Қазақстан археологиясы


Ортағасырлық көшпенділер шаруашылығы



бет100/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   96   97   98   99   100   101   102   103   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Ортағасырлық көшпенділер шаруашылығы

Ежелгі түркі (түрік), түргеш, оғыз, қарлұқ және кимек (қимақ), қыпшақ, қазақтардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Көшпелілер маусымдық жайылымдардың бірінен соң біріне ауысып, ұзақ уақыт көшіп жүрді. Өзендердің белгілі өткелдерінен, қолайлы тау асуларынан өтіп, суы мол, шөбі қалың жайлауларға жететін ғасырлар бойы қалыптасқан көші-қон жолдары болды. Жайылымдарды дұрыс пайдалану үшін жылдың қай кезінде қай жерде шөптің қалың болатынын білу керек еді. Бұрыннан келе жатқан көшу жолдарының бағыты бір үлкен экономикалық немесе саяси жағдайлар болғанда ғана өзгерді.


Қимақтардың (кимектердің) кейбір топтары қыста Жайық пен Жемнің арасын қыстап, жазда Ертіс жағасын жайлап жүрді. Оғыздардың бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшетін болды. Әл-Бируни оғыздардың қара күзде Хорезм шекараларына таяу көшіп келетінін жазады және олардың енді бір топтарының кимектер елінде Манқұр көліне таяу жерде (Ұлытау баурайы) көшіп жүретінін айтады.
Оғыздарда ұлан-байтақ даламен алыс жерлерге қоныс аударып жүретін көшпелілерге тән кішкене жолым үйлер қондырылған арбалар болған.
Орта ғасыр авторлары түргеш, кимек, оғыздар мен қарлұқтар жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсіргенін айтады.
Олардың шаруашылығында қой өсіру аса маңызды рөл атқарды. Дереккөздерінің бірінде «Өсімдік майының орнына мал майын пайдаланды, тоң майды шам етіп жағады» деп көрсетілген. Оғыздар елінен Хорасан мен Мауераннахрға жеткізілетін қой еті ол кезде ең жақсы ет саналды. Ибн әл-Факих түрік қойлары «өте ірі келеді, батпандай құйрықтары жер сызады» деп жазады. Сірә, қаракөл қойлары да өсірілген болса керек. Мысалы, Ибн Хаукәл Түркістанда әдемі елтірілер алынатын қойлар бар деп жазады. Әсіресе қара, қызыл және қоңыр-қызыл қозылардың елтірісі ерекше бағаланған.
Көшпелі шаруашылықта жылқы өсірудің ерекше маңызы болды. Жылқының жүрдектігі, төзімділігі арқасында ғана алыста жатқан жайылымдар игеріліп отырды. Жылқы соғысқа, аң аулауға пайдаланылды. әл-Жахиздің сөзімен айтқанда, «түрік жерден гөрі ат үстінде көп отырады». Ибн Фадлан мен Гардизи X ғасырда оғыздар мен кимектердің жер кайыстырған калың жылқы өсіргенін жазады. Түрік жылқысы жергілікті табиғат жағдайына және жыл бойы аяғынан жайылуға жақсы бейімделген, етті де, сүтті де болды. Көшпелі түрік тайпалары сиыр еті мен қой етінен жылқы етін артық көрді, ал биенің сүтінен қымыз ашытты.
Жылқының екі түрі – аласа, басы үлкен, мойны қыска әрі жуан келетін түрі және басы кішірек, тірсегі жіңішке салт мінілетін тұрықты тұқымы өсірілді. Тамим ибн Бахр кимектер патшасы мен оның әскері аттарының «тұяқтары жұқа келеді» дегенде, сірә, бәйге аттарын айтқан болуы керек.
Көшпелі оғыздар мен қарлұқтар түйе де өсірген; оларға қарағанда кимектерде түйе азырақ болған. Деректемелерге қарағанда, оғыздар айыр өркешті ірі түйе есірген. Осындай түйелерге мініп саяхат жасаған Ибн Фадлан оларды түрік түйесі деп атайды.
Кейбір деректемелерде қарлұқтардың, оғыздар мен кимектердің сиыр өсіргендігі айтылады. Сірә, ірі қараны негізінен алғанда жартылай отырықшы елдер ұстаған болса керек, әйтсе де көшпелілер өгізді жегуге пайдаланған.
Ет пен сүт тамақ болған, ал жүннен киіз басылып, киім, кілем тоқылған және басқа бұйымдар жасалған. Мал өнімдері ішкі қажеттерді қанағаттандыру үшін ғана емес, сонымен қатар көршілес егін салатын аудандарға сату үшін де өндірілген.
Түргеш, оғыз, қимақ және қарлұқтардың күнкөріс кәсіптерінің бірі аң аулау болды. IX ғасырда әл-Йакуби көшпелі түріктер «көбіне жабайы аң-құстың етін жейді» деп жазды. Жахиз түріктердің аң аулау тәсілдерін қызғылықты етіп суреттейді. Оның сөзіне қарағанда, олар аң аулағанды жақсы көреді, тіпті шапқыншылықта жүрген кезінде де аң аулайды, аң аулауға салт ат мініп шығады; олар әсіресе киік пен құланды куғанда ерекше төзімді келеді.
Аңға жалғыз шығумен қатар, қаумалап та аулау ұйымдастырылған; олар аң аулағанда шаруашылық мақсатымен қатар, өзінше бір үлгідегі маневр, әскери жаттығу ретінде әскери маңызын да көздеген.
Қимақтар (кимектер), оғыздар мен қарлұқтардың арасында терісі қымбат түлкі, сусар, құндыз сияқты андарды аулаушылар да болды. Қимақтар сонымен қатар бұлғын, ақтышқан және жыртқыш ірі аңдар: жолбарыс, барыс аулаған. Ертіс бойында ықшам киінген, ат үстінен сүңгімен жолбарысты түйрегелі жатқан кимек аңшысының суреті салынған қола тоға табылған. Аң терісі бұл тайпалардың басқа елдерге шығарып сататын дүниелерінің бірі де болғандығы анық.
Оғыздардың, кимектер мен қарлұқтардың кейбір топтары, көбінесе кедейлері Сырдариядан, Ертістен және басқа өзендерден балық аулаумен айналысқан. «Диуани лұғат-ит-түркте» және араб-қыпшақ сөздіктерінде балық аулайтын еңбек құралдарының қимақ-қыпшақ терминдері: арғақ – қармақ, ағ – ау, ұжан (ұлық) – кішкене қайық, кеме (қараб) – үлкен қайық деген сөздер келтірілген. Нарративтік деректемелердің мәліметтерін Ертіс бойынан табылған археологиялық материалдар растайды. VIII-IX ғасырлардағы қорымдардан балықтардың мүсіндік бейнелері табылған.
Түргеш, қарлұқ, оғыз, қимақтар арасында жартылай отырықшы және отырықшы халық шоғырлана қоныстанған топтар болған. Түрік тайпаларын сипаттай келіп әл-Идриси: «Адамдары көшпелі... Алайда олар жер өңдейді, тұкым сеуіп, егін жинайды» деп жазады. Жоғарыда айтылғандай, IX-X ғасырларда кедейленген қауым мүшелерінің бірқатары егіншілікке көшті, сөйтіп әсіресе сауда айырбасының ұлғаюы нәтижесінде көшпелілердің отырықшы егіншілік өңірдегі халықтармен экономикалық байланыстары күшейді.
«Худуд әл-алам» авторының мәліметтері бойынша, қарлұқтар тұрған аймақ түріктердің қарауындағы халық неғұрлым жиі қоныстанған және ең бай жерлер болды, оларда қалалар мен отырықшы мекендер көп болған.
Деректемелер оғыздардың арасында отырықшы егіншілер мен қала халықтарының едәуір көп болғандығын көрсетеді. «Оғыздарда қала көп, - деп жазады әл-Идриси, - олар солтүстікке және шығысқа қарай бірінен кейін бірі созылып жатады». Әбу Дулаф оғыздардың орда қаласында тастан, ағаштан және қамыстан салған үйлер болды деп көрсетеді. Масудидің жазуынша, Арал өңіріндегі оғыздар көшпелі және отырықшы болып екіге бөлінеді, Сырдарияның төменгі ағысындағы Жанкент, Жент, Жуара қалалары оғыздардың қалалары болған. «Худуд әл-аламға» және Бируни мен Махмұд Қашғаридың жазғандарына қарағанда, Сырдарияның орта ағысында да оғыздардың отырықшы мекендері болған, олар: Қарнак, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран; олардың негізгі тұрғындары ятұқтар (жатақтар) болған еді. Махмұд Қашғаридың анықтамасы бойынша, «бұл қалаларда тұратын оғыздар басқа жерлерге көшпейді, соғыспайды, ятұқ деп, яғни елеусіз қалғандар, жалқаулар деп аталады».
Сырдарияның орта және төменгі ағысында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде ертедегі ортағасырлық көптеген қоныстардың жұрттары табылады, бұлар ескі, суарма арналары бар жер алқаптарына өзінше бір үлгіде орамалай салынған орталықтары бар қоныстар еді.
Қимақтарда отырықшы қоныстар болғанын көптеген араб-парсы авторлары көрсеткен. Әскері бар қимақ қағанын көрген Тамим ибн Бахр оның ордасының қасында қоныстар мен егін салынған жерлер барын да айтады. «Худуд әл-аламның» қимақтар туралы бөлімінде «қимақтар елі және олардың қалалары туралы пайымдау» деген сөздерден басталады, мұнан кейін қағанның жазғы ордасы Имекия (басқа деректерде Кимекия) және Жұбын қонысы айтылады.
Кимектердің қалалық тұрмысы туралы әл-Идриси шығармаларынан мейлінше толымды мәліметтер алуға болады. Кимек ханзадасы Жанақ ибн Хақан әл-Кимекидің кітабына сүйене отырып, ол кимектердің көлдер мен өзендердің жағаларына, таулы аудандарға және пайдалы кендер шығатын жерлерге салынған 16 қаласы туралы айтады. Олардың көбі сауда жолдарының бойында тұрған. Кимек қалалары жақсы бекінген. Деректемелерде таулардың арасындағы, айналасында суға толы жыралары бар қамал-қал-алар айтылады. Орталық Қазақстанда қабырғасы шикі кірпіштен салынған, іш жағы шыммен, буылған қамыспен өрілген қала жұрттары табылды; мұнда көптеген қоныстардың, суарма арналардың ертедегі қалдықтары ашылды.
Қарлұқтардың, оғыздар мен кимектердің жартылай отырықшы және отырықшы топтары егіншілікпен айналысты, көбінесе тары екті. Әбу Дулаф қарлұқтар мен кимектер азық үшін бадана, бұршақ және арпа егеді дейді. Әл-Идриси кимектерде бидай мен арпа егілетін, жері құнарлы аудандар барын, олардың еңбек көп жұмсалатын күріш сияқты егіншілік дақылын өсіретінін айтады, ал күрішті суармалы жерлерде ғана өсіруге болатындығы белгілі.
Бұл дақылдарды өсірудің дәстүрлі болғанын оғыз, кимек-қыпшақ тайпаларының оларды атау үшін қолданып, түсіндірме сөздіктерде сақталып қалған терминдері де көрсетеді. Бұлардың бәрі де түрік тілінің сөздері: екін – егін, бұғдай – бидай, тару (тарығ) – тары, арпа – арпа, тутарған – күріш, мержамақ – жасмық.
Түргеш, қарлұқ, оғыздар мен кимектердің егіншілік шаруашылығы натуралдық шаруашылық болды және өздері тұтынатын қажеттерді әрең қанағаттандырып отырды. Олардың өздерінің егіншіліктен өндірген өнімдерін сатқаны немесе айырбастағаны туралы мәліметтер жоқ. Керісінше, деректемелерде дәнді дақылдарды және астықты отырықшы және жартылай отырықшы топтардың орталықтарына, мәселен, оғыз жабғуының ордасы – Жанкент (Янгикент) қаласына тасығаны туралы айтылады.
Сөйтіп, кимектерде, оғыздар мен қарлұқтарда көшпелі немесе жартылай көшпелі мал шаруашылығының басым болуымен, жартылай отырықшы мал шаруашылығы немесе аң аулау кәсібі мен балық аулау қатар жүрген егін шаруашылығының болуымен байланысты әр түрлі бірнеше шаруашылық-мәдени үлгілер болды.
Қарлұқтардың, оғыздар мен кимектердің қалалары Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті түрік халықтарының шаруашылық-мәдени дәстүрлерінің қосылуы негізінде саяси және экономикалық орталықтар ретінде қалыптасып, өсті.
Түргештерде, оғыздарда, кимектер мен қарлұқтарда үй кәсіптері мен қолөнерінің ең дамыған түрі мал өнімдері мен шикізаттарын өндеу және қайта өндеу болды. Малдың терісінен әр түрлі аяқ киім, ыдыс, садақтың қаптамасы, қорамсақ, ер-тұрман әбзелдері, торсық-мес секілді заттар жасалды, киіз үйге жабылды, одан киім де тігілді. Әл-Йакуби «түріктер — киіз басуға өте шебер халық, ейткені өздерінің киімдерін сол киізден тігеді» деп атап өткен. Киім, сондай-ақ жабайы жануарлар мен андардың терісінен де тігілді.
Қауымның қатардағы мүшелері әдетте өздерінің әр түрлі қаруларын, шаруашылыққа, тұрмысқа керекті бұйымдарын өздері жасады. Бұл жөнінде әл-Жахиздің мына бір сөздері назар аудартады: «Түрік қолөнердің барлық үрдістерін өзі істейді, жолдастарынан көмек сұрамайды және басқаның ақылын керек етпейді: олар (түріктер) қару, жебе, ер-тұрман, қорамсак, найза жасайды».
Тұрмыста ағаш бұйымдар: ер, ыдыс-аяқ, қайық, киіз үйдің ағаш сүйегі көп колданылды.
Түргеш, қарлұқ, оғыздар мен кимектер қарауындағы қоныстарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Бұған қоса олар мекендейтін аумақта темір, күміс, алтын, мыс және асыл тастар өндірілді. «Ондағы шеберлер, — деп жазды әл-Идриси оғыздар мен кимектер туралы, – темірден ғажайып әдемі бұйымдар жасайды». Алтын мен күмістен сән-салтанат және әсемдік заттары дайындалды. Әл-Идрисидің мәліметтеріне қарағанда, кимектердің патшасы алтындап тігілген киім мен алтын тәж киген. Ол кимектердегі алтын балқыту технологиясын былай суреттеген: «Әдет (кимектердің) бойынша, алтынды жинап, суға шаяды, оны тазартып, сұрыптап алғаннан кейін алтын түйіршіктерін сынаппен араластырып, қоспаны сиырдың қиымен балқытады. Сөйтіп осындай жолмен едәуір мөлшерде алтын жинап алады».
Түргештерде, қарлұқтарда, оғыздар мен кимектерде қолөнер өндірісінің болғанын археологиялық материалдар растайды. Олардың қоныстары мен обалы зираттарын қазған кезде темір бұйымдар, алтыннан, күміс пен қоладан жасалған сәндік заттар, киіздің, терінің, ағаш ыдыстардың қалдықтары, қару және әр түрлі қыш керамика табылды. Бұл бұйымдардың көпшілігі жергілікті жерде өндірілгені анық екенін атап көрсеткен жөн.
XІІІ-XV ғасырларда Қазақстан халқының негізгі тіршілігі өткен ғасырлардағыдай көшпелі мал шаруашылығы болып қала береді. Көшпелілер қой мен жылқы, түйе өсірген, жекелеген аудандарда ірі қара мал шаруашылығы дамыды. Сол аймақтардың халқы суармалы және тәлімі егіншілікпен де айналысады, балық аулап, аңшылық құрады. Көші-қон кезінде, әскери жорықтарда ат таптырмайтын көлікке айналды. Қой шаруашылығы барлық жерге таралды. Негізгі ас-етке қоса қой былғары, тері береді, оның жүні киім-кешек, төсек заттарын, кілемдер мен киіз бұйымдарын әзірлеуге, үй жылытуға қолданылады, Малдың шикізаттарын өндеу жөніндегі үй ішінің кәсібі көшпелілердің киім мен тұрмыс заттарына сұранымын қанағаттандырып отырады. Кейбір жекелеген ісмерлер аса күрделі бұйымдарды – аттың ер-тұрманын, метал әшекейлерін, қару-жарақ (семсер, сүңгі, садақ, оқ), арба, үй сүйектері, т. б. келістіріп жасаған.
Мал өсіру шаруашылығы эволюциясының барысында, оның іріктеліп-сұрыпталып шыққан: көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы сияқты Қазақстан жерінде қадым замандардан бері өмір сүріп келе жатқан үш түрі экологиялық жағдайларға байланысты, саяси оқиғаларға, тайпалар мен халықтардың қоныс аударуы секілді жәйттерге байланысты да өзгеріп отырған. Осыған сәйкес, көші-кон жолдары да өзгеріп отырған еді. Сол дәстүр бойынша, Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының көшпелі рулары мен тайпалары Шығыс Дешті-Қыпшақтың жеке аудандары өріс-қонысынан қыстау үшін Сырдария мен онын салалары алқабына, Қаратау баурайы мен Арал өңіріне көшіп барған. Ноғай мал өсірушілерінің Еділ құярлығы мен Каспийдің солтүстік-батыс жағалауы маңындағы қысқы мекендерінен Еділ, Жайық, Ембі бойларымен жоғары жүретін жазғы жайлауларының дәстүрлі көшу жолы саяси хал-ахуалға лайықталып, шығыста – Арал өңірі мен Сырдарияның төменгі жағына қарай, батыста – Құм ойпатына, сол сияқты Каспийді жағалап оңтүстікке қарай өзгертіліп отырған. Жетісуда көші-қон жолдары қысқарақ болған. Деректер белгілі жайылымдар ішінен Іле өзені бойындағы Үлкен жұлдыз және Кіші жұлдыз, Шарын мен Шелек арасындағы Әбіш жазығының жайлауларын, т.б. атап өтеді.
XIV-XV ғасырларда Оңтүстік-Шығыс Қазақстан халқының шаруашылығында түбірлі өзгерістер орын алды. Моңғол хандары мен феодалдарының ұзақ уақыт өктемдік жүргізуі XIV ғасырдың соңғы кезінде Жетісудағы отырықшы-егіншілік және қала мәдениетін жойып жібереді. Көшпелі мал шаруашылығы барлық жерде де басты кәсіпке айналады. Егіншілік кәсібінің айқын іздері XIV-XV ғасырларда Батыс Жетісудың Шу мен Талас алқаптарында сақталып қалды. Жазба деректерде XV ғасырда жаңа мекендер, керуен-сарайлар мен бекіністер салынғаны жөнінде айтылады. Отырықшы-егінші аудандар мен қалалар үшін соғыстар болып тұрды.
XIV-XV ғасырлар Оңтүстік Қазақстан жерінде қала мен егінді алқаптар тіршілігі өрге басады. Деректер Ақ Орда хандары Отырар мен Сауранда, Сығанақ пен Жентте құрылыс жұмыстарын күшейтіп, тұрғын үйлер, мешіттер мен қоғамдық ғимараттар салдырғанын хабарлайды. Бұрын моңғол билеушілері тиым салған құрылыстар жанданып, қамал-дуалдар мен бекіністер қалпына келтіріледі. XIV-XV ғасырларда салынған іргелі ғимараттардың ең көрнектісі Ясы (Түркістан) қаласында Әмір Темір тұрғызған Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі (құрылысы 1407 жылы аяқталған) болып табылады.
Сығанақ, Ясы, Сауран, Сайрам және басқа да егін өсіретін өңірлерде өмір қалпына келіп, өркендей бастайды. Суармалы жерлерде бидай, арпа сияқты дәнді дақылдар өсіріледі. Сол сияқты бау-бақшалар, жүзімдіктер көбейеді. Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу тұрғындарының шаруашылық байланыстарында егіншілер мен қала қолөнершілерінің өнімдері мен бұйымдары алыс-беріс дәнекеріне айналады.
Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісудың далалық аудандары малшыларының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның егінші жөне қалалық халқымен өзара сауда-саттық, алыс-беріс жасасуы, оңтүстікте қалалық және егіншілік тірлігінің, далада мал өсіру шаруашылығының өсуіне игі әсерін тигізеді. Отырықшы-егінші қауым мен көшпелі дала ұласатын жерде, басты-басты сауда жолдары тоғысатын торапта тұрған Оңтүстік Қазақстан аймағының осы бір ұтымды жағдайы оны көршілес халықтармен шаруашылық-мәдени, экономикалық қарым-қатынас жасаудың орталығына айналдырады. Көшпелілер мен егіншілер өзара бір-бірімен материалдық мәдениет, тұрмыс, шаруашылық тәжірибе машықтарын, әлеуметтік норма мен мемлекет ұйымдары түрлерін, әскери өнер элементтерін алып отыруға, мәдени жетістіктердің алмасып тұруына себепші болады. Дала ақсүйектері арасында ислам мәдениетін, жазу-сызуы мен кітап білімін тарату ісі де осынау қалалар арқылы жүзеге асырылды.
XV-XVII ғасырларда қазақтарда көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталды. Малдың негізгі түлігі қой, жылқы, түйе болды, ірі қара мал аз мөлшерде, негізінен алғанда отырықшылықты жерлерде өсірілді.
Қазақ хандығында, Қазақстан аумағындағы бұрынғы мемлекеттердегідей маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отыру сақталды. Ондаған, ал көптеген жағдайда жүзден астам ауылдардан құралуы ықтимал әрбір ру белгілі бір географиялық жер көлемі шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Қоныс орнын таңдау, әрине, тек дәстүр мен шаруашылықтық мұқтаждықтарға ғана емес, сонымен бірге хандықтағы саяси жағдайға да тәуелді болды.
Мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтардың тұрағы киіз үй, сондай-ақ шаруашылық құралдары көшіп-қону және мал өнімдерін өңдеу үшін жақсы лайықталған-ды. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ отбасының өмірін көп жағынан қамтамасыз етіп тұрды. Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім-кешек пен аяқ киім материалдарын, үй жабдықтары мен жасауларын, көшіп-қонуға қажетті тасымал құралдарын берді. Әскери жорықтар мен шайқастарда жылқының орнын еш нәрсемен алмастыруға болмайтын. Көшпелі малшылар үй кәсібімен, негізінен алғанда мал шаруашылығы шикізаттарын өңдеумен айналысты. Қой жүнінен киіз басты, кілемдер тоқыды, киім тікті, мал терісінен аяқ киімдер, ыдыстар, ат әбзелдерін, т. б. әзірледі. Қазақтардың шаруашылығы негізінен қолмен атқарылатын таза табиғи күйінде қалғанымен, олардың қолында қала тұрғындары, егіншілер өндіретін тауарларға, азық-түлікке айырбастай алатын басы артық өнімдері қалып отырды. Түркістан қалаларының базарларына көшпелі малшылар мал айдап апаратын, тері, жүн, олардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ қару-жарақтар, ағаштан, негізінен қайыңнан жасалатын бұйымдар, соның ішінде арбалар, тесектер мен ыдыстар жеткізетін; аң терілерін, тон-ішіктер, тымақ-бөріктер сататын. Малшылар бұл өнімдеріне айырбасқа Түркістан аймағы қалаларына әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, балшықтан күйдіріліп және темірден соғылып жасалатын бұйымдар, мата мен теріден тігілген дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдерінің бөлшектерін, сондай-ақ әр түрлі үй аспаптарын, қарулар, қымбат металдардан жасалатын әшекей заттар, айналар және көптеген басқа дүниелер алатын.
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі қазақтар отырықшылықты және жартылай отырықшылықты егіншілік пен қала мәдениетін жақсы білді. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшылықты егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажыратылмайтын белгісі болды.
Көшпелі қазақтардың отырықшылануы мемлекеттің қандай да бір басқа жерлерінен гөрі Сырдария бойы алқаптары мен Жетісудың батыс бөлігі аймақтарында неғұрлым шапшаң жүрді.
XV-XVII ғасырларда қазақ халқының өзіндік ерекше мәдениеті өркен жайды. Қазақтардың үйлер салу, оның жасауы мен салт-дәстүрлері, көркемөнерлік кәсібі және халық ауыз әдебиеті мен шығармашылығы түріндегі мәдениеті өмірге сіңіп, орнықты. Оларда Қазақстан жерінде мекендеген бұрынғы тайпалар мен халықтардың мәдениет байлықтары табиғи түрде түсіністікпен қабылданылды. Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық кешендері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау ауданындағы кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылығымен әрі айқындылығымен ерекшеленеді.
Үй кәсібі мен қолданбалы өнер бұйымдары – ат әбзелдерінің, киіз үй жабдықтарының нәзік оюланған заттары, шебер істелген үй жасау бұйымдары, үй-іші тұрмысында ұсталатын заттар (кілемдер, киіздер, кестелер, ши тоқымалары, ыдыс-аяқтар), әйелдердің сәнді киімдері мен әшекейлері – міне, осылардың барлығы халықтың өзіндік материалдық мәдениетінің жоғары болғандығын дәлелдейді.
Қазақстанға әрдайым малшылар мен егіншілердің, дала мен қаланың байланысы тән болды.
Бұл байланыстар сан алуан еді: саяси, экономикалық, мәдени, этникалық.
Ежелгі түркі мемлекеттері кезіндегі Қараханидтер дәуірінде, кейіннен Ақ Орда, Моғолстан, Қазақ хандығы дәуірлерінде көшетін аумақтар шектеледі, көші-қон бағыттары тұрақтанады, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар анықталынады, егіншілік дамып, жекелеген ру бөлімдері отырықшылыққа көшеді. Мемлекеттік бюрократиялық аппарат қалыптаса бастайды, ортақ тіл мен жазу қалыптасады, сауда және дипломатиялық байланыстар дамиды. Осы кездері қалалардың әкімшілік ставка, сондай-ақ қолөнер, сауда, мәдениет орталықтары ретінде қалыптасуы жүріп жатты.
Өзара байланыстардың мәдени аспектісі қабылдау, еліктеу, интеграция секілді құбылыстардан тұрады. Мәселен, отырықшы халық көшпелілерден қару-жарақ, әшекейлер, бағалы металдан жасалынған ыдыстарды қабылдап алды. Алайда отырықшы тұрғындар бұйымдарды тұтастай көшіріп алған жоқ, оған өзіне тән жайттарды қосып, дамытып отырды.
Ортағасырлық қоғамдағы әскери аристократия арасындағы бағалы заттарды «өткізіп», көшпелілер осы затқа деген сұранысын тек қала қолөнері арқылы ғана қамтамасыз ете алатын еді. Сөйтіп, көшпелінің, мал өсірушінің сұранысы қаладағы қолөнердің дамуына серпін беріп отырды, ал ежелгі түркі қағандары мен қазақ хандары қалалардың салынуына мүдделі болды. Осы кездері отырықшылыққа көшкен көшпелілер қалалықтардан үй салу құрылысын үйренді, ал түркі ақсүйектері сарай кешендері мен олардың әсем бөліктерін тұрғызу үшін отырықшы халық ісмерлерін шақырды.
Заттай мәдениет саласындағы өзара қарым-қатынасты айтқан кезде, этникалық процестерге тоқталып кеткен де жөн. Этникалық жоспардағы өзара байланыстар миграцияның екі түрімен сипатталынады. Біріншісі, тұрғындардың үлкен тобының қоныс аударуы, оған «Халықтардың ұлы қоныс аударуы», соғды отарлауы, түркілердің, моңғолдардың шапқыншылығы секілді үрдістер жатады; екіншісі, микромиграциялар, яғни халықтың шағын топтарының қоныс аударуы, бұл үрдіске дін өкілдері, саудагерлер, т.б. қатысады.
Мұндай қоныс аударулар кезінде біріктіруші сипатта өткен интенсивті этногенетикалық процестер байқалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   96   97   98   99   100   101   102   103   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет