IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы қоғамдағы әділеттілік деп саналып, бекіген нормалардан аттау,
аяққа басу деп қаралады. Өзіне қарсылық туғызады. Ал құлдық пен
басыбайлылық, бір адамның екінші біреудің меншігі болуы, мүлік
ретінде сатылып, сатып алынатындығы бекіген қоғамда ол заңды,
әділетті деп, қоғамның, мемлекеттің күшімен қорғалып отырады.
Аристотельдің өзі де «...кімде-кім табиғатынан өзі өзіне емес,
басқаға тиісті болып және соның өзінде адам болатын болса, ол
табиғатынан құл...», – [6, 317 б.] дейді. Тіпті осындай ұлы ойшылдың
өзі қоғамындағы жеке-дара факт емес, тұтас институт болып
қалыптасқан жағдайды табиғаттың бұлтартпас заңындай көріп, әрі
оны әділетті деп отыр.
Көшпенділік қауымдықты неғұрлым ұзақ тарих жолында белгілі
дәрежеде сақтап келген қазақтарда кейінгі отаршылдық пен кеңестік
тоталитарлық жүйе осы ерекшелікті басып жаншыды. Бірақ, оны
алаңсыз олардың жан-дүниесінен, мінез-құлқынан жойып жібере
алған жоқ. Ондай жойып жіберу жоғарыда айтылған Канттың,
әсіресе, Руссоның айтуынша тіпті мүмкін емес, оны жойып жіберу
үшін адамның өзін жойып жіберу керек.
Үшінші белгі. Айтылғандардың бәрінен шығатын көшпенділердің
ұрпақтарына тән тағы бір қасиет – олардың айрықша еркіндік
сүйгіштігі. Бұл, әрине, жалпы адамзатқа тән нәрсе, бірақ көрсетілген
жағдайлардан көрінетін нәрсе – көшпенділерде оның аса терең
тұншықтырылмағандығы.
Еркіндікке деген құштарлықты тұншықтыруда кеңестік тота-
литарлық үстемдіктің орны ерекше болды. Бұл жүйе бұрынғы
үстемдіктерден өзгеше тек сырттай бағынушылықпен тынған жоқ.
Оған адамдардың жан дүниесін жаулап алу қажет еді. Халықтың
байырақ топтарына еңбекші бұқараның өшпенділігін қоздыра
отырып, тап күресі, пролетариат диктатурасы идеясын бетке
ұстап, большевиктер өздерін кедейлер мен езілгендердің үмітінің
жаршысы, досы етіп көрсетуге тырысты. Большевиктердің біразы
оған өздері де сенуші еді. Ең жарлы топтарды оған сендіре де алды.
Солардан тірек тапты.
Қазақ халқының ХХ ғасырда да көшпенділік өмірге бейім
екендігін өмір кешудің табиғи ортасының ерекшелігінен, шөлейт
далалардың ықпалынан көру тарихи-әлеуметтік ғылымдарда басым
болып келе жатыр. Бірақ, адамдардың іс-әрекетін, тарихын тек сыртқы
себептермен, мысалы табиғи жағдайлармен, соның ішінде олардың
өз тәнінің биологиялық ерекшеліктерімен түсіндіру әдістемелік
жағынан дәрменсіз екендігі белгілі. Өйткені, табиғи ландшафт және
адамдардың биологиялық табиғи қалыптары ұзақ замандарда