Скифтер Тарғытайдың шығу тегі жөнінде оның әкесі – Зевс, шешесі – теңіз патшасы Борисфеннің қызы Гестия дейді. Ертеде гректер Борисфен деп Днепр өзенін айтқан. Тарғытайдың үш ұлы болған. Олардың аттары – Липоксай, Арпоксай және Қолақсай. Олар – үш скиф халқының бабалары. Тарғытай патшалық құрған кезде скиф жеріне Көктен алтын заттар (Тәңірдің сәлемдемесі): соқы, мойынтұрық, айбалта және тостаған түседі. Бұл заттарды үлкен ағалары Липоксай бірінші болып көреді. Ол әлгі заттардың қасына барып жерден көтерейін десе, алтын лап ете түседі. Ол шегініп, енді ортаншы ұл Арпоксай жақындайды. Алтын тағы да от құшағына оранады. Лапылдап жанған алтынның ыстығы екі үлкен ағасын тоқтатып, тек үшінші, кенже ұл жақындағанда ғана жалыны өшеді. Ол заттарды өз үйіне апарадаы. Сол себептен ағалары патшалықты және соған қоса үлкендік жолыг інілеріне беруге келіседі.
«Ер Тоңға» - түркі халықтарының арғы ататегі тарихынан сыр шертетін қаһармандық жыр. Біздің заманымызға «Ер Тоңға» жырының жалпы сюжеттік желісі мен жекелеген үзінділері ғана жеткен. Әйтсе де, сол үзінділерінің өзінен-ақ бұл жырдың мазмұнын, негізгі идеясын, көркемдік дәрежесін аңғару қиын емес. Жырдың басты қаһарманы - Алып Ер Тоңға. Алып Ер Тоңға - аты аңызға айналған тарихи тұлға. Алып Ер Тоңғаның тарихи тұлғасы мен дастандағы әдеби бейнесі жайында кезінде Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хамза Исфахани, Рашид әд-Дин, т.б. аса құнды пікірлер айтқан. Бұлардың бәрі де жырдың басты қаһарманы Алып Ер Тоңғаны мемлекет қайраткері ретінде сөз етеді. Олар, әсіресе Тұран мен Иран арасындағы соғыста Алып Ер Тоңға өзін аса дарынды әскери қолбасшы ретінде танытқанын ерекше атап көрсетіп отырады.
Мөде батыр
Мөде қаған (Маодунь) (ж.ж.с.д. 228-174) - ғұн (қытайша хунну) империясының негізін қалаушы. Қытай жазбаларында оның есімін «Маудун», ал билік лауазымын «шаньюй» деп атайды. Чәниүй атауының жеке сөз ретінде не мағына беретіні әлі күнге белгісіз, ал лауазым ретіндегі мағынасы ғұндар үшін ортағасырлық түркілердің «Қаған» дегенімен мәндес. Қазіргі тарихшылардың шаньюйді «тәңірқұты» деп аударады. Мөде шамамен 18-19 жасында, ж.ж.с.д. 209 жылы, әкесі Тумәнді өлтіріп, ғұн хандығының тағына отырып, өзін ғұн елінің дара билеушісімін деп жариялайды. Содан көп ұзамай шығыста дунху, батыста жыужы (юечжи), терістігінде хуниүй, чуйшы, динлиң, гыгун және шыңли, оңтүстігінде лыуфаң, бай - иән секілді елдерді жаулап алып, шағын ғұн хандығын Шығыста теңдесі жоқ далалық ұлы империяға айналдырады. Осыдан кейін елі оны «ақылы асқан дана» деп мойындап, оған «Чиңтижы» деген ат береді. Бұл қазіргі түсінікте «Тәңірінің күші», яғни «Құдайдың қаһары» деген мағынаны білдіреді.