2.2. Ақпарат, ақпарат көлемін өлшеу және ақпаратпен орындалатын іс-әрекеттер.
1. Ақпарат
Мәліметтер әр түрлi тәсiлдер көмегiмен өңделеді, түрлендіріледi, тасымалданады және пайдаланылады. Мәліметтер мен оларға сәйкес тәсiлдер арасындағы өзара байланыс информация түсінігін құрайды. Мәліметтерді іздеу мен өңдеудің бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерін электрондық есептеу машиналары (ЭЕМ, соңғы кезде олар шет елдердегі тәрізді компьютер деп аталады) берді.
"Ақпарат" термині латынның түсіндіру, баяндау, білу деген үғымдарды білдіретін іnformatіo сөзінен шыққан. Жалпы тұрғыдан алғанда, информация – таңбалар мен сигналдар түрінде берілген әлемнің, заттың бейнесі болып саналады. Ақпарат (материалистік философия бойынша) – нақты дүние бейнесінің мәліметтер, хабарлар арқылы айтылуы. Хабарлар – информацияның тіл, мәтін, цифрлық мәліметтер, график, кесте түрінде бейнелену түрі.
Ақпарат – қоршаған ортаның объектілері мен құбылыстары, олардың параметрлері, қасиеттері және қалып-күйлері жөніндегі мәліметтер жиыны. Олар біздерді қоршаған объектілер туралы толық хабардар етіп, солар туралы мәлімсіздік, белгісіздік деңгейін азайтады.
Сонымен, ақпарат – белгілі бір объект (адам, жануар, зат, құбылыс) туралы таңбалар мен сигналдар түрінде берілетін мағлұматтар жиыны.
Ақпараттың негізгі қасиеттерiн – пайдалылығы мен өзектілігі, дәлдiгi мен толықтығын, бағалылығы мен қажеттiлiгiн, анықтылығы мен түсiнiктiлiгiн атап өтуге болады.
Ақпарат шыққан жерінен (көзінен) оны қабылдаушыға сигналдар арқылы жеткізіледі. Алынған мәліметті қабылдаушыға дәлме-дәл немесе шамамен жеткізу ақпаратты тасымалдау деп аталады.
Ақпараттың шыққан көзі, оны тасушы және қабылдаушы болуы керек. Мыс., оқығанда, біз – ақпарат қабылдаушымыз, кітап – ақпарат көзі, қағаз – тасушы немесе байланыс арнасы рөлін атқарып тұр.
Кез келген ақпарат басқа өнімдер секілді өңделеді. Ақпаратты өңдеу – оны қабылдау, сақтау, түрлендіру және басқаларға беру әрекеттерінен тұрады. Адам, компьютер, теледидар – ақпарат өңдей алатын объектілер болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |