Қазақ тіліндегі диалектілік және сөйленістік тіл жүйесі



Дата06.04.2023
өлшемі86,5 Kb.
#79867



Мазмұны



Кіріспе

2

1

Қазақ тіліндегі диалектілік және сөйленістік тіл жүйесі

4

1.1

Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктер, олардың түрлері

4

1.2

Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің топтастырылуы

8

2
2.1
2.2
2.3

Шығыс сөйленістер тобы
Шығыс диалектілер тобына тән фонетикалық ерекшеліктер
Шығыс диалектілер тобына тән грамматикалық ерекшеліктер
Шығыс диалектілер тобына тән лексикалық ерекшеліктер

10
10
12
15

Практикалық бөлім
Қорытынды

17
22

Әдебиеттер тізімі

23

Кіріспе
Әр халық үшін тіл – табиғаттың тұңғыш та таптырмас тамаша тартуы, тіршілік тірегі мен тот тигізбес тіні. Тіл құндылығын, қасиетін қадірлейтін халқымыз – «дініңді» жоғалтсаң да, тіліңді жоғалтпа» дейтіні де содан.


Тілдің жаны – оның құрамындағы сөздер. Сөз қадірін құрметтей білген әйгілі ғалымдар мен жазушылар өткен ғасырлардың өзінде-ақ тиісті ой-пікірлерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпақтарға үлгі есебінде қалдырды да.
Дүние жүзіндегі барлық тілдер сияқты, біздің тілімізде де жергілікті ерекшеліктер, ғылым тілімен айтсақ, диалектизмдер барлығы анық та айқын. Көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектері мен баспадан шыққан кітаптары соның бұлтартпас айғағы. Әрине, біздегі жергілікті тіл ерекшеліктері жалпыхалықтық тілден айырықша бөлектеніп, түсінікке онша қиындық тудырмайтыны рас. Дегенмен әр кезде диалектіні жалпыхалықтық тілдің құрамындағы бір саласы ғана деп ұғынған жөн.
Тілдің ғылыми грамматикасын жазу, әдеби тіл нормасы мен емлені қалыптастыру үшін тілдерде болатын диалектілік ерекшеліктердің сырын ашу қажет. Олардың орны белгілі шамада болса да норма бірлігіне нұқсан келтірмей қоймайды. Бірақ бұдан диалектінің зияннан басқа пайдасы жоқ екен деп түсінсек, қателескен болар едік. Диалектілік ерекшеліктерді айқындау тек әдеби тілді қалыптастырып, нормалау үшін ғана емес, сонымен бірге оның тіл тарихы үшін де маңызды. Осы себептен де тілдері ғылыми тұрғыда зерттеле бастаған халықтардың барлығы да өз тілінің диалектілік ерекшеліктерін зерттейді. Қазақ тіл білімінің диалектология саласын дүниеге келтірген де осы қажеттіліктер болды.
Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі диалектологияның алдында тұрған міндеттер: 1) сөйленістердің тіл жүйесін барлық жағынан сипаттай отырып, арнайы зерттеу; 2) тілдегі сөйленістердің өзара қарым-қатынасын, байланысын, тараған аймағын анықтау. Сондықтан қазір тарихи-георграфиялық жағынан қалыптасқан жеке сөйленістерді зерттеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Ғылыми жобаның мақсаты – шығыс диалектісі және оған кіретін сөйленістік топтарды анықтап, олардың тіл жүйесін арнайы зерттеу. Осы мақсатқа сай төмендегідей міндеттер қойылады:
1) Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді барлық жағынан сипатаай отырып, олардың таралу, қолданылу сипатымен таныстыру;
2) Диалектілер мен сөйленістердің тарихи негізін ашу;
3) Таралған көлемі, қамтитын аудандары, тілдік сипаты айқындалған сөйленістік топтар мен сөйленістердің жіктелуі жөнінде ғалымдар пікірлерін саралау;
4) Шығыс сөйленістер тобының тіл жүйесінде кездесетін жергілікті ерекшеліктерді арнайы қарастыру, оларды тілдік тұрғыда жүйелеу.
Ғылыми жобаның ғылыми жаңашылдығы – қазақ диалектілеріндегі, шығыс сөйленістер тобындағы тілдік құбылыстардың арнайы қарастырылуында.
Алға қойылған міндеттерді шешу жолдары. Жұмысты жазу барысында біз көркем әдебиеттен, журнал, газеттерден, информанттардан аталған мақсаттағы материал жинастырып, карточка тіздік. Диалектологиялық сөздікті пайдаланып, диалектілік ерекшеліктердің таралған аймағы, қамтитын территориясын анықтауға тырыстық. Диалектілер мен сөйленістерді топтастыруда диалектолог-ғалымдардың жеке көзқарастарын салыстырмалы түрде беріп отырдық.
Зерттеу нысаны – шығыс сөйленістер тобы.
Жұмыстың дереккөздері. Зерттеу материалдары ретінде мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген ғылыми мақалалар мен тіл білімі бойынша жарық көрген еңбектер, сондай-ақ С.Аманжолов, Ж.Досқараев, Ғ.Мұсабаев, Н.Сауранбаев, Ш.Сарыбаев т.б. диалектолог ғалымдардың зерттеу еңбектері пайдаланылды. Сондай-ақ басқа да тілтанушы ғалымдардың аталмыш тақырып туралы жазылған жеке мақалаларындағы, рецензияларындағы тұжырымдар мен түйіндерді назарда ұстадық.
Жұмыстың теориялық маңызы және практикалық құндылығы. Қазақ диалектологиясы тарихын зерттеудің тарихи лексикология, тарихи диалектология, тіл тарихына қатысты маңызы бар. Зерттеу нәтижелерін сөздіктер түзу тәжірибесінде, диалектология пәнін оқытуда, арнайы курс пен арнайы семинарларда пайдалануға болады.
Ғылыми болжам – 1) шағын көлемді сөйленістерді зерттеу арқылы мол жерге тараған қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін тілдік жағынан жан-жақты сипаттауға болады; 2) жеке сөйленістердің зерттелуі қазақ диалектологиясының кейбір мәселелері туралы теориялық қорытындылар жасауға мүмкіндік береді; 3) Жеке сөйленістердің зерттелуі тілдік сипаты жағынан бірыңғай басқа мемлекеттерде тұратын қазақтар тілін зерттеуге, сөйленістердің бір-біріне қатысын айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жүргізу кезеңдері: 1) тақырып таңдау, 2) ғылыми еңбектерді оқу, 3) жоспар жасау; 4)жұмысты жазу, 5) аяқтау.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында салыстыру, талдау, жинақтау, баяндау, сипаттау әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары – 1) Қазақ тіл білімінің диалектологияға қатысты мәселелерін түбегейлі шешу үшін қазақ тіліндегі жеке сөйленістерді немесе диалектілерді жан-жақты зерттеу қажет; 2) Қазіргі таңда сөйленістер жүйесін тұтас қалпында, оларды әдеби тілмен байланыстыра зерттеу қажет; 3) Олардың тарихи негізін ашу, қазіргі кезде болып жатқан өзгерістерді анықтап, даму бағытын белгілеу – келешектің ісі.
Жұмыстың құрылымы. Еңбек кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және осы тақырыпқа қатысы бар әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қазақ тіліндегі диалектілік және сөйленістік тіл жүйесі
1.1 Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктер, олардың түрлері

Жергілікті тілдік ерекшеліктер – жалпыхалықтық тіліміздің бір аймаққа тән тілдік көрінісі. Ол аймақтың тілдік материалы жалпыхалықтық тіл арнасымен астасып жатады да, кейбір дыбыстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері жағынан одан ажырап тұрады. Жергілікті ерекшеліктердің қамтитын территориясы, тілдік материалының көлеміне қарай диалект, сөйленіс терминдері қолданылады. Диалект деген термин тілде жалпыхалықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын білдіреді.


Сөйленіс – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект 2-3 облыс көлеміндей жерді қамтыса, сөйленіс 1 облыс не 2-3 аудан көлеміндей жерді қамтиды. Мысалы: Менің сөзімді әбден тыңлап барып жазғын [1, 3б.].
Негізгі диалектілік ерекшеліктері бірыңғай болып келген сөйленістердің жиынтығы бұрынғы орыс әдебиетінде, түркітанушылардың еңбектерінде наречие деп аталған. Сонымен, сөйленіс дегеніміз – тілдің диалектілік мүшеленуінің ең ұсақ түрі, ең ұсақ бірлігі. Ал наречие дегеніміз – тілдің диалектілік мүшеленуінің ең күрделі түрі. Бұл ұғымдар бір-біріне өте жақын, бәріне де жергілікті тіл ерекшеліктері негіз болады [2, 7б.].
Әдеби тілдегі жалпыға белгілі сөз жергілікті жерде басқаша айтылуы мүмкін. Мысалы, қоңсы - көрші, сой - тұқым, оздыру - өткізу. Әдеби тілдегі кейбір сөздердің жергілікті халық тілінде әлденеше нұсқасы кездеседі: үлкен-дырау, нән, нәнбай, дығал, дөкей, әйдік, жоян, ноян, сомбал, шанбол, чоң, шоң. Диалектілік ерекшеліктер сөздердің дыбысталуында да кездеседі: шәш-шаш, айқыра - айқара, кербаз - кербез, мәртаба - мәртебе. Сондай-ақ сөз тіркестерінде де кездеседі: зыбан ұру - әлек салу, ілкі әзірде - алғашқы кезде.
Жергілікті диалектілер дегеніміз – белгілі бір жердің, аймақтың халқына қызмет ететін, дыбыстық, грамматикалық және лексикалық жағынан өзіне тән ерекшелігі бар жалпыхалықтық тілдің тармақтары [3, 29б.].
Сонымен, жергілікті диалектілердің тіл тарихында алатын орны ерекше. Сол себепті диалектология ғылымының зерттейтін негізгі нысаны жергілікті диалектілер болып табылады.
1.2 Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің топтастырылуы

Кеңес тіл білімінде диалектология ұлт тілінің халықтық жергілікті диалектілерін зерттейтін жеке саласы ретінде қалыптасты. Тілдің диалектілерге бөлінетіндігі ертеден-ақ белгілі. Қазақ тіліндегі диалектілерді, сөйленістерді топтауда әртүрлі пікірлер болып келді.


Қазақтың халық тілі мен ауыз әдебиет үлгілерінен жиналған материалдарды және қазақ тілінің тарихын зерттеу нәтижесінде профессор С.Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бар дейді:
а) оңтүстік диалектісі - Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған, Қызылорданың кейбір оңтүстік аудандарын қамтиды.
ә) батыс диалектісі - Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарын, Қызылорданың солтүстік аудандарын, Қостанайдың кейбір батыс аудандарын қамтиды.
б) солтүстік-шығыс диалектісі - Ақмола, Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Қостанай, Талдықорған облыстарының кейбір аудандарын қамтиды.
Профессор С.Аманжолов қазақ тіліндегі диалектілердің пайда болуы мен қалыптасу тарихын қазақ жеріндегі бұрынғы тайпалық одақтармен, жүздермен байланыстырып қарайды. Ол үш жүздің қалыптасуымен үш жергілікті диалект пайда болды деп есептейді. Бұл үш тайпалық одақтың тілі даму барысында кейін бір-біріне жақындап, біртұтас қазақ тілінің қалыптасуына негіз, ұйтқы болды деген тоқтамға келеді. Автор жергілікті халық өміріне тән өзгерістер (шаруашылық, әдет-ғұрып т.б.) мен көрші тілдердің әсерінен де тіл ерекшеліктері туғанын ескертеді [7, 116б.].

2 Шығыс сөйленістер тобы


2.1 Шығыс диалектілер тобына тән фонетикалық ерекшеліктер
Бұл сөйленістердегі фонетикалық ерекшеліктер жүйелі құбылыс болып табылады. Ол сөздің түбірі мен қосымшасына бірдей тән, а дауыстының ә дыбысына алмасуы байқалады.
А/Ә алмасуы: жәріс – жарыс, шәрлеу – шарлау, жәнелік – жаңалық, әлең – алаң, тәутеке – таутеке, жәрті – жарты (Қошағаш), әлім-берім – алым-берім, бәршәміз – баршамыз, жәншілеу – жаншылау (Аягөз), зәулеу – заулау, қәлемет – қалемет, Тәлепқан – Талапхан (Баян-Өлгий);
Е/Ә алмасуы: әгәр – егер, мәкән – мекен, сәбәп – себеп, кәсе – кесе (Қошағаш, Аягөз, Өскемен) [14, 113б.].
А/Ы алмасуы: тыстау – тастау, қажыма – қажама, сиықты – сияқты, қылжыңдау – қалжыңдау (Өскемен, Қошағаш), пәнде – пенде, дептер – дәптер (Баян-Өлгий).
Шығыс сөйленістерін басқа сөйленістерден ерекшелендіріп тұратын негізгі алмасуларды бірі Ы/І алмасуы: пысыру – пісіру, пышын – пішін (Аягөз), мінеу – мынау, імірт – ымырт, пысты – пісті, быр – бір (Өскемен).
Қытайдан келген қазақтар тілінде кесіртке сөзінің кесертке болып айтылады, І/Е алмасуы кездеседі: мәшіт – мешіт, мәктеп – мектеп, мәмлекет – мемлекет.
2.2 Шығыс диалектілер тобына тән грамматикалық ерекшеліктер
Шығыс сөйленістерге тән ортақ грамматикалық ерекшеліктер
Көптік жалғауы көбінесе –дар/-дер түрінде кездеседі: ағадар, үйдер, бауырдар, недер, одар.
-лық/-лік қосымшасының орнына –дық/-дік қосылады: қордық –қорлық, зордық – зорлық, ауырдық – ауырлық, туырдық – туырлық.
Етістіктің ла/-ле жұрнағы тек –да/-де тұлғасында айтылады: өрде – өрле, төрде – төрле, сөйде – сөйле, ойда – ойла [17, 72б.].
Күрделі етістік құрамындағы көсемшенің ып/-іп жұрнағының соңғы п дыбысы түсіп қалып айтылады: Олар таңертең кеті қалды. Асан үйге келі қалды.
Шекейін, шекті, шегім/шекім шылаулары шейін шылауы орнына қолданылады: Тоғызға шекім келмес пе екен. Біз Ақталға шекейін жаяу бардық.
Қарата сөзі қарай шылауы орнына қолданылады: кейін қарата, алға қарата.
2.3 Шығыс диалектілер тобына тән лексикалық ерекшеліктер

Шығыс сөйленістеріне ортақ лексикалық ерекшеліктер.


Жамалбек Болатов Шығыс сөйленістеріне тән төмендегі лексикалық ерекшеліктерді жатқызады: жейде – ерлер көйлегі, кепеш – тақия, жоян –зор, мантырау – шатасу, алжу, мұқым – бүкіл, тартпа – қол шалғы, ерсі – жақсы, кілет – қойма, т.б сөздер осы сөйленістер тобына тән құбылыстар [13, 66б.].
Шығыстағы екі, үш сөйленіске тән лексикалық ерекшеліктер
Өскемен, Қошағаш сөйленісінде: салма – кептіретін ағаш, саламат, доғалатпа – сүт, май қосып ұннан жасаған тағамдар, сарыбұға – жеміс атауы, тарбаған – суыр, дүбіраяқ – ерте қыста туған бұзау, сарлық – як, мүйізді ірі қараның бір түрі т.б.
Шығыстағы жеке сөйленістерге тән лексикалық ерекшеліктер
Аягөз сөйленісінде: бардам – бар адам, әлді, бора – қамба, жіңішке тамақ – қылтамақ, әйбәт – жақсы, әдемі, сердебелеу – қыдыру, сүліктес – пікірлес, байлауыш – басқа тартатын орамал, мүкәмәл – дүние, шот – есік ілгегі, можа – кәрі, тантық – мылжың, абдрия –жастық ағаш, бұла – тәрбиесіз, ерке, шатақ – жұмыс, іс, анда – құда, қытай бұршақ, ермене бұршақ – бұршақ түрлері, борми – жүгері, бедре – шелек, орыстың ведро зат есімінің фонетикалық жағынан өзгеріске түскен түрі, т.б. [21, 110б.].

Практикалық бөлім

Қорытынды
Диалектілік ерекшеліктерді жинап, зерттеу жолдары әртүрлі. Сөйленістердің тіл жүйесін барлық жағынан сипаттай отырып, арнайы зерттеу тек қазақ диалектологиясы үшін емес, жалпы қазақ тіл білімі үшін маңызды болып табылады. Өйткені қазақ тіл білімінің диалектологияға қатысы бар мәселелерінің түбегейлі шешілуі тікелей осыларға байланысты. Сол себепті қазір тарихи-географиялық жағынан қалыптасқан жеке сөйленістерді зерттеу мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Жеке сөйленістердің зерттелуі қазақ диалектологиясының кейбір мәселелері туралы жаңа теориялық қорытындылар жасауға мүмкіндік береді.
Тіліміздегі диалектілік ерекшеліктер жайындағы сипаттама талдаулар тұтас түрде жинақталмай, жеке монографиялық еңбектер мен мақалаларда шашырап жүр. Мұның өзі диалектілік ерекшеліктердің жалпы сипатын, көлем мөлшерін дәл анықтауда, олардың қазіргі әдеби тілге қатысын айқындауға, сөйленістерді салыстырмалы-тарихи тұрғыда зерттеуде қиындық келтіретіні сөзсіз. Сондықтан біз бітіру жұмысымызда қазақ диалектілерінің шығыс тобын зерттеу нысанасы етіп алдық.
Тіл біліміндегі дәстүр бойынша, қазақ тілі сөйленістерінің тіл жүйесін фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктер деп бөліп қарастырдық. Бұлардың алғашқыларынан соңғысы әлдеқайда көп кездесетініне көз жеткіздік. Содан кейін таралған көлемі, қамтитын аудандары, тілдік сипаты айқындалған шығыс диалектісіне енетін сөйленістік топтар мен оларға кіретін сөйленістердің негізгі грамматикалық ерекшеліктері көрсетіліп, жеке-жеке берілді. Сөйтіп біз шығыс сөйленістер тобының әдеби тілден және басқа диалектілерден ерекшеленетініне көз жеткіздік.
Жеке диалектизмдердің шығу төркініне көз жүгірту, қазақ әдеби тіліне қай диалектінің үлесі мол, басым болды дегенді анықтау, білу тағы басқа – келешектің жұмысы.

Әдебиеттер тізімі



  1. Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. / Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаев. – Алматы: Ана тілі, 2002. – 312 бет.

  2. Сарыбаев Ш., Нақысбеков О. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы./ Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков. –Алматы: Мектеп, 1989. – 289 бет.

  3. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. / Р.Сыздықова. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320 бет.

  4. Нұрмағамбетов Ә. Қазақ говорларының грамматикасы. / Ә.Нұрмағамбетов. – Алматы: Ғылым, 1986. – 185 бет.

  5. Айдаров Т. Қазақ тілінің лексикалық ерекшеліктері. / Т.Айдаров. –Алматы: Мектеп, 1975. – 296 бет.

  6. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. / С.Аманжолов. – Алма-Ата, 1959. – 463 с.

  7. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы / Ә.Болғанбаев. – Алматы, 1988. – 311 бет.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет