«Қазақ тілі тарихы» Ғылыми-зерттеу сериясы



бет19/53
Дата31.12.2021
өлшемі168,18 Kb.
#22129
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   53
-етеген, -йтеген, түрінде айтылады; 2) көмектес септігінің грамматикалық мағынасы өзге түркі тілдерінде бирла, била шылаулары арқылы берілсе, қазақ тілінде арнайы -мен, -бен, -пен формалары арқылы беріледі; 3) басқа түркі тілдерінде көптік жалғауының -тар/-тер, -дар/-дер формалары жоқ. Оларда бірыңғай -лар/-лер болып айтылады т.т.

Сөз тұлғасының өзге салаларында да, сөйлем жүйесінде де, сөз мағынасында да көбіне қазақ тіліне ғана тән кездесетін құбылыстар бар. Қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазу барысында бүкіл түркі тілдеріндегі басты-басты өзгешеліктерді, оның ішінде қазақ тілінің өзіне ғана тән ерекшеліктерді айырып көрсетуді, жүйлеп жазып шығуды мақсат еттік. Бұл үшін көрнекті зерттеушілердің, түрколог ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.

Мұндай үлкен іргелі еңбекті жазу үстінде қазақ тілінің тарихын қай кезеңнен бастауға болады деген сұрақ та туындайды. Әрине, қазақ тілі тарихын қазақ хандығы құрылған дәуірден бастасақ тарихқа қиянат болар еді. Белгілі бір тілдің тарих майданында пайда болуы бір сәттік құбылыс емес. Бір кездегі жеке рулар, тайпалар, тайпа одақтары әртүрлі тарихи себептермен, тіршілік қамымен, саяси-әлеуметтік жағдайлармен, тіпті шаруашылық иініне қарай талай мәрте бір орталыққа шоғырланған. Бір тайпалар бір кезде бір тайпалар одағын біріксе, екінші бір кезде басқа одақтың құрамына енген, яғни бір кезде бір тайпа үстем болса, екінші бір кезде екінші тайпа үстем болған. Үстем тайпалардың тілі де үстем болып, басқа тілдер сол тайпаның тілінің ықпалына көшіп отырған (Н.А.Баскаков. исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Лексика. т. IV. М., 1962. с 71-72). Осындай әртүрлі тарихи жағдайлар, бір жағынан тілдердің араласуына әкелсе, екінші жағынан, жіктелуіне де әкелген.

Бүкіл түркі халықтарына ортақ жүйеге түскен алғашқы тілдік деректер V-VI ғасырлардан, яғни Орхон, Енисей, Талас өзендері алқабынан табылған жазба ескерткіштерден басталады. Бұл ескерткіштерде бір дыбысы, екі дыбысында ғана айырмашылықтары бар сөздерді былай қойғанда қазақ тілімен салыстырғанда, ешқандай фонетикалық өзгешелігі жоқ сөздер де молынан ұшырасады. Мысалға, бір дауысты мен бір дауыссыздан тұратын ай (түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын планета), ақ (қараға қарама-қарсы қардың, сүттің, бордың түсіндей түс), ат I (балаға қойылған есім, ныспы), ат II (үйірге түспейтін, піштірілген, ақталған жылқы), ел (халық, жұрт, қауым), ең (өте-мөте, тіптен, нағыз барып тұрған), ер (адамның еркек жыныстылары, еркек азамат), не (сұрау мағынаны білдіретін есімдік), он (тоғыздан кейінгі есептік сан), оқ (садақ жебесі), ол (сілтеу есімдігі), от I (түрлі материалдарды: ағаш, көмір, газ, мұнай т.б. жарық пен қызу шығарып жануы), от II (малға азық боларлық шөп), өз (есімдік, іс-әрекетті, затты нәрсені меншіктеуші, иеленуші жақ), үз (бүтін, тұтса заттың, нәрсенің бір бөлегін қолмен жұлып алу, бөлектеу), үн (құлаққа естілетін дауыс), іс (еңбек, жұмыс, қарекет, шаруа) сияқты сөздермен қатар тұйық буынды бай (иелігінде көп мал-мүлкі бар феодал), бар (жоқ емес, бар болушылық), боз (ақшыл қылаң түс), бел (дененің кеуде мен бөксе аралығын жалғастыратын бөлегі), күн (әлемге жарық, қызу беретін планета), қан (дененің барлық клеткаларына қорек беріп тұратын, тамырларды қуалап ағатын қызыл сұйық зат), қар (қыста жапалақтап жауатын түсі ақ атмосфералық жауын-шашын), қой (күйіс қайыратын, тығыз жүнді, уақ мал; төрт түлік малдың бірі), қыз (күйеуге тимеген, бойжеткен; әйел бала), көз (көру мүшесі), көл (айналасы табиғи не жасанды түрде тұйықталған, дөңгелек не сопақша біткен айдын-шалқар су), сөз (заттар мен құбылыстардың атауын білдіретін белгілі бір мағынасы бар тілдің негізгі бірлігі), таң (күн шығар алдындағы кезең) сияқты сөздер біршама дәрежеде кездеседі. Азық, алты, ара, арқа, ата, қалың, қара, қорған, қызыл, сана, сыңар, апа сияқты екі буынды сөздер де аз емес. Осындай сөздердің арасында қазақ тілінде өзгеріске ұшырамағанымен, өзге түркі тілдерінде өзгеріске ұшыраған сөздер де бар: ақ ағ, көз >гөз, теңіз >деңіз т.б.

Бұл фактілер нені көрсетеді? Қазақ тілінің де өзге түркі тілдерімен бірдей тең дәрежеде атам заманнан бері өмір сүріп келе жатқанын байқатады. Орхон, Енисей, Талас ескерткіштерінен кейінгі дәуірлердегі жазба мұраларда өзгеріске түспеген қазақ сөздерінің үлесі үлкен. Түр-тұрпаты баз қалпында сақталған сөздердің де өзіндік тарихи орны бар екендігін ескеріп, ұсынып отырған еңбегіміздің бір тарауын арнадык.

V-XV ғасырлар аралығын қамтитын түркі жазба ескерткіштері тілі лексикасының үлкен бөлегін бір, екі немесе одан да көп дыбысында айырмашылығы бар сөздер құрайды. Мұндай айырмашылықтар, әлбетте, сандаған ғасырлардың, мыңдаған жылдардың жемісі. Ол өзгерістер неліктен пайда болды, қай тілде қандай бағытта дамыды деген сұрақтарға жауап беру оңай емес. Тіл тарихымен шұғылданып жүрген бүкіл зерттеушілердің ғылыми еңбектерін таразыға салып, қолда бар тілдік фактілерді аударыстыра отырып, мұндай сұрақтарға белгілі бір дәрежеде жауап қайтаруға болады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет