Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
мұндай адамдар сайланып тұратын, өздерінің алдында жауапты
болуға тиіс демократиялық басқаруға ыңғайлырақ болуы керек.
Солтүстік Америкада тап осылай болды.
Сонымен, Тойнбидің айтқанына керісінше көшпенділер алғашқы
тым тұрпайы қалпында мәңгілік қалмаған екен. Олар халықтарды
құрап мемлекеттер құрды. Кейінірек тіпті империялар құрды.
Түріктер дүниесі болса, өзіндік жазуын да түзді. Мемлекет, әсіресе
империялық мемлекет жазу-сызусыз бола алмайды. Әлеуметтік
жіктелулер көріне бастады. Ендеше даму мен жасампаздық бұларда
да болды. Көшпенділер қоғамы басқа өркениеттерден томаға тұйық
болған жоқ, қайта Батыс пен Шығыстың арасында көп жағдайда
дәнекерлік рөл атқарды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-рухани
байланыстар да болды. Мұның барлығы қазіргі тарихта даусыз
дәлелденген фактілер. Көшпенділер сол кездің өзінде дүниежүзілік
еңбек бөлісті өздеріне тән белгілі бір қызметпен толықтырды десек те
болады. Саяси салада көшпенділер империялары Еуропаның орасан
үстемдік пен зорлыққа құрылған Византия империясын күйретіп,
Рим империясының әлсіреуіне үлес қосты.
Екінші жағынан философия және саясаттану институты ғалым-
дарының бір тобының еңбегіндегі талдаулар бойынша даму қоғамда
болсын, табиғатта болсын мәңгілік бола алмайды [1, 52–55 бб.].
Ал Тойнби батыста қалыптасып қалған ойлау үрдісі бойынша
дамуды шексіз аяқталмайтын мәңгілік процесс деуге жақын.
Мәңгілік, тоқтаусыз, таусылмайтын даму мағынасыз. Ешқашан
аяқталмайтын процесте айқындық жоқ, онда ол тек сандық көбею
немесе ұлғаю болып шығады. Онда ол ненің көбеюі екені белгісіз.
Процестің сапалық айқындығы жоқ болса, ол даму да емес. Дамудың
логикалық мазмұнын неғұрлым толық зерттеп анықтаған. Гегель де
осыны көрсеткен. Сапалық белгісі жоқ даму болмайды.
Тойнби айтқан қазірде бар 7 өркениеттің бәрі де даму жағдайында
болса, онда олардың да оның өзінің айтуынша аяқталатын кезі болу
керек. Шпенглер де солай дейді. Әлеуметтік өмірде оның субъектілері
болып есептелетін адамдар ғана дамуы мүмкін. Әрине ол адамдар
өзінің субъектілік, өзін өзі анықтаушылық деңгейінің әр кезінде
соған сай қоғамдық түзімдер құрады. Олар сол адамдардың сыртқы
болмыстық көріну, іске асу формаларының бір түрі. Ал егер даму
шексіз болатын болса, онда ол адамдардың дамуы болып шықпайды,
ол – қанша қисынсыз көрінсе де, – дамудың дамуы болып шығады.
Даму даму үшін. Онда дамудың мақсаты адам болып шықпайды,
керісінше онда адам дамудың бір құралы ғана. Бұл философия
тарихында жаттану деп аталды.