Күн болмағанда, кім болам!
Мұздаған елдің жүрегін
Жылытуға мен кірермін,– дейді. Бұл – жаңа заман жасының өр талабы. Отан, халық алдындағы борышын түсінген адамның батыл ойы мен шын ықыласының көрінісі. Мұндай жырлардың балаларды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі маңызы ешқашан кемімек емес. Ақын ұлттық білім, халықтық тәрбие ісінің келеңсіздік жағдайларын зерлей зерттеп, ұрпақтың үмітін оздырып, келешегіне кемелді жол сілтеді. Жастарды өнер-білімге шақыру – ақынның шығармашылық кредосы болды. Ақын мақсатқа жетудің нақты жолы – еңбек деп түсіндіреді. Ұлттық мәдениетті дамыту ұлттың білімді болуына байланысты екенін пайымдаған ақын ұрпаққа білім беру ісіне өзі тікелей қатысып, сабақ берумен де шұғылданды. “Оқудағы мақсат не?” деген өлеңі арқылы оқу ұлттық білім беру жолындағы ұлы іс екенін, оқу тек күн көріс, шен-шекпен алу үшін жасалынатын әрекет қана емес екендігін ұрпаққа ұғындыра жеткізеді.
С.Көбеев әңгімелерінін мазмұны, тәрбиелік мәні
С.Көбеев – Ы.Алтынсариннің шәкірті, жазушы әрі педагог. 1901 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін халық мұғалімі болған. Қазақ балаларына арнап ашқан мектептеріне хрестоматиялық құрал ретінде «Үлгілі тәржімә» (1910), «Үлгілі бала» (1912) сияқты аударма, өлең-әңгімелер жинағын қоса бастырған. Алғашқы еңбегінде С.Көбеев Крыловтың 44 мысалын қазақ тіліне аударған. 1951 жылы «Орындалған арман» мемуарлық повесі басылды.
Қазақ балалар әдебиетінің тарихында С.Көбеевтің көрнекті орны бар. Өмірінің соңына дейін оқытушылық қызметпен айналысқан С.Көбеев өз білімін, қажыр-қайратын туған халқына жұмсады. Оның ұстаздық, ағартушылық қызметі қазақ қоғамының артта қалған мешеулік жағдайында басталды. Ауыл адамдары арасында жаңалық таратушы болды. А.С.Пушкиннің «Дубровскийі», Н.В.Гогольдің «Өлі жандары», И.А.Крыловтың мысалдары мен А.П.Чеховтың әңгімелері С.Көбеевтің ауызша әңгімелеуі негізінде ел ішіне тарады. Қызылжардағы орыс-қазақ мектебінде оқып жүрген кезінде өзінің И.А.Крыловтан аударған мысалдарын жинап баспаға жіберді. 1910 жылы «Үлгілі тәржімә» деген атпен Қазанда басылып шықты. Крыловтан 40-тан аса мысал-өлең аударды. Мысал-өлеңдерінің бірсыпырасы мыналар: «Өтірікші», «Емен мен тал шыбық», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Шымшық пен көгершін», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һәм шаян», «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары», «Көлбақалар», «Қомағай ит», т.б. Замандастары бойындағы тоғышарлықты, надандықты, зұлымдық пен мақтаншақтықты, көрсеқызарлық пен өзімшілдікті мысал тілімен тұспалдап әшкереледі.
Ы.Алтынсарин үлгісімен 1912 жылы «Үлгілі бала» оқу кітабын шығарады. Бұл – бастауыш мектептегі қазақ балаларына арналған оқу кітабы еді. Оқу кітабын құрастыруда С.Көбеев К.Ушинскийдің «Родное слово» кітабын басшылыққа алған. Бірқатар материалдарды содан еркін аударып пайдаланған. Кітап балаларға мектеп, оқытушы, адам (бала) тіршілігі жөнінде түсінік беретін қысқа әңгіме, өлеңдерден басталады. 60-қа жуық әңгіме, ертегі, мысал, өлеңдер бар. Көпшілігін орыс тіліндегі түрлі оқу кітаптарынан алып, қазақ балаларының ұғымына лайықтап жазған.
«Үлгілі балаға» Спандиярдың бірқатар төл шығармалары да кірген. Олар қоғамдық теңсіздікті, жетім-жесірдің аянышты тұрмысын көрсететін өлеңдер мен әңгімелер. Кітапқа енген шығармалар арқылы балаларды өнер-білімге, мәдениетке шақырды, іскерлікке, қиындыққа төзімді болуға, қайырымдылыққа шақырды. Ыбырай үлгісіндегі педагог жазушы С.Көбеев те балалардың теңсіздіктегі өмірін аяушылықпен суреттейді. «Жетім» атты өлеңінде ол жетім баланың қысқы аязда тоңған, әрі аш кейпін суреттей отырып, оны аяп үйіне әкеп тамақ берген, жылы төсекке ұйықтатқан кемпірдің ықыласына ризалық білдіреді. «Қайыршы» өлеңінде автор елден жинаған тиын-тебенін ғарыптерге, ақсақ, соқырларға үлестіріп берген қайыршының қайырымдылығын жазады. С.Көбеевтің халық арасында кең тараған шығармасы – «Жетімнің өлеңі». Онда жазушы жетім баланың аянышты халін суреттеп, феодалдық ортаның мораліне қарсы қояды. Өлең идеясы жалпы қазақтық қасиеттер туралы ойлармен, арманмен ұласады.
7.3 1920-30 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармаларының тақырыптық, көркемдік, тәрбиелік сипаты
С.Сейфуллин - казақ балалар әдебиетінің теоретигі
С.Сейфуллин. Аға буынға тән әмбебаптықтың, қайталанбас өнімділіктің сыры неде? Осы сұраққа Ә.Тәжібаев былай деп жауап береді: «Бізге бәрін істеу керек,– дейтін Сәкен. Бұған Бейімбет, Сәбит, Ілиястар жақсы түсінетін. Олар да бәрін істейтін. Қазақстанға театр керек. Пьеса қайда? Сәкен мен Бейімбет отыра қалып, өлеңнен драмаға ауысады. Өйткені пьесасыз театр жоқ. Ілияс үлкен ақын, жақсы фельетоншы, өзіне салсаң өлеңді ғана қуар еді. Бірақ амал жоқ, журналист Ілиясқа жұрттың басқа қажетін де өтемеске мүмкін емес... Бейімбет «Мырқымбаймен» бірге ұзақ әңгімелерді де қоса бітіреді, атақты повесті тастай беріп, өлеңмен отыруға мүмкін емес. Онда «Шұғаның белгісін» кім жазбақ?» Роман жазу үшін Мұхтар қаршадайынан қазақ әдебиетінің ғылымына да айналады: үйде отырып әдебиет тарихын зерттейді, институтқа барып сабақ береді. Өйткені «бәрін істеу керек».
Аға буынның әмбебаптығының, тындырымдылығының сыры міне осында. Ал бұған қуатты қайдан алған ағалар? Аға буын сарқылмастай мол қуатты қос ғасыр тоғысында жасақталып, жиырмасыншы ғасыр көгінде жарық дүниеге келген жаңа қоғамнан алған. Жаңа қоғам жас ойшылдарды тез ержеткізіп, «қайыспас қатепті қара нар» көтерер ерекше жүк арқалатқан оларға. Сондай уақыт арқалатқан ауыр жүкті қайыспай көтерген қаламгер – С.Сейфуллин.
20-жылдары қазақ ауылында таптық күрестің шиеленіскен жағдайында әдебиет пен өнер өкілдерінің арасында белгілі дәрежеде толқушылық байқалса, 30-жылдары олардың барлығы дерлік партия саясатын қолдап шықты. Пролетариат жазушыларының ассоциациялары керексіз бола бастады. ҚазАПП сыны қазақтың көрнекті жазушыларының өткендегі қателіктерін қазбалаумен болды. Партия көркем әдебиетті басқару саласында түбірлі өзгерістер жасауды қолға алды. БКП(б) Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» 1932 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы қабылданды. 1934 жылдың тамыз айында КСРО жазушыларының бірінші съезі шақырылды. Съезді М.Горький ашып жүргізді. Онда қазақ жазушыларынан І.Жансүгіров пен С.Сейфуллин сөз сөйледі. Съезд күндерінде кеңес әдебиетінің идеялық бағыты мен даму беталысын айқындайтын шаралар жүргізілді. Әдебиет түгелдей партияның ықпалына көшті. Кеңес әдебиетінің творчестволық әдісі ретінде социалистік реализм белгіленді. Ендігі жерде Кеңес Одағын мекендейтін барлық халықтардың әдебиеті мен өнері осы режимнің шеңберінде ғана қызмет ететін болды.
С.Сейфуллиннің «Маузер», «Бандыны қуған Хамит», «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Совпарттағы қарындасыма» шығармалары кеңес кезеңінде балалар оқуына ұсынылды. Аталған шығармалар кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетіне жаңа тақырып, жаңа мазмұн енгізді. Социалистік құрылыс идеясымен жандандырды. Революцияшыл, солшыл бағыттың топ бастаушысы С.Сейфуллин азаттық үшін күрестің от-жалынын кешкен болатын. Омбыда оқып, білім алды. Ондағы орыс революционерлерімен қарым-қатынас жасаған. 1917 жылы Ақмолада Кеңес үкіметін орнатуға қатысқан. 1918 жылғы көтеріліс кезінде ақ гвардияшыл атаман Анненковтың қолында, Колчактың Омбыдағы концлагерінде азап көрген. 1919 жылы қашып шығып, Оңтүстік Қазақстанға өткен. Орынборда Қазақ республикасының басшы қызметтерінде болған. Сол себепті де С.Сейфуллин ұлттық әдебиетте тұңғыш рет азаттық сүйгіш, күрескер қаһарманның бейнесін жасады.
Төңкеріс кезіндегі және кеңес өкіметі енді орнаған тұстағы оқиғаларды «Маузер», «Бандыны қуған Хамит» шығармалары арқылы суреттеді.»Маузер» өлеңі Сәкеннің революциялық көзқарасын танытатын шығарма болғандықтан уақытында өз бағасын алды. Балалар тәрбиесіне де оң әсерін тигізді. Өлеңде Отаны, елі, өз халқының азаттығы үшін қан майданда ауыр жараланған азамат өзінің ақтық сөзін анасына, жас жарына, баласына, майдандас достарына арнайды. Оның Отанға деген сүйіспеншілігі, қайсарлығы, жауға қаталдығы суреттеледі. Жас ұрпақтың алдына үлкен мақсат қояды, оларға сенім мен жауапкершілік арта сөйлейді.
Жаңа құрылыстың алғашқы даму кезеңдерін әңгіме ететін «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі өкіметке қарсы іріткі салу саясатын жүргізген бандылардың саясатын әшкерелеуге арналған. Композициялық құрылысында ерекшелік бар. Оқиға желісі бірден басталып кетпейді. Автор алдымен айналамен, оқиға болатын жермен, шығармада суреттелетін кісілермен таныстырады. Банды бастығы мен оның ізіне түскен Хамиттің жүріс-тұріс, мінез, сырт тұлға ерекшеліктері салыстырыла суреттелгендей әсер береді. Хамит портретін суреттеу арқылы еңбекте, істе төселген азаматтың кейпі балаларға үлгі боларлық қалыпта суреттеледі. Әңгімеде күз айларының сұлулығына ерекше көңіл бөлінеді. Табиғаттың әсем көріністері әңгіменің арқауы болып отырған оқиғаларға байланысты алынған. Пейзаждық көріністер негізгі кейіпкерлердің мінезі мен типтік бейнесін әр жақты аша түсуге қызмет еткен. Әңгіме композициясының шебер құрылуы осы жағынан көрінеді. Оқиға өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін кейіпкердің сырт тұлға, мінез өзгешеліктерімен де, пейзаждық көрінісімен де оқушысын әр алуан ойға түсіреді, қызықтырып, еліктіреді. Сәкен түрлі бейнелі сөздерді, эпитеттерді, теңеулерді, метафораларды кеңінен пайдаланады. Аталған шығарма осы аталған ерекшеліктерімен де және тарихи жағдайлар, яғни өмірде болған оқиғалар жайында хабардар ету қасиетімен де бүгінгі уақыт кезеңінде құндылығын жоймақ емес.
Сәкеннің балаларға арналған өз кезіндегі өлеңдері баланың көз алдына болашақтың жарқын бейнесін, еркін өмір сәулесін елестті. «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Совпарттағы қарындасыма» өлеңдері осы тұрғыда жазылған. Алға қойған ізгі мақсаттар мен арманға жетуді көздеу керектігін жас жеткіншектердің есіне салып отырды. Жас ұрпаққа өнер-білімнің пайдалы жақтарын айтты. Аталған өлеңдері «болашақ тұтқасы – жас ұрпақ» деген ойды білдірді.
Б.Майлиннін балаларға арналған шығармаларының педагогикалық құндылығы
Б.Майлин Қостанай облысының Таран ауданында туылған. «Б.Майлиннің тағы бір тамаша қыры – балалар қаламгері екендігі. Рас, Б.Майлиннің поэзиясы мен прозасы да, драмасы мен сатирасы да бір есептен, балалар еншісі. Өйткені олардың қай-қайсысы да жеткіншектерге түсінікті, жасөспірім қауымға өмір шындығын танытады, оларға өмір сабағын, тіршілік тәлімін дарытады, оларды көркем сөз сұлулығымен сусындатады. Алайда орталау және жоғары кластар оқушыларының рухани азығыга «Азамат Азаматыч» пен «Майдан», «Шұғаның белгісі» мен Дайрабайдың көк сиыры», «Кедейге» мен «Жаңартты қазір жырды ауыл» жарай бергенмен, бұлар төменгі класс шәкірттеріне, әсіресе, балдырғандарға аса ұтымды емес. Егер бүгінгі азамат кешегі баладан өссе, «Раушан – коммунист» пен «Құлагерлер» бесік жырынан бастау алған жоқ па?» Демек, балалардың қамын ойлау – өсер елдің өрісті ғұрпы, балаларға арнап тікелей шығарма жазу үлкен қаламгерлердің тамаша дәстүрі. Лев Толстойдың «Әліппе» жасауында, «Азапты сапарда» эпопеясыныңу авторы А.Толстойдың «Алтын кілтті» жазуында, кеңес әдебиетінің көшбастары М.Горькийдің кеңес балалар әдебиетіне зор күш-жігер жұмсауында осындай мән жатыр. Сүйсінерлігі – осындай дәстүрге болашақ қамын күнілгері ойлаған қазақ кеңес әдебиетінің алыптары да ден қойыпты. Мұның мысалы – С.Сейфуллиннің де, І.Жансүгіровтің де, Б.Майлиннің де балаларға арнайы шығармалар жазуы.
Б.Майлиннің балаларға бағышталған шығармалары баршылық. Сондықтан да оны балалар қаламгері деп таныған да орынды. «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі» секілді поэмаларын айтпағанда, Б.Майлиннің 1915 жылы жазған «Жазғы қалып», «Жазғы кеш», «Бұлтты күн» секілді өлеңдерінің өзі балаларға лайық. Рас, бұл кездерде Бейімбет саналы түрде балаларға арнап жазған жоқ. Алайда ақын жүректің тілегі мен балалар мұқтажы сәйкес келіп, өз-өзінен балалар өлеңдері туған еді. Бірақ 1921 жылдан кейін Бейімбет асыл мұрат, азаматтық кәмелеттік танытып, балаларға арнайы өлең жаза бастапты. Мұның бірі көрінісі – «Жаз келді» атты өлең.
Достарыңызбен бөлісу: |