиынтық ақпараты.
Мысалы, М.Әуезов ғаламының тілдік бейнесін танытатын дискурсында шымылдық, бесік, торуылға шыққан қасқыр, астау, бұғалық т.б. («Қилы заман») шебер кестеленген.
Немесе, Ә.Кекілбаевтың публицистикасындағы: …Біз тал шаңырақтың астында туып, тал бесікте жатқандардың соңымыз…
Дауылпаз ақын Махамбеттің танымдық дискурсын өзектейтін, дүниетанымына сай шар, қара балта, қара нар, қас үлек, боз орда т.б. коннотациялар.
Көріп отырғанымыздай, ұлттық тілдік тұлға дискурсының концептуалды өрісін ұлтжанды мазмұнды тезаурус құрайды.
Тілдік тұлғаның «ғаламының тілдік бейнесін» сипаттайтын, айшықтайтын дискурстың көркем тілдік құралдары: ерекше метафоралар, теңеулер, символдар, окказионалдық қолданыстар, риторикалық сұрақтар, қайталамалар, етістіктердің ерекше қызметі т.б.
Осы саланың орыс тіл білімінде негізін салушы ғалымдардың бірі А.А.Потебня сөйлеу қызметін психикалық құбылыс деп санағанмен, бірақ тіл, сөз бұл әрекетке мәдени, әлеуметтік мән беретін бастау екенін атап көрсетеді.
Осымен байланысты өз жұмыстарында тілдің тұтас моделін сипаттаған көрнекті американдық ғалым Н.Хомский «туындаушы (порождающая) грамматика», «терең құрылымдар», «ядролық конструкциялар» сияқты ұғымдарды енгізгені белгілі.
Қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарына сай дискурсты зерттеу қазақ тіл білімінде де тілдің ежелгі кезеңдегі күйі деңгейіндегі және болашақ даму үрдісіне де сай әлеуетін тануға көмектеседі. Бұл тек көркем дискурсқа ғана қатысты емес, публицистикалық, іскери, саяси т.б. дискурс түрлеріне тікелей қатысты болып, тіл-адам, тіл-қоғам, тіл-мәдениет, тіл-ұлт т.б. контекстер тоғысындағы тілдегі адам әрекеті мен болмысының функционалдық, прагматикалық, танымдық сипатын айқындауда.
Тәуелсіздік кезеңіндегі рухани жаңғырулармен қатар экономика саласындағы нарықтық қатынастың өрістеуі қоғамдық қатынастарға да түбегейлі өзгерістер әкелді. Қоғамда мемлекеттік емес ұйымдар мен қоғамдар, әртүрлі коммерциялық құрылымдар т.б. жаңа әлеуметтік орта қалыптастырып, өз саласында тілдің жазбаша да, ауызша да түрін негізгі құрал ретінде пайдаланып, жаңа социолингвистикалық ая жасауда. Көрсетілген салаларда табысқа жетудің бір себебі әріптестермен, тұтынушылармен, әкімшілікпен т.б. тиімді қарым-қатынас жасау, сөйлесе білу, істі ойдағыдай жүргізу т.б. тілдік қарым-қатынастың дұрыс болуымен тығыз байланысты. Сондықтан қоғамның сан түрлі іс-әрекет саласындағы сөздің коммуникативтік сапасы оның мазмұнына сай дискурсы арқылы анықталады.
Антрополингвистикалық бағдар ұстанған қазіргі тіл білімінде сөйлеу қызметі психикалық құбылыс деп саналғанмен, бірақ тіл, сөз бұл әрекетке мәдени, әлеуметтік мән беретін бастау екені атап көрсетіледі.
Осыған орай дискурсты зерттеу қазақ тіл білімінде де тілдің ежелгі күйі деңгейіндегі және болашақ даму үрдісіне де сай әлеуетін тануға көмектеседі. Осымен байланысты бұл мәселе тек көркем дискурсқа ғана қатысты емес, публицистикалық, іскери, саяси т.б. дискурс түрлеріне тікелей қатысты болып, тіл-адам, тіл-қоғам, тіл-мәдениет, тіл-ұлт т.б. контекстер тоғысындағы тілдегі адам әрекеті мен болмысының функционалдық, прагматикалық, танымдық сипатын айқындауда өзектілігі ерекше.
Кез келген коммуникативтік әрекет спонтанды немесе ұйымдасқан дискурста белгілі бір коммуникативтік-когнитивтік құрылымдар аясында жүзеге асатындықтан, дискурс – когнитивтік-семантикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Сондықтан дискурс – танымның, ғалам туралы білімнің тілдегі көрінісін жеткізетін бірлік. Ал, аталған бірлік қазақ тіл біліміне қатысты зерттеулерде арнайы талдау нысанына айналмаған. Оны зерттеу тілдің, сөздің (речь) коммуникативтік қызметінің когнитивтік астарын, тетігін анықтап, дискурс пен мәтін арасын ажыратуға көмектесетіні белгілі. Демек, дискурстық талдау қоғамдық-әлеуметтік өмірдің сан саласындағы коммуникативтік тұлға сөзінің, қазақша сөз сөйлеудің оң және теріс өзгерістеріндегі әсер ететін экстралингвистикалық факторларды ажыратуға, ұлттық танымды бекітетін модельдерді саналы түрде іске қосуға мүмкіндік береді.
Дискурс адамдардың сөйлеу арқылы жасаған қарым-катынасынан кейін ғана мағынасы болады, яғни мағынасы мен белгісін, сөз бен ойдың бірлігін айқындайды» [53].
Қазақ тіл білімінде дискурсты әр қырынан зерттеу нәтижесінде қазақ дискурсының ұлттық негізі мен ғылыми теориясы жасалды деуге болады.
Мысалы, Г.Смағұлова шешендік сөздер дискурсын кеңінен қарастырса, З.Ерназарова коммуникативтік актідегі дискурстардың прессупозициялық жағдайын анықтады, К. Садирова көп пропозиционалды дискурстардың көркем мәтін арқылы көрінісін прагмалингвистикалық аспектіде жіті талдап көрсетті. Ш.Нұрмышева қазақ кинодискурсының аударма үдерісінде өзгеру, түрлену ерекшеліктерін салыстырмалы түрде зерттей отырып, көркем шығарманың, сахна, кино деңгейінде әрекетке, динамикаға ауысқанда болатын дискурстың белгілерін атап көрсетеді [54].
Кейбір тілші-ғалымдар дискурсты әдетте бір авторға тиісілі мәтінге қарама-қарсы салмақта тілдік қатынас жасаудың интерактивті тәсілі ретінде қабылдайды. Осындай қарама-қарсылықтың нышаны дәстүрлі тіл білімінде диалог пен монологтың айырмашылықтарынан көрініс береді. Дегенмен де диалго пен монолог арасындағы қарама-қарсылықтың өзі деп шартты түрде ғана. Себебі, монолог өз ішінде шынайы ақиқат дүниедегі болсын, гипотетикалық болсын, әйтеуір адресатқа бағытталады. Бұл дегеніміз түбінде диалогқа айналады деген сөз. Демек, мәтін де түптің түбінде сөйленіске, тілдік қарым-қатынасқа айналады.
Сонымен жоғарыда келтірілген зерттеулер мен пайымдауларды қорытындылай келгенде, қазіргі тіл білімінде мәтін деп абстрактілі, формалды құрылым танылса, дискурс деп экстралингвистикалық фактор негізінде туындайтын, ментальдық қабілеттер әрекетінде жүзеге асатын тілдік қарым-қатынастардың деректелуі, өзектелуі түсініледі.
Осындай зерттеулерден кейін дискурс кең мағынада күрделі коммуникативтік құбылыс ретінде және қарым-қатынасқа қатысушының қабылдау, тану деңгейін сипаттайтын әлеуметтік мәнмәтін күйінде көрініс табатын ауызша сөйленіс ретінде қарастырыла бастады.
Ал тар мағынасында дискурс - белгілі бір уақыт аралығында, нақты мақсатты көздеген сөйлеуші мен тыңдаушының сөйленіс әрекетін тудырған өзара ой реттілігін сақтаған, ойдан туындаған ойдың мазмұндық байланысы кезектескен мәтін деңгейіндегі динамикалы тілдік құбылыс.
