Қазақ тілін оқыту жүйесінің қайнар көздері мен негізгі бастаулары


Қазақ зиялылары ашқан зайырлы мектептер



бет3/9
Дата02.10.2023
өлшемі50,01 Kb.
#112485
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Қазақ тіл білімі ХХ ғасырда 2

3. Қазақ зиялылары ашқан зайырлы мектептер. Мұндай мектептерде білім салалары толық оқытылып, халықтың дәстүрі мен салты негізінде білікті кәсіби мамандар сабақ берді. Жәңгір мектебі, Айғаным медресесі, Мамания мектебі және Ы.Алтынсарин ашқан мектептерде тарих, жағрапия, есеп, қазақ тілі, ескіше оқу, дін сабағы сияқты іргелі, негізгі пәндерден дәрістер берілгені белгілі.
Бөкей ордасының атақты ханы Жәңгірдің бастамасымен 1841 жылы қазақ жерінде тұңғыш зиялы мектеп ашылады. Басқа да мектептер сияқты мұнда да жергілікті халыққа білім нәрін берумен саналы түрде айналыса бастайды. Ғылымның негізгі салаларынан дәрістер оқытылады. Оқытушылар әр жерден шақырылып, таңдап алынады. Дарынды деп танылған мектеп бітірушілер өз білімдерін Ташкент пен Бұхара қалаларында жалғастыруға мүмкіндік алады.
Қазақ даласындағы рухани ойдың оянуына өз үлесін қосып, далаға өркениеттің дүбірін жеткізуге себепші болған мектеп-ұяның бірі – Мамания мектебі. Жетісудың текті руларының бірінен шыққан атақты Маман бай өз қаржысына мектеп ашып, ел балаларына тегін білім беру деңгейіне көтерілген. Оқу орны 1899 жылы Қарағашта ашылып, негізін қалаушы Маман байдың есімімен аталады. Зерттеушілер Мамания мектебінде сол кездің алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерінен құрылған оқытушылар сабақ бергенін жазады. Мәселен, Ғ.Мұсабаев, М.Малдыбаевтар осы мектепте дәріс береді. Атақты ғалым М.Тынышбаев пен Петербург университетінің түлегі Б.Сырттанов мектеппен іскерлік қарым-қатынаста болған.
Мектептің салыну жобасы, оқу бағдарламасы, ішкі ережелері Уфадағы “Ғалия” медресесі үлгісінде құрылған. Сабақтар ана тілінде жүрген. Математика, физика, география, табиғаттану, тарих, ана тілі, араб және орыс тілдері, қүран оқытылады. Мектеп түлектеріне тек негізгі пәндерден білім беріліп қана қоймай, мәдениет пен өнер түрлерінен де сабақтар өткізіледі. Қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров өз білімінің бастауын осы мектептен алады. Осындағы театрлық қойылымдарға қатысады.
Өз заманының ірі қоғам қайраткері, тұңғыш педагог-жазушы, қазақ балалары үшін дүниетанымдық ғылымдар негізін оқытатын алғашқы білім ордасын ашушылардың бірегейі – Ыбырай Алтынсарин екені белгілі жайт. Қазақ елін қараңғылықтан алып шығып, көкірек көзін ашқан, халық рухының қамқоршысы болған Ыбырай Алтынсарин еңбегінің жалпы қазақ мәдениетінде алатын орны ерекше. Ал педагогика тарихы мен оқыту жүйесінің шежіресінде бұл есім алтын әріптермен жазылады. Жастарға өмірлік оқудың есігін ашып, өнер-білімнің алғашқы бастаушысы бола білген Ыбырай Алтынсаринның алғашқы қадамы 1861 жылы Торғай даласына келіп, мектеп ашудан басталады. Жергілікті орындардағы жадағай әкімшіліктің қарсылығына ұшыраған алғашқы бастама сәтсіздеу басталады. Бірақ Ыбырай ел ішінде жүріп мектептің пайдасы мен болашағын түсіндіре жүріп, өз үйінде 4-5 баланы оқытып, жаңа мектеп ісінің әуелгі кірпішін қалайды, негізін салады. Алғашқы мектеп Торғайда 1964 жылы ашылады. Онда он төрт қазақ баласы оқуға келеді. Мектеп бағдарламалары уездік училищелердің оқу жоспары және оқу бағдарламаларымен жұмыс істеуге тиіс болды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұның өзі ұстаз-ақынның барлық қайтар-жігерімен қызмет істеуіне мол мүмкіндік береді. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде – Торғайда, Ырғызда, Троицкіде, Ақтөбеде жаңа мектептер өз оқушыларын қабылдайды. 1883 жылы Торғай қаласының өзінде қолөнер мектебі жұмысын бастайды. Бұл мектеп қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болады. 1886 жылы Ы.Алтынсаринның тікелей қатысуымен Орынборда қазақ мұғалімдер мектебі ашылды. Ол орыс-қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаудың нағыз орталығына айналды.
Ыбырай Алтынсаринның негізгі прогресшіл оқытушылық көзқарасының қалыптасуына, К.Д.Ушинскийдің педагогикалық идеялары көп әсер еткені туралы зерттеушілер талай рет жазған еді. Оның ұйымдастырған орыс-қазақ мектептерінің типі қазақ халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайына сәйкестендіріледі. Сондықтан да мұндай мектептер ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның көпшілік аймақтарында ашылды. Бірақ сол кездегі патша өкіметінің саясаты мектептің кең тынысты жұмыс істеп, халық ағарту ісімен айналысуына толық мүмкіндік бере қоймайды.
Қазақ даласында ашылған мектептерде Ыбырай Алтынсарин қаламынан 1879 жылы шыққан “Қазақ хрестоматиясының“ маңызы мен ролі ерекше болды. Еңбектің алғысөзінде ұлы ұстаз былай деп жазады: “Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың мектепте тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім“.
Ел өмірімен жете таныс, қазақ өмірінің күнделікті тіршілік тұрқын жақсы білетін Ыбырай үшін кез келген тәрбиелік мәні бар нәрсе қалтарыста қалмады. Сондықтан да ол былай деп жазады: “Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы құрғақ жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білем“.
Арқаның Қарқаралы өлкесіндегі Құнанбай қажы мешітінде үлкен медресе жұмыс істегені белгілі. Онда сабақ берген ұстаздардың көпшілігі Уфадағы “Ғалия” медресесінің түлектері болған. Өз кезінің нәзирагөй ақындарының бірі, қазақтың мақал-мәтелдерін алғашқылардың бірі болып жинап бастырушы Кашафуддин Шахмарданұлы осы медреседе ұзақ жылдар бойы дәріс берген. Қазақ тілінде көптеген кітаптар шығарған. Қазақ балаларына арнап Ыбырай Алтынсарин жазған “Кел, балалар, оқылық” өлеңін өзінше толғап, ұзақ өлең шығарады. Халықты өнер-білімге, ислам дініне насихаттауда көп еңбек сіңіреді. 1897-1898 жылдары Кашафуддин Шахмарданұлы 20-дан астам кітап бастырып шығарып, халық арасына таратады. “Махулат”, “Манзурат“, “Әдепті бала”, “Ахуал” сияқты жинақтарының халық арасында ағартушылық идеяны жүзеге асырудағы маңызы ерекше болады.
Ғасыр басындағы қазақ халқының оқуға, білімге деген сұранысына сәйкес көптеген оқулықтар орыс тілінен аударылып та басылып жатты. Орыс тіліндегі әдебиеттердің үлгісімен қазақ халқының өз арасынан педагогикалық жинақтар, оқулықтар жарық көрді. Айталық, 1907 жылы Қазан қаласында А.Жандыбаевтың “Жас ғұмырым”, А.Мәметұлының “Әбрият”, К.Ғ.Сырғалинның “Өнеге” атты шығармалары қазақ тілінде шыққан тұңғыш оқу құралдарының үлгісі саналады. Зерттеушілердің пікірінше, осындай еңбектердің ішінде қазақ тілінде шыққан тұңғыш оқу құралы ретіндегі “Әбрияттың” ролі мен маңызы ерекше. 30 беттен тұратын шағын еңбекте сабақ оқытудың жолдары көрсетіледі. К.Сырғалиннің “Өнегесінде” ата-анаға көзқарас, ауыл-аймақ, көрші-қолаңмен қарым-қатынас жасаудың реті туралы айтылып, тәрбиенің педагогикалық, дидактикалық қырлары қамтылады. Мұғалімнің ролі, әліппені оқудың, оқытудың жайы туралы, төте оқудың мазмұны сияқты әлеуметтік-педагогикалық пікірлер келтіріледі.
Қ.Сырғалинның “Қазақ балаларына жәрдем” деген оқулығы 1913 жылы Қазан қаласынан басылып шығады. Бұл оқулықтың маңызы балаларға әріптерді талдап көрсетіп, әріптердің жазылуы мен мағынасына толық түсінік береді. Әріптерді бір-бірлеп оқығанда, сөздің басында, аяғында жазылғанда қандай мағына беретіндігін анықтайды. Оқытудың дидактикалық талаптарына сәйкес, сөз мағынасын оқушыға жақсы түсіндіріп беруге назар аударады. Оқулықтың негізгі принципі – балаларға таныс заттарды көрсете отырып, ол заттың таныс емес қасиеттерін айту, көрнекілік әдісі арқылы бірте-бірте табиғатта бар нақтылы заттарды таныту.
М.Қашимовтың ”Әдеб”, “Ақыл кітабы” атты оқулықтары да қазақ балаларын сауаттандыру ісінде елеулі рөл атқарды.
Осылайша ұлы далада оқу-ағарту ісі баяулап болса да дамып келе жатты. Ресми мәліметтерге қарағанда 1916 жылы қазақ училищелерінің саны 600-ге жетті, онда барлығы 19 мың бала оқыды. Алдыңғы қатарлы мұғалімдер қатарында Спандияр Көбеев, ағартушы Ахмет және Әбуғали Балғынбаевтар, С.Меңдешов, Е.Бабин, А.Құдайбергенов т.б. халық ағарту ісіне өз үлестерін қосты.
Орыс-қазақ мектептерінің саны аз болса да, қазақ халқының мәдениеті мен оқу-ағарту ісінің дамуында айтарлықтай үлкен үлесі болғанын айту парыз. Мұндай мектептерде болашақ дәрігерлер мен оқытушылар, жазушылар мен ақындар, жалпы қазақ қоғамының алғашқы зиялы азаматтары білім алып, тәрбиеленіп жетілді. 1914-1915 оқу жылында жалпы білім беретін 2006 мектеп болды, онда барлығы 105,1 мың оқушы оқып, білім алды.
Қазақстанда оқу-ағарту ісінің шындап дамуы, алға басуы кеңес өкіметі кезеңінде басталғаны анық. Қалай десек те, Қазан революциясы Ұлы Далаға ұлы дүбір, толағай табыстар әкелгенін айту парыз. Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінде РСФСР халық комиссарлар кеңесі мен халық ағарту комиссариаты жаңа мектеп құру жөнінде бірнеше құжаттар қабылдайды. Соның ішінде аз ұлттардың тілінде мектеп ашу жөнінде арнаулы қаулы қабылданады. 1918 жылы 21 қаңтарда “Шіркеуді мемлекеттен, мектепті шіркеуден бөлу” жөніндегі декрет қабылданады. Ал осы жылдың 16 қазанында “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ереже” шығады. Бұл құжаттардың сол кезеңдегі оқу-ағарту орындарын құру және оның бағыттарын белгілеудегі маңызы мен ролі ерекше болған.
1919 жылғы 26 желтоқсанда “РСФСР халқының сауатсыздығын жою” туралы декрет шығады. Бұдан соң елде түгелдей сауатсыздықты жою күресі басталып кетеді де, жер-жерде “Қызыл отау”, “Қызыл бұрыштар” құру ісі басталады. Қазақстанда бұл жағдай 1921 жылы “Сауатсыздықты жою жөніндегі арнаулы төтенше комиссия” құрылғаннан кейін жүзеге аса бастайды. қызу да қарқынды жүргізілген жаппай сауаттандыру ісінің нәтижесі ресми түрдегі мәліметтерде былайша сараланады. 1930 жылғы мағлұматтар бойынша ерлердің 95,2%-і, әйелдердің 66,3%, хат таныған (Қазақ Совет энциклопедиясы. Энциклопедиялық анықтама, Алматы, 1980, 396-бет).
Алғашқы кездегі мектептің жалпы сипаты екі сатыдан тұрды. Бірінші сатыдағы мектептер бір жылдық, екі жылдық, үш жылдық және төрт жылдық болып бөлінді. Екінші сатыдағы мектептер жеті жылдықтан жоғары болды. 1920-1921 оқу жылдарында мектепте барлығы 144 мың бала оқыды.
1931-1940 жылдары Қазақстанда мектепте білім беру ісі ерекше қарқынмен жүргізіледі. 1930 жылы “Жаппай міндетті бастауыш білім беру“, 1931 жылы “Бастауыш және орта білім туралы” қаулылар шығады. Бұл қаулылар мектеп санының өсуіне, ондағы оқу сапасының жоғарылауына ерекше ықпал етеді. Енді екі-үш жылдық мектептер төрт жылдық бастауыш мектеп болып қайта құрылады. Егер 1930 жылы мектеп жасындағы балалардың тек 22% ғана мектепке барып сауаттарын ашса, 1937 жылы олардың 96% мектеп табалдырығын аттайды. Заман ағымында күрделі де қасіреті мол оқиғалар болып жатты, дегенмен мектепте қазақ жастарын оқыту ісі осылайша ілгері қадам басты. Кеңес мектептеріндегі оқыту ісінде жүргізілген саяси бағыт пен көзқарас туралы әңгіме өзінше бөлек тақырып. Қалай болғанда да, мектептің саны мен сапасының өсіп-өркендегені тарихи факты.
Аталған кезеңде мектеп үйлерін салу мен оның материалдық базасын жақсартуға да көп көңіл бөлінеді. 1933 жыл мен 1939 жылдар арасында 280 мың орындық 2614 мектеп үйі мемлекеттің қаржысының есебінен салынады.
Мектептегі оқулар негізінен ана тілінде жүргізіледі. 30-жылдары мектептегі барлық пәндер бойынша оқу бағдарламалары бекітіледі. Көптеген оқулықтар жазылып, жарық көреді. Орыс тілінің пән ретінде оқытылуына ерекше мән беріледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет