Сонымен, құқықтық мемлекет туралы теорияны қорыта келіп, оның негізгі мазмұны – халықтың, адамдардың егемендігі, олардың табиғи бостандығы мен құқықтары. Ол мемлекетті қалыптастырудың негізгі күші – адам, қалың бұқара. Сондықтан мемлекет пен құқық демократияны дамытып, халықты қоғамның барлық саласын басқаруға қатыстыру қажет.
Азаматтық қоғамның түсінігі және мазмұны
Біз өткен ғасырдағы ірі ғалымдардың пікірін әдейі келтіріп отырған себебіміз азаматтық қоғам мәселесі сол кездегі өмірдің объективтік даму процесінің алдына қойған талабы дегіміз келеді. Сол себепті Гегель мен Маркс тағы басқа ғалымдар азаматтық қоғамды біраз зерттеп, құнды теориялық ғылыми мұра қалдырып кетті. Енді осы құнды ғылыми мұраға сүйене отырып, қазіргі заманның талабына сәйкес азаматтық қоғамды ғылыми тұрғыдан зерттеуді жалғастыру керек. Біздің пікіріміз – азаматтық қоғам мазмұнының сан қырлы көрінісі төмендегідей болуға тиіс:
— экономикалық бостандық, әр түрлі меншік, нарықты қатынас;
— адамдардың табиғи бостандығы мен құқықтарын қалыптастырып, қорғау;
— заңды, демократиялық билік, ақпаратқа бостандық беру;
— заңның, соттың алдында адамдардың теңдігі болу;
— таптық, ұлттық бірлік, достық, келісім болу;
— адамдардың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын, мәдени, рухани білімін, санасын көтеру, жақсарту.
Азаматтық қоғамның құрылымы – Қоғамды өзінің табиғи мүдде-мақсаттарына сәйкес құрушы, реттеп, басқарушы – адам. Адам қоғам құрылымының негізгі элементі – діңгегі. Адамдардың бірлестіктері, ұйымдары, одақтары, еңбек ұжымдары, саяси партиялары, мемлекет, олардың арақатынастары – азаматтық қоғамның элементтері.
Қазіргі Қазақстанның азаматтық қоғамын бес жүйеге бөлуге болады: әлеуметтік, саяси, экономикалық, рухани-мәдени және ақпараттық жүйелер:
Әлеуметтік жүйе – объективтік тұрғыдан қалыптасқан адамдардың бірлестіктері, ұйымдары, одақтары т.б., олардың өзара байланысы. Бұл жүйе азаматтық қоғамның ең негізгі ұйымдастырушы жүйесі, өзі үш топқа бөлінеді: бірінші тобы – қоғамның үзіліссіз өмір сүру негізін жасаушы, дамытушы топ: отбасы, бала тәрбиелеу, табиғи өмірді жалғастыру; екінші тобы – адамдардың өзара, бір-бірімен байланысы, қатынасы; үшінші тобы – қоғамдық ұйымдардың, таптардың, топтардың, ұлттардың арақатынастары.