Бүгінгі күнге дейін сөйлемнен құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да едәуір жоғары тұратын, ішкі мазмұны талқылауға, ой тудыруға негізделген, яғни прессупозицияға бейім келетін мәтіннің коммуникативтік қызметтегі көрінісін дискурс деп тану үрдісі қалыптасқан болатын. Ал ендігі кезде дискурс - бірнеше ғылым салаларының (прагмалингвистика, лингвофилософия, мәтін лингвистикасы ) негізгі зерттеу нысанына айналып, пәнаралық ұғым ретінде қалыптасты. Осыған орай, дискурсты сан алуан жанрлар мен бірнеше түрлерге жіктеп қарастыру үдерісі бой ала бастады. Дискурс түрлерінің жіктелімін жасау барысында (шешендік дискурс, ғылыми дискурс, поэтикалық дискурс, саяси дискурс т.б.) дискурсты стиль ұғымымен тең дәрежеде қойып зерттеу жағдайлары кездесті. Бұл кезде стиль мәтін деңгейінде зерттелетінімен, ал дискурс сол стильдік мәтіннің қарым-қатынас (ауызша немесе жазбаша) барысында, яғни мәнмәтіннің әрекеттесу динамикасы кезіндегі шынайы болмысына тән функционалды және тағы басқа стиль талаптарының орындалуымен, сол дискурс жанрының ерекшелігін ашу қағидаларының жүзеге асуымен өзгешеленеді. Қандай жағдайда болсын, мәтін мен дискурстың айырмашылығын былай көрсетуге болады: мәтін үнемі статикалық күйде болса, дискурс үнемі динамикалық деңгейде көрініс табады.
Біздің ойымызша, дискурс түрлерінің жіктелуі мен типологиясы ақпаратты таратушы, коммуникативті актіні орындаушы тіл тұтынушының тілдік қатынасына тікелей байланысты болады. Қазіргі таңда тіпті баспасөз дискурсы, радихабарлар дискурсы, телефондық сөйлесім дискурстары, электронды пошта арқылы сөйлесу дискурстары қарастырылуда. Әрбір дискурстың өзіндік ерекшеліктері, қағидалары мен заңдылықтары болады. Бірақ бір маман иесін, кәсіп ететін қызметіне қарай бір ғана дискурсты тұтынушы ретінде қабылдауға болмайды. Оның аялық білімі жоғары болса, бірнеше дискурста қарым-қатынас жасай беретін қабілеті болады.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ тіл білімінің зерттеулерінде де дискурс болудың басты шарттарын профессор Н.Уәлидің еңбектерінен көруге болады: «Субъектінің сөз әрекетінің, яғни тілді қарым-қатынас үшін қолдану әрекетінің нәтижесінде дискурс/мәтін құрастырылады. Басқаша айтқанда сөйлеуші/жазушы сөз бірліктері арқылы айтылым (высказывание), дискурс/мәтін жанр түрінде белгілі бір мағынаны тілдік бірліктер арқылы кодқа салынады, ал тыңдаушы/оқырма сол аталым, дискурс, мәтін түрінде тілдік бірліктер арқылы кодқа салынған мағыналарды (ой мен сезімді) ашады, тіпті тілдік кодты ашып қана қоймайды, сөз әрекетінің нәтижесі болып табылатын коммуникативтік бірліктердің мән-мағынасын интерпретациялайды» [55].
Демек, дискурс түрі, қарым-қатынаста болған коммуникацияға түскен мәтіннің ашылу деңгейіне сай анықталады. Олай болса, адамның қарым-қатынас жағдайындағы серіктесінің аялық білімімен тең келу/келмеуіне орай, аялық білімінің бәсекелесуіне орай, кәсіби біліктіліктерінің, коммуникативтік құзіреттіліктерінің деңгейлеріне орай бір қарым-қатынас үстінде бірнеше дискурс түрлерін жүзеге асыруға болады деген сөз.
Осы тұрғыдан алғанда дискурс түрлерін жіктеу үшін дискурс жанрларына жүгініп топтастыруға болады. Мәселен, публицистика жанрына байланысты іскери дискурс, жарнама дискурсы, саяси дискурстар іріктеліп шықса, көркем әдебиет жанрынан лирикалық дискурс, шешендік дискурс, поэтикалық дискурс туындайды, кәсіби (институционалды) жанрға байланысты медициналық дискурс, әскери дискурс, экономикалық дискурс, педагогикалық дискурс деп жіктеуге болады.
Осыдан барып, дискурс құрылымын макроқұрылымдар немесе жаһандық құрылымдар деп және микроқұрылымдар немесе локальді құрылымдар деп іріктеледі.
Дискурс макроқұрылымы өз ішінде ірі құрамдас бөліктерді құрайды. Ондай ірі құрамдас бөліктер тақырыптық, референциалды, уақыттық, т.б кеңістіктеріне қарай тұтасады. Ал микроқұрылымдар өз ішінде дискурстық деңгейіне қарай, қарым-қатынасқа қатысушылардың аялық біліміне қарай анықталады.
Жаһандық дискурстар ауқымды, күрделі тақырыпты қамтитын болса, локальды дискурстар бірнеше кіші (минимальды) дискурстық бірліктердің және олардың бөліктерінің жиынтығынан құралады.
Қорыта айтқанда, дискурс коммникативтік лингвистиканың негізгі нысаны болып саналады. Сондай-ақ мәдениаралық коммуникация, прагмалингвистика, когнитивтік стилистика, лингвомәдениеттану салаларының ұғымдары ретінде қарастырылады.
Дискурс мәтін емес, бірақ мәтін қарым-қатынасқа түссе, дискурс бола алады. Сондықтан мәтін мазмұнына қарай, идеясына қарай, прагматикасына қарай алуан түрлі болса, қарым-қатынасқа түскенде, дискурс та соншалықты түрлене алады.
Дискурсқа қатысты өзекті мәселе - дискурс пен мәтін арақатынасы. Көп уақыт бойы мәтін тізбекті түрде орналасқан сөйлемдер арқылы жасалады және коммуникацияның жазбаша формасымен байланысты, ал дискурс тілдік актілерге немесе коммуникативтік актілерге бөлінеді және ауызша коммуникацияға сәйкес келеді деп есептелініп келді. Кейбір зерттеулерде дискурс ұғымы мен мәтін ұғымы синонимдес мәнде, бір-бірін ауыстыра алатын және тең терминдер ретінде қаралып келді. Біздің ойымызша, мәтін мен дискурс мәселелері олардың арақатынасын талдау барысында ашылмақ.
Мәтінге лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте мынандай анықтама берілген: «Мәтін – мағыналық байланысқа біріккен таңбалық бірліктердің тізбегі. Мәтінді дұрыс қабылдау тек тілдік бірліктер мен олардың қосындылары арқылы ғана қамтамасыз етілмейді, сонымен бірге қажетті білім қоры, коммуникативтік қор арқылы да қамтамасыз етіліп, сол себепті мәтінді қабылдау пресуппозициямен байланысты болады» [56, 507 б.].
Лингвистикалық әдебиетте «мәтін» терминімен қатар «дискурс» термині қазіргі зерттеулерде әртүрлі түсінікке ие, ең көп мағыналы ұғымдардың бірінен саналып, сөз түрі, мәтін, мәтін типі, байланысты мәтін, байланысты сөз мәтіні эквиваленттеріне ие болып келді. «Дискурс (француз – discours, ағылшын – discourse, латын – discursus – «қозғалыс, шыр айналу, сұхбат, әңгіме») – сөз, тілдік қызмет процесі, сөйлеу тәсілі. Тілді тура немесе жанама түрде зерттейтін гуманитарлық ғылымдар қатарының (лингвистика, әдебиеттану, семиотика, социология, философия, этнология мен антропология) көпмағыналы термині» [57].
Қазіргі лингвистикада дискурс ұғымы мағынасы бойынша мәтін ұғымына жақын болғанымен, ол тілдік қатынастың уақытта өрістейтін динамикалық сипатын көрсетеді, ол бұған керісінше мәтін көбінесе статикалық объект, тілдік қызметтің нәтижесі ретінде белгіленеді. Оларды межелеп бөлу әртүрлі зерттеушілер еңбектерінде түрлі негіздерге сүйенеді.
Н.Д.Арутюнова келесі анықтаманы келтіреді: «Дискурс – оқиға аспектісінде алынған мәтін; мақсатты әлеуметтік іс-әрекет ретінде қарастырылатын сөз; адамдардың өзара іс-қимылдарына және олардың санасының (когнитивтік процестерде) механизмдеріне қатысатын компонент; экстралингвистикалық (прагматикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық және т.б.) факторлармен жиынтықтағы жүйелі (связной) мәтін... Дискурс – «өмірге енгізілген» сөз ... мәтінге қарағанда дискурс нақты өмірмен байланыс тікелей қалпына келтірілмейтін ежелгі және басқа мәтіндерге қатысты қолданылмайды» [56, 137 б.].
