4-бап. Лицензиялаудың негізгі принциптері 1. Лицензиялар беру белгілі бір қызмет түрі үшін белгіленген талаптарға сай барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Қызметтің жекелеген түрлері бойынша лицензиялық тәртіп енгізу ұлттық қауіпсіздік, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны, азаматтардың меншігін, өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында белгіленеді.
3. Осы Заңда қызмет түрлерінің және қызметтің кіші түрлерінің егжей-тегжейлі тізбесі белгіленеді.
4. Осы Заңға жаңа қызмет түрлерi және (немесе) қызметтiң кiшi түрлерi енгiзiлген кезде оларды лицензиялау бiлiктiлiк талаптарын белгiлейтiн тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер қабылданғаннан кейiн жүзеге асырылады.
Жекелеген қызмет түрлерiне (кiшi түрлерiне) қойылатын бiлiктiлiк талаптарын және бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін, сондай-ақ экспорты немесе импорты лицензиялануға жататын жекелеген тауарлар тiзбесiн бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлердi осы актiлер ресми жарияланғаннан кейiн жиырма бiр күндiк мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгiзуге болмайды.
5. Қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, жекелеген өнім түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті түрде растау жөніндегі талаптар мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына жету үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
6. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.
7. Лицензияның күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.
8. Бірыңғай технологиялық процеске кіретін және (немесе) қызмет түрін жүзеге асырудың қажетті элементі болып табылатын қызмет түрлері лицензиялануға жатпайды.
Қызмет түрінің бірыңғай технологиялық процеске кіретіні және (немесе) оны қызмет түрін жүзеге асырудың қажетті элементіне жатқызу туралы қорытындыны өтініш берушінің өтініші негізінде лицензиардың сұрауы бойынша құзыретті (салалық) орган береді.
9. Мемлекеттiк органдар, дербес бiлiм беру ұйымдары және олардың ұйымдары, оның iшiнде аталған ұйымдарда бiлiм беру бағдарламаларын енгiзетiн және (немесе) iске асыратын шетелдiк заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асыратын қызметтi қоспағанда, лицензиялау талап етiлетiн қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға немесе белгiлi бiр iс-әрекеттер (операциялар) жасауға лицензия болған жағдайда ғана жол берiледi.
Кредиттік серіктестіктер, орталық депозитарий, бірыңғай тіркеуші, мемлекет қатысатын кредиттік бюро, өзара сақтандыру қоғамдары, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің операторы, сондай-ақ Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүргізетін қызметті қоспағанда, қаржы саласындағы қызметтің жекелеген түрлерін және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда ғана жол беріледі.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЛИЦЕНЗИЯЛАУ ЖҮЙЕСІ