Күлтегін жазуы — ежелгі түркі жазба ескерткіші. Моңғолиядағы Қарабаласаған қаласының қираған орнынан 40 км жерге, Орхон өзені бойындағы Эрдени Цзу монастырының (8-ғасыр) жанына орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 3,15 метр, ені 1,34 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Алғашқы мәліметтер 19-ғасырдағы батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жариялана бастаған. 1893 ж. 25-қарашада Дания Ғылым академиясының мәжілісінде Вильгельм Томсен Орхон жазба жәдігерлерін оқудың кілтін тапқандығын әрі оның көне түркі тілінде жазылғандығын, алдымен оқыған сөздері “тәңірі” және “түрік” деген сөздер екенін жариялады. Сонан кейін академик Василий Радлов мәтінді тәржімалады. Осы зерттеулерден кейін құлпытастарға қашалған жазулар Күлтегін батырдың ерлік істері туралы қаhармандық дастан екендігі белгілі болды. Күлтегін қабіріне қойылған екі ескерткіштің бірі ғылымда “кіші жазу”, ал екіншісі “үлкен жазу” деп аталып кеткен. Бұл екі дастанның да авторы — өз дәуірінің аса дарынды ақыны, көрнекті қоғам қайраткері Иоллығ тегін (8-ғасыр). “Күлтегін” (кіші жазу) жыры әрқайсысы өз алдына дербес әрі сюжеттік жағынан бір-бірімен тығыз байланысты 8 топтамадан тұрады. Әрбір топтама — мазмұны жағынан бір-бір хикая. “Күлтегін” жырының үлкен жазуы көлемі жағынан 428 өлең жолынан (құлпытастағы руналық жазу бойынша есептегенде 53 қатар) тұрады. Бұл жыр дербес алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған.
Таңбалы тас
Таңбалы тас Бетпақдала сахарасының ортасын қия кесіп, ұзынынан созылған таңбалы тікжартас, Сарысу өзеннен 20 км-дей жоғарырақ, қызыл жыңғыл орманына қарама-қарсы, Биік Нұраның іргесінде орналасқан. Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы. Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған танбалары және ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген əдемі өрнектер, «қошқармүйіз », «түйе табан», «кісінің ізі», « аттың ізі» т. б. таңбалар көптеп кездеседі. Мұндай қалың жазулармен таңбалардың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Таңбалы тас», «Таңбалы жар » немесе «Таңбалы Нұра» деп атаған. Жартасқа түсірілген таңбалардың ең көнесі шамамен XI ғасырдан басталады да, XIX ғ асырға дейін жалғасады. Таңбалы тастың зор атаққа ие болу себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бірел болып қосылған жері. Сондықтан бұл Таңбалы тасты алғаш ашқан ғалымдар «тарихтың зор куәлігі » деп атаған