Қазақстанның кәсіптік-аңшылық жануарлар түрлері (тұяқтылар). Оларды тиімді пайдалану және қорғау.
Тұяқтылардың 12 түрінің 7 түрі (ақбөкен ,киік, бұлан-лось, елік- косуля, қабан, тау теке, марал) кәсіптік аулатындар.
Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған.
Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.
Бұлан немесе суын (лат. Alces alces) – бұғылар тұқымдасына жататын сүтқоректі. Бұлан - Қазақстандағы бұғылар тұқымдасына жататын ең ірі сүтқоректі, тұяқты жануар. Шоқтығының биіктігі 2 метрге жетеді, салмағы 600 кг-дай. Түсі қыста қара қоңыр, жазда қоңырқай, басы, аяғы ақшылдау. Қазақстанда Жайық өзені аңғарындағы ормандарда, солтүстік облыстардың ормандарында және шығыста Ертіс бойы мен Алтайда кездеседі. Наурызымдағы қарағай ормандары мен шоқ ормандарда кездеседі. Аталықтарында үлкен күрек тәрізді мүйіздері болады, аналықтарында мүйіз болмайды. Жазда шөппен, қыста бұтақ, ағаш қабықтары және бұталарымен қоректенеді. Күйлеу уақыты қыркүйек-қазан. 225-230 күн буаздықтан кейін, мамыр-маусымда аналығы 1-2 төлін дүниеге әкеледі. Аң аулау кәсібінің нысаны болып табылады.
Елік (лат. Capreolus pygargus) – бұғылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, сүтқоректі жануар. Еліктің 3 түр тармағы (Еуропа, Сібір, Маньчжур) таралған.
Қазақстанда Сібір түр тармағы (C.c. pygargus) кездеседі. Дене тұрқы 120 – 160 см, шоқтығына дейінгі биіктігі 75 – 100 см, салмағы 30 – 55 кг. Құйрығы өте қысқа. Ешкісі мүйізсіз, текесінің наурыз – мамырда толық жетіліп, қараша – желтоқсанда түсетін 3 – 5 ашалы мүйізі (25 – 40 см) болады. Аяқтары жіңішке әрі ұзын. Қыста түгінің түсі қоңырқай сұр, жазда жирен, жас лақтарының түгінде ашық түсті теңбіл дақтары болады. ЕлікТалас, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Батыс және Орталық Тянь-Шаньда, Қаратауда, Тарбағатайда, Сауырда және Оңтүстік Алтайда кездеседі.
Жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Бір жарым жасында лақтайды. Шілде – тамыздан бастап 9 ай көтеріп 1 – 2, кейде 3 лақтан туады. Лақтарын 6 – 8 ай сүтімен қоректендіреді. Ешкісі 11 – 12, текесі 16 жылдай тіршілік етеді. Еті мен терісі үшін арнайы рұқсатпен ауланады. Кәсіптік маңызы бар.
Таутеке (лат. Capra sіbіrіca) – қуысмүйізділер тұқымдасына жататын жұптұяқты жануар. Таутекелер Гиндукуш тауы мен Бадхызда, Гиссар мен Дарбазада, Памир – Алтай жоталарында, Саян мен Моңғолияның таулы аймақтарында тараған. Қазақстанда Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы мен Оңтүстік Алтайда құз жартастар арасында мекендейді. 1995 – 2006 жылдар аралығында “Алтынемел” ұлттық табиғи саябағында Таутекенің 3500 – 4000 басы тіршілік еткені белгілі. Текелерінің дене тұрқы 140 – 167 см, салмағы 59 – 82 кг болса, ешкілері кішірек. Түсі сұрғылт, біркелкі. Қысқа қарай ірі текелерінің жотасы мен мойнында, қапталында ақ түсті жолақ пайда болады. Текесінің семсер тәрізді, көлденең бунақты, ұзындығы 140 см-дей мүйізі болады, ешкісінің мүйізі 40 см-дей. Текесінде ұзын сақал бар. Топтанып жүреді. Маусым сайын таудың басынан етегіне, етегінен басына дейін ауысып, қоныс аударып отырады. Шөптесін өсімдіктермен, ағаш өркенімен қоректенеді, су ішіп, қар жалап, шөлін қандырады. Организмінде минералды заттар жетіспесе, тұзды топырақ пен ащы сорды жалайды. Қазан – қарашада күйекке түседі, 6 ай буаз болып, сәуір – маусымда жалқы, кейде егіз лақ табады. Жаңа туған лақтарының салмағы 2,5 – 3 кг болады. 10 күннен кейін төлдері көк шөптің басын шалса, 1,5 айда ересектерімен бірге жайыла бастайды. Табиғатта таутекелер 13 – 14 жылдай тіршілік етеді. Таутекелердің негізгі жауы – барыс, сілеусін, қасқыр. Таутекелерді еті, терісі үшін аулайды, мүйізінен әсемдік бұйымдар жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |