Қазақ тілінің сөзжасам уәжділігі А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет10/43
Дата01.03.2023
өлшемі0,78 Mb.
#70996
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43
Байланысты:
Дәріс -әдістемелік оқу құралы. 2022

Түбірлес сөздер Әртүрлі тәсілдер арқылы
туынды сөздер жасалады. Бір түбір не негіз арқылы уәжделген туынды сөздер тобы бір семантикалық өрісте жатып, түбірлес сөздер жүйесін құрайды. Түбірлес сөздерді жасаушы түбір сөздің семемасы барлық туынды сөздер мағынасында сақталады. Әрбір жаңа туынды сөздің мағынасында себепші негіз өзек семасының бір қыры сақталады. Бұл түбірлес сөздердің бір ғана семантикалық өрісте жатуының негізгі шарты саналады. Сондықтан да түбірлес сөздер тек тұлғалық жағынан ғана ұқсас емес, сондай-ақ, ішкі семантикалық құрылымы жағынан да жақын болып келеді.
Макросемалы бір буынды түбірден әр түрлі сөзжасамдық тәсіл негізінде уәжделіп, алуан түрлі семаларға жіктелетін, бір семантикалық өрісте жататын ортақ мағыналы туынды сөздер – түбірлес сөздер деп аталады.
Түбірлес сөздердің табиғаты туралы мәселе морфологияда, көбінесе, тек синтетикалық атау туғызуға байланысты қарастырылып келгені белгілі. Сөзжасамдық және семантикалық аспектіден зерттеу барысында, біз түбірлес сөздердің бұлайша анықталуы, бұл мәселе туралы ғылыми-теориялық түсінігіміздің шектеулі екенін көрсететінін пайымдадық.
Түбірлес сөздердің шегі синтетикалық сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерден әлдеқайда кең. Түбірлес сөздерге барлық сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалған атаулар толықтай ене алады. Түбірлес сөздердің сандық жағынан өсуі, дамуы түбір мағынасының сапалық тереңдігімен байланысты.
Мысалы, “асау” сөзі арқылы мынадай туынды сөздер жасалады да, түбірлес сөздер тобын құрайды. Барлық түбірлес сөздер сөзжасамдық парадигма құрайды, әрі бір семантикалық өрісте жатады: Асау – асау, асаулық, асаудай, асау-албырт, бас асау, бас асаулық, асаудайын, асаукөк, асаулау, асаулан, асаусы, асаусын, асауша, асауырақ, т.б.
Ақыл – ақыл, ақыл-айла, ақылгөй, ақылгөйлік, ақылгөйсі, ақылгөйсін, ақылдай, ақылдас, ақылды, ақылдылық, ақылдымсы, ақылдырақ, ақыл-ес, ақыл-кеңес, ақыл-ой, ақыл-ойлы, ақыл-парасат, ақыл-сана, ақыл-сезім, ақылсыз, ақылсыздық, ақылшы, ақылшылық, т.б.
Бұдан басқа “ақыл” атауы арқылы жасалған мынадай күрделі сөздерді де тіл дамуының кейінгі кезеңінде қалыптасқан жеке номинативті атауға жатқызамыз. Бұл мысалдардағы атаулардың да негізгі мағынасы ақылға байланысты болғандықтан, олар бір сөзжасамдық тұлға арқылы жасалып, түбірлес сөздердің құрамына енеді де, бір семантикалық өрісте жатады деп бағалаймыз: ақылға келу, ақылға салу, ақылы кіру, ақыл қосу, ақыл құру, ақыл сұрау, ақыл тіс, ақылы ауу, ақылын алу, ақылынан адасу, ақылынан танбау, ақылы толу, ең ақылы, табылған ақыл, таптырмайтын ақыл, ақыл көзімен қарау, ақыл алу т.б.
Мұндай күрделі тіркесті тұлғалар күні бүгінге дейін атау ретінде танылмай, сөздікке тізбе сөз ретінде енбей келеді. Атау ретінде танылмайтын мұндай тіркестер тілдің өзге қабаттарында да елеусіз қалып отыр. Олар синтаксисте еркін сөз тіркесі ретінде таныла алмайды. Ақылға келу, ақылға салу, ақылы кіру, т.б. сияқты сөздердің мағыналық құрылымында ауыспалылық мән бар болғандықтан, фразалық тіркестер ретінде таныла алады. Фразалық тіркес атау ретінде танылатындықтан, біз жоғарыда келтірілген мысалдардағы сөздердің барлығын да жеке ерекше семаға ие болған, өзіндік номинативтік белгілері қалыптасқан туынды сөз ретінде танимыз.
Түбірлес сөздердің санын мағыналық даму арқылы жасалған сөздер де толықтыра алады. Айталық, айтыс-айтыс, сабақ-сабақ, жазу-жазу-жазу, оқтау-оқтау, бақ-бақ, ақ-ақ-ақ, ат-ат-ат сияқты тұлғалар да бір-бірімен түбірлес сөздер ретінде қарастырылады. Оларды айқындаудың басты шарты – мағына. Түбірлес сөздердің мағыналық құрылымында генетикалық-семантикалық кілт (код) сақталады. Осы мағыналық кілт негізінде біз сөздердің арасындағы ортақ генетикалық тектестікті таба аламыз. Тұлғалық жағынан бірдей атаулардың арасында мағыналық ортақтық, тектестік, жақындық болған жағдайда ғана олар түбірлес сөздер ретінде таныла алады. Мұндай түбірлес сөздер семантикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы туындаған туынды сөздер деп есептеледі. Ал мағыналық жақындық мүлде болмаса, ондай сөздер түбірлес сөздер емес, омоним сөздер ретінде танылуы керек. Омонимдік қатарға енетін сөздерде мағыналық жақындық мүлде болмайды. Түбірлес сөздерді сөзжасамдық аспектіден зерттеп, талдаудың мынадай негізгі шарттары бар:

  1. түбірлес сөздердің өзегінде бір ғана түбір не негіз болады;

  2. өзек сема арқылы қалыптасқан туынды мағынада ортақ сема сақталады;

  3. жаңа номинативті мағынада сөзжасамдық мағына болады;

  4. түбірлес сөздер бір семантикалық өрісте жатады.

Сөздің мағыналық құрылымына қатысты осындай шарттар орындалғанда ғана, тұлғасы бірдей атаулар түбірлес сөздер ретінде таныла алады.
Бір буынды түбірлерден таралған түбірлес сөздер тұлғалық жағынан әртүрлі сипатта түрленуі және мағыналық құрылымы жағынан семалық жіктеліске түсуі мүмкін. Айталық,
а) ар-ар, арық, ару, арыл; “Ар” түбірінің таза мағынасы негізгі сема ретінде қатысып, жеке номинативті атаулардың мағыналарында жіктеліп ерекше семалар жасауға негіз болады. Жаңадан жасалған атаулардың мағынасында “ардың” таза семасы ортақ мағына ретінде сақталады.
ә) ар-арай, арайлы, алый, ал-алқызыл-алтын, алау, алаулау, алма, алша, т.б. “Ар” түбірінің қызыл мағынасы негізгі сема ретінде қатысып, жеке номинативті атаулардың мағынасында жіктеліп, ерекше сема жасауға негіз болады. Түбірлес сөздердің мағынасында “ар” тұлғасының қызыл түсті білдіретін семасы ортақ мағына ретінде сақталып отырады. “Ар-ал” бір буынды түбірлері “күн” концептісінің бір ұғымдық қырын бейнелейтін таңба.
б) ар – алау, лаула, алаула, алаулат, алаулатқыз т.б. күн концептісінің от семемасы арқылы уәжделіп жасалған, тарамдалған, әртүрлі семалық жіктеліске түскен.
Түбірлес сөздердің құрамында семантикалық, фонетикалық, синтетикалық, аналитикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер ене алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет