«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен ІІІ тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары
Тыңдалым
Мәтін бөліктерін тыңдап, оның жалғасын болжап, 1-2 сөйлеммен жалғастырыңыз.
«Әке, қалай бай адамға айналуға болады?». Әкем газеттен басын алып: «Балам, неге оны сұрадың?» – деді. «Мектептегі балалардың барлығы Майк екеуімізбен араласқысы келмейді, «сендер кедейсіңдер!» дегенді қайталай береді»...
Әкесі не деп жауап беруі мүмкін (2 сөйлем)?
________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________
[2]
Мәтін жалғасын тыңдаңыз.
«Ал, балам, егер бай болғың келсе, ақша табудың жолын үйрен!». «Ал мен қалай ақша табамын?» – деп сұрағанымда әкем: «Өз басыңмен ойлан», – деді де қоя салды.
Әдетте менің әкем: «Бірдеңені қаласаң, сол үшін жұмыс істе» дегенді қайталайтын. Ақыры мен Майкке әріптес болуды ұсындым, ол келісім берді, менің алғашқы бизнес әріптесіме айналды. Бай сыныптастарымызды еске түсіретінбіз...
2. Автор әріптесі Майкпен бай сыныптастарын қалай еске алуы мүмкін (2 сөйлем)?
________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________
[2]
Мәтін жалғасын тыңдаңыз.
... жүрегіміз ауырса да, оның бір пайдасы болатын, яғни жаңа ой, жаңа мотивация беретін.
Алғашқы бизнес жоспарымыз құрдымға кеткен кезде, менің әкем күлімдеп: «Бай болғыларың келсе, Майктың әкесінен сұраңдар», – деді. Бірақ Майктың әкесі кейін ең бай адамға айналды.
Майктың әкесі бізге ақшаны қалай табудың жолын үйретемін деп уәде берді. «Тек маған жұмыс істейсіңдер, сонда ғана үйрете аламын. Мен көп сөйлеп, көп оқытпаймын, мен тәжірибеде көрсетемін», – деді. Басында еш нәрсені түсінбедік, бізді қанап, қинап жұмыс істетіп жатыр, өтірікші деумен болдым...
3. Майктың әкесі ақша табуды үйрете алды деп ойлайсыз ба? Дәлелдеңіз (2 сөйлем).
________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________
[2]
4. Мәтінде қандай жалпыадамзаттық мәселе көтерілген (1 сөйлем)?
________________________________________________________________________________
________________________________________________________________________________
[1]
5. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын өз сөзіңізбен түсіндіріңіз.
1) бизнес әріптес-____________________________________________________________
2) ақша табу-________________________________________________________________
3) бизнес жоспар-____________________________________________________________
[3]
Оқылым
Бейресми дерек көздерінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 43 млрд. тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдықтар жинақталса, оның тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Елімізде қоқыс көп бола тұра, қоқыс өңдейтін зауыттар өндіріске жарамды шикізат таппай отыр дегенге сену қиын, бірақ бұл – шындық. Елімізде қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетінің жолға қойылмауы экологиялық әрі экономикалық ахуалға кері ықпалын тигізіп отыр. Әзірге республикамыздың түкпір-түкпірінде қоқыс полигондарын салып, қалдықтарды тау етіп үйгеннен әрі аса алмай отырмыз. Жердің өлшеулі екенін, ал кейбір қалдықтардың шіріндіге айналуы үшін жүздеген жылдар кететінін ескермейтініміз өкінішті-ақ...
Әлемдік тәжірибеде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу қалай қалыптасқан? Мысалы, Швецияда қоқыс қалдықтары электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурда қоқыстардың 90 пайызы қайта өңделеді. Дамыған елдердің бірқатарында қоқыс қалдықтарын қайта іске жарату экономика дамуының қозғаушы күшіне айналып, қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мысалы, Германияда күл-қоқыстың 30 пайызы, Жапонияда 30 пайызы, АҚШ-та 27 пайызы, ал Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Әсіресе, Үндістанның 14 миллион тұрғыны бар Мумбай қаласында шығарылған қоқысты пайдаға асыруға жергілікті тұрғындар аянбай атсалысып, тұрақты кәсіп еткен. Ал біздің елде қалдықты сұрыптап, жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр.
Мәтіннің стилі мен жанрын, жанрға тән тілдік ерекшеліктерді анықтап, мәтіннің құрылымын талдаңыз.
[5]
Жазылым
Тақырыптардың бірін таңдап, жауап жазыңыз. Өз жауабыңызды тиісті стильге, жанрға келтіріңіз. Тыныс белгілерінің дұрыс қойылуын ескеріңіз.
Қай тақырыпта жазатыныңызды көрсетіңіз. Тиісті шаршыға қанат белгісін (√) қойыңыз.
[10]
Сауда мен көмек: екі жақты келісімді сауда
«Қазақстан әлемдік нарықта қай салада көшбасшылық таныта алады?» деген тақырыпта газет бетіне шағын мақала жазыңыз. Жазба жұмысында үстеу мен шылауларды қолданыңыз.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы гендерлік бейне
«Билік басындағы әйел – бүкіл әлемге қатерлі» деген пікірмен келісесіз бе? Ойыңызды аргументативті эссе түрінде беріңіз. Жазба жұмысында үстеу мен шылауларды қолданыңыз.
Жер планетасындағы қауіпті қалдықтар
Жергілікті газет бетіне өзіңіз тұратын жердегі қалдықтар мәселесі туралы шағын мақала жазыңыз. Жазба жұмысында үстеу мен шылауларды қолданыңыз.
Әлеуметтік теңсіздік: адам құқықтары және көмек
«Қоғамдағы көмекке мұқтаж адамдарға мемлекеттен гөрі халық көп қолдау көрсетеді» деген пікірмен келісесіз бе? Ойыңызды аргументативті эссе түрінде беріңіз. Жазба жұмысында үстеу мен шылауларды қолданыңыз.
Айтылым
Берілген тақырыптың бірін таңдап, 4-5 минуттық монолог дайындаңыз. Монолог құрауда сөз әдебі мен сөйлеу этикетін ескеріңіз. Сөйлеу ағымындағы интонацияның құрамдас бөліктері: әуен, әуез, тембр, қарқын, кідірісті сөйлеу мәнеріне сай қолданыңыз.
Ұсынылатын тақырыптар:
Табиғат – біздің анамыз, біз – табиғатқа панамыз!
Гендерлік мәселе Қазақстанда бар ма?
Адам құқығы – басты құндылық
Қазақстанның әлемдік нарықтағы орны
[10]
Достарыңызбен бөлісу: |