Е.С.Кубрякова мен О.В.Александрованың атап көрсетуінше, «дискурс ретінде нақты сөз өндірумен (речепроизводство), тілдік шығарманы білумен байланысты когнитивтік процесті түсінуіміз керек, ал мәтін белгілі бір аяқталған (және бекітілген) формаға айналатын тілдік қызмет процесінің ақырғы нәтижесі болып табылады» [58, 19 б.]. Осылайша, дискурс нақты сөз өндірумен байланысты құбылыс ретінде көрініс тапса, мәтін белгілі бір аяқталған және бекітілген формадағы сөз өндірудің өнімі ретінде көрініс табады, яғни мәтін – тіл жүйесі мен лингвистикалық құзіретке қатысты коммуникативтік іс-әрекеттің нәтижесі, дискурс сөзге және тілдік әрекетке қатысты мәтінді тудыру процесі. Бұндай нақты сөйлеуді оның нәтижесімен салыстыру арқылы мәтін оны қабылдаушы жеке адамның санасына түсіп қабылданған кезде дискурс ретінде түсіндіріле алатындығына көз жеткізуге болады.
Қазақ тіліндегі көп пропозициялы дискурстың құрылымдық негіздеріндегі мәтін түзу мәселесін зерттеген Г.Садирова: «Дискурс – өмірдегі, яғни шынайы уақыттағы нақты оқиғалардың тілге көшкен тізбегінің ағымы болса, мәтін – дискурс үзігі, ол жанр заңдылықтарына сай рәсімделеді немесе тіпті арнайы рәсімделмеуі де мүмкін. Сонымен қатар дискурс шынайы уақытта туса, ал мәтіннің өз ішінде сақтап қалған уақыты болады. Таратып айтсақ, шынайы уақытта белгілі бір дискурс нәтижесі болған мәтін ішіндегі уақыт шынайы уақытқа сай түспейді» – деп, бұл жайтты мәтін мен дискурстың басты ерекшелігін танытатын негізгі белгінің бірі деп санайды [59, 11 б.].
Дискурс пен мәтін арақатынасын қарастыруда біздің ойымызша, зерттеуші Е.С.Кубрякованың пікірі маңызды болып табылады: «Адам тәжірибесі мен оны пайымдау фрагментін белгілемейтін мәтін болмайды. Мәтіннің бұл қасиеті оны концептуалдық және когнитивтік сараптау объектісі етіп алуға, яғни бұл мәтінде қандай ғалам бейнесімен таныстық, не және қандай себептен біздің назарымызды аударды, онда қандай білім және бағалау фрагменті бекітілген деген сауалдарға жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, соңғы нәтижесінде дискурстық болып табылмайтын, яғни коммуникативтік қызметке әлеуметтік бағдарланбаған мәтіндер де болмайды. Бұл айтылғандардан мәтін мен дискурсты ажыратып тануға болатындығы, олардың мүлде бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар емес, яғни бір-бірін жоққа шығармайтындығы туралы қорытынды жасауға болады» [60, 75 б.].
Қазақ тіл білімінде дискурсты прагматикалық тұрғыдан талдауға қатысты зерттеуші Қ.Есенованың пікіріне тоқталғанды жөн деп санаймыз: «Біздіңше, дискурсты прагматикалық тұрғыдан талдағанда коммуникативтік ситуацияға және оған қатысушыларға байланысты экстралингвистикалық, этномәдени факторлар, сондай-ақ коммуниканттардың мақсат-ниеттері басшылыққа алынуы тиіс. Қандай да бір ақпаратты алғанда оқырман автордың сол мәтінді дайындаған сәттегі қиял-дүниесін елестетуге тырысады. Басқаша айтқанда, дискурсты түсіну бөгде адамның ойлау дүниесіне еріксіз және ерікті түрде ену деуге болады. Ал өз кезегінде адресант сол дүниені керекті нұсқада жасау үшін тілдегі семантиканың барлық мүмкіндіктерін пайдаланады» [61, 36 б.].
Сараланған теориялық жадығаттар төмендегідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Қазіргі лингвистикалық әдебиеттердегі дискурс ұғымы мәтінді түсінумен тығыз байланысты. Дискурс пен мәтін арасында айырмашылықтың барлығы күмәнсіз, дискурс және мәтін термині арқылы анықталынатындығына қарамастан, ол таза түрде мәтін болып табылмайды. Ауызекі тіл шығармаларына қатысты «дискурс» терминінің жиі қолданылатындығы, ал жазбаша шығармаларға «мәтін» терминінің қолданылатындығы олардың айырмашылықтарының тағы бір қыры болуы мүмкін деген пікірлер айтылғанымен, ол көзқарастарды дискурс пен мәтін ауызша да, жазбаша да шығармаларды толықтай қамтиды деген пікірлер жоққа шығарады. Олай болса, зерттеушілер мәтін мен дискурс ұғымдары бір-бірімен байланысты, бірақ теңбе-тең ұғымдар емес, олар бір-бірінен ұғымдарының көлемі мен зерттеу аспектісі бойынша ажыратылады деген пікірге тоқтайды. Сонымен, дискурс – мәтіннің көлемді түрі, бірнеше мәтіннің байланыстылығы. Дискурс бір уақытта тілдік әрекеттің процесі және оның нәтижесі, яғни мәтін.
Тілші-ғалым Қ.Жаманбаева дискурс сипатын айқындамас бұрын мәтін семантикасына қатысты кейбір ұғымдарды біліп алған жөн дей келіп, былай дейді: «Дискурс сипатын бірден көрсете алмаймыз. Ол зерттеу барысында айқындалады. Тек мынандай қырын алдын ала нұсқауға болады. Бұл мәтіндер дара тұлғаның ішкі интенциясын көрсетеді, оның ішкі дүниесін модельге түсіреді. Оның терең негізінде объективті түрде өмір сүретін дайын құрылымдар жатыр» [62, 22 б.].
Тілдік тұлғаны зерттеуге қатысты жазылған еңбектердегі дискурстың сипатталу ретіне келетін болсақ: «Дискурс деңгейінде мәтін түзуші – мәтін – мәтінді қабылдаушы (сөйлеуші – сөз – тыңдаушы) – үш жақтың байланыстылығы мен бірлігі (бір-бірін түсіну, қабылдау) үрдісі жүзеге асырылады. Демек, дискурс жеке тұлғаның тіл әлемін (оған тұлғаның тілдік өресі, белгілі-бір дүниетанымдық білім аясы енеді) танытатын кеңістік» [63, 6 б.].
«Дискурс – тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік факті. Дискурста тілдік тұлғаның мынадай ерекшеліктері байқалады: 1. Сөйленіс деңгейі; 2. Ұлттық таным деңгейі; 3. Сөз қорыту, түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4. Қоғамдық ойының сипаты; 5. Интеллект деңгейі» [64, 32 б.]. Тілдік тұлға тілін зерттеуде дискурс ұғымының маңыздылығын оның тілдік тұлға болмысын ашуда толық ақпарат бере алу мүмкіндігіне иелігін байқаймыз.
Соңғы онжылдықта ақын-жазушылар, белгілі тұлғалардың дискурсын ғылыми еңбектерде саралау (анализдеу) кеңінен орын ала бастады. Абайдың тілдік тұлғасын дискурстық талдау негізінде жүргізген зерттеуші Г.Мұратова: «Дискурстық талдау кез келген көлемдегі мәтінге жүргізіледі де, мәтіннің лексика-синтаксистік құрылымы ғана сарапталмайды, мәтінді кім жазды, қашан, қайда, кімге арнап жазылды, қандай мақсатпен жазылды, тіпті автордың нормативті ұстанымы, идеологиялық, бағалауыштық бағыты қандай деген сұрақтарға жауап алыну үшін талдау (тіпті сараптама деуге болады) жүргізіледі. Абай дискурсы осы тұрғыда талданды. Бұнда автордың мақсат-мұратын білу аса маңызды деп есептейміз, өйткені оның қоғамдық-саяси дүниетанымы мен көзқарасы, ұстанымы мен әлеуметтік болмысы тілдік тұлғаның мән-мәтінін қалыптастырып, сөз саптауын (стилін) шыңдауға ықпал етеді, әрі оны айқындауға бағдар болар көрсеткіш іспетті» [65, 20 б.], – дейді.
Сонымен, дискурс – грамматика мен стилистиканың ережелері бойынша құрастырылған, айтушының (жазушының) белгілі бір ойын немесе коммуникативтік ниетін дамытатын прагматикалық мәні бар және оның танымындағы құндылықтар жүйесін тануға көмектесетін когнитивтік функциялары бар, оның ішкі әлемін, «менін» қоса көруге мүмкіндік беретін тұтас тілдік шығарма ретінде ұғынылып жүр. Олай болса, дискурс тілдік шығарманың айналасына шоғырландырылған, прагматикалық мазмұнмен толыққан шығарма иесінің өзіндік қырын көрсететін күрделі жүйе ретінде түсініледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   229   230   231   232   233   234   235   236   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет