Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
Көшпенділікке осылай баға беру – барлық нәрселерді көру,
түйсіну, ұғыну мен бағалаудың еуропалық өлшемі деуге келеді. Жаңа
дәуірде, әсіресе соңғы үш ғасырда еуропа адамы материалдық бай-
лыққа, материалдық өнімдер келтіретін ләззаттылыққа айрықша
құлшынды. Оның алғашқы түпкі шығар көзінің ешбір зияндығы жоқ.
Тұрмысты жеңілдету, жақсарту, тіршіліктік мұқтаждықтарды өтеу.
Ал оларды қамтамасыз ету үшін құралдарды шыңдау. Бұл техника-
ны дамытуға, жеке адамдардың өзіндік тәуелсіз оқшаулануына,
дербестігіне де әкеледі. Адамдар арасындағы тікелей тәуелділіктің
орнына дүние-мүлік арқылы тәуелділік орнай бастайды. Дербес
жеке адамдар арасындағы дүние-мүлікті арттырып, неғұрлым сол
арқылы тәуелсіздікке ұмтылу олардың бір-бірінен байлығы арқылы
үстемдікке, күштілікке, артықшылыққа ұмтылуына ұласады, ол
бәсекеге айналады. Енді өмірлік түпкі мақсат (құндылық) жәй тұр-
мысты қамтамасыз етуден артықшылықты, үстемдікті қамтамасыз
ету бола бастайды. Бұл мұқтаждық енді күштілікке әкелетін
құралдарды үстемелеп арттырып отыру бағытына айналады.
Күштілікке ұмтылушылық, егер одан ерте ме, кеш пе, бас
тартпайтын болса, сөз жоқ, адамның адамға, бір халықтардың екінші
бір халықтарға, үстемдігіне айналады. Еуропаның осы тұрғыдан ең
дамыған елдері бірте-бірте бүкіл басқа дүниені өзіне бағынышты
етіп алғаны белгілі. Мұндай құндылық басқа мәдениеттерде де
бар, бірақ сөз Еуропада, оның жаңа дәуірде жетекші құндылыққа
айналғаны жөнінде болып отыр. Біздіңше, осы алғашқы өмірлік
мұқтаждықтарды өтеу мақсаты үнемі күшейе беру, ол үшін қарулана
беру, басқаларды тәуелді ету, артықшылыққа ие болу мақсатына
айналып, алғашқы мақсат құралға айналғанда ғана дамығандықтың,
прогресшілдіктің өлшемі осылай өзгереді. Неғұрлым күштілікке
апаратын жол – ең прогрессивтік жол, дамығандықтың бірінші
белгісі деп қабылдаушылық алға шығады.
Күштілік, қуаттылық қазіргі заманда да үлкен орын алып отырса
да, енді олар бұрынғыдай өскендіктің, марқайғандықтың көрсеткіші
бола бермейді. ХХ енді ХХІ ғасырдың басында зорлық пен өктемділік
тіпті қалың бұқара санасында да озықтықтың, мәдени биіктіліктің
нышанындай қабылдана бермейді. Бұрынғы КСРО шеңберіндегі
елдерде ғана емес, жалпы бүкіл әлемде белгілі бір құндылықтық
бетбұрыс өтіп жатқан тәрізді. Бұл бетбұрыстың мәнісі – алдыңғы қатар-
лықтың, рухани-мәдени биіктіктің, прогрессивтіліктің негізгі өлшемі
ретінде адам үшін ең алғашқы құндылық – еркіндік – алға шығуда.
Біздің кезімізде әлеуметтік дамудың өлшемі әрбір қоғамдағы,
әрбір қауымдастықтағы жеке адамның еркіндігінің деңгейімен