Қазақстанның кәсіптік-аңшылық құстары түрлері (жыртқыш құстар). Тиімді пайдалану және қорғау. Құстар — омыртқалы жануарлар тип тармағының бір класы. Құстардың эволюциялық даму сатысы 4 кезеңге бөлінеді:
алғашқы құстар – археоптерикс;
тісті құстар;
қырсыз жалпақ төстілер – түйеқұстар, киви, пингвиндер;
қырлы төсті құстар.
Құстар — жылықанды омыртқалы жануарлар (омыртқасы бар жануарлар). Олардың қауырсындары жылуды сақтауға және ұшуға көмектеседі. Олар артқы екі аяқтарымен жүреді, ал алдыңғң аяқ-қолдары қанаттарға айналған. Құстардың барлығы жұмыртқа салады. Құстардың денелері жеңіл болғанымен, мықты және ұшуға ыңғайлы болады. Дегенмен ұшпайтын құстар да кездеседі.Құстар 2 класс тармағына: бір ғана отряды бар кесірткеқұйрықтылар (жойылып кеткен) және 34 отрядқа бірігетін 9 мыңдай түрі (оның 28 отряды осы кезде де кездеседі) желпуішқұйрықтылар немесе нағыз құстар деп бөлінеді. Құстар Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған.Қазақстанда құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты - шалшықты және су құстары деп те бөліп жатады. Алғашқы құстардың дене тұрқы 1,8 м-ге дейін жеткен, тістері жақсы жетілген, ұша алмаған. Тіссіз, жақсы ұшатын ихтиорнистер қазіргі құстарға өте жақын болған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы – олардың ауада ұша алатындығы. Атап айтқанда, алдыңғы аяғы қанатқа айналған, төс, сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген, сүйектері жұқа, көбінің іші ауаға толы қуыс болғандықтан және бір-бірімен жіксіз тұтасатындықтан, қаңқасы жеңіл әрі берік. Құстарда тек құйымшақ безі ғана болады (ол су құстарында жақсы жетілген). Жүрегі 4 камералы. Зат алмасу процесінің тез және қарқынды жүруі – олардың ұшуына қажетті энергия бөлінуін және дене температурасының тұрақты әрі жоғары болуын (38 – 41°С) қамтамасыз етеді. Ендігі кезекте аншылық құстарға тоқталсақ.
Аңшылық құстары деп аң аулауға ұстайтын құстар айтылады. Мәселен: бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын, тұйғын, тұрымтай, қырғи, ителгі. Бұл құстарды аңшылар аңға салу үшін әуелі баулиды, қолға үйір етеді. Құс баулу өз алдына бір өнер: кім болса сол үйрете алмайды. Құс үйретіп, әбден әдісін білген адамдар ғана құсты баули алады. Құс баулудың қысқаша айтылғанда жөн жоспары мынау: құсты ұстағаннан кейін аяқбаулап, қолға қондырып, үсті-басын сипап-сипап қояды. Құс басында сипауға келе жатқан қолдан үрке қараса да, біраздан соң үйір болады. Сипауға үйір қылып жүргенде, жемді де қолға қондырып отырып береді. Құс қолдан жеуге үйренеді. Сонан соң аяқбауын ұзын тағып, тұғырына қондырып қойып, алысырақ отырып, жемге шақырады. Қолдан жем жеп үйреніп қалған құс, қолдағы жемді көрген соң, тұғырынан ұшып барып, қолға қонады. Сүйте-сүйте жүріп, алыстан жемге шақырса да ке-летін болады. Онан әрі шақырған дауысқа үйреніп, жем көрмесе де дауысқа келетін болады. Шақырған дауысқа келетін болған соң, қашып кетер деген қорқыныш жоғалады. Аңға, құсқа салуға болады. Жоғарыда айтылған аңшылық құстарының арасында үлкені де кішісі де бар. Асылы да, жасығы да бар. Асылдары алғыр келеді. Бүркіттердің қасқыр алатындары да болады. Сұңқар, лашын, тұйғын, қаршығалардың алғырлары қаз, үйрек, дуадақ, құр сияқты құстарды алады. Ителгі, қырғи, тұрымтай ұсақ құстарды ғана алады. Аңшылық құстар арам құстардың табына жатады. Ба-лалары жұмыртқадан нашар, жалаңаш шығады. Көпке дейін ата-анасының қолына қарайды.Аңшылық құстардың көзі қырағы, тұмсығы, тырнақтары өткір келеді. Аңшылық құстарымен рулас құстар: ақ иық, арлан, күші-ген, қарақұс, бөктергі, құладын, күйкентай, үкі, жапалақ, байғыз. Соңғы үшеуі түнде тамақ аулауға шығатын болғандықтан, түн құсы деп аталады.