Байланысты: аза стан аума ында ы тас асырыны археологиялы ескерткіштер е
51. Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс (1869) - 19 ғасырдың І-жартысында Торғай және Орал облыстарында бұқара халықты қанау жылдан-жылға күшейе түсті. Патша үкіметі қазақ жерін өлшеусіз кесіп ала бастады. 1810 ж. Елек, Қурайлы өзендерінің бойынан 700 мың десятина жер, 1830 ж. Ор өзенінен Березовкаға дейін 7,5 млн десятина жер, Ор мен Құмақ өзендері бойындағы шабындықтарды және 1865 ж. Орал өкілдерінің оң жағалауынан қырға қарай 25 шақырым жер алынып, Орал, Орынбор казак-орыс әскерлеріне берілді. Аманқарағай, Наурызым ормандарын Орынбор әкімшілігі пайдаланды. Жер үшін күрес шиеленісіп, мал шаруашылығы күйзелді. 1851 ж. жайылымдық жерсіз қалған Кіші жүз шаруалары малының жартысы қырғынға ұшырады, Қазақтар тұзды (Елек, Тұзтөбе, ақжал), балықты (Шалқар, Қамыстысамар және т.б.) көлдер мен өзендерден (Есіл, Ор, Орал) ығыстырылды. Жем өкілдерінің төменгі бойы мен Каспий теңізінің шығыс жағалаулары Ресей кәсіпшілерінің меншігіне алынды. Жерсіз қалған көп рулар қырға қоныс аударуға мәжбүр болды. Патша үкіметі 1867-68 жылдардағы реформаны күшіне енгізе бастады. Реформа отарлық езгі мен патша чиновниктерінің үстемдігін күшейтті. Алым-салық көбейіп, қанаудың одан әрі күшейе түсуі бұқара халықтың жаппай наразылығын тудырды. 19 ғасырдың 60 жылдарында әр түтінге салынатын салықтың жалпы мөлшері 10-12 сомға жетіп, ол кедейлерден байлармен бірдей өндірілді. Заттай төлемдер тұрақты алымға айналды. Кіші жүз қазақтары мемлекет кіресін тегін тарту үшін (Наурызым орманынан Сырдария бойындағы қалаларға ағаш тасу және т.б.) түйешілермен (5 түйеге бір адамнан) қоса 4 мың түйе беруге, Орта Азия хандарына жорық жасап жатқан патша әскерлерін азық-түлікпен, баспанамен, жылы киімдермен және т.б. жабдықтауға міндетті болды. Тек 1839-40 жылдары ғана 14 мың түйе, 15 мың пұт ет, 15 мың саржан киіз, 10 мың бас киім, қолғап алынды. Жергілікті әкімдер халық есебінен көлікпен, қаражатпен қамтамасыз етілді. Күйзеліске ұшыраған кедейлер топ-тобымен казак-орыс шептеріне, ірі қалаларға жалдануға кете бастады. 50 жылдары Орал казак-орыс шептерінде 20 мыңнан астам қазақ кедейлері жалданды.Жалшылардың қоныстауына, егіншілікпен айналысуына тыйым салынды. 1868 ж. патша үкіметі Қазақстанды отарға түпкілікті айналдыруды көздеген «Жаңа ереже» қабылдады. Жер үкімет меншігі болып жарияланды. Қазақтар пайдаланған жері үшін түтін басы бұрынғы 1 сом 50 тиынның орнына 3 сом 50 тиын төледі, түрлі алымдар көбейді. Бұл көшпелі халықтың жаппай наразылығын тұғызды. 1868 ж. желтоқсандағы «Жаңа ережеге» сәйкес Кіші жүз екі облыс, 8 уезге бөлінді. Оның батыс жағы Орал казак-орыс әскерлерінің жерлеріне қосылып, Орал облысы, ал шығысында Торғай облысы құрылды. 1869 жылдың басында елге ұйымдастыру комиссиялары шықты. Комиссия халық санағын жүргізіп, салық жинауға, жергілікті әкімдер «сайлауын» өткізуге, болыстар құруға кірісті. Бұл халық наразылығын күшейтіп, көтерілістің шығуына тікелей түрткі болды. Табын,Кете, Адай, Таз, Ысық, Шеркеш, Есентемір руларының қарулы көтерілісшілері 1868 ж. 21 наурызда Гурьев қаласындағы ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасап, 10 көлік пен 900 сомның бағалы затын қолға түсірді, комиссия мүшелері қашып кетті. Қаракөлдегі Ысық және Беріш рулары «Ережені» қабылдамады, ұйымдастыру комиссиясын кейін қайтарды. 1869 ж. қаңтарда барлық уездердегі ұйымдастыру комиссиялары «Ережені» жүргізуді тоқтатты. 1869 ж. ақпанда ұйымдастыру комиссиялары бұрынғы сұлтан-әкімдері (М.Баймұхамедов, Сейдалин. Б.Кейкин) ертіп елге қайта шықты. «Ережеге» күшті қарсылық көрсеткен руларға «ықпал» ету үшін зеңбіректермен қаруланған 700 әскерді қырдағы бекіністерге жіберді. Елек өзен бойында 200 әскер күзеткен азық тартқан отрядқа 600-ге тарта көтерілісші қазақтар шабуыл жасап, арбаларын қиратып, бірнеше адамын өлтіріп жарақаттады. 1869 ж. наурызда ұйымдастыру комиссиясына қарсы көтеріліс ішінара Торғай облысын, ал Орал облысын түгел қамтыды. Көтеріліс дүмпуінен қорыққан ірі феодалдар (сұлтандар, билер, дін басылары) мал-мүлкін айдап оңтүстікке, одан Хиуаға өтіп кетті. Шаруалардың бұл көтерілісі нашар ұйымдастырылды, стихиялық түрде өтті, сондықтан жеңіліске ұшырады. Солай бола тұрса да, Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс қазақ шаруаларының отарлау саясатына, қанаушыларға қарсы қозғалысының ерекше бір көрінісі болды
52. Өлкеде әкімшілікреформаларды жүзеге асыруда, жергілікті халықтың көтерілістерін басуда казак әскерлері елеулі рөл атқарды. Олар Қазақстанмен шекаралас жерлерде де, оның тікелей шикі аумақтарына да орналастырылды. Қазақстанда және онымен шектес аумақтарда төрт казак әскері болды. Олар Жайық, Сібір, Орынбор және Жетісу казак әскерлері еді. Ресей империясындағы казак әскери бөлімдерінің негізгі қызмет түрлері, біріншіден, Ресейге жаңа жерлерді қосып алуға белсене қатысу; екіншіден, көрші мемлекет әскерлерінің шекараға басып кіруінен қорғау; үшіншіден, Ресей империясы құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын, орыс шаруалары мен жұмысшы табының көтерілістерін аяусыз басуға белсене қатысу болатын. Мәселен, казактар Польшадағы көтерілісшілерді, Кавказ, Орта Азия және Қазақстан халықтарының көтерілістерін аяусыз жазалауға белсене қатысты. Казактар 1905—1907 жылдардағы бірінші орыс революциясын басып-жаншуда да ерекше көзге түсті. Төртіншіден, казактар орыс армиясының XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бас кезіндегі шетелдерге жасаған жорықтарының барлығына да қатысты. Казактар әскери қызмет атқарумен қатар әскери-инженерлік бекініс құрылыстарын, жолдар мен көпірлер салуға және оларды жөндеуден өткізіп тұруға міндетті болды. Олардың міндетіне орманнан ағаш кесу және оны тасып жеткізу, пошта қатынасы көліктерін қорғауды қамтамасыз ету де кіретін. Казактардың патша үкіметінің әкімшілігіне шын беріле адал қызмет етуі үшін оларға ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінді. Казактарға бөлінетін жер телімі Ресейден қоныс аударып келген шаруалардың жер телімінен әлдеқайда артық болды. Казактардың әрбір ер азаматына шаққандағы жер телімі орта есеппен 30 десятинадан келді. Офицерлерге бөлінетін жер телімі бұдан да көп болды. Мәселен, аға офицерлер 200-ден 600 десятинаға дейін, штаб офицерлері — 400-ден 1000 десятинаға дейін, ал генералдар - 1500-ден 3000 десятинаға дейін жер иеленді. Казактардың сонымен қатар түз кәсіпшіліктерін, ормандарды, өзендер мен көлдерді пайдалануға да ерекше құқықтары болды. Казактар әскери қызметке өз қару-жарағымен, киім-кешегімен, азық-түлігімен, өз атымен шығатын. 1835 жылға дейін казактар әскери қызметті өмір бойы жалдану тәртібімен атқаратын. Кейінірек Ресей империясындағы барлық казактар үшін әскери қызмет мерзімі 30 жыл болып белгіленді. Казактардың әскери қабілеті жоғары болатын. Олар орыс армиясындағы атты әскерлердің едәуір бөлігін құрады. XIX ғасырдың орта кезіндегі соғыс уақыттарында Ресей казактары 160 мыңға дейін жауынгер жасақтай алатын. Казактар қатары олардың табиғи өсуі есебінен ғана емес, сонымен қатар бұл топқа орыс шаруаларын қабылдау арқылы да арта түсті. Казактардың, әсіресе Сібір казактарының құрамы тұтқынға түскен швед, француз, поляктардың есебінен де толығып отырды. Казактардың қатарына орыс емес халықтардың өкілдері - татар, башқұрт және қалмақтар да қабылданды. Казактар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынас әр түрлі қалыптасты. Бір жағынан, олардың арасында тауар алмасу кеңінен өріс алды, тіл және мәдениет саласында жақындасу нығая түсті, ал екінші жағынан, өзара әсқери қақтығыстар жиі-жиі болып тұрды. Ондай шиеленісті оқиғалардың негізгі себебі жер дауына байланысты күрес еді. Бұл жағдай қазақтардың казактардың бекініс қамалдары мен станицаларына шабуыл жасап тұруына себеп болды. Өз кезегінде казактар да жазалау экспедициялары құрамында қазақ ауылдарына шабуыл жасап жүрді. Жайық, Орынбор, Сібір және Жетісу казактарының әскерлері қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістерін аяусыз басып-жаншуға белсене қатысты. Жайық (Орал) казактарының ең алғашқы елді мекендері XVI ғасырда қазіргі Қазақстан аумағының солтүстік-батыс бөлігінде (Жайық (Орал) өзенінің бойында) пайда болды. Сондықтан да оларда өзін-өзі басқарудың элементтері көп болды. Казактардың қоғамдық өмірінің аса маңызды мәселелері әскери топта ұжымдық талқыға салу арқылы шешілетін. Патша үкіметі казактардың еркіндігін шектеу саясатын ұстанды. Олардың тұрмысына бірте-бірте қатаң әскери тәртіп енгізіле бастады. Мәскеу мемлекеті Жайық казактарына оңтүстік-шығыс шекараны қорғау және әскери отарлау міндеттерін жүктеді. Жайық казактары 1773-1775 жылдарда Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Мұның өзі патша үкіметі тарапынан Жайық казактарының өзін-өзі басқару құқығына қысым жасап, шектеулер қоюына қатысты болған еді. Жайық казактары ауқатты тұрды. Әрбір казактың 80 десятинадан жер телімі болды. Жайық казактары егіншілік пен балық аулау, түз өндіру және аңшылықпен айналысты. Жайық казактары жерді қоғамдық негізде пайдаланды. Орасан зор жер көлемін иемденген казактар жерді Ішкі Бөкей ордасындағы және Жайықтың сыртқы жағындағы қазақтарға жалға берді. Олар осылай мол табыс көзіне ие болды. Қызыл балық пен қара уылдырықтың өзінен ғана казактар күміс ақшамен жыл сайын 2 миллион сом табыс табатын. Олар жыл сайын 300 мың басқа дейін қой сата алатын. Жайық казактары XX ғасырдың басына дейін өздерінің дәстүрлерін, «байырғы ескі» тәртіптерін және тұрмыс-тіршілік салтын неғұрлым берік сақтады. Жайық казак әскерлерінде байырғы ескі діни наным-сенім ұзақ сақталды. Жайық казактары қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысына елеулі түрде ықпал етті, өз кезегінде, олар да қазақтардан бірқатар шаруашылық дағдыларын үйренді. Жайық казактары қазақтардың әдет-ғұрып, салт-санасымен таныс болды. Жайық казактарының тіліне қазақтардың баспақ, дөнен, нар, тымақ, жасауыл, күрен сияқты бірқатар сөздері сіңісіп кетті. 1917 жылға қарай Жайық казак әскерлеріні жалпы саны 174 мың адамға жетті. Ал олардың орналасқан аумағының көлемі 7 миллион десятина жер көлемін алып жатты. Орынбор казак әскерлері 1748-1755 жылдар аралығында құрылды. Олардың Жайық казактарынан айырмашылығы — өз беттерімен келіп, стихиялық түрде құрылған жоқ, патша үкіметінің бастама көтеруі бойынша арнайы мақсатпен құрылды. Орынбор казактарының негізгі ұйытқысы Самара, Уфа, Алексеев және Есет казактары болды. Олар шекараны қорғау күзетінде қызмет етті. Бұл әскер өзінің құрамы жағынан көп ұлтты еді. Орыстардың басым болуымен қатар, оның құрамына украин, башқұрт, қалмақ, т.б. халықтардың өкілдері енді. Орынбор казак әскерлері Орынбор губерниясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекараларында орналасып, осы өлкенің шамамен төрттен бір бөлігін алып жатты. Олар Жайық казак әскерлері мен Сібір казак әскерлерінің шекарасын бір-бірімен жалғастырды. Ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қазақ даласымен шектесті. 1840 жылы «Орынбор казак әскерлері туралы Ереже» шықты. Ол бойынша, Орынбор казак әскерлерінің жерінде тұратын барлық шаруалар казактар тобына қабылданды. Орынбор казак әскерлері өзінің ұйымдастырылуы жағынан тұрақты орыс әскеріне жақын келді. 1842 жылы Орынбор казактарының қатарына құрамында 3 мыңнан астам адамы бар Ставрополь қалмақ әскері келіп қосылды. Орынбор казак әскерлерінің орталығы Орынбор қаласында орналасты. Казактар негізінен селолық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небары 2%-ы тұрды. Орынбор казактары негізінен егіншілікпен, мал өсірумен, балық аулаумен айналысты. Казак әйелдері ешкінің түбітінен түрлі орамал тоқыды. Бүкіл Ресейге және одан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Орынбор шәлісі, орамалы, бөкебайы, бет перделері мен қолғаптары солардың қолымен тоқылатын. Орынбор казактары өзінің күнделікті өмірінде қазақ халқымен ұдайы араласып тұрды. Казак әскерлерінің аумағындағы жалға алған жерлерде қазақтар көшіп-қонып жүрді. 1916 жылы Орынбор казак әскерлеріндегі халықтың саны 533 мың адамға жуықтады. Сібір казак әскерлерінің негізін полиция қызметіндегілер құрады. Олар XVI ғасырдың аяқ кезінен бастап Сібір әскери бекіністерінде күзет қызметін атқарды. XVIII ғасырда Батыс Сібірдің оңтүстігінде бірқатар шекаралық бекініс қамалдар бой көтерді. Сібір казак әскерлерінің болашақ астанасы — Омбы әскери бекінісі салынды. Сібір казактары XVIII ғасырдың аяғына дейін Сібірдегі орыс шаруаларының есебінен толығып отырды. Казактардың қатары солдаттардың ер жеткен балаларының, саяси жер аударылып келгендер мен башқұрт, мещеряктар және Дон казактарының есебінен де толықтырылды. 1808 жылы Сібір казактары Сібір шекара иіебінің казак әскерлері деген ресми атқа ие болды. Әскердің штабы Омбы қаласында орналасты. Олардың әскери атаманы Батыс Сібір генерал-губернаторына, ал кейінірек - Дала өлкесінің генерал-губернаторына тікелей бағынды. XIX ғасырдың аяқ кезінде Сібір казак әскерлері екі облысқа — Ақмола және Семей облыстарына орналастырылды. Олардың тағы бір ғана бөлігі Томск губерниясының Бийск округына жайғастырылды. ХІХ-XX ғасырлар шебінде бүкіл казак әскерлері 5 млн десятинаға жуық жерді алып жатты. Ені 10 шақырымдық далалық алқаптың өзі ғана 1,5 миллион десятина жердің ұзына бойына созылды. Сібір казактарының әрқайсысына тиесілі жер телімінің көлемі орта есеппен алғанда 30 десятинадан айналды. Жерді тек ер азаматтар ғана алды. Офицерлерге жер әлдеқайда көп берілді. Олар жерді өмір бойы пайдалану құқығына ие болды. Бірақ олар әдетте ол жерлерді қазақтарға және қоныс аударушы орыс шаруаларына жалға беріп отырды. Сібір казактарына су көздері бар ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінетін. Казактар Ертістің оң жағалауындағы Долон, Шульба және Қарағайлы ормандарын да иеленді. 1904 жылы патша жарлығымен ені он шақырым келетін далалық алқап Сібір казактарының «мәңгілік меншігіне» бекітіліп берілді. Сібір казактарының негізгі кәсібі егіншілікпен айналысу болды. Бірақ далалық ауа райының құбылмалылығы, құрғақшылықтың жиілігі, қақаған күшті аязды күндердің көптігі егін егуде қыруар қиыншылықтар туғызды. Казактар негізінен күздік және жаздық қара би дай егумен шұғылданды. Сұлы, арпа, тары, сондай-ақ картоп екті. Казактардың арасында бау-бақша, темекі өсіру де жақсы дамыды. Петропавл маңында бау-бақша өсірумен айналысатын тұтас казак поселкелері құрылды. Шекара шебінің темекісі «махорка» бүкіл Сібірге кеңінен тарады. Казактар сонымен қатар кендір өндірумен де айналысты, сора өсірді. Казак әскерлері мал да ұстады. Мұның өзі егін шаруашылығына және жорыққа да қажет еді. Өзендер мен көлдердің көптігі балық аулау ісін де дамытты. Олар Ертіс өзені мен Зайсан көліндебалық аулауды өздерінің монополиясына айналдырып алды. Казактар сонымен қатар жүк тасымалымен, тері илеу және тоң май дайындау кәсіпшіліктерімен де айналысты. Сауда-саттықпен де күшті шұғылданды, жергілікті қазақтармен сауда жасасты. Жол жөндеу жұмыстары үшін алынатын баж салығы да казактардың пайдасына түсетін. Кедейленіп, қайыршылық күйге түскен көптеген қазақтар казактарға жалданып жұмыс істеді. Ертіс шекара шебіндегі әрбір ауқатты казактың 2—3 қазақтан жалдамалы жұмысшылары болды. Жалпы алғанда XIX—XX ғасырлар аралығында Ертіс шекара шебінде 100 мыңға жуық қазақ жалданып жұмыс істеген Сібір казактары өз жерлерінің бір бөлігін қазақтарға жалға беріп, табыс тауып отырды. Сібір казактарының тарихын, олардың Ертіс бойындағы қазақтармен қарым-қатынасын зерттеумен белгілі тарихшы және өлкетанушы генерал Г.Е. Катанаев айналысты. 1917 жылға қарай Сібір казактарының жалпы саны 172 мың адамға жетті. Жетісу казак әскерлері 1867 жылы Сібір казактарының 9 және 10-полктері округынан құрылған болатын. 1869 жылы бұл әскердің құрамына Қытайдан қашқан мындаған қалмақ келіп қосылды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылған еді. Бұл облыстың әскери губернаторы сонымен бір мезгілде Жетісу казак әскерлерінің тағайындалған атаманы болып та бекітілді. Жетісу казактарына өзін-өзі басқарудың жетілдірілген түрі тән болды. Өзін-өзі басқарудың басты органы — сход жиын маңызды рөл атқарды. Казактардың бұл жиналысына әскери топқа жатпайтын, басқа қалалық адамдар да қатыса беретін. Жетісу казактарының айналысатын негізгі шаруашылығы егіншілік, ал қосымша шаруашылығы балық аулау және омарташылық кәсібі болды. Казактар сонымен қатар саудамен де белсенді түрде айналысты. Жетісу казактарының қолында 281 мың десятина жер болды. Ол әр адамға шаққанда 28 десятинадан келді. 1917 жылы Жетісу казактарының жалпы саны 45 мың адамға дейін жетті.
53. XIX ғасырдың 60 жылдарының орта шенінде Қазақстанның Россия қол астына қарауы аяқталды. Патша – өкіметі қазақ даласын тупкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жүргізіп, қазақтың елдік этникалық ұйтқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды. Рас, олар мұның бәрінің бірден жүзеге асыра қойған жоқ, патша өкіметі оны кезең – кезеңімен іске асырды.Оның алғашқысы – 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу, жүйесіндегі протектораттық дәуір (кезең), яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу болды. Бұл кезде патша өкіметі ел билеудің бұрынғы хандық жуйесін сақтап, оның ішкі тірлігіне араласпай, қазақ елін өзіне жағынып бағынышты болған хандар арқылы басқарды. Патша өкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноқтасын біржолата кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша өкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдің ішкі тірлігіне араласып, жергілікті шаруаларды қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Россиядан жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды. Отарлаудың осы әскери — әкімшілік кезеңінде әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Қазақстанның ішкі аймақтарына тамыр жайды. Бұдан кейін (үшінші кезең) отарлау саясатының ежелден қалыптасқан ескі тәсілдерінің бірі – отарлаушы елдің ішкі қуат көзі – этникалық тұтастығынан айырып, қандас, бауырластар арасына іріткі салу мақсатымен патша өкіметі енді қазақ даласын билеудің аға сұлтандық жүйесін жойып, оның орнына сатылап бағындыру жүйесіне негізделген мемлекет аппарат құрды. Бұл мақсатты патша өкіметі 1867-1868 жылдардағы реформалар арқылы жүзеге асырды. Хандық билікті іс жүзінде жойған 1822 және 1824 жылғы Жарғылар капиталистік қатынастар өрістей бастаған кезде өлкенің шаруашылық даму талабына сай болмады. XIX ғасырдың 60-жылдары қазақтардың басқару жүйесін өзгерту үшін И.И. Бутков басқарған комиссия құрылды. Қазақ даласы екі облысқа бөлу жоспарланды. Бүл усыныс қабылданбады. 1865 жылы Ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған Дала комиссиясы құрылды. 1865 жылы 5 маусымда II Александр бұйрығымен қазақ жерін зерттеу сұрақтары дайындалды: жерді иелену түрлері, сот ісі, ағарту ісі, салық, діни мәселе т.б. Әкімшілік басқару жүйесін құру ісіне Ш.Уәлиханов өз пікірлерін ұсынды: - Халықтың өзін-өзі басқаруы негізінде құру.- Әлеуметтіқ – экономикалық жаңалықтар енгізу.- Алайда Ш.Уәлиханов усыныстары қабылданбай, комиссия мүшелері ірі феодалдармен ақылдасып, мәліметтерді солардан жинады. 1867 жылғы 11 шілдеде – «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. 1868 жылы 21 қазан – «Төрғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. Реформа нәтижесі.1) Өлкенің табиғи байлықтарын игеруге қолайлы жағдайлар қалыптасты.2) Феодалдық – патриархалдық қатынасты әлсіреткен капиталистік құбылыстар ене бастады.3) Таптық жіктелу салдарын жатақтар қалыптаса бастады (кедейленген қазақтардың өндіріске жұмысқа жалдануы).4) Отарлық басқару күшейді.5) Қазақ жері Россия үкіметінің меншігі болды.6) Орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру басталды.1886 – 1891 жж. реформалар бойынша әкімшілік және сот құрылысына енгізілген өзгерістер. 1867-1868 жылдардағы реформалар екі жыл мерзімге тәжірибе түрінде уақытша енгізілген болатын. Алайда, бұл «тәжірибе» жергілікті халыққа теріс әсер етуі ықтимал деген қауіппен 20 жылдан астам уақытқа созылды. Тек XIX ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының бас кезінде ғана отарлық өкімет орындары өлкенде әкімшілік, сот реформаларын енгізуді аяқтауға кірісті. 1886 жылы 2 маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы ереже», 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Төрғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды. Түркістан өлкесі жерінің құрамына Ферғана, Самарканд және Сырдария облыстары кірді. Орталығы Ташкент қаласы болды. Сырдария облысы 5 уезден, Ферғана — 5, Самарканд — 4 уезден турды. 1891 жылғы «Ереже» бойынша Орынбор және Батыс Сібір генерал– губернаторлықтарының орнына орталығы Омбы болған Далалық (Степной) генерал– губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Төрғай және Жетісу облыстары кірді. Жетісу облысы 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал – губернаторлығының қарауына берілді. Өлке шеңберінде генерал – губернаторға шексіз билік берілді. Басқару аппараты – кеңсе, әскери губернаторлар өздеріне бағынышты облыстық басқармаларымен қоса генерал – губернаторға бағынды, ал облыстық басқармаларға жалпы жиналыс және кеңсе кірді. 1891 жылғы «Ереже» бойынша Ірі облыстық орталықтарда (Верный, Орал, Петропавл, Семей) полиция басқармасы құрылды, ал уездік қалаларда полициялық пристав құрылды. Болыстық басқарушылар мен ауыл старшындарын бекіту әскери- –губернатор құзырында болды. Сот құрылысы. XIX ғасырдың аяқ кезіндегі Қазақстанда 1886 және 1891 жылдардағы Түркістан және Дала өлкелерін басқару туралы «Ережелер» бойынша жүзеге асырылды. Түркістан және Далалық өлкелерінде жалпы империялық соттар жүйесі — әлемдік (мировой) судьялар, облыстық соттар және жоғарғы (сенат) сот инстанциясы қалыптасты. Соттардың төтенше съезі әскери губернатордың рұқсатымен шақырылды және өлкелік құқығы берілген орыс чиновнигінің қатысумен өткізілді. Төменгі сот буыны – халықтық сот болды. Халықтық сот – империялық сотқа қосалқы, өз бетінше мәселені шеше алмайтын тәуелді буын. Сонымен 1886-1891 жылдардағы сот ісіндегі өзгерістер «Ережелерде» әкімшілік, сот істерінің жүйесі бекітілді. 1891 жылғы «Ережеде» сот істері 17 баптан құрылды. Сот жүйелері Россиядағы үлгімен құрылды. Халық (билер) соты үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғайтың, жергілікті мұсылмандардың ісін қарайтын ең төменгі сот буыны болды. Патша өкіметінің отарына айналған еңбекші қазақ халқы оған ақшалай алым-салық төледі. Олардың мөлшері әр турлі болып өзгеріп отырды. Мысалы, 1844 жылғы «Ереже» бойынша әр түтіннен 1,5 сом жиналса, 1891 жылғы «Ереже» бойынша 4 сомға жетті. Тұтас алғанда 1886-1891 жылдардағы реформалар отаршылдық және феодалдық езгіні күшейте түсуге бағытталған еді. Патша өкіметінің қоныстандыру саясаты.Патша өкіметінің аграрлық саясатының ажырамас бөлігі қоныстандыру саясаты болды. Помещиктер мен империалистік буржуазияның мүдделеріне сай келген қоныс аудару мәселесіне патша өкіметі XIX ғ. екінші жартысынан бастап қатты назар аударды. Өйткені, Россияда басыбайлықтың (крепостниктік) жойылуы және әлеуметтік-әкімшілік жөніндегі реформалар аграрлық мәселені толық шешкен жоқ, Россияның орталық аудандарында шаруалардың толқулары тоқмады. Осындай жағдайда патша өкіметі шаруалардың назарын революциялық қозғалыстан аудару үшін бірқатар шаралар қолданды. Қоңыс аудары саясаты сол шаралардың бірі еді. Сібірді, Қазақстанның солтустік, батыс, орталық және оңтустік шығыс аудандарын отарлау арқылы патша өкіметі Орталық Россиядан шаруаларды қоныс аудартып, жаңа жерлерде солар арқылы өзіне әлеуметтік тірек жасамақ болды. Әскери-әкімшілік отарлау саясаты Россиядан шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Қазақ даласын отарлау саясатын іске асыру жолында Жетісудың бірінші әскери-губернаторы Г.А. Колпаковскийдің бастауымен 1868 жылы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер» бекітілді. Осы ереже бойынша қоныстанушы әр жанға 30 десятина жер беріліді. Қоныс аударушылар 15 жыл мерзімге алым-салықтан, рекруттық (әскери міндет) міндеткерліктен босатылды. Мұқтаж отбасыларына «керек-жарақтар алу үшін» ақшалай (100 сом) көмек берілді. 1883 жылы Жетісу облысының Дала генерал-губернаторлығына қарауына байланысты жергілікті әкімшілік «Шығыс Түркістаннан Жетісуға қоныс аударған ұйғырлар мен дунгендерді орналыстыру» туралы ереже шығарды. Жаңа документ 1885 жылы 1 мамырда бекітілді. Бұрынғыларымен салыстырғанда жаңа «Ережелерде» қоңыстанушыларға берілетін артық- шылықтар біраз қысқартылды: енді жер улесі әр адам басына 10 десятина болып белгіленді, қоныстанушылар салықтар мен міндеткерліктерден үш жылға ғана босатылды, ал одан кейінгі үш жылдықта оларды жартылай өтейтін болды. Патша өкіметі 1889 жылғы 13 шілдеде «Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын қарастыру» туралы арнаулы ереже бекітті. Бұл ережеде жерді бекітіп берудің тияқты мөлшері белгіленген жоқ, жергілікті өкімет орындарына оның өз қалауынша белгілеуге ерік берілді. «Ережеде» ішкі істер және мемлекеттік мүліктер министрлері алдын ала рұқсат еткен жағдайда ғана қоныс аударуға болатыны көзделді. Қоныс аударатын басты аймақтар – Жетісу, Ақмола, Семей, Тобыл, Томск губерниялары ңақтылы белгіленді. Сонымен, «Село тұрғандары мен мещандардың өз еркімен қоныс аударуы туралы» 1889 жылғы ереже Россияның орталық губернияларынан Қазақстанға қоныс аудару қозғалысын ішінара ашып берді және самодержавиенің жалпы аграрлық саясатының мәнді жақтарының бірі болды.Аграрлық саясатты жүзеге асырушылардың бірі-Сібір темір жол комитеті болды (1892 ж. құрылды). Елдің шығысындағы бірсыпыра аудандар темір жолмен байланысқаннан кейін, шаруалардың қоныс аударуы кең өріс алды. Қазақстанда шаруаларды қоныстандыру алдымен Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Төрғай облыстарында жұргізілді. Тек 1885 жылдан 1893 жылға дейін Ақмола облысының жергілікті халқынан 251779 десятина жер тартып алынып, 10940 халқы бар 24 жаңа селолар пайда болды. Семей облысында бұл кезде қазақ шаруаларынан 33064 десятина егістік жер тартып алынды. 1884-1891 жыл аралығында мұнда 3324 отбасы қоныстанды. Шеттен шаруаларды әкеліп қоныстандыру Сырдария облысын, Шымкент, Ташкент және Әулиеата уездерін кеңінен қамтыды. Қоныс аударушылар Россияның Европалық бөлігінен ғана емес, сондай-ақ басқа облыстардан да келді. Мәселен, 1900 жылғы халық санағы бойынша тек Қазақстанның бес облысында (Ақмола, Орал, Төрғай, Семей, Жетісу) ғана 3463598 адам болса, оның ішінде европалық Россиядан келгендер 247 мыңдай адам, Сібірден – 42119, Орта Азиядан – 23530, Польшадан – 1191, Кавказдан – 1672, Финляндиядан – 72, басқа жерлерден 3557 адам келді. Сөйтіп, 1900 жылы 5 облыс бойынша сырттан келушілер өлкенің барлық халқының 10,5 процентін қамтыды. Оларға 44 миллион гектар жер таратылды. Сөйтіп, патша самодержавиесінің Қазақстан территориясын отарлауға бағытталған және дамып келе жатқан Россия капитализмнің мүдделерін бейнелеген аграрлық саясаты XIX ғасырдың екінші жартасында осылайша жүзеге асырылды.
54. Арғы түбі ақырзамандық сарындар мен болжал өлеңдерден бастау алатын зар заман жырларының көп таралған кезі – отаршылдық дәуірі. Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды.Жерлері алынумен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды… Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды. Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен ісі болса барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін болды. Зар заман ағымы отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелеуінің көрінісі. Асан ата айтып кеткен («Мұнан соң қилы-қилы заман болар,Заман азып, заң тозып, жаман болар»), Бұқар болжап берген («Күн батыстан бір дұспан Ақырда шығар сол тұстан») дәуір келіп жеткен соң ақын-жырауларының өлең-толғауларының тақырыбы өзінен-өзі зар заман ағымына ойысты. Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар тұсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп, өркенделген, түйінделген ағым ретінде қарастырылады.Бұл сарынның ақындары қатарына Дулат Бабатайұлы 1802-1871, Шортанбай Қанайұлы 1818- 1881, Мұрат Мөңкеұлы1843-1906, Әбубәкір Кердері Шоқанұлы 1858-1903 т.с.с. ақындарды қосуға болады. Солардың көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай – орыс отаршылдығы тұсында қазақ қоғамына кірген әлеуметтік өзгерістердің сырын терең ашып бейнелеген суреткер.Қазақ даласына сауда капитализмінің кіруі, қоғамның бай не кедей болып жіктелуі, өкімдікке талас пен сайлау кезіндегі даулар ақын өлеңдерінде әсерлі суреттеледі. ол бірде қазақ даласына келген сауданы айыптаса, елдің бас көтерер азаматтарының байлыққа құнығуын, қанаудың күшейгенін сынға алады. Осының бәрін Шортанбай заманның азғандығы деп ұқты. Шығыстағы Дулаттың, батыстағы Әбубәкір мен Мұраттың, Арқадағы Шортанбайдың бір – біріне ұқсас әуенмен ел мұңын жырлауы көп ойға жетелейді.Заманды сезіну ортақтығы деген осы.Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын оятты. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты: Талай ғасырдан бергі жаугершілік жорықтарында қасқыр мінез танытып, намысын ешкімге таптатпаған,кеудесі көтеріңкі, рухы биік қыр қазағы ептеген жағымпаздыққа бой алдырды. Бұл ең алдымен Дулат Бабатайұлының сынына ілікті: Бұл тұрғыда М.Мырзахметовтің пікіріне жүгінсек, «қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет ұлттық санасы саналы түрде оянған жаңашыл ақын, халқының бозторғайы боп шырылдаған Дулат поэзиясында отаршылдық билік жүйесі және елін сатқан атқамінерлер бейнесін тұңғыш галереясы жасалды» дейді.Жұртшылық арасында «Жаңа низам» деп аталған 1868 жылғы реформа- зар заман поэзиясының негізгі тақырыбы болды.Қарапайым халықтың «Жаңа низамды» қалай қабылдағанын, қандай күйге түскенін зар заман мектебінің өкілдері тайға таңба басқандай бейнелейді.Әсіресе, Дулат Бабатайұлының отарлаушылардың астарлы амал-айласы мен қитұрқы қулығын салғаннан-ақ аңғарды: Отаршылдық биліктің ел арасындағы өкілдерінің бейнесі зар заман поэзиясында типтік тұлға ретінде көрініс тапты. «Өмірдің шындық құбылыстары мен оқиғаларының қалың тасқыны арасынан қажетті типтік сипаттағы маңызды, мағыналы фактілерді көре білу үшін де зергерлік зерде керек» деген талап тұрғысынан қарасақ, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдау арқылы өзара үндестік танытқан замана жыршыларының шығармаларынан типологиялық ұқсастықтың мысалдарын көптеп кездестіруге болады. Қалықпан – ерекше жағдайда сирек туатын қыранның бірі. Аңыз бойынша қарақұстың жетінші не тоғызыншы ұрпағына сәйкес. Махамбет Өтемісұлы өзінің мұндай іргелі қасиетке шешендік ой, ақындық тіл, ұшқыр ақылымен жете алатынына назар аударту арқылы метафора дәлдігін асыра түседі. Жеке ісімен ниетінің дұрыстығына сенім, қиялдағы күдік болжамы, диалогтық қатынасты елестету өлеңдегі аршындау, жан-жағына қарақтау, іштей сөйлесу, ашық пікір айту, өзіне-өзі сенімділік және оған басқа субъектілерді иландыру экспрессемалары – психологиялық драматизм кернеуіне лайықты мысал. Жорық падишаһы Махамбет адалдығы мен ақтығына шіркейдей күмән ұялатудан аулақ. Контрастылық ыңғай, шендестіре сөйлеу, тұлға мен жалпы қауым интенцияларын шартты түрде шарпыстыра ой түю тағы да әдепті айқындау мазмұнын тиянақтай түседі.Сонымен қатар,ақынның ереуіл үстіндегі бар бітім-тұлғасын қазақ менталитеті үшін аса қадірлі текті құстар әулетімен салыстыра толғау үрдісі әрдайым қайталанып отырады. Махамбет жыралындағы ақынның айналасынан оқшау тұлғасын даралап көрсетуде «ақсұңқар» концептіне қатысты жолдар ерекше поэтикалық қуатпен биік әсерлерге бастайды.
55. Қазақстан тарихындағы белгілі оқиғалардың бірі – ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу өлкесіне қоныс аударуы. Маньчжур-Цин әулетіне қарсы 1862-1877 жылдары ұйғырлар мен дүнгендер азаттық күреске шықты. Бұл күреске қырғыз, өзбек, қазақ және торғауыттар да қатысты. Қоқан әскери басшысы Якуб бек жеңіске жетіп, Қашғар, Үрімші қалаларының дүнгендік одағы басшылық еткен ұйғыр мемлекеті (Жетішар) құрылды. Көтеріліс басылғаннан кейін Жоңғария мен Шығыс Түркістан Цин империясының жаңадан құрылған провинциясы – Шыңжан болды. Ұйғыр мен дүнгендерге қысым күшейтілді. Қоныс аударудың басты себебі осыған байланысты болды.1881-1884 жылдары ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу өлкесіне қоныс аударуы ірі миграциялық құбылыс болды. Алғашқыда 45 мыңнан астам ұйғыр, 5 мыңдай дүнген Жетісу мен Солтүстік Қырғыз өңіріне қоныстанды. Қазіргі Алматы облысының жерінде алты ұйғыр болысы ұйымдастырылды. Ұйғырлар негізінен егін шаруашылығына қолайлы Шелек, Талғар, Үсек, Шарын өзендерінің бойында орналасты. 1897 жылғы санақ бойынша, ұйғырлар – 55999, дүнгендер – 14136 адамға көбейді. Қоныстанушы әрбір дүнгенге берілген жер көлемі 3 десятинадан аспады. Оларға қолмен суландырылатын жерлер бөліп берілді. Үстем топтар кедейлердің жерін арзан бағамен сатып алып, олардың жағдайын тіпті қиындатты. Верный уезінің Жаркент болысында ауқатты ұйғыр Вали Ахун Юлдашев кедей ұйғырлардың 10 мыңнан астам десятина жерін өзіне жалға пайдалануға алды. Ұйғыр халқының музыка өнері, әні мен биі жөнінде ғалым-саяхатшылар ШУәлиханов, В.И.Роборовский, Н.М.Пржевальский секілді Ресей мәдениетінің белгілі өкілдері терең ой-пікірлерін айтты. Дүниежүзілік мәдениет қорына жататын “Он екі мұқам” деп аталатын Мусса бен Айса Сайрамидің еңбегі 1905 жылы Қазан қаласында басылып шықты. Ұйғыр, дүнген халықтарының Ресей құрамында өркендеп, дамуы осынау көне мәдениетке жаңа мазмұн берді.
56. Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. 1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И.Березиннің тапсырмаларын орындайды. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқалары, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырымен таныс еді. Жас ғалым әйгілі профессор Березин бастырып шығарған "Тоқтамыс ханның жарлығы мен басқа да хан жарлықтары туралы еңбектерге тыңғылықты талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми зерттеулерінің бірі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастайды.Өсімдіктер әлемінің қолайлы жағдайды талап ететіні сияқты қоғам да өзінің кедергісіз дамуы үшін қолайлы жағдайды талап етеді. Алайда ғалым табиғат зандары мен қоғам арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсетеді. Табиғаттың дамуы физикалық зандарға негізделсе, қоғамда олар әлеуметтік зандардың күшімен, яғни қоғамдық өмірдің әртұрлі жақтарымен, тайпалық организм өмірінің шарттарымен толығады.1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Сол сапардан кейін оның әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик шенін алады.1856 жылы полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет "Манас" эпосының ең шұрайлы бөлігі "Көкетай ханның ертегісі" жырын жазып алады. Манас - халық даналығының туындысы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрпы жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы - дала Илиадасы" деп бағалады. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, оның қорытындысында Шығыс Түркістанның өткені мен бүгіні туралы зерттеулер жазады.Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттейді. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды. Тамаша білім алып шыққан жас ғалым түрлі ғылыми экспедицияларға белсене қатысты. Бұл жөнінде ол Омбыда оқып жүрген жылдарында армандайтын. Қазақ даласын және онымен шекаралас жатқан елдердің аумағын, ондағы халықтардың тарихы мен жағдайын жаксы білетін Шоқанға орыс зерттеушілері де қатты қызығып, оның көмегіне мұқтаж болатын. 1855 жылы Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісу жеріне жасаған сапарына қатысады. Бұл сапарда қарапайым халықтың өмірімен танысып, қырғыздардын тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алды.Ш. Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. Ол жас қазақ ғалымның қабілетіне шын ниетімен сүйсіне қайран қалды. 1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. Шығыс Қазақстан мен Жетісуға, қырғыз еліне жасаған сапары Шоқанның ғалым ретіндегі даңқын арттырды. 1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Кырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды. 1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашғария сапарына барып қайтты. Шоқанға дейін ол өлкеде бірде-бір зерттеушінің болып қайтуының сәті түспеген еді. Неміс ғалымы Р. Шлагингвейттің еуропалықтар үшін мүлде жабық өлкеге барып қайтпақ болған сапары қайғылы аяқталып, ол қатыгездікпен өлім жазасына душар болған-ды. Шоқан аса қиын құпия жағдайда өз өміріне қатер төндіре жүріп, Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық жағдайы жайлы Бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-JIy провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды. Еңбекті Ресейде де, одан тыс жерлерде де шығысты зерттеуші ғалымдар жоғары бағалады. Патша үкіметі жас ғалымның ғылыми ерлік еңбегін жоғары бағалады. 1860 жылы Санкт-Петербургте ол орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдады. Осы кездесу кезінде Шоқан патшаға орыс шенеуніктерінің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді. Петербургте болған кезінде (1859—1861 жылдары) Шоқан Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеді. Ол ресейлік шығыстанушылар мен дипломаттардың, жазушылар мен ақындардың сиынатын нағыз піріне айналды. Шоқан Қазақстан мен Орта Азияның және Шығыс Түркістанның карталарын жасаумен айналысып, қажымай-талмай еңбек етті. Шығыс елдерінің қолжазбаларын мұқият зерттеуді де жалғастырды. Оны Орыс географиялық қоғамы Шығыс тарихы туралы лекциялар оқуға шақырып тұрды. Алайда Петербургтың ылғалды ауа райы оның денсаулығына жақпады. Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті баскару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбаларда» баяндалады.1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті. 1858 — 1859 жылдардағы Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашғария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Саудагер ретінде Қашғарияға құпия барған Шоқан, өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп, оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқарияға сапарынан «Алтышаһардың, яғни Қытайдың Нан лу уәлаятының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Қашғарияға сапарынан кейін Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің арнайы шақыруымен Петербургте келіп, сонда бір жылдай тұрып ғылыми жұмыстармен айналысады. Алайда туберкулез ауруы меңдегендіктен Петербургтен елге, Сырымбетке оралады. Туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмайды. Шоқан қарсыласынан көп дауыс алып жеңіске жеткенімен, генерал-губернатор оның халық арасында ықпалы мен беделі зор болып кетеді деп сескеніп, «науқасына байланысты қызметтен бас тартты» деген өтірік сылтаумен аға сұлтандыққа бекітпей қояды. 1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтің шақыруымен Әулиеата жорығына қосылады. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресей қарамағына бағындыру мақсатын көздеген бұл жорыққа аудармашы, жергілікті халықпен бейбіт мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қатысқан ол, полковник Черняевтің Әулиеатаны (қазіргі Таразды) алу кезінде шәһар халқына жасаған жауыздығын көргесін, ренжіп, кейін қайтады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылында (бұрынғы Талдықорған облысы, жазда Күреңбел жайлауы, қыс кезінде Алтынемел асуының күнгейі) тұрақтап қалады. Сонда Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Ұлытау-Жезқазған өңіріне сапар шегіп, Алаша хан мазары, Жұбан ана кесенесі, Аяққамыр күмбезі секілді сәулет ескерткіштеріне сипаттма берген. Ер Едіге, Қойлыбай бақсы, Байғозы, Жаулыбай және Оразымбет (Оразай) батырлар жайлы құнды тарихи деректер қалдырған.Қазақтың ұлы ойшыл-ағартушылары Шоқан мен Абайдың дүниетанымы мен шығармашылық бағытында, тарих пен заман мәселелерін түсінуі мен талдауыңа, әсіресе, мәдени мұраны меңгеру, дамыту, оны елдің рухани қажетіне жарату әрекетінде мол үндестік байқалады. Бұл Абай мен Шоқанның ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін жас кезінен санаға сіңіріп, өшпес тағлым алуынан да, небір шешендер мен ақындардың тапқыр сөздерін естіп есуінен де, арғы түбі шығыс елдерінен таралған, араб, парсы, түркі тілдеріндегі қисса, дастан, аңыз, әпсана, ғазел мүлкін өздігінше ізденіп оқып, білімін байытуынан да, орыс және Еуропа кітаптары, соның ішінде олардағы фольклорлық нұсқалармен терең таныстығынан да көрінеді. Шоқан халық әдебиетін тарихты танудың аса бағалы ескерткіштері деп қараса, Абай көркемсөз байлығын жамағатты кәміл адамдық жолдарға баулып, тәрбиелеудің, жақсылықтарды өнеге етіп көрсетіп, зұлымдық, надандық атаулыны әшкерелеуің құралы санады. Абай осы мақсатты көздеп, езінің шығармаларында ауыз әдебиетінде қалыптасқан неше алуан нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді жаңғырта пайдаланды. Абайдың халық елеңдеріндегі дәстүрлі ұйқастар мен буындық өлшемдерді, арнау, толғау, жоқтау, жұбату секілді фольклорлық жанрларды қолдануы осыны көрсетеді. Шығыс фольклорындағы фабулаларға сүйеніп, «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» тәрізді келемді туындылар жаратуы да ақынның жаһан халықтарының рухани қазынасын кең игергендігін дәлелдейді. Шоқан мен Абайдың қазақ тарихы туралы толғамдары өткеннің тәжірибесін қорыту, халықтың сенімді болашағы үшін жол іздеу талабынан туған. Шоқан секілді Абай да шығыс пен батыстың тарихи шежірелерімен жақсы таныс болған, тарихи құбылыстарды бірі ғалым сипатында, екіншісі суреткер кезімен бағалап отырғанымен, бұрынғы замандардың қалдырған сабақтарымен мүддесіне тарату мұраттары жақын, халықты ғасырлар бойында тұмшалап келген қараңғылық тұманынан арылтып, өркениеттің даңғыл жолына түсіру қажеттіктері мәселелерінде екеуінің ойлары өте орайлас шығады. Шоқан өзінің тарихи-этнографиялық, фольклорлық еңбектерінде қазақ халқын көркейтудің амалы оқу-білім жүйесін жақсартуда деп көрсетсе, бұл аң бар Абай шығармаларының өзекті жемісіне айналған. Түрік халықтарының генетикалық, мәдени бірлігін, тарихи тағдырластығын айтқанда ұлы ойшылдар үні бірдей шығады. Мұның бәрін Шоқан мен Абай өмір кешкен дәуірдің тарихи-әлеуметтік мұқтаждары мен сауаптарының сабақтастығынан туындаған құбылыстар деп те қарауға болады. Қазақ халқының тәуелсіздіктен айрылып, Ресейге бағынышты, кіріптар күн кешкен заманында қоғам көкжиегінде жарқырап шыққан қайраткерлердің қалдырған мұрасы өзінің тақырып кеңдігі, талдау тереңдігі, ойларының биіктігі жағынан 19 ғасырдағы әлемдік озық ескерткіштер қатарына қосылады[2][3][4] Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыс географиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Николай Иванович Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерд.Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнері туындылары. Олар Шоқанның осы өнер саласында қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ғалым негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысты. Одан 150—дей сурет қалған. Шоқан еңбектерінде психологиялық мәселелерге байланысты әр түрлі сипаттағы деректер баршылық. Осылардың ішінде басқа мәселелерден көбірек сөз болғаны — халқымыздың ұлттық санасы, оның ішінде өзіндік психологиялық ерекшеліктері туралы мәселе еді. Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстан тарихы мен этнографиясын зерттеген шовинистік рухтағы орыс ғалымдарының еңбектерінде халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы бар мәдениетіне қиянат жасалып, тіпті ұлттық психологиямызға күйе жағылып, екінші сорттағы халық деп келгені белгілі. Осындай келеңсіз көзқарасқа қыр жағдайында туған халқының ұлттық ар-намысын қызғыштай қорғап, қазақ халқын "тағы халық" деп қарау мүлде қате, бұл білместіктен айтылған сөз, халқымыз ертеден елдігі, өзіндік өнері бар, ылғи да көшіп-қонудың салдарынан оқу-білімнен кенжелеу қалса да, рухани дүниесі бай, прогресс атаулыға ұмтылғыш, жаңалыққа бейім халық деп тебіренеді. Ол Шығыстың эпосына емес, индогермандық эпосқа ұқсайды", — деп ол түйіндей келе, ол қазақтардың рухани байлығын өркениеті аса бай ірі елдермен төркіндестіре қарайды Шоқан қазақ ақындарының төгілдіре жырлау қабілетін олардың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп бағалады. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, халықтық психологиясын көрсететін белгілердің бірі — сол халықтың тіл байлығы, сөз өнері, шешендік қасиеттері. Ол сөз өнері халық бойына біткен зор таланттың, керемет қабілеттің, ақындық қуаттың белгісі деп санады. "Халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпы, — деп жазды ол, — бәрінен де артық көрініс табады. Өткенді қастерлеу мен аңыздардың молдылығы — терістік және Орта Азия көшпелі халықтарының ерекше қасиеті. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл". Ғұлама ғалымның осы пікірлерін кең-байтақ өлкемізде болған орыс, украин, поляк зиялылары да қостайды. Шоқанның психологиялық пікірлерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады. Ғұлама ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғандығын айтады. Шоқан қазақ халқындағы шамандық ұғымдардың шығу тегін түсіндіргенде де, оның психологиялық жақтарын ашқанда да, материалистік позицияны берік ұстады. Шоқан туған халқының әдет-ғұрпының түрлі жақтарын таңдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді де мейлінше сынап, олардың психологиялық астарларына үңіліп, осы айтылғандардың қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп қарады. Мәселен, осындай кінәраттың бірі барымта екендігін, оны жұрттың көпшілігі баюдың мал жинаудың ең жеңіл әдісі деп қате түсініп жүргенін баса айтты. Ол мұндай "кәсіппен" айналысқан адамның еңбекке ынтасы болмайды, жан-жүйесі жұғымсыз, ұсқынсыз келеді. Белгілі бір кәсіппен айналысу уақытты, зор ынтаны керек етеді деп дұрыс тұжырымдады. Осылайша ол жастарды сұрқия кәсіптен бойын аулақ салуға шақырып, осынау жексұрын қасиеттің адамды арамтамақтыққа, еріншектікке итермелейтінін айта келіп, осы жаман әдеттің сайып келгенде қазақ даласында түрлі кәсіптің дамуына кедергі келтіретініне тоқталды
57. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы 1-дәрежелі сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның есімі әлем әдеби байланыстарының өзекті проблемаларын, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен республиканың, ТМД елдерінің ғылыми қауымына кеңінен мәлім. Шәмшиябану Қанышқызы 1930 жылғы 25 шілдеде Павлодар облысы, Баянауыл ауданының “Теңдік” ауылында (қазіргі Сәтбаев ауылы) дүниеге келген. Шәмшия апайдың кітаптары мен естеліктерінде Баянауылға, оның тамаша табиғатына деген шексіз махаббаты ерекше шабытпен сөз болады. Осы елде орта мектепті аяқтаған соң, 1946 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. 1950 жылы бұл жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіреді. Одан әрі ол аспирантураға қабылданады. 1951-1954 жылдары Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің аспирантурасында оқиды. Аспирантурада оқып жүріп, әлем әдебиеттері қатарында қазақ әдебиетін қалың жұртшылыққа танытуда аянбай тер төгеді, лекциялық курстарда, семинарларда оқытылатын қазақ әдебиеті туралы материалдарды орысша дайындауға атсалысады. Кафедра ұжымы дайындаған, 1960 жылы Мәскеуде шыққан студенттерге арналған “Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әдебиеті” атты оқулықтың қазақ әдебиеті бөлімінің материалдарын Ш.Сәтбаева дайындаған. Шәмшиябану Сәтбаева 1954 жылы небәрі 24 жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде “Қазақ көркем прозасындағы индустрияландыру” деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылыми еңбектің ресми оппоненті болған қазақтың мақтанышы Мұхтар Әуезов өз пікірінде диссертациялық жұмысты өте жоғары бағалап, ғылымда жаңалығы бар дүние екендігін атап көрсеткен. Сол жылы жас ғалым Қазақстанға оралып, Абай атындағы педагогикалық институттың орыс және шетел әдебиеттері кафедрасының аға оқытушысы болып жұмысқа орналасады. Жас шәкірттерін біліммен сусындату және өзінің ғылыми біліктілігін ұштау істерін қатар атқара жүріп, Ш.Сәтбаева осы жылдары әдебиет тарихы мен әдебиеттану мәселелеріне арналған көптеген ғылыми мақалалар жариялайды. Жоғары оқу орындарында жыл сайын өткізіліп тұратын оқытушылардың ғылыми-теориялық конференцияларында филология проблемалары туралы жасаған баяндамалары жоғары бағаланған. 1965 жылы Шәмшиябану Қанышқызы Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына қызметке ауысып, біржола ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Институттың әдебиеттер байланысы бөлімінде аға ғылыми қызметкер бола жүріп Мәскеу, Ленинград кітап қорларында, қолжазбаларында қазақ халқы, оның мәдениеті мен әдебиеті туралы Батыс Еуропа елдерінде ертеден бері жазылып, жинақталып қалған материалдарды тауып, ғылыми айналымға енгізеді. Зерттеу нәтижесінде қазақ әдебиетінде күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпаған көптеген сүбелі ғылыми мақалалар мен еңбектер жарық көрді. Ол өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және әдеби байланыстар мәселелеріне арналған алғашқы мақалаларын ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жариялай бастады. “Француздар қазақтар жайында”, “ХІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жеріндегі еуропалық саяхатшылар”, “Қазақ фольклорының шетел әдеби сынында бағалануы” атты еңбектері бірден ғылыми жұртшылық назарын аударды. Ғалым “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы” (Алматы, 1970), “Әдебиеттер достығы” (Алматы, 1986) және т.б. жинақтарды, сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томын шығару ісіне белсене атсалысты. 1971 жылы ғалым “ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-еуропа әдеби байланыстары” тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл еңбек жайлы М.Қаратаев, Т.Нұртазин сынды танымал әдебиеттанушы ғалымдардың жоғары бағалаған пікірлері де бар. Осы жылы “Ғылым” баспасынан “Қазақ әдебиетінің шетел әдеби сынында бағалануы” атты жинақ Ш.Сәтбаеваның құрастыруымен әрі көлемді алғысөзімен жарық көрді. Мұнда шетелдік авторлардың деректері мен жолжазбаларындағы құнды мәліметтер орыс тіліне аударылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді. Ғалым зерттеулерінде Фирдоусидің “Шахнамасының” қазақ тіліндегі нұсқасы, шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары, Абай шығармаларындағы шығыстық сюжеттердің қолданысы, кеңестік кезең қаламгерлерінің шығармаларындағы шетелдік Шығыс тақырыбы, қазақ қаламгерлерінің Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымақтастығы қозғалысындағы әдеби байланыстар мәселесі жайлы айтқан ой-пікірлері де кең тұрғыда қарастырылған. Зерттеушінің ғылыми мұрасында ұлттық әдебиеттануда алғаш рет ғылыми айналымға енген шетелдік деректер мен мәліметтер көптеп кездеседі. Осындай құнды мәліметтердің қатарына Байронның сүйіктісі Клер Клермонттың атынан жарық көрген неміс ақыны Герман Гамбстың “Владимир және Зара” атты Қазақ елі жайлы жазылған романтикалық поэмасын жатқызуға болады. Ш.Сәтбаева поэманың 1836 жарық көргенін ескере отырып, шетелде қазақ тақырыбына жазылған тұңғыш поэмаға ерекше мән беріп, ғылыми әрі тарихы маңызы жоғары мәлімет ретінде бағалады. Әдеби саяхаттар (әдеби сапарнама) мәселесі – зерттеушіні ерекше қызықтырған мәселелердің бірі болды. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде жаңа деректерді қамтыған “ХІХ – ХХ ғғ. шетелдік саяхатшылар Қазақстан туралы” атты қолжазба жинақталды. Ғалымның монографиялық еңбектерінде Орта Азияда, қазақ даласында болған еуропалық саяхатшылар Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және тағы басқа батыс саяхатшыларының қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасы жайлы өз отандастарына жазған түрлі жазбаларынан деректер берілген. Сондай-ақ, әлем әдебиеті классиктері Даниэль Дефо, Джакомо Леопарди, Жюль Верн, Адам Мицкевич, Александр Дюма, т.б. туралы мәліметтер де мол. Автор тек еуропалық саяхатшылардың Қазақ елі жайлы жазған жолжазбаларын талдаумен ғана шектелмей, қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов сынды ойшылдардың батыс өркениеті жайлы айтқан ой-пікірлеріне де ерекше мән берді. Сөйтіп, ол түрлі іссапарлар нәтижесінде болып қайтқан бұрынғы Кеңес өкіметі, Шығыс және Батыс Еуропа, Азия елдері жайлы жазған жолжазбалары мен күнделіктері арқылы өзі де әдеби саяхаттардың озық үлгілерін жасап берді. Мұндай еңбектердің қатарында ғалымның 2002 жылы жарық көрген “Из разных лет” атты монографиясын атауға болады. Зерттеушінің барлық ғылыми еңбектері өз уақытында ұлттық салыстырмалы әдебиеттану ғылымына арналған алғашқы ғылыми-зерттеулер ретінде осы саладағы ғалымдар мен қоғамдық ортаның жоғары бағалауына ие болған еді. Ш.Сәтбаева Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатовтың шығармашылық мұрасын зерттеу комиссиясының құрамында болып, кейін Ш.Құдайбердиевтің, А.Байтұрсыновтың шығармаларын жүйелеп бастыру ісін басқарып, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер жазды. Сондай-ақ, ғалымның екі ғасыр бойы Қазақ елінің өркендеуіне еңбек еткен Сәтбаевтар әулеті туралы “Сәулелі әулет” (1996), “Свет очага” (1999), “Әбікей Сәтбаев” (2000), және т.б. еңбектерінің де өз оқырманын тапқаны ақиқат. Ш.Сәтбаева қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі мен ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын игеру жоспарлары мен проспектісін жасап, үлкен текстологиялық жұмыс жүргізді. Мұнда VІІ-ІХ ғасырлардағы ежелгі жазбалар, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, Қожа Ахмет Ясауидің “Диуани хикмет”, А.Иүгүнекидің “Хибат-ул-хакаих” тағы басқа жалпы түркілік ортақ ескерткіштердің қазақ әдебиетінің дамуына әсері зерттелді. Ғалым өзінің ғылыми-теориялық зерттеулерінің бір саласын халық ағарту ісіне арнады. Ол орыс мектептерінің 9-10 сыныптарына және Қазақстан жоғары оқу орындарының филология факультеттерінің орыс бөлімдеріне арнап жазылған “Қазақ әдебиеті” оқулығының, “Қазақ әдебиеті” оқулығына арналған методикалық құралдың авторларының бірі болды. Шәмшиябану Қанышқызы өзінің осыншалықты ізденімпаздығы мен ғылымға адалдығын өз шәкірттеріне де дарыта білген ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен еліміздің бірқатар білікті ғалымдары докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Бүгінде ғалымның көптеген шәкірттері ұстазының ізін басып, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби байланыстары саласында жемісті еңбек атқаруда. Ұлының ұрпағы болу да адамға аз міндет жүктемесе керек. Қаныш Имантайұлы сынды қазақтың біртуар азаматының сүйікті қызы Шәмшия апай әке өнегесін ардақтап, жақсы атына кір келтірмей, атағын асқақтата білген перзент десек, артық айтқандық емес. “Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады”, демекші, ата-анадан көрген өнеге Шәмшия апайдың бүкіл өміріне азық болып, биік белестерге жетеледі. Шәмшия апайдың әкесіне деген биік құрметін ол кісінің қатарластары, сыйлас замандастары ерекше ілтипатпен сөз етіп отырады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Шерияздан Елеукенов Ш.Сәтбаева туралы “Асыл бейне – Светлый облик” атты естеліктер мен зерттеулер кітабына жазған мақаласында мынадай қызғылықты әрі өнегелі жәйттің куәгері болғанын баяндайды. Оразай аға мен Шәмшия апайдың үйінде қонақта отырғанында Шерияздан ағаға Шәмшия апайдың анасы, Қаныш Имантайұлының бәйбішесі Шәрипа апа: “Қарағым, Шекен, балам! Әнеу жолы мына Қанекең жарықтықтың домбырасын шертіп, ән салғаның бар еді. Тағы да бір шырқап жіберші “Баянауылға!”, – деп тілек айтыпты. “Қанекеңнің домбырасы” деп ұсынған домбыраны, ұлы адамның қолының табы қалған домбыраны қолына алған Шерияздан аға қатты толқып кетіпті. Сонда Шәмшия апай бұл домбыраның тарихын баптап айтып берсе керек. “Әкемнің алпыс жасқа толуының қарсаңында балалары әрқайсымыз бүкіл республика тойлайын деп жатқан тойға не тарту-таралғы жасаймыз деген ойға қалдық. Ондай мерейтой енді қашан аталмақ? Әке-шеше балалары не сый-сияпат жасаса да риза ғой. Бәрінен де тартқан тартуыңа өзің риза болғанға не жетсін. “Не етсем” деп қамкөңіл жүрген бір күні папамның домбырамен әндетуді жаны сүйетіні есіме сап ете түскені. Ой, мұндай қуанбаспын. Әкемнің мерейтойына домбыра сыйлауым керек міндетті түрде. Іздеп, сұрастырып жүріп, Бозтай деген ағаштан түйін түйетін шебер қарттың қалаған домбыраңды жасап беретінін естіп, со кісіге жүгіндім. Маған күйшілер тартатын сан пернелі, тырна мойын ұзын домбыра емес, тоғыз пернелі, тұрқы қысқалау қарапайым домбыра қажет екенін ескерттім. Бірақ қарапайым деп сыртын тым жұпыны қылмауын өтіндім. Сырты қою қоңыр түсті, сымбатты домбыра дүниеге осылай келген”, – деп аяқтапты әңгімесін Шәмшия апай. Кейін әкесіне осы домбыраны сыйлағанда ол кісінің домбыраның шанағын сабаламай, ішекті оң қолының сұқ саусағымен іліп-қағып шертетін әдетімен шертіп отырып, қызын қасына шақырып алып маңдайынан сүйіп: – Айналайын балам, домбыраң маған қатты ұнап отыр. Қолға түспейтін мұндай аспапты қайдан тапқансың? Домбыра өзіңнің үйіңде тұрсын. Келгенде тартып жүрермін, – депті. Домбыраны алып әулетінің ортасында суретке түсіпті. “Өзге домбыралары да жетер деп, мұражайға бұл аспапты тапсырмадым. Әкемнің көзі секілді, үнемі қасымда ұстаймын. Бойтұмарым, бақыт құсындай көремін. Мұражайға қимайтыным сондықтан...” – депті Шәмшия апай толғанып. Міне, әке мен перзент арасындағы ыстық ықылас, баланың әкеге деген құрметі осындай болса керек-ті. Шәмшия апайдың әкесіне деген перзенттік махаббаты жазған кітаптары мен естеліктерінде айқын көрініп тұрады. Сондай еңбектердің қатарында “Сәулелі әулет” еңбегін атауға болады. Тұтас бір текті әулеттің тарихын тілге тиек еткен “Сәулелі әулет” кітабының жазылуының екі себебі бар екен. Бірінші, Қаныш аға Мәскеу университетінің аспирантурасында оқып жүрген қызын үнемі қасына ертіп, ата-бабаларының тарихын айтып отырады екен. Тіпті: “Балалардың ішінде елдің жағдайын білетін Шәрипа шешең екеуің ғана”, деп ескертіпті. Онысы “елдің тарихын есіңнен шығарма” дегені екен ғой” дейді өз естелігінде Шәмшия апай. Әкенің осы сөздері жадында жатталған Шәмшия апай Сәтбаевтар әулеті туралы еңбек жазып шығарады. Мұнысы әке аманатын орындағаны еді. Екінші, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан әрдайым апайға: “Шәкеш, екеуміз Сәтбаевтар туралы кітап жазайық, сен деректі материалдар жинай бер, аздап қол босағасын мен де кірісемін” деген екен. Өкінішке қарай, Әлкей аға бұл мақсатын орындай алмай кеткен. “Сәулелі әулетті” жазғанда Әлкей ағаның осы тапсырмасын орындағандай болдым”, деп жазады Шәмшия апай. “Сәулелі әулет” – Қаныш Имантайұлының шыққан ортасы, кейінгі ұрпақтары мен өзінің жүріп өткен жолын саралайтын, ғалымды тек үлкен қайраткер тұлға деп қана емес, адамдық тұрғыдан да тануға септігін тигізетін көптеген жаңа деректерді қамтыған зерделі еңбек. Шәмшиябану Қанышқызының үйіндегі фотоальбомды парақтап отырып, апайдың академик-жазушы Сәбит Мұқанов пен ол кісінің аяулы жары Мәриям апамен бірге түскен суретіне көзім түсті. Бұл суреттің өзіндік тарихы да бар екен. Ол жайлы ғалымның ері, көрнекті қоғам қайраткері Оразай аға былай деп әңгімелеп берді. Шәмшияның Көкшетауға демалуға барған кезі. Бурабайдағы “Ясная Поляна” санаторийінде Сәбит Мұқанов пен Мәриям апа демалып жатса керек. Жазушымен жүздесіп, реті келсе әңгімесін тыңдап, естелікке суретке түсуге құмартып келген жұртшылық үнемі Сәбит Мұқановтың жанында топталып жүреді екен. Бір күні осындай көпшілікпен суретке түсіп жатқан Сәбит ағамыз: “Қаныштың қызын шақырыңдар, бізбен суретке түссін”, деп Шәмшия апайға арнайы кісі жіберіпті. Ол жақындай бергенде Сәбит аға қасындағы креслода отырған Мәриям апаға: “Сен көпшілікпен бірге артта тұрарсың, мына орынға Қаныштың қызы отырсын”, депті. Алдымен үшеуін, сосын қалың көпшілікпен суретке түсіруін қалапты. Міне, бұл Сәбит ағаның өз замандасына, айтулы тұлға, Қазақ елінің мақтанышы Қаныш Имантайұлына деген шынайы сағынышы мен үлкен құрметінің белгісі емес пе?! Сәбит аға, Мәриям және Шәмшия апайлар үшеуі Оқжетпестің баурайында түскен осы сурет күні бүгінге дейін, қырық жылға таяу уақыт бойы отбасылық фотоальбомда сақтаулы тұр. Шәмшиябану Қанышқызы ата-ана сенімін ақтай білген зерделі перзент қана емес, үлгілі жар, сыйлы дос бола білген адам. Ол жайлы Оразай аға мен Шәмшия апайдың шаңырағын жақсы білетін, жолдастық қарым-қатынаста болып, туыстай болып кеткен сыйлас дос-жарандары жеріне жеткізе айтып та, жазып та жүр. Солардың бірі Қанапия Ахметов ағамыз былай дейді: “Ауруханада жатқан кезінде бір барғанымда “Сәулелі әулет” кітабының баспадан шыққан гранкаларын қарап отыр екен. 15 минуттай сөйлестік. Сонда жолдастық жөнінде біраз пікір айтып еді: “Оразайға ризамын, Оразайдың достарына да ризамын. Кіршіксіз таза достық, ешқандай есепті, санасуды көздемейтін қарым-қатынастарыңыз ұнайды. Және, сіздердің араларыңызда, бір жақсы көретінім, бөсіп, даурығып, біріңді-бірің өтірік мақтау жоқ”, - деді. Бүгінге дейін Шәкеңнің осы пікірлері маған достық туралы айтылған бір гимн сияқты көрінеді де тұрады”. Аз сөзге көп мағына сыйғыза білетін сарабдал жан осы екі-үш ауыз сөзбен-ақ өзіне ең қымбат адамдарға бар ойын, бар құрметін жеткізіп тұрған жоқ па? Шәмшия апай тек зерделі перзент, үлгілі жар, сыйлы дос қана емес, аяулы ана бола білген жан. Балаларына деген қамқорлығы, олардың тәрбиесіне барынша көңіл бөлуі, әрқайсысының ғылымдағы, өмірдегі мақсаттары мен бағыттарына ақыл-кеңес қосып отыруы өз алдына, өзі өмірден өткен соң да перзенттерінің ойлы, саналы, мағыналы ғұмыр кешуін армандаған ана еді. Апай өмірден өткен соң жары Оразай аға ол кісінің қағаздарының арасынан “Обращение детям!” деген қолжазбасын тауып алған екен. Онда Шәмшия апай өз денсаулығының нашарлағанын сезіп, балаларына соңғы тілегін, ақтық сөзін жазып кетіпті. “Сүйікті балаларым, Газкен, Еркеш, Райхан, Ержан”, деп басталатын бұл хатында ана оларға адал өмір сүріп, айналадағы жұртпен өзара тіл табыса білуге үндепті. Сондай-ақ, бір-біріне мейірімді болу қажеттігін де аманаттаған екен. Бауыр еті – балаларына деген ерекше махаббаты алаулап тұрған, жүріп өткен өмір жолына салиқалы көзбен қарап ой түйген адамның осынау түйінді сөзі әрбір жанға ой салары сөзсіз. Қолжазба мәтінінде мұң да бар, балаларының болашағына алаңдау да бар, өткенге, қимас жандарға деген сағыныш та бар. Ең бастысы, өзін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген анасына деген үлкен құрметі көрінеді. “Мне очень трудно говорить о маме прошедшем времени. Она было больше, чем мать. Я счастливый человек, потому что со мной всегда была мама, мы никогда не разлучались за исключением трех лет, когда училась в аспирантуре в Москве. ...Она делила со мной все радости, трудности, горести от утраты моего любимого единственного родного брата, который умер когда ему было всего четырнадцать лет, которого не могу забыть, и утраты отца. Вместе с мамой воспитали детей. К нашему огромному горю, она умерла. Самым тяжелом моментам в жизни было смерть матери, она спокойна ушла из жизни, для меня она по-прежнему жива, память о ней, о ее жизненном подвиге всегда во мне и в моих детях”. Өмірінің көкжиегі көрінгенін сезінген әрбір жан өзінің анасын еске алып, оған деген сағынышы мен алғысын, өмір бойы жүректің түбінде тұнып келе жатқан сыры мен тебіренісін жеткізуге тырысады-ау! Бұл толғаныс анаға деген ыстық ықылас пен шексіз махаббаттың қандай болатындығының және бір көрінісі іспетті. Осы сезім-толғанысы арқылы апай балаларына ой салып, үлгі көрсеткендей... Ғалымдық пен қарапайым адамдықты қатар алып жүре білген Шәмшия апайымыз туралы ақын, тарихшы-ғалым Хамит Мадановтың мына жыр шумақтары көп нәрсені аңғартып тұрғандай: Шәмшекең ақыл-көркі келісті адам, Соңынан шәкірт ерген жемісті адам. Әйелдің оған бәрі тең келмейді – Бауырынан бала өрбітіп, ер ұстаған. Атағы айдай жұртқа мәлім болған, Өмірі жас ұрпаққа тәлім болған. Шәмшекең қасиеті мол, қалаулы адам, Жолымен Қанекемнің ғалым болған. Иә, Шәмшия Қанышқызы туралы ізгі ниетті, ризашылықты пікір білдірушілер өте көп. Өз басым сол адамдардың көбімен сөйлесіп, әңгімелерін де жиі тыңдап жүрмін. Осыншалықты жұртшылықтың көңілінде ізгі ой қалдырып, жүрегінің төрінен орын ала білген Шәмшия апайды ойласам, әрбір әйел заты осындай ана, осындай жар, осындай ғалым, осындай Адам болса ғой деп те тебіренемін. Айман МЕНКЕБАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты.