Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар әдебиеті пәні бойынша дәріс жинағы



бет14/19
Дата21.10.2022
өлшемі174,61 Kb.
#44708
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Байланысты:
Балалар әдебиеті - 1-7 лекция

Атам томағаламаған бүркітті
Мен томағаламағанда,
Кім томағалайды ?
Шөмеленбеген шөпті
Мен шөмелемей.
Кім шөмелейді?, — деген жаңылпаштар іс-әрекеттік жөн-жосығын білуге
(бүркітті томағалау, шөпті шөмелеу) үйретеді. Сөзді қорын байытады.
Жаңылпаштар баланы сөз мағынасын бұрмаламай, абайлап, анық сөйлеуге үйретеді. Айналадағы көріністермен, құбылыстармен таныстыратын кызықты жанр.

Негізгі әдебиеттер:


Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974
Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А: Мектеп, 1980.
Адамбаев Б. Халық даналығы. Алматы, 1976
Ергөбеков Қ. Жақсыдан қалған сөз. Алматы, 1991
Ергөбеков Қ. Мейірім шуағы. Алматы, 1985
Ыбырайым Б. Сырлы әлем. Алматы,1997
Қосымша әдебиеттер:
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1974
Ісләмжанұлы К. Рухани уыз. А: Ана тілі. 1995
Ақ сандық, көк сандық. А: Жазушы, 1988
Соқыр теке. А: Өнер. 1990
Жаттамақ. А: Балауса. 1994
Әбжанов М. Қазақ халқының жұмбақтары. Алматы, 2000
Қазақтың мақал-мәтелі. Алматы, 1980
БАҚ мен ғаламтор желісіндегі материалдар
4-дәріс
Ертегілер мен аңыз әңгімелердің танымдық мәні

Ертегілер – балалар фольклорының үлкен жанры


Аңыз әңгімелер – ауызекі шежіре

4.1 Ертегілер – балалар фольклорының үлкен жанры


Қазақ фольклорындағы қара сөзбен баяндалатын шығармаларды халық прозасы құрамына енгіземіз. Бұның басы ертегілер болып табылады. Ертегілер халқымыздың тарихын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, нанымын, дүниетанушылық көзқарастарын білдіреді. Алдағы көп нәрселерді болжаған халық кейінгі ұрпақтарының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуді, табиғаттың мылқау күштерін өзіне бағындыруды, соны жеңуді ерте заманның өзінде-ақ арман етіп, қиял дүниесін кезеді.


Қазіргі техника табыстары мен ертегі оқиғаларын салыстырсақ, халықтың бір кездегі аңсаған арманы біздің дәуірімізде шындық болып іске асқандығына және сондай болатындығына халықтың кәміл сенгендігін көреміз. Қазақ халқы кейінгі ұрпаққа жақсы тәрбие беруді, оларды зұлымдық әрекеттерден сақтандырып, адамгершілікке үндеу мәселелерін ерте кезден-ақ қолға алғаны байқалады. Көп ертегілерде суреттелетін әділдік пен жауыздық арасындағы күрес осы тілектен туған. Ертегілерде зұлымдық, жауыздықтың символы ретінде мыстан, жалмауыз, дәу, алып тағы басқалар суреттелсе, әділдіктің жақтаушысы ретінде мерген, батыр, айлалы, ақылды адамдар бейнеленеді.Әділдікті жақтаушылар күрес жолында үлкен қиыншылықтарға кездесіп, кейде уақытша жеңіліс тапса да, ақыр аяғында мерейі үстем болумен тынады.
Қазақ ертегілерін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасев, т.б. ғалымдар арнайы зерттеді. М.Әуезов қазақ ертегілерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, тарихи даму жолдарын зерттеді, ертегілердің әдебиет тарихынан алатын орнын анықтады. «Ертегілер» атты ғылыми еңбегінде қазақ ертегілерін жан-жақты алып тексереді, мазмұнына қарай тақырыпқа бөледі, көркемдік ерекшеліктерін анықтайды. Қазақ ертегілері (төрт мыңға жуық) сан алуан. Оларды кезінде бірқатар ғалымдар хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты еретігілер, шыншыл ертегілер деп бірнеше топқа бөлген болатын.
Ертегілердің ішінен балалардың өзіне ғана арналған түрлерін анықтау оңай шаруа емес. Халық ертегілерін уақытында М.Әуезов қиял-ғажайып ертегілері, хайуанаттар жайындағы ертегілер және шыншыл ертегілер деп қарастырған болатын. Шыншыл ертегілерді салт ертегілер, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер және күй аңызы деп жіктеді. Кейіннен «Ертегілер» еңбегінде хайуанаттар жайындағы ертегілер мен қиял-ғажайып ертегілерінің қатарында салт ертегілерін атайды да, салт ертегілерін тұрмыс-салт ертегілері, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер деп бөледі.
Сонымен, қазіргі ғылыми ұстаным бойынша қазақ халық ертегілері хайуанаттар жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілері, новеллалық ертегілер, батырлық ертегілер және сатиралық ертегілер түрінде қарастырылады. Қазақ балалар фольклорында жасы кіші балаларға арналған арнаулы ертегілер бар. Олар: «Мақта қыз бен мысық», «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай», «Шудалы торғай», «Құйыршық» және т.б. «Хайуанат жайындағы осы алуандас ертегілердің көбі балаларға арналған күлкі, жеңіл болып та кетеді».

Қиял ғажайып ертегілерінде қиял мен миф сабақтас келеді. Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял-ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Мұндай ертегілердің көпшілігі ғылым болжамдарына сәйкестендіріліп шығарылады. Сондықтан оларды ғылыми-фантастикалық ертегілер деп жүрміз.


Қиял-ғажайып ертегілерінде қиял тудырған неше алуан жан иелері көрінеді. Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу, алып қара құс, тұлпар ат, алтын шашты қыз, т.б. қатысады. Қиял-ғажайып ертегілерінің тіл кестесі, сөздік құрамы, жалпы әңгімелену ерекшеліктері өзгеше. Ертегі «баяғы өткен заманда», «ерте, ерте ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен», «есте жоқ ерте заманда» деп басталады да, «барша мұратына жетіпті», «барша мұрат басына жетіпті», «бақытты ұзақ өмір сүріп, мұраттарына жеткен екен» деп аяқталады. Қиял-ғажайып ертегісінде басты кейіпкер аса қатерлі жаумен (жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу, т.б.) алысады. Ертегіде қажыр-қайрат, қимыл-әрекет адамының қуатына сену бар. Олар – Ер Төстік, Кер құла атты Кендебай сияқты өз ақыл-ой, қажыр-қайратына сүйенген жандар. Бас қаһарманға көмек көрсететіндер – ай десе аузы бар, күн десе көзі бар ару қыздар (Күн астындағы Күнікей қыз, Ай астындағы Айбарша, т.б.), таусоғар, көлжұтар, желаяқ, саққұлақ сияқты ғажайып жан иелері, алып қара құс, тұлпар ат, т.б. Сиқырлы қазан, алтын сақина, айна, дастарқан, кездік, тоқпақ, семсер сияқты заттар да қаһарман керегіне әрекет етеді.
Балаларға арналған халық ертегілеріндегі фантастика балалардың ойына қозғау салады, ақыл-ой қызметінің дамуына жәрдемдеседі. Халық ертегісін балалардың сүйіп оқитыны, ықыласпен тыңдайтыны оның көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Қазақ балалар фольклорындағы «Тазша баланың өтірігі», «Айлакер тазшаның өтірігі», «Тоқсанбай мен тоғыз жасар бала», «Екі суайт» және т.б. ертегілердің қай-қайсысы болсын балаларды тапқырлыққа, алғырлыққа баулиды. Қиыннан қиыстыра айта білетін шешендік өнерге жетілдіреді. Аталған ертегілер балалардағы логикалық ойдың даму процесін жеделдетуге көмектеседі. Қазақ ертегілеріндегі тазшалар сырт-пішіні жағынан елеусіз болып көрінсе де, ақыл-айласы бәрінен де асып түседі. Алдынан ажал тосып тұрса да, сабыр сақтайтыны, жол тауып құтылып кете беретіні балаларды сүйсіндіреді, ойға қалдырады. Халық ертегісіндегі өтірік өлеңдер балаларды неше алуан жәндіктердің атымен, олардың тіршілігімен таныстырады. Сирек қолданылатын көне атауларды еске түсіреді. Күлдіргі ертегілер («Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы шал», «Ұр, тоқпақ», «Тазшаның қырық ертегісі», т.б.) көбінесе ықшам да қысқа келеді. Сол себепті ертегі баланың есінде сақталуына, жатталуына икемделіп тұрады.

Батырлық ертегі тақырыбы («Керқұла атты Кендебай», «Құла мерген», «Жоя мерген», «Жерден шыққан Желім батыр», т.б.) ерлікпен үйлену және неше түрлі құбыжық-жалмауыз күштермен соғысу болып отырады. «Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады («Күн астындағы Күнікей қыз», «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», т.б.). Олардың ерліктері мен еңбектері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады. Көбінісе, қиял-ғажайып ертегілер мен батырлық ертегілер бір-бірімен сабақтас, өзектес келеді. Сондықтан көп батырлық ертегілерді әрі қиял-ғажайып ертегілер деуге болады.


Новеллалық ертегі («Уәзірдің қызы», «Әке өсиеті», «Әділ патша туралы ертегі», «Аяз би», т.б.) шытырман оқиғаларға құрылып, үй-іші, ерлі-зайыптылардың адалдығын дәріптейді. Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттелінеді.


Сатиралық ертегілер (Тазша туралы, Қожанасыр жайлы, т.б.) қоғамдық әлеуметтік қатынастар мен теңсіздікті, тұрмыс-тіршілікті сатира мен юмор арқылы береді. «Аңыз ертегілер, негізінен, Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаныпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азмат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.


Хайуанаттар жайындағы ертегілерге құрылысының қарапайымдылығы, шағын көлемділігі және диалогқа құрылуы жағынан новеллалық (салт) ертегілер («Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Ұр, тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Қу тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Қу бала», «Екі еріншек», «Үш жалқау», «Олақ қыз», т.б.) ұқсас келеді. «Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді». «Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ» ертегісіндегі кейіпкерлердің оқшау тұрпаты әңгіме басында-ақ күлкі туғызады. Олардың өрескел әрекеті мен өлімі де күлкі туғызбай қоймайды. «Ұр, тоқпақ» ертегісі сиқырлы заттардың әрекетіне құрылған. Бұлар шалды ойда жоқта оқыс күлкі туғызатын жағдайларға душар етеді. «Қаңбақ шал», «Байбай шал» ертегілерінде әлсіздік пен тапқырлық, айлакерліктің қатар жүріп, иесін жеңіске жеткізетіндігі әңгімеленеді. Тазша бала жайындағы ертегілерді М.Әуезов күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісіне жатқызады. «Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке мәлім, көпке қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілі хал барлық жұрт білетін, көптің көз алдындағы табиғат ішінен алынатыны – халық күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы». Бірқатар ертегілер жалқаулықты, еріншектікті, олақтықты әшкерелейді. Балаларға бұндай ертегілердегі тұрмыс, кәсіп белгілері мен сипаттары қызықты болмақ. Аталған ертегілердегі юмор мен тапқыр сөз – әрқашан бала тілегін қанағаттандыратын нәрлі дүние.


Хайуанаттар жайындағы еретегілерде балаларды қызықтырарлық және ой саларлық екі түрлі сипат бар. Бірінші жағы, балалар бұлардың бәрінен хайуанаттардың мінез өзгешеліктерін, сырт көрінісі мен тіршілігін байқайды. Бұл ретте қазақ ертегілеріне жыртқыш аңдардан молырақ енгені арыстан, қасқыр, түлкі, аю болады. Халық ертегісі бұлардың әрқайсысына лайықты мінездеме береді. Арыстан – асқан күштің, зорлықтың, қасқыр – қомағайлық пен қорқаулықтың иесі болып кейіптеледі. Түлкі – айла мен аярлықтың иесі. Бұлармен қатар қазақ ертегілерінде ожарлық, аңқаулық кескінімен аю жүреді. Жұрттың бәріне мазақ, күлкі ретінде маймыл қатысады. Ертегімен танысқаннан кейін оларды енді өздері тікелей білуге, көруге, зерттеуге құштарлықтары арта түседі. Екінші жағы, хайуанаттар жайындағы ертегілер адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқатады. Түлкі ел арасын бүлдіруші, жұртты алдаушы, өсекшіл, күншіл адамның бейнесін елестетеді. Арыстан бейнесінен талайды қан қақсатқан, жұртты жәбірлеуші адамдарды көреміз. Бұл айтылғандарға «Қасқырдың қойдан қорыққаны», «Үш жігіт», «Түлкі мен арыстан», «Түйе неге артына қарайды?» ертегілерін мысал етуге болады.
Халық ертегілері сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын қолдану жөнінде жазба әдебиетінің алғашқы үлгілеріне көп әсе етті. Жазба әдебиетінің шеберлері осы күнде де халық әдебиетінен тіл байлығын үйренетіні, кейде оның сюжетін пайдаланғандығы белгілі.

4.2 Аңыз әңгімелер – ауызекі шежіре


Қазақ халық прозасының бір саласы «Ертегілерден тыс прозалық жанрлар» болып табылады. Бұны фольклоршылар «Аңыздық проза» деп атайды. Бұлар өзінің мазмұн-мағынасына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді: миф, әпсана, хикая, аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер – өмірде болған оқиғаларға қатысты туған шығармалар.


Аңыз дегеніміз – бір мекеннің, жергілікті жердің я болмаса бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі (устная хроника), бір аймақта болған оқиғаның әңгімесі. «Онда, көбінесе, өмірде болған нақты оқиғалар алынады да, оған қызық-ғажайып сюжеттер қосылып, тыңдаушыны баурап алатындай әңгіме жүйесі ерекше әсерлі құрылады.

Аңыз әңгімелер:


1. Аспан әлемі, жан-жануар, жер, су, мекен аттары туралы. Жетіқарақшы, Үркер жұлдыздары, Самұрық, Бозінген туралы аңыз әңгімелерде жұлдыздар мен құстар адамша сөйлеп, ғажап тірлік пен ғажайып оқиғаларды басынан кешеді.
2. Ру, тайпалардың шығу тегіне байланысты. Үш жүз, Алты арыс Алаш, Домалақ ене, т.б. аңыз әңгімелерінде ру, тайпалардың шығу тегі туралы өсиетті-өнегелі ойлар айтылады.
3. Діни мистикаға (дәріптеу – қиял-ғажайып) құрылады. Лұқман Хакім, Қағбаның қара тасы, т.б. аңыз әңгімелерде діни сенімдер уағыздалып, мистикалық (діни сенім ғажайыптары) нанымдар дәріптеледі.
4. Әлеуметтік утопияға (үміт, қиял) құрылады. Жерұйық атты аңыз әңгімеде әлеуметтік арман-талап, мұң-мұқтаждың қиялдағы ғажап жақсылықтары орындалып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілік заман суреттеліп, молшылық тұрмыс-ахуалдың дәуірлеген кезеңі баяндалады.
5. Тарихи қаһармандық туралы құрылады. Тарихи қаһармандықты насихаттап, данышпандар мен шешендерді, батырларды үлгі-өнеге етіп көрсететін аңыз әңгімелер өте көп. Асан қайғы қазақ еліне жақсы жай іздейді. Қорқыт ата халыққа өлмейтін өмір, өшпейтін өнер іздейді. Төле би қазақ халқының бірлігін көксеп, басын біріктіреді. Кейкі мен Аманкелді жаңаша жақсы заман орнатпақ болады. Қажымұқан дүние жүзіндегі ең күшті палуан – қазақ деген мақтаныш туғызады. Төлеген Тоқтаров ерліктің ерлігін көрсетеді, Мәншүк пен Әлия – ержүрек қазақ қызының бейнесін көрсетеді.
Сонымен аңыз әңгімелер жанрлық жағынан үшке бөлінеді:
- топонимикалық аңыз әңгімелер жер-су, елді мекен, тау-тас, өзен-көл туралы айтылатын әңгімелер,
- күй аңыздары халық күйлерінің шығуы жөніндегі әңгімелер,
- тарихи аңыздар тарихта болған ірі тұлғалар жөніндегі әңгімелер.

Пайдаланған әдебиеттер:


1.Ә.Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» А.1982.
2.Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фолъклорының тарихы А.1991.
3.З.Қабдолов Сөз өнері. А..,Мектеп 1982
4.М.Балақаев Қазақ тілінің мәдениеті. А..,Қазақстан 1971.

5-дәріс
Батырлар жыры


Ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлардың қалыптасу кезеңі


Эпостық жырлардың балалар тәрбиесіне қосатын үлесі

5.1 Ауыз әдебиетіндегі эпостық жырлардың қалыптасу кезеңі

Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым құнды саласы эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз.Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп ел қорғау, отаншылдық сарында құрылса(Қобыланды батыр,Алпамыс бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына негізделеді.Эпостық жырлар барлық елдерде болған. Совет дәуірінде Орта Азия және Қазақстан жерін мекен тұтқан көшпелі тайпалардың бай эпостық мұрасы жан-жақты зерттелді. Онымен М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев сияқты жазушы ғалымдарымыз айналысты.Қазақ эпосының тарихилығын сөз еткенде, бір ғана ру, тайпа, халық шеңберінде қалмай сюжеттерді бүкіл әлем деңгейінде салыстыра зерттеу керек. Қазақ эпосын тарихи желіге қойып дұрыс топтастырған ғалым Ә.Марғұлан болды.Ол оғыз-қыпшақ эпосын мынадай дәуірлерге бөлген:


1Көне дәуірлерде туған эпос.
2.Тарихи дәуірде туған эпос.
3.Ноғайлы эпосы.
4.Жоңғар шапқыншылығына байланысты туған эпос.
Ертегі, өлең мақалдар мен мәтелдерден басқа халық шығармаларында ерлік істерді дәріптейтін батырлар жырлары да бар. Халықтық шығармалардың ең көлемдісі, ең көбі, мазмұны мол ұзақ жырланатын осы батырлар жыры. Батырлар жырының желісі, ондағы суреттелетін кейіпкерлер де ерте заманда болған оқиғаға жатады.
Батырлар жыры ауыз әдебиетінің ең асыл мұраларының бірі. Батырлар жырының оқиғасы қызық, мазмұны терең, тілі көркем болады, оңдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері: қайтпас ер, жауына мейлінше қатал, өз еліне мейірімді, ар-намысқа берік, ұстамды, өнегелі ісі бар адамдар болып суреттеледі. Сондықтан батырлық жырларды балалар да аса қадірлеп, сүйсініп оқиды.
Іріктеліп алынып, балалардың оқуына лайықталған эпостық жырлар да басқа шығармалар сияқты жас азаматтарды батылдыққа, ерлік іске, табандылыққа, әділет тілікке, ақылды және парасатты ақжарқын болуға үйретеді. Халық эпостарындағы батырлар образы патриоттық идеяның образы болғандықтан ол балаларға күшті әсер қалдырады.
Эпостық жырларда оқиғаны еселеп, қайталап айту жағы да көп кездеседі. Мұндай ерекшелік оқиға желісін ұмытпауға, есте тезірек сақтауға, тіпті, жаттап айтуға көп мүмкіндік береді. Ондағы тамаша теңеулермен тұрақты эпитеттердің мол болуы да балаларды әсерлендіріп жібереді. Мағынасы түсініксіз діни сөздер де көп кездеспейді. Көркемдігімен қатар тілі айқын да жеңіл болып отырады. Осы тұрғыдан алғанда «Тайбурылдың шабысы» мен «Қамбар батыр» жырын үлкендермен қатар балалардың оқуына да болатын, солардың қабілетіне, білімдік, жастық ерекшеліктеріне сай шығарма деп бағалаймыз. Мұнда «Қамбар батыр» жырында өмірдің шындық сипаты қиялдан, гиперболадан басым жататындығы балалардың ұғымына бір табан жақын да жеңіл болатынын білдіреді.
Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы бастырып шығарған «Киргизская христоматия» — деген балалардың оқуына арналған кітабына «Қобланды батыр» жырынаң үзінді келтіріп, «Тайбурылдың шабысын» тектен-тек енгізбеген. Көшпелі қазақ ауылы баласының ұғымына жеңіл тиетін, кәсібіне, мал шаруашылығына қатысы бар өздеріне таныс жайларды көбірек айтуға көңіл бөлгендігі байқалады. Міне, бұл эпостық жырлар ішінде де балалар әдебиеті мұрасына тән, олардың түсіну қабілетіне жеңіл тиетін, өздерін қызықтырып, мәз-майрам ететін материалдардың барлығын танытады.
Батырлық жырлардағы гиперболалық күшті суреттемелер балаларды қатты әсерлендіріп, олардың жігерқайратын шындап, ой-қиялын тасқындатып отырады. Мысалға Қобланды батырдың Қазан шаһарына аттанғандағы Тайбурылдың шабысын алайық. Тайбурылдың шабысы өте әсерлі суреттелген. Ондағы әрбір гиперболалық өсірмелі теңеулер ат шабысын көз алдына келтіріп, Тайбурылдың тұлға-кескінін көріп отырғандай боласың. Тайбурылдың шабысын оқығанда, оны бәйгеге қосып, алда келуін тосып, тілеулес болып отырған атбегілер сияқты қатты сүйсінгендіктен жүрегің алып-ұшып, делебе қозып отырады. Тайбурылдың шабысы үлкен кісілерге осындай әсер еткенде, ат құлағында ойнайтын, бәйгеге шабатын қазақ балаларына онан да күшті әсер қалдырып, олар Тайбурылдың үстінде өздері шауып бара жатқандай сезінеді.
«Шырағым бурыл, шу!» — деді.
Құбылып бурыл гуледі.
Табаны жерге тимеді,
Тау менен тасты өрледі.
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі.
Тер шыққан соқ өрледі,
Адырды көзі көрмеді,
Көлденең жатқан көк тасты,
Тіктеп тиген тұяғы,
Саз балшықтай иледі.
Қобландының алға қойған шартына бел байлаған Тайбурыл өзін баққан Құртқаны мерт етуге болмайтындай намысқа тырысады. Қобландыны мұқатып, үш күн бұрын алда кеткен Қараманды басып озып, «Қазанның сырлы қаласын намаздігер өткенде, намазшамға жеткенде көрсетермін көзіңе» — деп қырық күншілік жолды бір-ақ күнде қусырып тастайтынына сүйсінбей тұра ал-майсың. Мұндай қарқын еңкейген кәріні де, еңбектеген баланы да еріксіз сүйсіндіріп, мәз-майрам етеді. Адамның арман-тілегі орындалып, мұратына жетіп отырса, ондайға кім қуанбайды. Айшылық жолды алты аттау адам баласының ерте ғасырдан бері қарай арман етіп келе жатқан тілегі емес пе еді? Міне, бұл балалардың талабын, ойлау қабілеттілігін арттырын отыруға, әрнәрсеге бой ұрып қызығуға ұмтылдырады.

5.2 Эпостық жырлардың балалар тәрбиесіне қосатын үлесі


Қазақтың халық педагогикасындағы аса бай мұра – батырлық жырлар. Батырлық жырларда ел қорғау, басқыншыларға қарсы күресу кезінде көрсеткен батырлардың ерліктері жырланады, батырлардың отбасына, еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі – шынайы патриоттығы дәріптеледі, көбінесе бірегей ұлға зар болған қарт ата-аналардың арман-тілегі орындалады(Алпамыс, Қобыланды т.б.) [..] Батырлық жырлар, көбінесе 7-8 буынды жыр тармақтарымен жырланады, кейде он бір буынды қара өлең ұйқасымен де жырланады. Жырда әсірелеу, суреттеу басым болады, жыр жедірме екпінімен жеңіл айтылады.[..]


«Алпамыс» деп талатын жыр өзбекте де, қазақта да, қарақалпақта да бар. Арасында аздаған айырмашылық бола тұрса да, ол - әр халықтың өз шығармасы. «Алпамыс» - Орта Азия халықтарының ерте замандарда ру болып жүрген кезінде туған шығармасы. Бұл жырдың Орта Азия халықтарына ортақ болу себебі де осыдан. «Алпамыс батыр» жырының негізгі идеясы – ру бірлігін сақтау. Сондықтан да жырда ру бірлігін көздеген, әр рудың арасында араздық, шапқыншылық емес, татулық болуын мақсат еткен адамдардың іс-әрекеті ардақталады. Оларды рудың қамқоршысы етіп суреттейді. «Алпамыс» жырын бағалауда теріс көзқарастар да болмай қалған жоқ. Бұл жырдың өзбекше вариантын қарастырған кейбір зерттеушілер 1952 жылы баспасөз бетінде оны халыққа жат, зиянды шығарма деп бағалады. Қате көзқарасқа уақытында тойтарыс берілді.
Кейіпкерлері - Алпамыс, Гүлбаршын, Ұлтан, Қаражан, Мыстан т.б. Алпамыстың батырлық іске бел байлаған сапары Гүлбаршынды іздеп шығуынан басталады. Өзіне жар-жолдас- қалыңдық іздеп шығу, бұл жолда әр түрлі ерлік істер жасап, батырлық сыннан өту – дүние жүзіндегі эпостық шығармалардың көбінде кездесетін жай. Ондағы батырлардан Алпамыстың бір үлкен айыпмашылығы бар: Алпамыс батырлық іске тек Гүлбаршын үшін ғана аттанбайды. Ол бір кезде Байбөріге өкпелеп бөліне көшкен, қалмақ еліне кеткен Қоңырат руының бір бөлегін іздеп те шығады. Халық жыры Алпамысты қалмақ еліне аттандырады, ол өкпемен көшіп кеткен ел-жұртының бір бөлегін қайтару, оны қоңыраттар,а қайта табыстыру, татуластыру мақсатын көздейді. Алпамыс образы - халықтың руға қамқор, қорған болар батырды арман еткен қиялынан туған образ.
«Алпамыс» жырының ерекшелігі, - оқиғаны шегініспен қатар, диалог арқылы баяндайды. Жырда бір оқиғаны әңгімелеп келе жатады да, оны аяқтамай, екіншісіне көшеді. Оқиғалары осы ретпенбаяндалады. Жыршы ақын тыңдаушы жұртты жыр оқиғасынақызықтырып отыру үшін шегініс әдісін жиі қолданған тәрізді. Көптеген оқиғалар, аддамның күініш-сүйініштері диалог арқылы среттеледі.
Жыр сөздігінде қазіргі күні мағынасы ескірген сөздер көп кездеседі. Өлең қрылысы бірелкі емес. Өлең түрі кейде жеті-сегіз буынды, кейде он бір, кейде он буынды болып келеді. Мұның мәнісі - жырдың «Алпамыс» - бірнеше халыққа ортақжыр. Мұның қазақ вариантынаәсері болғандығы айқын.
«Алпамыс батыр» жыры жас жеткіншектерге «бірлік бар жерде тірлік, елдік барын» аңғартады. Достыққа адалдық, сертке беріктік, ел мүддесін жоғары қоюшылық – жырдың кішкентай оқырманы үшін әрқашан да өнеге. Жыр ел қорғау жолында халық мүддесі үшін күресушілердің жеңетіндігін аңғарта отырып, жас ұрпақтың алдына халық үшін қызмет ету жолын таңдауды ұсынады. Жырдың өміршеңдігі де осынысында және ел бірлігін сақтау жөніндегі идеясында.
Жасөспірімдерді ерлікке, батырлыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуде «Алпамыс батыр» жырының маңызы зор. Алпамыс туған елін шет ел басқыншыларынан қорғауда ерен ерлігімен халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. Алпамыстың бауырларына деген ыстық ықыласы жырдың өн бойында өрбіп, өріліп отырады. Бауырларына деген махабаты да Отанын шексіз сүйетінін дәлелдеп тұр. Алпамыс батырдың бойындағы патриоттық сезім былай өріледі:
«Қарсы ұмтылды Алпамыс,
Ақ тұйғындай құнтиып.
Ауадан құйған тұйғындай,
Бір ұрып кетті сыпырып.
Ұшып кетіп кәлласы,
Денесі қалды отырып… («Алпамыс батыр», «Қазақ әдебиеті», (хрестоматия), құрастырушылар: Т. Ақшолақов, Ә.Қанафин, М. Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001- жыл, 87 бет). Алпамыстың жауына деген ымырасыздығы қалмақтың Таймас деген батырын жекпе-жекте өлтіруінен анық байқалады. Таймастың жеңілуі : «Ұшып кетті кәлласы, денесі қалды отырып…» – деп суреттеледі.
М. Ғабдулин: «… Ә.Диваев «Алпамыстың бір вариантын Жиенмұрат Бекмұхамедовтан жазып алып, «Бұрынғы өткен заманда Жиделі-Байсын деген жерде өткен Алпамыс батырдың хикаясы деген атпен 1901-жылы бастырып шығарды. Жырдың бұл варианты (нұсқасы, 3. К) Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуімен аяқталады…»-деп жазды ( М.Ғабдулин, « Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 170-бет).
Белгілі фольклоршы Әубәкір Диваевтың Жетісу жеріне келіп қазақ халқының ауыз әдебиетін жинағаны белгілі. Оның «Тарту» атты жинағы қазақ фольклорының біріне жатады.
Қазақтың белгілі жазушысы С. Мұханов та қазақ фольклорын жинап, кітап етіп бастыруда көп еңбектенді. Кеңес үкіметі құрылғаннан соң қазақ батырлар жырын жинақ етіп шығару қолға алынды. Бұл игі істе С. Мұханов аз еңбектенген жоқ Бұл жөнінде М. Ғабдуллин былай деп жазды: «… 1922-жылы Ә. Диваев «Алпамыс» жырын қайта бастырып шығарды. Ал 1939- жылы «Батырлар» атты жинақ шықты. Оның редакциясын басқарған, сөз басын жазған С. Мұханов еді. Ол «Алпмыс» жырын жаңа жинаққа енгізгенде, жырдың еларасында айтылып келген және бұрын баспа жүзінде шыққан нұсқаларын шебер біріктірді де, тұтас бір жырға айналдырды…» (М. Ғабдуллин, Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 169-170 беттер).
«Алпамыс батыр» жырында Алпамыс пен Тайшық ханның айнасы тебірене жырланады. Алпамыстың өн бойында жауына деген ыза-кек қайнайды. Жырды оқушы немесе тыңдаушы Алпамыс бойындағы патриотизмге қайран қалады:
… Олар майдан ішінде,
Түзетті бұлар ұысты.
Ойын екен бұрынғы,
Ірілетті жұмысты.
Ордан бала шыққалы,
Алған жоқ әлі тынысты.
Екеуі де болдырып,


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет