«Дискурс» терминін бірінші қолданған адам – француз ғалымы Э. Бенвенист. Ол сөйлеу, сөйленім, сөйленіс (высказывания) атаулының бәрін дискурс деп атап, оны монологқа қарсы қойды [1, 78]. Шындығында, дискурсты монологтан емес, екі адамның сөйлесуінен (диологтан) іздестірген жөн. Дискурс теориясының тууы мен қалыптасуына түрткі болған нәрсе – Еуропа ғалымдарының синтаксисті тек сөз тіркестері мен жай және құрмалас сөйлемдерден ғана емес, олардан жоғары тұрған (мәселен, мәтін) тілдік бірліктерден іздестіруге ұмтылыстары түрткі болды. Ондай синтаксисті біреулер – гиперсинтаксис (Б. Палека), екіншілер – макросинтаксис (Т. ван Дейка), үшіншілер – мәтін синтаксисі (В. Дрослера) деп атады [2, 137]. Қазіргі ғалымдардың дискурс туралы пікірлері біржақты емес. Біреулер оны «сөйлесу», «сөйлесім» десе, екіншілер диалогты дискурс деп атайды [3, 112]. Үшінші біреулер дискурс деп – «мәтінді, оның ауызекі сөйлеу тіліндегі қалпын» атаса [4, 69], төртіншілер «мән-мағынасы, ұғымы жағынан бір- бірімен логикалық және синтаксистік байланыста тұрған бірнеше сөйлемдерден құралған мәтінді» дискурс деп атайды [5, 183]. Біздің ойымызша, осы соңғы пікір шындыққа жақын келетін сияқты. Есте болатын нәрсе: дискурс – ауқымы кең, күрделі құрылым. Оған прагматикалық, когнитивтік, этнолингвистикалық, мәдениеттанымдық, әлеуметтік, менталдық, психологиялық, семантикалық сипаттар тән. Бұлар әлгі диалог-мәтінді маңызды, мәнді, әрі түсінікті етуге септігін тигізеді.
Осылардың бәрі жинақталып келіп, диалог-мәтінді біртұтас құрылымға, бір бүтін тілдік бірлікке айналдырады. Сөйтеді де, ол тілдік бірлік екі тарапты толыққанды қарым-қатынасқа түсіреді. Сонымен, дискурс дегеніміз – белгілі бір тілдік жағдаяттағы екі адамның өзара сөйлесуі (тілдесуі), бір-біріне сұрақ беруі, жауап қайтаруы; бірін-бірі түсінуі. Бұл біздің бұған дейін мәтін деп жүрген ұғымымызға өте жақын. Бірақ дискурс мәтінге қарағанда кеңірек, ауқымдырақ. Мәтін – бірнеше сөйлемнен тұратын кез-келген тілдік бірлік болса, дискурс екі адамның сөйлесуі (диалог) кезінде туындайтын, экстралингвистикалық, ұлттық факторлармен байланысты тілдік құрылым. Ендеше, дискурс деп – мән-мағынасы жағынан бір бірінен алшақ жатқан, бірнеше жәй немесе құрмалас сөйлемдерден құралған, құрылымқұрылысы жағынан олардан әлдеқайда ауқымды, бірақ араларында ұғымдық, логикалық байланыс бар күрделі құрылымды ұққанымыз жөн. Өйткені дискурс – сөйлеу, сөйлесу іс-әрекеті (процесс, акт). Ол – тілдік тұлға (ұлт тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін терең білетін адам) болып табылатын екі адамның сөйлесуі (диалог), сонымен бірге, дискурс – сол сөйлесудің нәтижесі (мәтін), бірін-бірі ұғуы. Сондықтан біз оны өз тарапымыздан диалог-мәтін деп атадық. Осы тұрғыдан дискурсты – тілді меңгерудің, оны қолданудың (пайдаланудың) теориясы мен практикасы деп қорытуымызға әбден болады. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Бенвенист Э. Лингвистика текста. М., 1978 2. Лингвистический энциклопедический словарь. М., 1990. с. 136-137 3. Красик В. И. О типах дискурса//Языковая личность. Волгоград, 2000 4. Макаров М.Л. Основы теории дискурса. М., 2003, -280 с 5. Буркутбаева Г.Г. Деловой дискурс. Онтология и жанры. А., 2005.-232 с.
Құқықтық тәжірибедегі тілдік қатысым – бұл үлкен диалог, оның барысында ой бөліседі, ақпарат беріледі және сөздің көмегімен бірлескен әрекет үйлестіріледі. Заңгер мамандығы тек кәсіби шеберлікті ғана емес, білімінің, дүниетанымының кең құлашты болуын да талап етеді. А.Ф.Конидің пікірінше, "юрист должен быть человеком, у которого общее образование идет впереди специального" [3.67].
Заңгердің бүкіл қызметі заң шығару, тергеу жүргізу, үкім шығару, айыпталушының құқығын қорғау, құқықтық ережелерді жүзеге асыру, түсіндіру бәрі де адамдар арасында қарым-қатынасты дамыту үдерісінде жүзеге асады. Ол бірлескен әрекет қажеттіліктерінен туындайды, сондай-ақ ақпарат алмасуды, бір адамның басқаны қабылдауы мен түсінуін, кәсіби заңгерлік әрекетте өзара әрекет етудің бірыңғай стратегиясы мен тактикасын қалыптастыруды қамтиды.
Заңгердің тілдік қатысымының құрылымына мыналар кіреді 1) субъектілер; 2) обьекті; 3) субъективті жағы; 4) объективті жағы. [3.17] Сәйкесінше, заңгерлік тәжірибеде тілдік қатысым мынадай тұлғалардың арасында болуы мүмкін: а) лауазымды тұлға – лауазымды тұлға (судья - адвокат); б) лауазымды тұлға – жеке тұлға (адвокат – клиент ).
Зерттеушілер заңгерлік қызметтегі коммуникацияның бұқаралық, интерперсоналды (тұлға – қызметкер), интраперсоналды (ішкі диалог) түрлерін көрсетеді. Заңгерлік қатысымға түсу үдерісінің негізгі төрт себебін көрсетуге болады: а) экспрессия (қарым-қатынасқа түсуші серіктесінен ықпал іздеу); ә) эвристика (сұрақ қою арқылы жаңа ақпарат алуға талпыну); б) үйлестіру (коммуникация арқылы өзіне пікірлес адамдар табу); 4) реттеу (қарым-қатынаста нұсқаулар, тапсырмалар, өкім беріледі).
Заңгер қатысымының коммуникативтік сипаты:
Нормативтілік немесе тілдесімнің дұрыстығы, яғни ойын әдеби тіл нормасына сәйкес жеткізе білу шеберлігі.
Нақтылық. Заңгер қатысымы процессуалдық ережелердің талаптарына сай болуы тиіс. Мәтіннің процессуалды заңға сәйкестігі құжатты дұрыс атау, тұжырымдар мен заңгерлік терминдерді заңда жазылған мағынасына сәйкес қолданудан байқалады. "Трудно назвать какую - либо другую область общественной жизни, где неточность слова, разрыв между мыслью и словом были бы чреваты такими иногда тяжелыми последствиями, как в области права, - подчеркивает А.А. Ушаков. - Неточное слово в праве - большое социальное зло. Оно создает почву ... для произвола и беззакония" [3.48].
Логикалығы – ой құрылымы тілдік элементтердің семантикалық байланыста болуынан байқалатын қатысымның коммуникативтік сипаты. Баяндау логикасының сақталуы немесе бұзылуы тілдесімді қабылдаушылардың жағдайды түсінуіне тікелей ықпал етеді.
Тіл тазалығы. Заңгер қатысымында әдеби тілге жат элементтері қолданылмайды, сондай-ақ сөздер орынды қолданылады.
Анықтық және түсініктілік. Анықтыққа құжаттың нақты композициясы, баяндаудың логикалық жақтан дұрыс құрылуы, аргументтердің дәлелділігі арқылы қол жеткізіледі. Сондай-ақ құжаттарда күрделі ойды жеткізу үшін күрделі синтаксистік құрылымдарды пайдалануды көздейді.
Тіл байлығы. Бұл коммуникативті мақсатқа қол жеткізу үшін әртүрлі тілдік құралдарды пайдалану. Қатысымда сөздер неғұрлым дұрыс қолданылса, соғұрлым онда ақпарат мол болмақ.
Көркемдік. Тіл көркемдігіне мына құрылымдық элементтердің көмегімен қол жеткізіледі: тілдік фигура, көркемдегіш құралдар (теңеу, эпитет, ирония және т.б.) және эстетикалық жағынан жетілген стиль. «Шешендік сөзде сөйлеу айшықтары мол қолданылады. Сөйлеу айшықтары дегеніміз – тыңдаушыға әсерлі болып, сөйлеудің әсемдігін, мәнерлілігін, экспрессивті мәнін күшейтіп беретін синтаксистік құрылымдардың ерекшеленген формаларына шендестіру (антитеза), градация (дамыту), қайталау, параллелизм, риторикалық сұрау, риторикалық қаратпа сөздер, дауыс ырғағы т.б. жатады. Шешендік сөздерде бейнелі эпитеттер, образды теңеулер, аллитерация, ассонанстар молынан қолданылады» [4.70].
Сөз өнерiн шебер пайдалануды қажет етпейтiн мамандық бүгiнде жоқтың қасы. Тiптi адам қызметiнiң кейбiр салаларында сөйлей бiлу шеберлiгiн меңгермей жұмыс iстеу мүмкiн емес. Соның бірі - құқық қорғау органдары десек, асыра айтпаймыз. Сондықтан да заңгер қатысымының теориялық негіздерін қарастыру өзекті болып қала бермек.
Пайдаланған әдебиеттер:
Халиков К.Х., Серімов Е.Е. Сот шешендігі. // Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2006. – 218 б.
Шарков Ф.И. Основы теории коммуникации. // Москва, 2003. – 248 с.
Ивакина Н.Н. Основы судебного красноречия. //Москва: Юристь, 2003.
Дәулетбекова Ж., Раев Қ., Қадырбаев Ө. Қазақ тілі // Алматы, 2002.
Грязин И.Н. Текст права. // Таллинн, 1983.
Власенко Н.А. Язык права. // Иркутск, 1997.
Солодухин А.О., Солодухина О.А. Юридический диалог: Теория и практика, круг проблем. // Москва, 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |