Қазақстан археологиясы



бет128/138
Дата02.10.2024
өлшемі0,76 Mb.
#146547
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   138
Байланысты:
атбасар (копия) (копия)

Қалалық тұрғын үй. ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы тұрғын үйлер алдыңғы уақыттың даму бағытын жалғастырды.
Бірақ, ХVІ ғасырдың екінші жартысы – ХV ғасырдың бірінші жартысындағы тұрғын үймен салыстырғанда үй-жайлардың ішкі безендірілуінде кейбір жаңа элементтердің пайда болуын атап өткен жөн. Тандыр түпкі бұрыштан есікке жақындатылады. Ташнауға арналған орын екінші кезектегі жайды, ауланы, не айуанды, не тұрғын жай мен қойманы «жинақтайтын» тәрізді. Ташнаудың тек тұрғын жайларға қажетті болуы міндетті емес, олар қоймалар мен аулаларда да болған. Орталық тұрғын үй бөлмесінің көп бөлігін алып тұратын сыпалар (сәкілер) еденнен 30-40 см жоғары болған. Оған аузы сәкінің шетіне шығып тұратын тандыр орнатылған. Мұржа тандырдың қабырғасындағы дөңгелек тесіктен басталады, ол сәкі астынан қабырғаға немесе бұрышқа дейін ең қысқа жолмен салынған. Мұржа үйдің қабырғасындағы тік қуысқа қосылған.
Тандырдың тұсындағы сәкінің (сыпаның) бұрышына көлемі 0,5-1,0х0,5- 1,0 м болатын төрт бұрышты дөңгелектер орнатылған. Оның мақсаты айқын, ол көмір шоқтарына арналған жер. Үй-жайдың жалпы безендірілуінде тандыр мен оның алдындағы ташнау алаңшасы шаруашылық істері атқарылатын жер болып табылады. Мұнда сыпа үстінде, тандырдың жанында әдетте қыштан жасалған ыдыс тұрады. Ташнаудың жиегінде немесе алаңшада диірмен тастары жатады. Тұрақты пайдаланылатын диірмен тасы ретіндегі арнаулы дөңгелек дөңбектер де кездеседі.
Тұрғын жайлардың бұрыштарына ұралар жасалып, көзе, құмыра түріндегі ыдыстар көмілген. Ал кейде бөлменің ортасында, бұрышына жақын жерде саңылау тәріздес ұра болған. Бөлменің қабырғаларында керек – жарақтарды сақтауға арналған сөрелер жасалған. Сәкілерге қамыстан немесе шиден тоқылған төсеніштер төселіп, олардың үстінен киіз, мақта салынған көрпе, жайылған. Қазба жұмыстары кезінде шилердің іздері мен шірінділері, сондай-ақ киіздер мен мақта салынған көрпелердің қалдықтары табылды. Қоймалар астық қорларын, сұйық және үгітілмелі өнімдерді сақтауға арналған.
Үйлердің бір бөлігінде шағын аулалардан басқа, махалла ішіндегі шағын көшеге қаратылған албар бар. Ол тегінде, мал ұсталатын қаша ретінде пайдаланылса керек. Сәті түсіп анықталғанындай, мал сонымен бірге үйлердің арнаулы орындарында немесе үйлер арасындағы қашаларда ұсталған.
Тұрғын үйлер тік бұрышты шикі кірпіштен тұрғызылды. Шаршы тәріздес, жан-жағы 24-26 см, қалыңдығы 4-6 см күйдірілген кірпіштер еденге, сыпа (сәкі) бұрыштарына, пештің ауызына пайдаланылды. Сондай-ақ саз балшықтан өрілген қабырғалар мен далда (қалқа) кездеседі. Құрылыс ісінде каркас конструкциялары да қолданылады.
Соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйлерге талдау жасау оның алдыңғы кездегі тұрғын үйлермен байланысын көрсетеді. Мәселен, ортадағы жай, бұрынғысы сияқты, тұрғын үй жіне шаруашылық міндеттерін біріктірген. Онда әртүрлі орындар – бүкіл сыпа бетін алып жататын тұрғылықты жер, тандырмен қатар және бөлменің бұрыштырындағы ташнау алаңы шегінде орналасқан шаруашылық бөлімі айқын аңғарылады.
Алайда, соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйдің жоспарлануы мен тұрғызылуында дәстүрлі сипаттардың сақталуымен қатар жаңа белгілер пайда болады. Үйлерде бөлмелердің саны (5-6 бөлмеге дейін) көбейеді, олардың неге арналғандығын барлық уақытта бірдей анықтау қиын. Жартылай жабық аулалардың жаңа үлгісі пайда болады.
Оңтүстік Қазақстанның соңғы орта ғасырлардағы қалалық тұрғын үйі көршілес аймақтардағымен едәуір дәрежеде ұқсас болып келеді. Хорезмде, Үргеніште Отырардың орта ғасырлардағы үйлермен жақын ұқсастығы бар ХV-ХVІІ ғасырлардағы үйлер аршылып алынды.
Соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үйлердің ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың тұрғын үйімен ұқсастық фактісі де өзіне назар аудартады.
Қазақтардың тұрмысын зерттеу қыстауларда шикі кірпіштен жасалған қабырға-қалқа арқылы 2-3 бөлмеге: тұрғын жайға, ас үйге және қоймаға бөлінген біртұтас тұрғын үй болғанын көрсетті. Әдетте, биіктігі 1,5 метрге дейін жететін қалқалар бөлменің төбесіне дейін жетпеген. Олардың ерекшелігі мынада: олар үйдің ішін жылытқан, өйткені қабырғаның қуысына орнатылған саз балшық пеш – «қазандыққа» текшелер ішінен өтіп, түтінді сыртқа шығаратын түтіндікпен қамтамасыз ететін еді.
Сонымен бірге түтін тура шығатын әдеттегі пеш – қазандық орнатылған. Олар жартылай жертөлелерде пайдаланылған, оларда да мұржа сыртқа шағын саңылау арқылы шығарылған. Сірә, мұржалары және түтін шығаруға арналған арнаулы қуыстары бар текшелерінің болуынан соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үй дәстүрлерінің белгілерін көруге болады.
Қазақ қыстауларындағы «қоржын үй» үлгісіндегі ұзынша үйлердің жоспарлануы соңғы орта ғасырлардағы «линиялық» немесе «анфилтық» деп аталатын тұрғын үйлердің жоспарлануына жақындайды. Қазақтардың қысқы тұрғын үйлерінің бұрыштарында дән қоймалары мен қамбалар, шаруашылық ұралар жасалған. Қабырғаларында ыдыс-аяққа, ұсақ-түйек құрал-саймандар мен шырағдандар қоюға арналған ойықтар ғана болған.
Біршама жақын уақытта анықтаудың сәті түскендей, соңғы орта ғасырлардағы тұрғын үй Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен қыстақтарында, нақ ортағасырлық қала мәдениеті болған аймақта қазіргі заманға дейін өзгеріссіз дерлік сақталған. Мұндай тұрғын үйлер анықталған елді-мекендердің тізімін келтірудің өзі жеткілікті, олар – Түркістан, Қарнақ, Икан, Созақ, Шымкент, Сайрам, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт.
Соңғы орта ғасырлар кезеңінде әрбір елді мекендегі және жалпы аймақтағы қала халқының санын анықтау кезінде ХVІ ғасырдың аяғы – ХVІІ ғасырдың 80-жылдарындағы Отырар үшін жасалған демографиялық есептеулер негізгі рөл атқарды.
Отырар тұрғындарының санын анықтауда неғұрлым ерте уақыттағы қала халқының санын анықтау үшін қолданылатын әдіс таңдап алынды. Сан жағынан алғанда оның реті мынандай: махалладағы үй иелерінің санын және махалла тұрғындарының санын анықтау; қаладағы мақалалар санын және бүкіл қала тұрғындарының санын анықтау. Отырардағы тұрғын үй махалласының көлемі 1200-1300 шаршы метр (орташа – 1500 шаршы метр) болады. Қаланың аумағы ХVІ-ХVІІ ғасырларда 20 гектарға немесе 200 000 шаршы метрге тең. Ғылымда жалпы қабылданған коэффицентке сәйкес, оның төрттен бір бөлігін жалпы жұрт пайдаланатын үйлер, алаңдар, үлкен көшелер алып жатқан. Сөйтіп адам қоныстануға болатын қалған 150 000 шаршы метр алаңға 100 тұрғынды махалла орналасқан.
Әрбір махаллада жеке отбасына жататын 6-дан 12-ге дейін үй иеліктері болып, оның құрамы, жалпы қабылданған пікір бойынша, 5-7 адамнан тұрады. Көп секциялы үйлерге келетін болсақ, оларда жекелеген отбасылардың секциялары айқын көрінеді және, олай болса, секцияларға қарағанда олардағы адамдар саны 2-3 есе көбірек болады. Махаллада орта есеппен 45-тен 63-ке дейін адам тұрған, ал қаладағы барлық тұрғындар саны 4500-6300 адам немесе орта есеппен 5500 адам болған.
Сығанақ (20 га) пен Созақта (22 га) тұрғындар саны осындай болған деп айтуға болады. Көлемі 35 га болатын Түркістанда 170 махалла болып, оларда 9180 адам тұрған. Көлемі жағынан Сауран отырардан екі есе үлкен, демек онда 11 000 адам болуға тиіс. 28 гектар жерді алып жатқан Сайрам тұрғындарының саны 7560 адам болған, ал уәлаяттардың орталықтарында небәрі 44 000 халықтан сәл ғана астам адам мекендеген.
Қарасаманда (6 га), Иқанда (6,7 га), Қарнақта (4,5 га), Қараошақта (5 га), Сүткентте (6 га), Аркөкте (7 га), Қотанда (7 га), Үзкентте (9 га), Аққорғанда (8 га) 1500-ден 2000-ға дейін тұрғындар тұрып, махаллалар саны 20-дан 40-қа дейін жеткен.
Жақанкентте, Суриде, Жүнкентте, Құжанда, Қарақұмда және Раң сияқты баламасы табылмаған, көлемі 1 гектардан 2 гектарға дейін жететін қалашықтарда 800-ден 1000-ға дейін адам тұрған.
Сонымен, ХVІ-ХVІІ ғасырдың алғашқы үш ширегі кезеңінде Қазақстандағы қала халқының саны 70 000 адамнан аспаған.
Егер Қасым хан тұсындағы (ХVІ ғасыр бас кезі) халықтың санын 1 миллион адам деп есептесек, онда кейінгі ортағасырлық қалалық тұрғындардың саны 7 пайыз болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет