Басалқаңыз бар болса, Жанған отқа күймессің (Әйтеке би) Әйтеке – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажының бесінші ұрпағы. Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алады. Ол Самарқанттағы Ұлықбек медресесінде оқиды. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шығады.
Әйтеке Ақша атасынан ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренсе, Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрлер мен дағдыларға жаттығады. Әйтеке медресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбекпен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару істеріне араласады. Сөйтіп, жиырма бір жасында бүкіл Бұқара мен Самарқант төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ құрама жұртының бас биі болды.
Ал жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлады. 1680 жылы Тәукені хан етіп сайлауға қазақ халқының бетке ұстарларымен бірге Әйтеке би де айырықша атсалысты. Тәуке таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айырықша құқықты «Хан кеңесі» сайланды. Әйтеке Кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің мүшесі болды.
Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың», «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне орай кейбір тұстарының ескіруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттілігі туды. Тәуке хан мен билердің қатысуымен 1684 ж. «Жеті жарғы» қабылданды. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б.з.б. VII-VI ғ.) терезесі тең бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, жұртымыздың әл-ауқатының артуына, ата дәстүрлеріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды.
Әйтеке билікті мақал-мәтелдетіп мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп, кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Әйтеке би, Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі және «Жеті жарғы» заңын жасасқан азамат. Әйтеке дана би ғана емес, сонымен қатар ол ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда бір туатын арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам. Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім.
Сөздік: құрама – сборный; федерация, комбинированный; соединенный
бетке ұстар – образцовый; самый передовой
бытыраңқы – разобщенный; разрозненный; рассеянный
әл-ауқат – благосостояние; положение; состояние
дау- ссора; тяжба; иск; претензия; раздоры; спор
дана – мудрый; мудрец; штука; штучный; экземпляр
арыстан – славный; словна большой