Қазақстан 2020: болашаққа жол



Дата25.05.2023
өлшемі42,6 Kb.
#97426

"Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының 2012 жылғы 18 мамырдағы № 2 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 16-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының




Премьер-Министрі

С. Ахметов




Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2013 жылғы 27 ақпандағы
№ 191 қаулысымен
мақұлданған

"Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы
мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
Кіріспе
1-бөлім. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту пайымы
2-бөлім. Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
3-бөлім. "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
Кіріспе
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.02.2015 № 42; 08.06.2017 № 350 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады.
Жастар саясатының басымдықтары Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған "Қазақстан – 2050" стратегиясының түйінді мақсаттарының бірі болып табылады.
Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қояды. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы жетістіктерді бекіте отырып, Қазақстан XXI ғасырдың үшінші он жылдығында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге ниет білдіреді.
Бұл жағдайларда аға буынның жасампаз істерін жалғастыруға, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің деңгейін одан әрі жоғарылатуға, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі.
Мұндай миссия кәсіптік білімі, дені сау әрі адамгершілігі мол, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру.
Мемлекеттік жастар саясаты
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жас ұрпақтың ойдағыдай әлеуметтенуі мемлекет назарында болды және қала береді.
1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 28 тамыздағы өкімімен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейіннен аталған құжатты Үкімет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бірқатар бағдарламалар, оның ішінде "Қазақстан жастары", "Жастар саясатының 2003 – 2004 жылдарға арналған бағдарламасы", "Жастар саясатының 2005 – 2007 жылдарға арналған бағдарламасы", сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006 – 2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды.
Аталған бағдарламалардың бәрі жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрі іске асырудың институционалдық негізіне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылуда.
2008 жылы "Нұр-Отан" халықтық-демократиялық партиясының (бұдан әрі – "Нұр-Отан" ХДП) "Жас Отан" Жастар қанаты I съезінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып табылды, өткен 7 жылда оның көлемі 10 еседен астам өсті.
Білім және ғылым министрлігінің құрылымынан Жастар ісі комитеті мен Астана, Алматы қалаларының және облыстардың жастар саясаты мәселелері бойынша басқармаларының құрылуы мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл жасау процестерін жетілдірудің келесі кезеңіне айналды.
Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, сол сияқты бүгінде елімізде іске асырылып жатқан білім беруді, денсаулық сақтауды, тілдерді дамытудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары; "100 мектеп, 100 аурухана", "Балапан", "Бизнестің жол картасы – 2020", "Қолжетімді тұрғын үй – 2020" бағдарламалары бағытталған.
Демографиялық ахуал
Ел тұрғындарының 26 %-дан астамын 14 – 29 жас аралығындағы Қазақстан жастары құрайды. 2012 жылы олардың саны 4,4 млн. адамға жақындады.
Облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қала тұрғындарының жалпы санынан жастардың ең қомақты үлес салмағы Астана және Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақтөбе облысына тиесілі, мұнда 14 – 29 жас аралығындағы жастар 29 %-ды құрайды.
Тұрғындардың жалпы санынан жастардың ең аз үлес салмағы Солтүстік Қазақстан облысына – 22 %, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына – 24 % келеді.
Қазақстан жастарына білім деңгейінің жоғары болуы тән. Жоғары білімі бар жастардың саны соңғы онжылдықта 3 есе, арнаулы орта білімі бар жастардың саны 2 есе дерлік өсті. Жоғары білімі бар ауыл жастарының саны 6 есе, қала жастарының саны 4 есе өсті. Тұтастай алғанда, Қазақстан жастарының 40 %-ының жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімі бар.
Жастар ұйымдары
Соңғы онжылдықта елімізде олардың саны 7 еседен астам өсті. Қазақстан жастар конгресі (2002) және "Нұр Отан" ХДП жанындағы "Жас Отан" Жастар қанаты (2008) сияқты бұқаралық ұйымдарға жастардың шоғырлану процесі жалғасуда. 2005 жылы "Қазақстан студенттерінің альянсы" студент жастардың қоғамдық бірлестігі құрылды.
2011 жылдан бастап "Қазақстан жас депутаттарының қауымдастығы", ал республиканың бүкіл өңірлерінде – жастар мәслихаттары жұмыс істейді. 2011 жылы "Жас Қыран" және "Жас Ұлан" балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ұйымдар пайда болды, олардың басым міндеті патриоттық тәрбиелеу болып табылады.
Бірқатар жастар бағдарламалары мен бастамалары: "Жастар практикасы", "Жасыл ел", "Дипломмен ауылға!", "Жастар кадрлық резерві", "Мемлекеттік қызмет мектебі", "Жастар - Отанға!" іске асырылуда, олар мол қоғамдық оң резонансқа ие.
Жұмыспен қамту
Еңбек және жұмыспен қамту саласында мемлекеттік жастар саясаты жастарды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарды дамыту және жастарды кәсіптік даярлық пен біліктілікті жоғарылату курстарында оқыту бағдарламаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
2011 жылы 15 жастағы және одан үлкен экономикалық белсенді тұрғындардың саны 8,8 млн. адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандар құрылымының (8,3 млн. адам) шамамен үштен бір бөлігін (30,5 %) 25 – 34 жастағы адамдар және 14,5 %-ын 15 – 24 жас аралығындағы жастар құрайды. Жұмыспен қамту құрылымында жалдамалы еңбек қала жастарында 78,3 %-ға басым, ауыл жастарында – 40,9 %.
Орта мерзімді кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (2005 жылдан бастап) 13,4 – 4,6 % шегінде (жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 8,1 – 5,4 %) болды.
2012 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (4,6 %) көп жылдардан бері алғаш рет жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен (5,4 %) төмендеді. Жастар жұмыссыздығының деңгейі қалаларда жоғары. 2011 жылы ол 5,6 %, ал ауылда – 3,8 % болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік жастар саясаты қоғам өмірінде тұрақтандырушы рөл атқарды, жастарға көп кездесетін өмір ағымының қиындықтарын жеңілдетуге мүмкіндік берді, жастардың әлеуметтенуіне жағдай жасады.
1-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУ ПАЙЫМЫ
1. Қазіргі жастардың өзекті проблемалары
Ескерту. 1-бөлімде 6-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан жастарын әлеуметтендіру мәселелеріндегі қауіптер мен тәуекелдер мемлекеттік жастар саясатының өзекті күн тәртібін қалыптастырады, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың және азаматтық қоғам институттарының бәрінің күш-жігері соның айналасына шоғырлануға тиіс.
1. Дәстүрлі құндылықтар жүйесіне жаһанданудың қысымы
Жаһандану процесі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени даму деңгейі әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шекараларын ашады. Жаппай тұтыну мәдениетінің қысымымен дәстүрлі құндылықтардың аражігі жойылып бара жатыр.
Бүгінде бүкіл әлемде ұлттық мемлекеттер жас ұрпаққа ашық әлем шарттарында қоғамның дамуындағы сабақтастықты сақтап қалуға мүмкіндік беретін құндылықтардың сенімді жүйесін ұсынуға мүдделілік танытып отыр.
2. Еңбек құндылықтарының доминантты емес дәрежесі
Қазіргі уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейіп келе жатыр. Өмір құндылықтарының қатарында материалдық игіліктерге ұмтылу анағұрлым маңызды болып отыр. Бұл ретте көбінесе өмірдегі жетістік, әлеуметтік жоғары мәртебеге қол жеткізу өз қабілетімен еңбек етумен, алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен, қойылған мақсатқа біртіндеп жетумен тікелей байланыстырылмайды.
3. Патернализм және әлеуметтік инфантилизм
Экономикалық өсу қоғамда әлеуметтік межелердің ұлғаюымен қоса жүретінін, мемлекетке деген патерналистік көңіл-күйдің тарауына және инфантильді азаматтардың ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететінін әлемдік практика көрсетіп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанда да байқалады. Социологиялық зерттеулер бүгінде Қазақстан жастарының 58 %-ы өз мәселелерін шешуде мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенім артатынын, бозбалалар мен бойжеткендердің 92,5 %-ы тікелей қолдауды және жұмысқа орналасуда әлдекімдердің қол ұшын беруін күтетінін растап отыр.
4. Тұтынушылыққа құштарлық
Жастардың дүниетанымдық дағдарысының бір көрінісі – жаппай тұтынушы қоғам дағдарысының бір бөлігіне айналған тұтынушылыққа құштарлық болып табылады. Жастардың қазіргі өмір сүру тәсілінің ерекшелігі болып табылатын тұтынушылық тәжірибе олардың тек қана материалдық байлыққа ие болуын көздейді.
5. Жастар арасындағы радикализм қаупі
Өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар өзінің саяси мақсаттарын іске асыру үшін жастарды айналдыратын сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің ықпалында қалу қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады.
6. Жастар маргинализациясы
Мемлекет атқарып отырған жедел әлеуметтік жаңғырту жағдайында мінез-құлқы жалпыға бірдей қабылданған, қалыптасқан нормалардан көбінесе ерекшеленетін, қайта құрудан "артта қалған" әлеуметтік топтар пайда болады. Әлеуметтік аутсайдерлердің немесе маргиналды жастардың пайда болуы қоғамға кірігудің және жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделудің қиындығына байланысты.
Сонымен қатар, жастардың әлеуметтену процесі, оларды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыру мынадай құндылықтарға негізделеді:
Патриотизм
"Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату" - Мемлекет басшысы бұл құндылықты осылайша айқындап берді. Жас қазақстандықтар үшін Елбасының өмірі мен еңбек жолы - өз елінің патриоты болудың жарқын үлгісі болып табылады.
Отан өз жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, онда тұратын халыққа, мерекелері мен күнделікті тірлігіне, мемлекеттік нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптасатын отбасыдан басталады.
Жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін сіңіру ерекше маңызды.
Халық бірлігі
Тұрақтылық – Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы табысының негізі және басты нәтижелерінің бірі. Көп этносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының бірлігі – абсолюттік құндылық және барша ұрпақтың міндеті – осы құндылықтарды қорғау және елді көркейту жолында оны дамытып, орнықтыра түсу.
Мәдени саналуандық – бұл адамдарды бөлмейтін, керісінше біріктіретін құндылық. Этникалық алуандыққа негізделген қазақстандық дүниетаным әлемдік мәдениет ағынына батып жоғалып кетпеуге тиіс, оны жас ұрпақ бірегей ұлттық игілік ретінде сақтауы керек.
Жастарды адамгершілік жағынан қалыптастыру процесіне әсер ете отырып, мемлекет мәдениеттің жалпы деңгейінің өсуіне, коммуникациялық технологияларды дамытуға назар аударуы тиіс.
Жастардың даму деңгейінің үшінші мыңжылдықтың талаптарына сәйкес болуына қол жеткізу қажет. Ар-ождан және діни сенім еркіндігін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз ету жұмыстың маңызды бағытына айналуға тиіс.
3. Іске асыру кезеңдері және межеленген нәтижелер
Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту кезең-кезеңімен былайша жүзеге асырылатын болады:
1) 2013 – 2015 жылдар аралығындағы кезең.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының және бизнестің құзыретті өкілеттілік аймағын нақтылайтын салааралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісі құрылатын болады.
Көрсетілген міндетке қол жеткізу мақсатында барлық деңгейдегі әкімдіктер жанындағы консультациялық-кеңесші органдар арқылы мемлекет пен жастардың өзара іс-қимыл жасау әдістерін жетілдіру қажет. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жастар саясатын тұрақты негізде жетілдіруге негізделген ұсыныстарды әзірлеу мәселесінде үйлестіруші рөлін арттыруға бағытталған жұмысын жалғастыратын болады.
Жастар саясатының бағдарламаларын іске асыруға Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, "Атамекен Одағы" ұлттық экономикалық палатасы, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" және жастар ұйымдары жұмылдырылады.
Алдағы кезеңде орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауының жобалық тәсіл мен әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу қағидаттарына негізделген жаңа схемасы іске асырылады. Орталық және жергілікті деңгейлерде жастардың барлық санатын қамтитын орта мерзімді болжамды негізде әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік тапсырысты орналастырудың салалық қағидаты белсенді қолданысқа ие болады. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде жастар саясатының бірінші кезекті іс-шаралары әзірленетін болады.
Жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналастыруға, қолжетімді тұрғын үйге және перспективалы бизнес-идеяларды тәжірибеде қолдануға бағытталған жобаларға қатысу және өту шарттары дәйекті түрде жетілдірілетін болады.
Тұжырымдаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде жастармен тұрғылықты жері, оқуы және жұмысы бойынша мекенжайлық өзара іс-қимыл жасауға бағытталған біртұтас инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыс басталатын болады.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру процесінде мемлекеттік жастар саясатындағы мониторингінің, талдаудың және реттеудің жаңа құралдары әзірленетін болады.
Барлық мүдделі тараптардың күш-жігері жастардың қажеттілігін және жастар арасындағы хал-ахуал, беталыстарын ескеретін нысаналы ақпараттық сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі.
2) 2015 – 2020 жылдар аралығындағы кезең.
Жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін қозғайтын барлық бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды бағалаудың нысаналы индикаторларын енгізу маңызды шарт болады. Жастар саясаты саласында мемлекеттік органдар іске асырып жатқан іс-шараларға талдау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясаты саласындағы міндеттерді іске асыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыру болжануда.
Жастардың бастамаларын қолдау және оларға мемлекеттік және ақпараттық қызметтердің барлық спектрін көрсету орталықтарын құру туралы мәселе қарастырылатын болады. Ұлттық еріктілер желісі жаппай дамуда.
Тұжырымдаманы ойдағыдай іске асырудың түйінді шарты білім беру жүйесінде жастармен өзара іс-қимыл жасау әдістерін қайта қарау болып табылады. Барлық жоғары оқу орындарында жас отбасыларға ақыл-кеңес қызметін ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау жөніндегі бағдарламаларды, спорт инфрақұрылымын, соның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде нысаналы бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі пысықталады. Барлық оқу орындарының спорт залдарын жаңарту, жалпы дене шынықтыруды және спортты өткізу стандарттарын қайта қарау мәселелерін зерделеу болжануда. Студенттік спорттың ұлттық лигалары жаппай құрылатын болады.
Жастарды кеңінен әлеуметтендіру процесіне жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақ қозғалыстары тартылады. Орта және ірі бизнес кәсіпорындарында кадрлық әлеуетті қолдау мен дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламалары, соның ішінде тұрғын үй, білім беру және сауықтыру бағдарламалары іске асырылатын болады. Еңбек ұжымдарында жастардың әлеуметтік көңіл-күйін орнықтыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыратын бизнесті әлеуметтік-экономикалық ынталандыру шаралары дәйекті түрде қолданылатын болады.
Жастармен атаулы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін барлық мүдделі тараптар өкілдерінің біліктілігін арттыру және оқыту бойынша жүйелі жұмысты бастау мүмкіндігі зерделенеді.
Осылайша, жастармен өзара іс-қимыл жасаудың барлық тетіктері тұрақты даму процесінде болады, бұл ретте орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де мемлекеттік жастар саясатының нормативтік-құқықтық қамтамасыз етілуін жетілдіру басым бағытқа айналады.
Жас қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, жастардың білім алуы және кәсіптік өсуі, олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысу дәрежесін ұлғайту Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру нәтижесіне айналуға тиіс.
"Қазақстан – 2050" стратегиясының міндеттері мен мақсаттарын іске асыруға белсенді қатысу жаһандық бәсекелестіктің жаңа жағдайларында Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді – жастардың жетістігі бүкіл ел жетістігінің берік кепіліне айналады.
"Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Концепциясы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет