Қазақстан археологиясы



бет96/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   92   93   94   95   96   97   98   99   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Қыпшақтардың археологиялық ескерткіштері. Қимақ-қыпшақ бірлестігіне кіргенге дейінгі және сол мемлекет құрамында болған кездегі қыпшақтардың ескерткіштері нақты анықталына қойған жоқ. Дегенмен Шығыс Қазақстан, Солтүстік және Батыс Алтай мен Батыс Сібірмен шектесіп жатқан өңірлердегі осы уақытқа жататын көптеген ескерткіштер арасында қыпшақтардың да қабірлері бар екендігі айдан анық; алайда нақты дифференциялайтын белгілердің болмауы қыпшақ мәдени кешенін бөліп көрсетуге шынайы мүмкіндік бермей отыр.
Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі қыпшақтардың археологиялық ескерткіштерін бөліп көрсетудің бір жолы шығысеуропалық көшпенділер мәдениетінен, яғни қыпшақ-половцы нысандарынан ұқсастықтарды іздестіру болып табылады. Алайда шығысеуропалық көшпенділер ескерткіштерімен ұқсастық, жекелеген сросткин (қыпшақ?) мәдениеті белгілерінің болуына қарамастан, тек оның этнодифференциялдық белгілерін жалпылама түрде ғана сипаттайды. Бұл сросткин мәдениетімен өте жақын кейбір Оңтүстік Орал маңындағы ескерткіштер кешеніне де қатысты.
Бір айта кететін жайт, қыпшақтар қимақ-қыпшақ этноәлеуметтік бірлестігінің құрамында болған кезде, жазба деректемелерге қарағанда біртұтас этносты құрамаған, олар тоғыз тайпадан тұрған. Сондықтан да олардың арасында түрлі мәдени дәстүрлердің болғандығын, яғни әркелкі жерлеу ғұрпы мен сан алуан заттық кешендердің таралғандығын топшылауға болады. Сондай-ақ басқа этникалық топтар арасында да қыпшақтардың өмір сүргендігі анық, бұл да өз кезегінде қыпшақтардың археологиялық мәдениетін бөліп көрсету мәселесін қиындата түседі.
Қыпшақтардың қорымдары мен жекелеген молалары Жетісу мен Орталық Қазақстаннан табылып, зерттелген.
Осындай қабірлердің бірі Тараз қаласы маңынан табылған. Диаметрі 9 м, биіктігі 0,4 м үйінді астынан ұзындығы 2,5 м, ені 1,15 м қабір шұңқыры аршылған. Шұңқыр ұзын жағымен солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Басы солтүстік-батысқа бағытталған шалқасынан жатқан мүрде ағаш табытқа қойылған. Табыт шіріп кеткен. Бас сүйегінің жанынан күміс алқа табылған, иық тұсында күміс ыдыс тұрған. Осы жерден мата қалдықтары, қола және алтын тіліктер (пластиналар) табылған. Қола тілікке гүл суреті салынған. Мата кесігі мен тіліктер бас киімнің қалдығы сияқты. Белдіктен ортасында фантастикалық жануар бедерленген сегіз жапырақшалы сауыт түріндегі екі ірі қапсырмалар сақталған. Оған осы жерден табылған темір айылбас та жатады.
Мүрденің оң жағында ағаш қабығынан жасалған және беткі жағы сүйек жапсырмалармен әшекейленген қорамсақ жатқан. Қорамсақтан сапты жалпақ және ұзынша-ромб тәріздес тұрпаттағы жебе ұштары шыққан. Мүрденің сол жағында айқыштамасы тік темір қылыш жатқан. Ағаш қынынан шірік кесектері мен бұғының бір түрі бейнеленген күміс пластина ғана сақталған. Сол жақ аяғының қасынан сабы сүйек бір жүзді темір пышақ алынған. Аяғының сүйектерінде сирақ тұсы қола жіппен тігілген өкшесіз тері етік қалдығы сақталған.
Мүрденің аяқ жағында ат әбзелдерінің (темір үзеңгі, сақиналы сулық, тікбұрышты айылбастар, т.б.) қалдықтары тұрған. Моладан алынған сиыр сүйегі ақіреттік ас қалдығы болып табылады, ал үйіндіден қыш көзе алынған. Қабірден алынған екі монета ХІІІ ғасыр соңы мен ХІҮ ғасырда соғылған, бұлар қабір мерзімін нақты дәлелдейді, зерттеушілер пікірінше молаға қоғамда жоғары дәреже иемденген қыпшақ-жауынгері жерленген.
Орталық Қазақстаннан ХІV ғасырға жататын екі қабір табылған. Оның бірі Нұра өзені аңғарынан, Қарағанды қаласынан батысқа қарай 46 км жердегі Жартас қорымынан зерттелген. Обаның диаметрі 12 м, биіктігі 1 м. Тікбұрышты келген қабір шұңқыры ұзын жағы бойынша батыстан шығысқа қарай бағытталған. Оның көлемі 2х1,5 м. Шалқасынан жатқызылған мүрде 1,8 м тереңдікке қойылған. Қабірдің үсті ағаш қабықтарымен жабылған. Шіріген қайың астынан ромб секілді өрнектері бар алтын сары түстес жібек мата қалдықтары табылған.
Адам қаңқасының жамбас сүйегі мен сан сүйектерінің тұсынан тері (қой) шалбар мен тері етік қалдықтары алынған. Оң жағында бір жүзді ұшы тік темір пышақ жатқан. Сол жақ бүйірінде қабықтан жасалынған ұзын қорамсақ орналасқан. Қорамсақтың ұзындығы 60 см, ені 12-15 см. Қаусырына сары түсті жіп тағылған. Қорамсақ жебе ұштарына толы. Қорамсақта садақ та болған. Садақтың тек ағаш бөліктері ғана сақталған. Қабірден белбеудің темір тоғалары да шықты.
Жерленген адамның аяқ жағына ат әбзелдері (жүген-ноқта мен ер) қойылған. Олардан сақталынғандары – темір бөлігі мен ағаш қалдықтары. Сопақша темір үзеңгінің аяқ салар тұсы кең және оның белдікке арналған ілгегі бар, екі құрамалы ауыздықтардың қозғалмалы тілі бар. Моладан күміс тостаған мен үш күміс монета салынған тікбұрышты қапшық шыққан, монеталар ХІV ғасырдың алғашқы жартысында соғылған.
Дәл осындай саймандар жиынтығы Екібастұздан солтүстік-батысқа қарай орналасқан Тасмола-4 қорымындағы бір обадан алынған. Оба диаметрі 14 м, биіктігі 1,2 м. Үйінді астында, оның орталық бөлігінде солтүстіктен оңтүстікке бағытталған тікбұрышты тұрпаттағы топырақ шұңқыр орналасқан. Оның ауданы 2,4х1,1 м, тереңдігі 1,6 м. Қабір үсті түпсіз «жәшік» түріндегі құрылыспен жабылған.
Моладағы мүрденің басы солтүстікке бағытталған. Бас сүйегінің сол жағында сұрақ белгісі түріндегі күміс сырға жатқан. Сол алақаны тұсынан темір пышақ пен темір кресало алынған. Шұңқырдың сол жақ қабырғасында қабықтан дайындалған қорамсақ жатқан, одан алты темір ұшты жебелер шығып тұрған. Қорамсақтың ұзындығы 68 см, төменгі жағындағы ені 19 см, жоғарғы жағындағы ені 11 см. Сыртқы беті геометриялық өрнектері бар күміс жапсырмалармен әшекейленген. Жебе ұштары жалпақ, сапты; олардың бесеуі кесіндісі бойынша ромб пішінді, ал алтыншысы тікбұрышты келген. Қорамсақ жанынан ішкі сақиналары қозғалмалы (жылжымалы) темір жүгеннің екі бөлігі алынған. Қаңқа аяқтарының арасында табандығы кең темір үзеңгі және белбеу тесігі жатқан.
Қабірден екі монета табылған, оның бірі мүрденің аузына қойылса, екіншісі сол қолының жанына қойылған.
Алынған материалдар қыпшақ жауынгері қалай киінгендігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   92   93   94   95   96   97   98   99   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет