Қазақстан археологиясы


Ежелгі түріктердің жартас суреттері



бет102/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Ежелгі түріктердің жартас суреттері. Еуразия аумағында ежелгі түріктердің таным-түсінігінен молынан хабардар ететін петроглифтер шоғыры көптеп кездеседі. Қазақстанда бұл кезең туындыларын зерделеуге А.Г.Медоев, З.С.Самашев, т.б. мамандар мол үлес қосты.
Ежелгі және дамыған орта ғасырлар тұсындағы кеңінен таралған сюжеттердің бірі ту ұстаған салт атты сарбаз, найза ұстаған жауынгерлердің жекпе-жегі, жаяу әскер мен атты әскер арасындағы шайқас болып табылады. Бұл образ Қиыр Шығыстан Дунай далаларына дейінгі аймақтардан кездесіп отырады.
Далалы аймақтарда орналасқан жартас суреттеріндегі ежелгі түріктердің шығармашылық туындыларын бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін негізгі элемент тулар болып табылады. Көне түрік жазба дереккөздерінде тікбұрышты матадан жасалып, сырыққа тағылған туғ бірнеше рет айтылады.
Туғ, ту, байрақ атаулары қазіргі таңда барлық түрік тілді халықтардың лексикасында сақталынып қалған.
Ту сырық басына тағылған тікбұрыш түрінде бейнеленген, кейде екі-үш, тіпті одан да көп айырмен бітеді. Мұндай тулар Жетісудағы ортағасырлық петроглифтерден кездескен.
Жалаулар көлемі бойынша тудан кішірек, тұрпаты бойынша тікбұрышты, шашақ тағылған. Үш бұрыштылары сирек кездеседі. Бұлар да жетісулық ескерткіштерге тән.
Ту мен жалаудан басқа найзаның ұш жағына қарай тағылған мойшақ (қылқұйрық), яғни жылқы құйрығы да кездеседі. Мойшақ тек қана найза ағашына (сабына) тағылған.
Мойшақтардың қатарына тек ат құйрығын ғана емес, сондай-ақ найзаға бекітілген аяқ жағы үш бұрышты болып кесілген ұзынша «жалаушаларды» да жатқызуға болады. Түйе мініп, қолына найза ұстаған сарбаз бейнесі Шығыс Қазақстан, ал жаяу әсер мен салт атты шайқасы Оңтүстік-Батыс Балқаш маңындағы петроглифтер шоғырынан ұшырасқан.
Әскери құрамалардың қасиетті символдары немесе қолбасшылар шеніндегі белгілер штандарттар болды. Олардың қатарына Жетісудан табылған сырыққа тағылған екі шашақты рама фигурасын жатқызуға болады. Штандарттар бейнесінің сериясы Жетісудағы Көксу өзені бойынан, тағы бір үш тісті түріндегі екі бейнесі Шығыс Қазақстаннан табылған.
Петроглифтердан шабуыл жасайтын да, қорғанатын да әскери қару-жарақтар кездесіп отырады.
Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы мен Жоңғар Алатауынан найзаны қоян-қолтық ұрыста қолданып жатқан екі көрініс анықталған. Екі айқаста да салт аттылар жаяу әскермен шайқасуда. Үш бұрышты ұштық Жетісудағы Баян-Жүрек ғибадатханасынан (мінәжат орнынан) ғана кездескен. Сонымен қатар Таңбалыдағы ту ұстаушының жалауының ағашы үш бұрыш тұрпатты ұштықпен берілген.
Ортағасырлық Қазақстан петроглифтерінен қылыштың нақты әрі дәлме-дәл суреті атқа мінген сарбаздың қолынан анықталған.
Ортағасырлық садақтың суретін сақ-скиф дәуіріндегі садақтардан айыру өте қиын.
Никитинка ауылы маңындағы тастарға қашап салынған жаяу және атты садақшыларды түріктік деп айтуға болады. Жаяу садақшылардың шеті қайырылған «М»-тәрізді садақтары нақтырақ көрсетілген. Мұнда мынадай айқас суреттелген: штандарт ұстаған атты әскерлерімен бірге садақшылардың екі тобы салынған. Тастың сол жақ бөлігінде түйе мен ат мінген сарбаздар, теке суреті мен дәл сондай жаяу садақшы бедерленген. Тастың жоғарғы жағында жаяу садақшыларға қарағанда садақтары өзгешелеу екі салт атты бейнеленген, алайда сипаты бойынша олар Жетісудағы Тамғалыдан табылған ту ұстаған салт атты сарбаздардың садағына ұқсас.
Никитинка ауылы маңындағы шоғырдан анықталған төрт жаяу садақшылардың белбеуіне тағылған тікбұрышты заттарды қорамсақ деуге де болатын сияқты.
Дулығалардың суреті Таңбалы, Ой-Жайлау, Теректі мен Сарыбұлақтан анықталған. Жетісу мен Талас Алатауындағы салт аттылардың дулығалары сфера-конус тәрізді, кей жағдайларда оған үкі тағылған. Оңтүстік-Батыс Балқаш маңындағы Теректі аңғарынан табылған жаяу әскерлердің дулығаларындағы айрық ұштықтарды да тағылған үкі деуге келеді. Теректі аңғары мен Тамғалы қойнауындағы кейбір атты әскерлердің дулығаларына «мүйіз» салынған.
Жоғарғы Ертіс алабы мен Жетісу атты әскерлерінің киімдері туралы мәлімет жоқтың қасы. Алайда жоғарыда айтылған Теректіден анықталған жекпе-жек көрінісінде жаяу жүрген сарбаздардың ұзын «шапан» кигендігі көрсетілген. Бұл кафтандардың сауыт екендігін дулығалары, найзалары мен тік семсерлері немесе белге тағылған қылыштары да айқындайды, аталған заттар ауыр қаруланған жауынгердің толыққанды сайманы болатын.
Кейбір жағдайларда атты жауынгер егерінің астындағы тікбұрышты, сопақша тершігі, тоқымы да бейнеленеді. Көшпелілерде кеуде мен құйрыққа тағылған белбеулерге ерекше мән берілді, бұл заттар таулы аймақтарда жүруге қолайлылық туғызатын. Олар өрнектелген қапсырмалармен сәнделді.
Жүген-ноқталардың жекелеген бөліктері Жетісу, Ертістің жоғарғы ағысындағы ортағасырлық петроглифтерде бейнеленген.
Аттарды сәндеген кезде құйрық-жалын қырыққан. Мұндай суреттер Таңбалыдан, Балқаш маңынан және Ертістің жоғарғы ағысынан анықталған. Ежелгі түрік дәуіріндегі сирек кездесетін бейне – ұшып бара жатқан сұңқар – болып табылады. Оның бейнесі Таңбалыдан табылған.
Қазақ жартас суреттері туралы да қызықты мәліметтер алынған. 1989-2003 жылдары З.С.Самашев пен Ж.М.Жетібаев Каспийдің солтүстік-шығыс жағындағы қазақтардың өнер ескерткіштерін зерттеп, ХҮІІІ-ХХ ғасыр бас кезіндегі жартас және қабырға граффитилері мен жазуларын тапты және олармен тығыз байланысты жерлеу және мемориалдық құрылыстар кешенінің құрамдас бөлігі болып табылатын зооантропоморфты мүсіндер – құлпытас, қошқартасты зерделеді. А.Г.Медоев тас бетіне түскен қазақтардың көптеген суреттерін тауып, жариялады.
Үстірт пен Маңғыстаудағы қазақтардың жартас суреттері Ақмая, Айрақты тауларынан және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы Жығылған мүйісіндегі үңгірден табылды. Жартас суретінің жетекші бейнесі әскери атрибуттары бар атты жауынгер. Сондай-ақ жылқы бейнесіндегі ер-тұрман, тоқым, қоржын, жүген-ноқта бөліктері, т.б. заттар да толымды түрде бейнеленген. Қару-жарақтардың түрлері де аса ыждахаттылықпен берілген. Олардың арасында алыстан және жақыннан соғысатын қылыш, қанжар, айбалта, найза, екі шеті ұшталған ағаштар, ілгектер мен шоқпарлар, сырық, жебе ұштары, қорамсақ, қамшы, сүңгі, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы білтелі мылтықтар да жеткілікті. Үкі тағылған дулығаны киген сарбаздар аз кездеседі. Жылқышылар жекпе-жекке қатысушылар ретінде де суреттелген, шайқастар мен таутеке, арқар аулаған көріністер де көптеп кездеседі.
Сағана-там, күмбезді мазар қабырғаларына салынған гравюралар өте көп, олар құрамы бойынша да, сюжеті жөнінен де сан алуан. Әскери атрибутиканың бөлшектері мұқият түсірілген, алайда адамдар бет-бейнесіз және шартты түрде бейнеленген: денелері қарапайым сызықтармен, үш бұрыштармен берілген, оның толық фигурасын салу сирек ұшырасады, олар қазақтардың стильдік антропоморфты мүсіндеріне ұқсайды, ал аяқтары биік өкшелі, қонышының жоғарғы жағы кең етіктер арқылы берілген.
Түрлі хайуанаттардың (жылқы, түйе, таутеке, арқар, құстар, жыртқыш аңдар) суреттері аңшылық, көшіп-қону, керуендер шеру, қасқырлардың қой отарына шабуы секілді күнделікті көшпенді-малшы өмірінің қырларын сипаттайтын композицияларға біріктірілген. Қару-жарақтар мен тұрмыстық заттар (саймандар, самаурын, сақпан, кебіс, боқша, қамшы, құрық, етік, тоғызқұмалақ ойнайтын ойықтар, ыдыс-аяқтар) суреттері телімнің сыртқы және ішкі қабырғаларын, жабынын, сыртқы ернеуін (карниз), барабандары мен кесене күмбезін ешқандай сюжетсіз-ақ көмкеріп тұрады.
Қарағашты Әулие бейітіндегі мазар қабырғасына бір ат жегілген екі доңғалақты арба суреті салынған, арба қабырғасы шарбақты, оған бес кісі мінген.
Қабір үстіндегі шағын тұрпатты ескерткіштердің бірі сағанатамдарда қаруланған сарбаз бейнесі, қошқартастарда (қой бейнесінің скульптурасы) ат мінген сарбаз, садақшы, зооморфты фигуралар, таңбалар мен қару-жарақтар суреттері берілген. Соңғы аталған заттар құлпытастардағы негізгі сурет болып табылады, олар асқан жоғары шеберлікпен бедерленген.
Қазақтардың ұлттық өнеріндегі жетекші образ ежелгі түріктердегідей жылқы бейнесі болды.
Гравюраларда батырлардың аттарына ерекше көңіл бөлінді: ол сымбатты тұлғалы, қамыс құлақ, аққу мойын, кішкентай басты, жалы төгілген немесе қысқа түрде бейнеленіп, малдың өзіндік сипаттары (тұлпар, арғымақ, қазанат) жан-жақты көрсетілді. Кейбір суреттерде құйрық-жалы күзелді. Әрине бірқатар суреттерде жылқы бейнесі стильдік сызықтармен де шектелді. Дегенмен негізгі ой, басты қадір-қасиет сақталынды. Араларында адай сәйгүліктері мен қарабайырлар болған дала жылқылары оның прототипі болған еді.
Батыр шайқасып жатып та, аң аулап жүріп те бейнеленді. Ол сан алуан қарулармен қаруланды, батыр алыстан ататын қаруларды да, жақыннан шайқасатын қаруларды ұстап немесе тағынып жүрді. Кейде ол үкілі (кейде үкісіз) дулығы киді немесе төбесі үшкір бас киіммен бейнеленді.
Маңғыстау және Үстірт суреттеріне қарағанда адай сүңгілері кейде екі ұшты болды: бірі – ұзын әрі тар; басқасы – қысқа әрі жалпақ. Ағашында екі ілгегі болды. Найзаның ағашына ұшынан төменірек жүзі үшкір пышақ секілді ұзынша жалпақ металл отырғызылды.
Қылыш әшекейленген қынапта суреттелді, ол белбеулер арқылы кісе белдікке тағылды.
Қазақ суреттерінде ұста асай-мүсейлері мен музыкалық аспаптар да кездеседі. Ол қайтыс болған адамның кәсібін, дарынын да көрсетсе керек.
Суреттердің ерекше категориясына кемелер де жатады, олар ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Каспий теңізінде көптеп жүзіп жүрген болатын. Кеме суреттері көбіне ірі күмбезді кесенелер мен сағанатамдарға түсірілген және адай батырларының теңіз қарақшыларымен соғыстарын сипаттайды.
Биік төбешіктерге және көші-қон жолдарында салынған ірі кесенелер мен сағанатамдарда көптеген суреттер бейнеленген. Олар ерліктер мен түрлі іс-әрекеттерді (айқас көрінісі, аңшылық, көшіп-қону, керуендер шеруі), байлықты (жылқы үйірі мен қой отары), жеке қаруды, ат әбзелдерін, тұрмыстық-шаруашылық заттарды білдіреді. Бірқатар суреттер қайтыс болған адамның өмірде алған орнын, қоғамда атқарған қызметін де айғақтайды.
Қазақстан жер асты мешіттерінде ашық алақан көптеп кездеседі. Бұл белгілер қасында дәруіштер қалдырған мистикалық формула-өлеңдер, құранның аят-сүрелері жазылған.
Ашық алақан «ашылған әлем» деген мағына береді, ол сонымен қатар «Аллахтың хақ екендігін», оның «өзі де рас, сөзі де рас» екендігін де білдірсе керек.
Кейбір зерттеушілер ашық алақанды шиіттер арасында кеңінен таралған, олардың эмблемасына айналған, яғни христиандардағы айқыш (крест) іспеттес мағына берген деп есептейді. Бірқатар мамандар бұл алақан ту ұстаушы Аббастың (Құсайынның ағасы) қолы десе, басқалары Әлидің қолы дейді, кейде бес саусақ Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уәссәләм, Әли, Фатима, Хасан мен Құсайын сынды «бестік» шиіт символы (сонымен қатар исмаилиттердің де) деп қарастырады.
Алақанды сондай-ақ бақыт әкелетін және көз өтуден сақтайтын ерекше бойтұмар ретінде де қарастыратындар бар.
З.С.Самашевтің пікірінше, қазақтардың монументтік өнеріндегі жауынгердің бейнесін Еуразия далалы аймақтарындағы сан ғасырлар бойғы мәдени-генетикалық үрдістердің нәтижесі ретінде қарастырған жөн. Әсіресе, б.з.б. ІІ мыңжылдық екінші жартысы мен аяқ кезінде тарих сахнасының төріне әскери каста өкілдері шыққан кезеңмен тығыз байланыстыруға болады. Мұның жарқын көрінісін құрамына обалар мен қару-жарақ асынған жауынгер мүсіндері, таңба секілді белгілері бар кешендер кіретін Үстірттегі сармат ғибадатханалары; ортағасырлық антропоморфты мүсіндер (ежелгі түрік, қыпшақ, половец), Еуразия далаларындағы қарулы салт аттыларды сипаттаған гравюралар мен жазулар нақты көрсетіп береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет