Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының cараптау комиссиясы мақұлдаған



Pdf көрінісі
бет27/96
Дата25.11.2023
өлшемі1,76 Mb.
#126971
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   96
Байланысты:
Пайғамбарлар тарихы (Қалмақан Сейтұлы)

Қуаңшылық
Салих (а.с.) пайғамбардың сөзін əсіресе ел билеуші көсемдер мен байлар місе тұтпады. Олар
əрқашан малы мен жаны аман тұрарына бек сенді. Пайғамбардың сөзіне құлақ аспады. Сол
себепті Хақ тағала оларға ескерту ретінде қуаңшылық жіберді. Масатыдай құлпырған жайлауы
көп ұзамай соры шыққан тақырға айналды. Бір ғана құдықтан басқа бүкіл құдық атаулының суы
тартылды. Елдің күні жалғыз құдыққа ғана қарап қалды. Таң атқаннан кеш батқанша бүкіл
халық сол құдықтың басында үймелеумен əбігерге түсті. Бұны көріп халықтан тəубаға келгендер
Салих пайғамбардың айтқандарын тыңдай бастады. Бірақ бұл жағдай мүшрік билеушілерге


ұнамады. Олар бір күні келісіп, Пайғамбарды халық арасында мүдіртуге ниеттенді. Ақиқаттың
жаршысы – Салих бірде қалың нөпір халықтың арасында тұрып дін уағыздап, оларды ақиқатқа
шақырып тұрған шақта əлгі мүшріктер келіп: «Ей, Салих! Біз сені жақсы танимыз. Көз
алдымызда дүниеге келдің. Тəй-тəй басқаның, ойын баласы кездерің де есте. Есейгенде елдің
арқа сүйер азаматы болар деген едік. Алайда сенің мына теріс қылығыңа жол болсын?! Біз
білетін Салих ата-бабаларымыз құрметтеп өткен пұттарға тіл тигізіп, олардан бас тартуы
мүмкін емес. Шамасы, дуаланып қалған секілдісің. Өйткені не айтып жүргеніңді өзің де
білмейтіндейсің. Өзімізбен қатар жүрген адам бізге қалай пайғамбар болмақ? Егер айтқандарым
ақиқат десең, мына таудағы əне бір тік жартастан ішінде он айлық ботасы бар, буаз қызыл
інгенді шығаршы қанекей. Соны көрейік те айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік. Һəм ол
аузына көк шөпті шайнап шықсын. Бұл түйеге сырттай қарағанда өзге түйелерден
айырмашылығы болмасын. Құдықтан тұп-тура бір күн су ішсін. Су ішкенде құдықты сарқып
ішсін. Сол күні бүкіл жұрттың түйелерінің сүтіндей сүт берсін» дейді.
Салих (а.с.) олардың бұл ұсынысына ешқандай абыржыған да, қысылған да жоқ. Өйткені ол
қысылған сəтте əрқашан өзіне Хақ тағаланың көмектесетініне, қиыншылықтардан
құтқаратынына күмəнсіз сенетін. Қашан да Раббысына бек тəуəкел еткен жан еді. Салих
пайғамбар оларға: «Мен бұл тілектеріңді орындасам, сендер иманға келесіңдер ме?» – деп
сұрады. Сол жердегі дүйім жұрт бəрі бірауыздан шуылдасып: «Егер осыны орындап мұғжиза
көрсетсең, біз саған иман келтіреміз. Содан кейін бізде ешқандай күмəн да, күдік те қалмайды»,
– деді. Салих пайғамбар мұғжиза болып келген түйеге халық залал келтіріп жүрмес пе екен
деген уайым кешкен еді. Олар тағы да жамырап: «Жо-жоқ, киелі түйені өлтіргені несі? Оған
біздің дəтіміз қалай шыдайды, қолымыз қалай барады. Оны өлтірмейміз, қайта кие тұтамыз!» –
деп ант-су ішті. Олардың бəрі осылай шуылдасып тұрғанда, іштерінен: «Е-е жартасты жарып
шығатын қайдағы түйе? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген, міне, осы!» – деп
жымысқылана күліп тұрды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   96




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет