«Оқиық» айдарында мәтінді түсініп оқуға оқушы назарларын аудартады. Мұғалім оқушыларға нақты уақыт беріп, оқыған мәтіннің жалпы мазмұнын сұрайды. Оқушылар өз түсінгендері туралы баяндап береді. Келесі кезекте мұғалім оқушылардың мәтінді анық түсінуіне ден қояды. Оларға мәтіндегі таныс емес сөздерді теріп жазуды тапсырады. Мәтін бойынша кезіккен сөздерді ұғындыру үшін мұғалім арнайы уақытын бөледі. Шамамен мәтіннен шашырау, нөкер, жолы болу, шындығында, ұры сөздері анықталуы мүмкін. Бұл сөздерді ұғындыру және пысықтауға қатысты көрнекіліктерді, сөйлемдер мен тапсырмаларды алдын ала әзірлеп келген дұрыс болады. Кейін оқушылар мәтінді тағы бір мәрте оқып, түсінгендерін не
түсінбегендерін мұғалімге көрсететін болады.
«Оқиық және жауап берейік»айдарымен берілген тапсырмада оқушылар мәтін бойынша сұрақтар құрастырады. Өздері дайындаған сұрақтарын өз сыныптастарына қойып және олардың сұрақтарына жауап береді. Пікір алмасуды немесе сұрақ-жауапты да қызықты тәсіл арқылы ұйымдастыруға болады.
Оқушылар бір-біріне қарама-қарсы екі шеңбер жасап тұрып сұрақ- жауаптарымен алмасады. Мұғалім жұптардың ауысуын сұрап белгі береді (шапалақпен немесе қызыл карточка көтереді). Аяқталғаннан кейін сыртқы шеңбер мұғалім «тоқта» дегенше солға қарай жылжиды. Осылайша жаңа жұп қалыптасады.
ҚБ. Әр оқушыда бағдаршамның үш түсіне сәйкес топшамалар болады. Мұғалім оқушылардан материалды түсінгендігі немесе түсінбегендігі туралы белгіні топшамалармен көрсетуін сұрайды, содан кейін оқушылардың сұрақтарға жауап беруін өтінеді.
«Сөйлесейік»айдарында берілген сұрақтарға жауап беру арқылы ертегі, аңыз, әңгіме, өлеңдердің жанрлық ерекшеліктері мен айырмашылығы жайлы білімдері пысықталады. Оқушылар оқыған мәтінінің неліктен аңыз әңгімеге жататыны туралы сөйлейді. Дәлелдеме келтіреді. Бұл тапсырманың өзі оқушыларға қиын болса, мұғалім түрлі жанрлар туралы түсініктемелер жазылған жолақшаларды ортаға тастап, олардың ішінен өздерің оқыған мәтіннің жанрын анықтап беретін түсініктемелерді тауып беріңдер деген тапсырманы
алға тартуына болады.