Қазіргі заманда құқықтық мемлекет құру, қалыптастыру мәселесі ғаламдық проблемаға айналды. Өйткені адам қоғамының даму тарихында ешқашан, еш елде құқықтық мемлекет болған емес. Қазіргі кезде де жоқ. Болашақта да барлық елдерде бір мазмұнды, бір нысанды құқықтық мемлекет болуға мүмкін емес. Себебі әр елдің экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы, рухани санасы, саясаты бір деңгейде болмайды. Бұған қоса олардың географиялық, ұлттық ерекшеліктері болады.
Сондықтан болашақта құқықтық мемлекет бірнеше дамыған елдерде қалыптасуы мүмкін. Бірақ ол мемлекеттердің мазмұнында, әсіресе нысанында объективтік ерекшеліктері болады.
Құқықтық мемлекеттің мазмұнының негізгі талаптары:
1) Құқықтық мемлекет азаматтық қоғамның объективтік даму процесіне сәйкес ескіріп, жаңарып жататын көп қырлы құбылыс. Бұл мемлекетте адамның толық егеменді болуы қажет, олардың мемлекеттің билік жүргізетін органдарын құруға қатысуы заңды түрде бекітілуі керек.
2) Құқықтық мемлекеттің экономикалық негізі – өндіргіш күш пен өндірістік қатынас және көп меншіктік шаруашылық арқылы дамуы. Құқықтық мемлекетте меншіктің басым көпшілігі – өндіруші мен тұтынушылық билігінде болуы қажет. Бұл билік шаруашылықтың жақсы, сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін оларға толық бостандық беруі керек. Сонда ғана қоғамның әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеруге, нығайтуға болады.
3) Құқықтық мемлекеттің әлеуметтік негізі – өзін-өзі басқаратын азаматтық қоғамда адамдардың бостандығын, теңдігін қамтамасыз етіп, олардың жақсы еңбектенуіне, дұрыс жұмыс жасауына мүмкіншілік беру. Қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсаруы құқықтық мемлекеттің нығаюы. Бұл екі процесс бір-бірімен тығыз байланысты. Құқықтық мемлекет, сонымен, бірге әлеуметтік мемлекет.
4) Құқықтық мемлекеттің моральдық негізі – гуманизм, әділеттік, бостандық, теңдік, адамдардың қадір-қасиетінің, ар-намысының деңгейі. Осы жоғары дәрежедегі принциптер болса құқықтық мемлекет болады. Өйткені мұндай қоғамда адамдардың рухани сана-сезімі де жоғары дәрежеде болады.
5) Құқықтық мемлекеттің саяси негізі – халықтың, ұлттық тәуелсіздігін қалыптастырып, қоғамдық билікті жан-жақты дамытып, адамдардың бостандығын, теңдігін қорғап, әділеттікті, демократияны орнату, қарым-қатынастарды реттеп-басқару.
Міне қоғамның осы негіздеріне сүйене отырып, құқықтық мемлекет орнатуға мүмкіншілік қалыптасады.
Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері:
— мемлекеттік билікті үш түрге бөлу, олардың арақатынасын қатаң сақтау; азаматтық қоғамның қалыптасуы;
— қоғамда жоғары дәрежеде құқықтық мәдениеттің қалыптасуы, адамдардың рухани сана-сезімінің жақсы дамуы;
— мемлекеттік аппараттың, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың, жеке адамдардың, өмірдегі қарым-қатынастарда өзара жауаптылығы;
— құқық пен заңның арақатынасында көп алшақтыққа жол бермеу, олардың өзара қатынасын бақылап, жақсартып отыру;
— қоғамның экономикалық, әлеуметтік бағытында әділеттікті, теңдікті қамтамасыз ету үшін антимонополиялық органның болуы;
— соттың жоғары беделі, ең сыйлы орган деп саналуы және соттың тәуелсіздігі;
Қазақстан мемлекетіміздің бүкіл аумағында Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етуді, азаматтардың жоғары деңгейдегі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, биліктің бөлісу принципін орындауды, қоғамдағы қарым-қатынастар субъектілерінің арасындағы таластарды шешуді дұрыс қамтамасыз ету үшін Конституциялық кеңестің жұмысын жақсарту;
— қоғамның ішкі құқық нормалары мен халықаралық құқықтың өзара қатынасын бақылап, жақсартып отыру;
— қоғамда заңның үстемділігін орнату, азаматтық қоғамды қалыптастыру. Адамдар «заңның құлы» болмайынша, құқықтық тәртіп те, демократия да жақсы дамуға тиіс емес. Бұл туралы өмір тәжірибесінен қалыптасқан мынадай өсиет сөз бар:
Заң – мемлекеттің ақылы.
Сот – мемлекеттің жүрегі.
Мәдениет-мемлекеттің тәртібі.
Міне, осы үш қағидалы өсиет өзара бірігіп, қалыптасып және мемлекеттің ішкі заңдары көпшілік таныған халықаралық құқықтық нормалар мен принциптерге сәйкес келсе, елімізде мемлекет орнайды.