Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет23/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   50
Байланысты:
treatise41326

ЖАЗУШЫНЫҢ ҚАЙРАҒЫ – СЫНШЫ

Әдебиеттану ғылымы әдебиеттің тарихын, сынын, теориясын қамтитын ғылым саласы. Әдеби сын – әдебиетті тану мен оның айнасы іспеттес, сондықтан әдеби сын ғылым сөзі мен көркем сөздің синтезі болып табылады.


Әдеби сынның жанрлары: мақала, очерк, шолу, аннотация, рецензия-пікір, т.б. Бұл жанрлардың жазылу түрлері: мазмұндай, тақырыптық, структуралық, семиотикалық талдау, интерпретация, микроанализ (үңіліп оқу), т.б. Бұл сыншының өз алдына қойған мақсатымен байланысты. Сынның ісі – шығарманы талдау, аналитикалық сараптау арқылы ішкі мағынасын, көркемдік әлемнің құдіретін ашып беру болып табылады. Егер сыншы жазушының не айтқысы келгенімен ғана шектелсе, ол тек мазмұндау (описательный) сын болып кетеді.
Әдебиеттанушы әдебиеттің дамуын зерттесе, сыншы әр жаңа шығарманың оппоненті деуге әбден лайық. Ахмет Байтұрсынұлы осыған байланысты былай деген: «Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп баға беруді айтамыз. Шығармалардың түсетін сынының аты – әдебиет сыны деп аталады. Көркем сөздің әрі сүлде, әрі сурет екі жағынан тексеруге тиіс. 1. Мазмұны дұрыс па? Неден болатын себебін біліп айтқан ба? Мұрат қалып па? Кейіп қалып па? 2. Көркем сөз табына шын қосарлық сөз бе? Тілі өрнекті ме? Әуезді ме? Лұғаты таза ма? Анық па? Қысқасы, ойды өрнектеп, көрнектеп, суреттеп көрсеткендей тілінде шеберлік бар ма? Ақылдың аңдағанын, қиялдың меңзегенін, көңілдің түйгенін тілі дұрыс жеткізе алған ба?»
Қазақ әдеби сынына қатысты келесі кәсіби пікірлер бар екенін ескерсек деймін. Әдеби сынға қатысты А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» (1913) мақаласында былай деген: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Алаш әдеби сыншысы Ж.Аймауытұлы (1915) «Абайдың өнері һәм қызметі» («Екеу») атты мақаласында өлең сөзге қатысты былай деген: «...Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл».
«Мағжанның ақындығы туралы» (1923) зерттеуінде Ж.Аймауытұлы әдеби сынның қажеттілігі туралы былай депті: «Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын күзеп жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке сондай күтім, сондай сын керек».
Алаш әдеби сыншы Смағұл Сәдуақасұлы «Әдебиет әңгімелері» (1927) атты мақаласында әдеби сыншының мақсаты туралы былай деген: «Қазақ әдебиетін сынау керек. Сынайтын уақыт жетті. Қазақ әдебиеті ақсаса, сынның көптігінен емес, дұрыс сынның жоқтығынан ақсап отыр... Қазақ әдебиетіне толық сын керек. Сынағаннан әдебиет ақсамайды, қайта сынның жоқтығынан әдебиетті тот басады. Жазушының қайрағы – сыншы».
А.Байтұрсынұлы өлең толғау туралы былай деген: «Жүйрік аттың белгілі сипаттары сияқты, асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сол сөз сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады... Абайдан кейін сөзге талғау кірді. Айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болды. Олай болғаны – Абай асыл сөзд айқындап, нұсқаларын көрсеткеннің үстіне, аз да болса, асыл сөз сипаттарын айтып та жұртты хабардар қылды».
Бұл кәсіби пікірлер қазіргі әдеби сынға аса қажет екені айқын. Қазіргі өлең сөзді талдаған әдеби сында өкінішке орай алаш сыншылары қолданған келесі «пән сөздері» қолданбай келе жатыр: көріктеу, меңзеу, әсерлеу, бейнелеу, кейіптеу, алмастыру, бейнелеу, өлең шығару, өлең айшықтары, шумақ, бунақ, буындары тармақ ұйқастары, бүкпелеу, мезгеу, т.б. өлең сөздің сырын сипатын пән сөздері жақтың қасы.
Дегенмен қазіргі қазақ әдебиеті мен әдеби процестің елеулі көркем шығармаларын танытып келе жатқан әдеби сын бар екен. 2013 жылғы «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Таңшолпан», «Простор» басылымдары осы тұрғыдан сараланды. Қазіргі әдеби сында проза, поэзия, драматургия белгілі дәрежеде қамтылыпты.
Қазіргі әдеби сынның басты мақсаты баяғыдағыдай: шынайы көркемдік пен сөздің асыл болуының шарттарын, қыр сырын көрсете білу. Кәсіби сын арнайы біліммен қатар талдау мен талғамды қажет ететіні де белгілі. Бүгінгі әдеби сынның негізгі қолданылып келе жатқан жанрлары: мерейтойлық арнайы мақалалар, шолу, рецензия-пікірлер, тапсырыс пен жазылған мақалалар. Әдеби сын жоқ деп айту жеткіліксіз, бірақ әдеби сынның бар мүмкіншіліктерімен қаруланған кәсіби әдеби талдаулар ерекше қажет. Әдеби сын кейбір ағалардың авторларды қолдап бата берген мақаларынан бастап отызға енді келетін жас сыншылардың батыл пікір-талдауларымен көзге түседі.
Жоғарыда аталған әдеби басылымдарда бас редакторлардың кәсіби білімімен талғамына сай әртүрлі деңгейде қамтылған әдеби сын бар. «Жұлдыз» журналында жары көргендері Ш.Елеукенов «Тәуелсіздік дәуір романы», Ж.Тілепов Қаныш Сәтбаев және «Ер Едіге жыры», Әмірхан Балқыбектің «Бұлттардан аспан ойын оқыған», Г.Пірәлі «Мадинаның қолтаңбасы», Бауыржан Омарұлы: «Томас Густав Виннер зерттеулеріндегі Қ.Бекхожин шығармалары туралы ой-пікірлер», Амангелді Мұқан «Дауылпаз ақын драматургиясы», С. Рахметұлы «Уақыт, тағы да поэзия хақында» т.б. Осылардың ішінен әрине Ш.Елеукеновтің кәсібиленген қазіргі қазақ романы туралы сын зерттеуінің жөні ерекше. Г.Пірәлінің мақаласында Мәдина Омарованың прозасы «пән сөздері» арқылы талданған. Жас прозаиктің шығармаларындағы сюжеттік, көркемдік, тақырыптық ерекшеліктер талдау арқылы қарастырылған. Сыншы осы ретте заман және әдебиет, өмір шындығы мен әдеби мәтіндегі шындық деген теориялық мәселелерді де қамтыған. Осы ретте жазушының әдеби дискурсы нақтылана түскен. Бұл шығармалар туралы өткен жылы шыққан осы ретте Рафат Әбдіғұлов былай деген: «Жалпы, Мәдинада қысқа минивтюра, этюд түріндегі де, толыққанды эпикалық сипатта жазылған көлемді әңгімелер де бар. Қатал реализм мен жылы лирика, гуманистік сарын кірігіп жүретін де, әрқайсы жеке тұрып әңгіменің негізгі қырына айналатын да жерлері бар. Анық әңгімеші. Романы да жеке әңгімелерден құралып өрбіген. Суреттеп отырғанына қадап баға беріп, тікелей пікірін көрстпейді. Композиция, сюжет, тартыс, т.б. көркемдік элементтерді арнайы қадағаламайды.
Әмірхан Балқыбектің мақаласының негізгі міндеті – ақын Бауыржан Жақыптың қазіргі қазақ өлең сөзіне кіргізген көркемдік ерекшеліктерін нақтылау болып көрінді: «Қаңқылдап ұшқан қаз үнін, Естісең, ғажап басталған. Бұлттардың жазған жазуын, Көрдің бе оқып аспаннан».// ... «Оңаша жатыр жазығың, Осында бәрі басталған. Бұлттардың жазған жазуын, Оқып көр ойлы аспаннан».
«Бұлттардың жазған жазуын» айтқан ақынның негізгі дискурсы туралы Әмірхан былай дейді: «Кеңдік, Өрлік, Ерлік – осы үшеуін ұшбұрышты Тұмар етіп таққанмын» деп тебіренген ақында бұл ұғымдар бар деп сенеміз».
«Таңшолпан» журналында негізі әдебиеттанулық зерттеулер қамтылған екен: Қ.Әбдезұлы «Абай дәстүрі және қазақ дастандары», Б.Омарұлы «М.Мөңкеұлы шығармашылығы», Анаргүл Салқынбай «Шаһкәрім өлеңдерінің көркемдік қуаты» және классикалық әдебиеттану болып табылатын Зейін Шашкиннің «Әуезовтің стилі» мақаласы «Мұрағат» бөлімінде берілген. З.Шашкин Әуезовтің көркемдік әлемінің қыр-сырын «пән сөздері» арқылы танытып берген үлгілі кәсіби сыны күні бүгін өзі құндылығын жойған емес. Осындай классикалық саналатын әдеби сынды жариялау қажет екен. Қазіргі әдеби сын бойын түзеу үшін және жас сыншылар үйрену үшін.
Амангелді Кеңшіліктің «Жүрек сөзі» атты кітабына «Поэзияның жарық күні» деген алғысөз-батасын Фариза Оңғарсынова жазған. Алғысөз авторының айтуы бойынша бұл кітап тек Мұқағалиды таныту емес, қазақ әдебиеті туралы да құнды мағлұматтар беретін кітап: «Жарық дүниеден тым жас кеткен қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің ұлы Амангелдінің шығармаларын оқыған сайын «атадан бала туса игі, атаның жолын қуса игі» деген бабалар арманынан туған тіркес менің көкейіме оралады. Сонда менің көзіме жас үйіріледі... Оның «Қазақты сүюін», «Кафканың үйін», «Гогольдің өлімін» немесе басқа жазбаларын оқыған сайын көркем шығарма оқығандай және сол шығарма оқиғасының дәл ортасында өзім жүргендей сезінемін».
Ал негізгі әдеби сынға қатысты мағлұматты біз «Қазақ әдебиеті» газетінен таптық. Атына сай бұл басылым әдеби сынның совет кезінен «сын сардары» аталып келе жатқан академик Серік Қирабаевтан бастап Нұрбек Түсіпхан мен Бағашар Тұрсынбайұлына дейінгі аралықтағы талғам мен әдеби талдауларға жол ашқан екен. Академик С.Қирабаевтың «Бүгінгі өлең» мақаласы Ғалым Жайлыбайұлының «Тобылғыжарған» (2011) жыр жинағын таныстырған. Сыншы Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Амангелді Кеңшілік, Қуанышбай Құрманғали сияқты әдебиетшілердің пікірлерін ескере отырып, ақын өлеңдеріне жан-жақты сипаттама берген.
Қазіргі әдеби сында орын алып келе жатқан естелік мақалаларда да сыни көзқарастар бар. Осы ретте С.Қирабаевтың «Қазақ әдебиетінде» шыққан «Өлеңімдегі өртімді өшіріп, сірә алмаймын» мақаласында Қорғанбек Аманжолдың ақындығы талданған: «Кенесары хан ескерткіші түбіндегі тебіреністе» өлеңін ақын Кенені «Қазақ біткен намыс пен қаһардың бұлтындай» көреді. Кененің өз басын ойламай, халқының қайғысын арқалаған «Еркіндік желіндей Есілді бойлап өрлеген қалпын таниды. Осы ретте «Махаббет сапары», «Әлиханның арманы», «Абыз» (Ахмет Байтұрсынұлы), «Қамшыгер» (Міржақып Дулат), «Мағжан мұңы», «Сәкенім-шерім», «Наза», «Әуезов ескерткіші» әр қайсысы тарихи тұлғаға арналған ескерткіш деп қорытады сыншы.
Молдахмет Қаназдың «Талант пен төзім» атты сыни мақаласы жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының шығармашылығына арналған. Жазушы шығармаларының негізгі тақырыптық, сюжеттік жүйесі сөз етілген. А.Акутогава, С.Мойем, П.Мериме, Ги де Мопассан, Д.Фонвизин, т.б. шығармаларын аударғаны белгілі. Сыншы «Ақырғы күн» мен «Оралу» шығармаларын талдаған. Өкінішке орай бұл шығармалардың жазылған кезі көрсетілмеген. «Ақырғы күн» шығармасының бас кейіпкері туралы былай делінген: «Кеңес кезінің түлегі, санасы да, адамгергершік қасиеті шектеулі қораптағы адам. Оның өмірлік екі-ақ мүддесі бар. Біріншісі – қызмет те, екіншісі – әлдеқандай бәле-жәле, саяси айыптардан арашалап қалатын берік қорған – орыс келіншегі. Бұл жағынан – ол интернационалист. Тәнеке Жуасбаевич А.П.Чеховтың Акакий Акакиевичін еске түсіреді».
Сыншы осы мазмұндық талдау арқылы қазақ әдебиетінде орын алған осы типті кейіпкердің портретін анықтап берген. Осындай талдаудан кейін бұл шығарманы тауып алып, оқығың келеді.
«Оралу» әңгімесінің басты кейіпкері «даладағы үйіріне ие бола алатын кәдімгі қазақы қара айғыр». «Жоғарғы жақтың шешімімен жылқы тұқымын жақсарту үшін шаруашылыққа Ростовтан айғырлар әкелінеді. Бұл оқиға қырық жыл маңдай тері шүмектеп, осы қазақ жылқы тұқымын асылдандырып келе жатқан Жорытпасов Атабердінің жүрегіне оқтай қадалады да, қолынан келмейтін іс болған соң, өнбес істі дауламай жасының ұлғайғандығын ғана сылтауратып жұмысынан кетеді. Әлгі Ростов жағынан үкіленіп әкелінген айғырлар тек байталды ғана білетін, үйіріне ие бола алмайтын, бар болғаны қалың ет маубас екен. Зорлықпен аластатылған қара айғыр қолайлы сәтті пайдаланып арпалысып жүріп ақыры үйіріне қайта оралады. Жұрттың үкілеп жүрген асыл тұқымды Ростов айғырын шайнап тастайды». Сыншы айтқандай, бұл шығарма жылымық жылдары жазылған екен. Сондықтан авторы «интернационализмнің көзіне шөп салды» деген айыптан аман қалған. өмір шындығын Чеховша тұспалдап беруді сыншы дәлелдеп шыққан. Жазушы тұспалдап көрсеткен «тарихының» күні бүгін маңызды екені айқын.
«Тар жол» романы батыстағы ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы Сырым Датұлына арналған. Осы ретте сыншы былай деген: «Сырым Датұлы жайында тек дұшпандар ғана мін тағатын салиқалы да салмақты шығарма. «Қыл шылбырдай өрілген арқау» – оқиға желісі сара – саяси жағынан да, күш-қуаты жағынан да үстемі – Ресей империясының мүддесі. Екінші арқау – күні өтіп, берекесі кетіп, ыдырап бара жатқан хандық. Жұртты алдап қалу үшін Ресей уақытша ғана ұстап отырған сүлде – Әбілқайырдың отыз сегіз жыл ел билеген, бүгіндері жан бағып жұртынан оқшауланып қалған ұлы Нұрәлі. Үшінші – негізгі тартыстың тұтқасында халық мүддесінің жоқшысы – Сырым Датұлы».
Қозыбай Құрманның екі әдеби сын мақаласында қазақ поэзиясы сөз етілген. «Сағидың даусы келді деп» атты мақалада сыншы Сағи Жиенбаевтың поэзиясына қазіргі талаптар тұрғысынан жаңаша талдау жасаған. Өкініштісі бұл жақсы талдауларға Чернышевский, Белинский сияқтылардың пікірлері ретсіз кіргізілген. С.Қирабаев сияқты аға ұрпаққа соцреализм қолдануға рұқсат еткен бұл екі орыс сыншыларының тек Ресей әдебиетіне қатысты пікірлерінің қазақ поэзиясына қатысы шамалы. Бұл ескертпеміз тек осы мақалаға ғана қатысты емес.
Қазіргі қазақ әдеби сынында Бехер, Гоголь, Чехов, Пушкин айтты деген контекстен жұлынып алынған түсініктердің қазақ әдебиетіне қатысы жоқ екені айқын болса да осыдан арыла алмай келеміз. Бұл жазушылардың пікірлері қазіргі қазақ әдеби сынын жеткіліксіз мағлұмат болып табылады. Осы ретте арнайы мойындалған әдебиет танушылардың пікірлері қажеттілеу сияқты. Қозыбай Құрманның келесі өлеңді талдауы ұтымды болып көрінеді. «Ақ бұлтты шайнап, көк құшты, Айғайға басты ол енді. Көңілден ұшқан көп құсты, Көтеріп ала жөнелді». // ... «Теңіздің ісі тым қызық, Теңселіп тартты қияға. Толқынға күнді мінгізіп, Қондырып қайтты ұяға».
Сыншы осы ретте былай деген: «Ат жалындап өсіп, күлік мінгенді бар ғұмырының мән-мағынасындай сезінетін қазақы болмысқа қалай терең бойлай алған деп таңдай қағасыз бірден. Бұл байыптап қарай алатын сезімтал жанның қолынан ғана келсе керек»... «Ақын өлеңдерін тұтастай алып қарағанда табиғат лирикасынан тысқары сол бір кезеңнің, нәубетті заманның сүреңсіз бейнесін өз жырына арқау етеді. Ақын өз портретін сомдай түсетін өлеңі мынау дейді: «Тимей-ақ жерге табаным, Шықпай-ақ әлі бесіктен. Құлағын жарған даланың, Құлындай даусыңды есіткем».
Осы ретте сыншының Белинский айтты деген пікірі түкке тұрмайтыны анық. Қазақ өлеңі, лирикасы, толғауы туралы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышта» айтқаны; Жүсіпбек Аймауытұлы «Мағжанның ақындығы туралы»; Мағжан Жұмабайдың «Ақан Сері өлеңдері» туралы айтқандары қазақ поэзиясына тікелей қатысты және қазақ өлең сөзін талдаған кезде қолданса орынды болар еді.
Қозыбай Құрман «Ерлан Жүніс поэзиясы немесе «Хауас» туралы сөз. Әдеби сынында өлең сөз туралы былай делінген: «Поэзия – көкірек пернесінде қонақтаған бұлбұл құс текті жаратылысының тылсым күйі бола тұра, оның да алабөтен еркіндікті жаны қалайтын мезеті болса керек». Ұтымды, жақсы айтылған.
Сыншы ақынның «жаны қалаған еркіндігін сезген болар едіңіз» деп келесі мәтінге назар аударады: «Жазам дедім қалам берді Тәңірім, Ашам дедім ғалам берді Тәңірім, Қара өлеңді маған берді Тәңірім, Бар әлемді саған берді Тәңірім».
«Жаз да өтті сұлу салған ән сыңайлы» дегені туралы: «Ерлан ақынның жырлары поэзиялық біз жиі айтатын 3 тегінің ішінде лирикалық поэзияға жататынын бәріміз де анық білеміз. Көбіне оның лирикалық өлеңдеріндегі бірден-бір артықшылық та бас-аяғының қысқалығы мен сол қысқалықтың өн бойында қорғасындай салмақтанып тұратын философиялық шағын түйіндерінде». Нақты және орында пікір. Осыншама қазақ өлеңі туралы әдемі талғамдық ойын сыншы былай деп бүлдіріп алады: «Осы қысқалық турасында орыстың атақты сыншысы В.Г.Белинскийдің «Лирикалық шығарма тезбе-тез түйсіктен шыққанмен, рабайсыз ұзақ болмауға тиіс және болмау керек» деген пікірі тектен-тек айтылмағанына көз жеткіземіз».
Сыншы ақынның 4 шумақтан тұратын өлеңдері «пәлсапалық пікірлерге бай» дейді. Лирикаға пәлсафа кейде қажет емес...
Ерлан Жүніс өлеңдерінің келесі бір ерекшелігі – ақын өзінің азаматтық ұстанымын ашықтан-ашық жалаулата бермейді. Жазғытұрым қап түбінде жататын сүрдей сақтап, ұрымтал тұстарында ғана кіріктіріп отырады: «Ойға алсам бәрін жер-көктің, Белгім бар менің көп жерде. Сезім жоқ жерде – мен жоқпын, Мен жоқпын – жүрек жоқ жерде! // Аққан жұлдыз, өткен күнді бақылап, Күттім оны, күттім оны не керек?! Сағатыңыз қанша болды жапырақ? Сағатыңыз неше болды көбелек?».
Осыған қатысты сыншы: «Оның бер жағында И.С.Тургеновтің «Барлық адам өмірде жасайды, бірақ білетіндері аз» дегені бұл ретте тіпті қиынсыз. Сыншы өзі әдемі «түрдей сақтап» келе жатқан талдауын қатысы жоқ біреудің пікірімен білдіріп алады. «Түсімде көктемді көрдім, Түс емес, өңім бе деймін, Гүлденген бөктерді көрдім! Бөктерім керім бе деймін! Құстардың келгенін көрдім, Құс емес, көңіл ме деймін. Сұлу гүл тергенін көрдім Гүл емес, өмір ме деймін!». // «Нөсердің жауғанын көрдім Жауғаны – нұрым ба деймін. Бұлттардың ауғанын көрдім, Аунаған құлын ба деймін».
Сыншы: «Өлеңмен бірге сіз кешіп отырған тәтті күй қапыда үзіліп кетердей. Сұлудың гүл тергені шынымен де өмірдің өзі екеніне сендіреді. Қалай қапысыз дәл тауып айтқан деп таңдана бергенде көктемнің бұлттарын көз алдыңызда құлдыраңдап жүрген құлын ғып әкеп аунатады. Сұлулық емей немене?» сыншының осы талдау да жеткілікті. Бірақ «пән сөздері» де керек! Теңеу, салыстыру, метафора, тұспалдау сияқты пән сөздері осы ретте қажет-ақ! «Сүй бәрін, Сүйер маусым жеткен кезде, Бұл бақ та гүлдер бөгде, көктем де өзге, Сұлулық – сұлулық деп аталады, Ақынның жүрегінен өткен кезде!».
Соңғы сөйлемде әдеби пікір тұр ғой. Ақын көзіне түсіп, жүрегінен қиналып шыққан ой ғана сұлу болуы ақынның ұтымды қолданған теңеуі. Бұл өлең сөзде кездесе бермейтін метафора. «Сыншы ақынның «Жолжазба» өлеңіндегі: «Мына ауыл қай ауыл, ақырғы ауыл, Жолбелгінің қарашы оқылмауын» сөздерінен сыншы ауыл туралы мағлұматты түсініп, Жолбелгісі оқылмайтын ауылдың көсегесі көгермей тұрғаны ақынды ғана емес, сыншының да жүрегіне батуы түсінікті.
«Ерлан Жүніс бірде қар туралы өлеңінде былай депті: «Менің де бұрын танылғым келген тым ерте, Сөрелерден табылғым келген тым ерте».
Мұқағалидың сөздері осы ретте тұрғанын сыншы айта кетсе орынды болар еді. Интертекст пән сөзі деген түсініктер сол ретте сұранып ақ тұр. «...Ұшқындап жауып алақандарда ерідің, Ұшқындап жауып, Жүректерде еріп кеттім мен!».
«...Оқырман жүрегіне қар болып ұшқындап қонып, сусыны болып, сусаған жүректердің шөлін қандырып жүретін ақын сөздерін тура осылай таныту қажет».
Осы Қозыбай Құрман сыншының «Мезгілді сөйлеткен ақын» сыни мақаласы Қуандық Шолақ ақынның сөздерін қарастырған. Жақсы теңеулер, кәсіби талдаулар бар. Бірақ тағы да мақала соңында неміс ьақыны Бехер айтыпты деп орынсыз келтірген: «Егер мен үстел үстінде тұрған алманы шабыттана жырласам, ол бір милиметрдей биікке көтеріліп, көз алдыңа елестер еді». Жан – Пол Рихтер лирика туралы... осы тектес. Сыншының өз ойы керемет: «Қатал қас» өлеңінде: «Жалынан боз айғырдай ұстатпаған, Не дейсің боз боранға қысқы ақ табан, Сіресіп мұз құрсаған көл жиегін, Шебер қыс қамыстармен пұшпақтаған...».
...Бұл нағыз сұңғыла ой мен мінсіз, айнытпай мүсіндеудің жемісі...
Қазіргі жас сыншылардың кәсібилікке жүгінген әдеби сын мақалалары «Қазақ әдебиеті» газетінде орын алғанымен қуантады. Бұл әдеби сында батылдық пен талғамның талаптары айқын.
Мені осы ретте таңқалдырған есімдер Бағашар Тұрсынбайұлы, Нұрбек Түсіпхан және Әлібек Байболдың мақалаларымен қатар әдеби шығармаларындағы әдебиет туралы батыл ойлары. Бұл 3 сыншының әдеби сын, көркем әдебиет туралы пікірлері жаңа, тың.
Әлібек Байболдың «Әдеби типтер» мақаласы (10.02.2012 ж.) тек әдебиет туралы пікір ғана емес. Мысалы: «Кейіпкер әдеби әлемде, кеңістікте өмір сүретін «адам». Персонаж!.. Персонаждың өзіндік ойы, ұстанымы бар ғой! Жазушы (жасанды) «қисық» қаламымен кейіпкердің өміріне, шағырманың тартымды әрі нанымды шығуына кесірін тигізеді... Кеңес кезіндегі әдебиетте орыс ұлтының өкілі міндетті түрде жүруі керек-ті. Сайқал саясаттың ықпалы «сөз өнеріне» де салқын тигізеді», дейді. «Соцреализм мен қазіргі әдебиеттің айтысын көркем шығармасында кейіпкерлер ретінде кіргізген Әлібектің қазіргі әдебиетте енгізген постмодернистік ойыны.
Бағашар Тұрсынбайұлы: «Екі кітап туралы Б.Сарыбайдың «Қараторғайы» мен Алмаз Мырзахметтің «Ханшайымы» жайлы.
Сыншы осы тұрғыдан аталған шығармаларды саралап шыққан. Сыншы былай дейді: «Ізденіс» деген сөзге келгенде сақа жазушылар мен жас жазушылардың арасы екіге айырылады. Жастар прозаны әрі қарай қалай алып барады? Осыны анықтауды Бағашар өзіне кәсіби мақсат еткендей.
Б.Сарыбайдың «Қараторғай» хикаясын Оралханның «Бәрі де майдан» повесінің формасымен жазылған». Бұл бірден берілгенмен қарсы ----- едім. Хикаяда Темірланның кәмілетке толмаған балалар түрмесіне түскен себептері суреттелген. Әкесі тастап кеткен ұл анасы көрген қатігездікті бірге кешеді: атасының қатігез пейілі, қарындасын оқушылармен бірге суретке түсірмеген ұстаздың немқұрайлығы – қоғам қатыгездігі. Темірлан жылқы ұрлауға көмектесіп, өз мойнына кінә артады. Ұрлаған жылқы атасыныкі: кек қайтару ма? Еншісін алу ма? Қатыгез атасы немересін кешірмейді. Сыншы бұл нанымсыз дейді. Бірақ бұл өмірде бар шындық және ол авторлық шешім.осы ретте сыншы атасының қатігездігін әшкерелейтін деталь керек еді дейді. Бұл Орынды. Қараторғай бейнесі тегін қолданылған, құстың ұясын бала күнінен қорғаған кейіпкер түрмеден шыққанда осы қараторғайдың дауысын естиді. Сыныптастары оны қараторғай дейтін. Бұл құс көктемнің алғашқы хабаршысы. Темірлан да осы торғай сияқты мерзімінен ерте оралды. Қараторғай бейнесі қазақтың ауылдағы қарадомалақ балаларының бейнесінің символы. Ауыл баласы ерте есейеді. Оларға араша түсетін орта қазір ауылда жоқ. «Өз күнін өзі көретін, панасыз жан» дейді сыншы. Мен былай деп қосар едім: «Бейбіт Сарыбай қазіргі әдебиетке қазақ қоғамында елеусіз қалып келе жатқан әкесіз өсіп келе жатқан балалардың бейнесін, қазіргі қарасақал атеисшіл атаның, мейірімсіз әкенің қатігездіктерін көріп тура жолдан адасып жүрген ұрпақты қаз қалпында бейнелеу – тың істің басы.
Сарыбайдың «Ақтабан» хикаясында да сыншы әділ талдау берген: «Шығарма кейіпкер Махамбет түк кемшіліксіз», «Бейкүнә күнәһарлар», «Мейірім», «Жанғалидың жазығы», «Байлар да жылайды», «Біздің заманның Шығайбайлары» әңгімелері ерекше сөз етілген. Бағашар осы ретте Чеховтың сөзін орынды қолданған: «Чехов көбіне жеріне жеткізбей суреттеуден гөрі асыра, артығырақ суреттеген кемшілік адамды мезі етеді» дейді. Балаларға арналған шығармалар тілдің жоғары көркемдігін талап етпесе де, жұтаңдығын қаламайды» деп ашығын айтқан. Бірақ бұл шығарма балаларға ғана арналмаған. Әдебиетті тақырыбын қарап бөлу де арнайы мәселе. Орынды пікір.
Алмаз Мырзахмет «Ханшайымына» қатысты Мураками, латын әдебиетінің қолтаңбасын сыншы бірден аңғарған. «Өрт» әңгімесінің кейіпкері Еркебұланды мектепке қабылдамай қойған Рая апайдың қорасын өртейді. Кейіпкер туралы сыншы былай дейді: «Ол өзімен сөйлесіп, аспандағы, жердегі жаратылыстардың бәріне сыр шертеді» дейді сыншы. Бала жындыханаға түседі. «Кімді кінәлайсыз?» дейді сыншы. Мысықтың қарғысы ма? Жазушы үлкен мәселе көтерген дер едім. Әңгіме соңында сандырақтап жүрген бала, өзімен өзі сөйлескен кейіпкер – қазіргі қоғам қатігездік әсерінің желісі ғана емес. Адам немқұрайлығы, балалардың жан дерттерін бейнелеген жазушының ұтымды алған кейіпкері. Алмас адамның психологиялық дамуына үңілгендей. Еркебұланнан басталған өзімен өзі кеңесетін кейіпкерлерімен ерекше. Бұл жазушының 9 пунктен тұратын повесі «Жазушының қойын дәптерінен» пунктир-повесіндегі кейіпкерлердің ойы дәлелдейді: «Уақыт өтпейді, біз өтіп жатқан». Бұл жаңа жанр дейді. Бағашар сыншы. Дұрыс пікір. Себебі бұл пунктир-повестің сюжеті, фабуласы жоқ. Тек әр пунктте кейіпкер-жазушы дүние, өмір туралы толғанысы бар. Бұл постмодернистік жанр. Бұл ақыл айту емес. Бұл жаңа роман шарттары.«Гүл жанарындағы жаста» – жас жігіттің қазасы әр тараптан баяндалған дейді сыншы: апасының жоқтауы, кәугерлердің сөзі, өзінің емшіге айтқан сөзі, жеңгесінің күнделігі – осының бәрі өлім себебін ашады. «Бірбеткей мінездің кесірінен өлімге тап болған адамның іштей тартқан азабы да бар» – дейді сыншы. Бұл жеткіліксіз.
Жазушылық деген не, – дейді сыншы... Қоғамның болмысын, адамдардың мінезін, қайшылықтарын қағазға көшіру деп түсінеміз алдымен. Көш аялсыз жүріп келеді. Бұл әдебиеттің салқар көші. Сол көштің нарлары Бейбі Сарыбай мен Алмаз Мырзахмет көтерген жүгін көргіңіз келсе, әлеміне үңіліңіз».
Бағашардың «Жапырақ нілді бояулар» сыны Ұларбек Дәбей «Алтайдың белі ақселеу» атты өлеңдер жинағының талдауына арналған. «Хан тіккен қаһарлы ордаға, Қолдарын қусырмай кіретін. Қодасты сұлатқан қамшысын, Қайыра босаға ілетін. Ханзада жүзінен төгілген қатулы сұраққа, Қабанның жалындай Қайратты мұртымен күлетін» – дейді ақын «Сақтар» өлеңінде. Осы ретте сыншы Ұларбек поэзиясының ерекшелігін былай деп берген: «Ұларбектің ақындық қуатын көрсететін лирикалық өлеңдері. Оның сол өлеңдерінде ортақ бір кейіпкер бар. Ол – елес. Ныспысы өзіне ғана белгілі лирикалық кейіпкері (әсілінде лирикалық кейіпкер ақынның өзі ғана болмаса керек) бар өлеңдеріне ортақ. Бірде ол: «Бір елес торыған жолымды, Ендігі құтылу жоқ одан. Билеген тәкімді қанымды, Қыраулы терезем сыртында сол адам».
Тағы бірде: «Бөлмемді кезіп жүр екі елес, Есте жоқ жылдардан жұлынған қауырсын, Оны еске ап бір мезет бұл жүрек ауырсын...».
Бағашар проза мен қатар поэзия сыншысы екенін осы ретте дәлелдеп шыққандай. Бірақ орынды бір ескертпе айтқан: «Ұ.Дәбейұлы поэзиясында азаматтық ұстаным, өз өміріндегі қатпарлардан басқа, қоғамдағы құбылыстарға бейжай қарай алмайтын сергектік бар. Бірақ кейде өлеңдері бір-бірімен ұқсап кетіп жатады. Өзін-өзі қайталап қоятын тұстары бар». Орынды. Ескертпе. Ақындар жаңа форма іздеу керек тұнық суда қалып қалмас үшін.
Бағашардың «Құлақтан аздырып, көңілден семірткен сөз» қазақ прозасы туралы сын. 20 жасында «Шұғаның белгісін» жазған Бейімбет Майлин, Мағжанның «Шолпанның күнәсі», Әуезовтің «Қаралы сұлуы», Мүсіреповтің «Талпақ танауы», 1960 ж. Ә.Кекілбаев пен М.Мағауиннің постмодернистік прозасы, С.Мұратбеков, Б.Соқпақбаев, О.Бөкей, Т.Әбдіков прозасы, Шерхан Мұртазаның соғыс жайлы суреттеген әңгімелері ерекше сөз етілген.
Т.Әбдіктің «Тозақ оты жымыңдайды», «Оң қол», «Парасат майданы» ерекше аталған. «Әке» повесі – қазіргі жазармандарға үлгі дейді сыншы.
Жазушы А.Мекебаевтың «Қазына сыры» оқиғалы романы былай деп қарастырылған: «Тіршілік үшін адам баласы қандай да бір қадамға баратыны айтылған...
Осындай бірін бірі аңдыған, біреуі жалт бұрылса, екіншісі талап жеуге дайын қоғам әсерлі бейнеленген» дейді сыншы. Бағашар Чехов, Т.Шапай, Шарль Бодлер айтты деп кететіні бар. Д.Әшімханұлының «Құдайсыздар» әңгімесі жақсы талданған: «Өмірдегі болған жағдайдың, сәттің тек фотографиялық көшірмесін бермей, оқырманға ой салатындай етіп, құнарлы тілімен анық жеткізе білетін Д.Әшімхан жалаң, жайдақ сөзге құмар емес. Нақты оқиғалар мен ситуациялар арқылы адамның көңіл-күйін, мінезін, портреттік шебер жасайды». Нанымды пікір.
Т.Шапайдың «Әулие ағаш» пен «Керексіз» әңгімелері жаңаша талданған. Бағашар былай деп бастайды: «Әдеби орта үнсіз қалған екі әңгіменің де көтерген жүгі ауыр. «Әулие ағашта» – киелі ағаш түсі баяндалған. Әулие ағаш ол – осы әлем, жер: «Ағаш – құсқа пана, жыланға да – өз үйі. Қаншама балапан жем болды, қанша жылан опат болды – есебі жоқ». Бұл жер бетіндегі жақсылық пен жамандықтың күресі дейді сыншы. Сол ағаш енді көктен түсетін найзағайды күтіп отыр. Ол – ең соңғы күн. «Ал біздің өміріміз әулие ағаштың көрген түсіндей, болғаны болмағаны белгісіз, өң мен түстің арасындағыдай әсер қалдыратынын» сыншы осы ретте түйін ретінде айтқан.
«Керексіз» әңгімеге қатысты сыншы былай деген: «Әлем әдебиетінде «простая сложность» деген ұғым бар. Т.Шапай әңгімесі осы ұғымға сияды». Әңгіме: «Ол шаршады. Шынымен-ақ шаршады. Әуелден айналысқан шаруамен айнымаспын деген сертінен қажыды», деп басталады. Кім қажыған? Неден қажыды деген сұрақ қоймас бұрын осы сөйлемдерде үлкен мысқыл, ашу-ыза, терең сарказм жатыр. Оған көзіңіз әңгіме соңында жетеді», – деп бір қояды сыншы. Жер бетіндегі тіршіліктің екі басты кейіпкері – Адам мен Сайтан арпалысын жазушы соңғы кейіпкерлерінің түңілуімен суреттеу ұтымды шыққан. Бұдан артық қандай ғибрат керек? Постмодернистік әдебиеттің ерекшелігі осындай шағын әңгімелер арқылы бұрын том-том кітаптар көтеретін ойды ықшамдап, соқырға таяқ ұстатқандай етіп беруімен құнды. Ең бастысы басты ой, және оның шағын мәтінде көркем түрде іске асуы. Бұл жанрды Ш.Шапай баяғыда меңгеріп алған. Бірақ бұл әңгімесінің жөні ерекше екен. Кейіпкердің аты аталмайды. Өзінің керемет білімін адамдарға үйретіп жүріп, екінің бірі бұның шәкіртіне айналғанда, ол өзінің керексіз екенін сезінеді: «Кімге насихат айтып, жөн сілтесе де, «өзім білем» деп, жүре тыңдайтынды шығарды». Қадірі кете бастаған кейіпкер айдаладағы баяғыда ілімін қабылдамай қойған мекенге барады. Мақсұт – бүкіл жақсылық атаулының жиынтық бейнесі». Ілімін жетпеді деп барған мекенге өзінен бұрын шәкірттерінің барғанын естігенде: «Опасыз шәкірттері, ақыры мұнда да алдын ораған екен. Бұған барар жер, басар тау қалдырмаған», деп кейіпкер күйзеледі. Бұл кім, қандай ұстаз? Шәкірттері өзінен асып, ойларына келгенін істеп, ұстаз ілімінен асқанына көзі жетеді. Сыншы: «Соңында өз шәкіртерінен теперіш көрген ұстаздың ішкі күйін суреттеп, басынан жасырған ойын ашып айтады. Мен де жазушы сияқты сізге айтпай алмаймын, есімі – Сайтан еді. Жазушы адам баласының қазіргі жай-күйіне, соншама азғындап бара жатқанын көрсеткен. Жалпы Адамзаттың шағын портреті іспетті бұл әңгіме», дейді сыншы. Постмодернистік әңгіме, постмодернистік сынға түскен.
Серік Нұғман «Жоқ іздеуші жан», «Әзәзіл» 10 бет әңгіме. Психологиялық иірімдер сыншы: «Адам ойы бейнеленген. Әдемі бойжеткенге қараған кездегі ойын шарпып өткен сезім. Оймен көшеде келе жатқан жігіт машинелердің ішіне қалай кіріп кеткенін байқамай қалады: «Ә, иттің баласы, өлгелі жүрмісің мұнда?! – Кенеттен әлдекім саңқ етті әлдеқайдан». Бұл жаңа форма екенін сыншы осылай анықтап берген. Бірақ 10 бет ұзақ екенін де айтқан. Орынды пікір.
«Түнек» әңгімесі: «Қара түн мен адам жанының қараңғылығы контрасты суреттеледі. Әке мен бала арасындағы ішкі арбасу адам жанының сан түрлі құбылуын баяндайды». Жазушының басты тақырыбы туралы сыншы: «Қаламгердің кітабын оқып отырып, есімізде қалған жылы образ – жоқ іздеуші жан». «Баяндаушы мен кейіпкер бір субъектіге, бір тұлғаға айналды». (Ш.Айтматов, Т.Нұрмағамбетов). Бұл жаңа жазу тәсілі, жаңа форма екені осылай аңғарылған. Сыншы кемшіліктерді де атап өткен: «Ұзақ баяндау мен ішкі монологқа жақын қаламгер шағын әңгімелер арқылы өзінің ойын толық жеткізе алмайды. Ал «Жоқ іздеуші жанның» олардан бір саты биік тұрғанын байқап, осындай қорытынды жасаймыз».
Батыстың постмодернизімі бізге қажет емес дейді сыншы. Бұған келіспеймін себебі әлемдік ағым бір біреудің рұхсатымен келмейді. Ол ауа-райы сияқты өзі жайлап баяғыда бізге де еніп кеткен. Бағашар қазіргі әдебиет туралы: «Бізге өзіміздің жаңашыл болғанымыз керек. Біз көркемдікті басқа нәрсемен шатастырып алдық. «Предательство слова» деген бар. Біздің әдеби тіл деп жүргеніміз «көркемдіктің» тонын жамылған кеңсенің тілі екенін Асқар Сүлейменов баяғыда айтып кеткен.
...Әр нәрсенің тоқырау кезеңі мен қайта өрлеу дәуірі болады. Оқырман әлі де бар. Олар жазушылардың жақсы шығармаларын күтеді. Жақсы шығарма туу үшін үлкен ізденістер, биік талғамдар қажет. Мұхтар Мағауинның «Нар қызыл» әңгімесінде қойшы әбден қажыған, болдырған атын саумалмен күтпейтін бе еді. Суарған кезде шетінен тамызып отырып, мөлшерін күнде көбейтіп, кейін сек саумалмен суаратын болады. Талғам да осындай күтуді қажет етеді. Еңбекті қажет етеді». Талғамды көтеру ол өз алдына арнайы мәселе.
Бағашар «Каркалық сын есім» мақаласында: Әлібек Асқаровтың «Сәлемнің де жөні бар», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімелерін жақсы талдаған. Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикаясы», Дәурен Қуат «Мүйіз Тарақ» Төлеп Әбдіков «Ұры мен ұлы» пьесасы (екі ұрпақ дауы) да ұтымды қарастырылған. «Неге ұры байдың емес, қарапайым халық үйіне түседі. Адамдар жоқтықтың он мың теңге ұрласа ұрлық ал шенеуктер он миллион жымқырса бизнес?», – деген сауалдар халықтың пікірі ретінде айқындаған.
«Каркалық» пьесаға Бағашар кафкалық талдау берген. «Біздің де айналымға бір қаламгердің атымен байланысты термин, әне-міне, енеді деп үмітпен қараймыз» – дейді жас сыншы. Мен де осыған қосыламын.
Қазіргі әдеби сындағы өзін танытқан Нұрбек Түсіпханның «Үш Талшыбық» әдеби сынының жөні ерекше. Мақаланың «Үш талшыбық» аталуы тегін емес. Келешекте осы үш жас жазушылар Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Арман Әлмамбет үш бәйтерекке айналса екен деген ізгі ниет. Нұрбек үш замандасының қазіргі прозасын кәсіби талдауға алған. Жас жазушылар сынды аңсайды деп айтып кетеді сыншы. Осы ретте «Тура би трибунасы» қажет екенін алға тартады. Алмас Нүсіптің «Барлау» жинағын оқығанда»; Әлібек Байбол «Темір жол вокзалын аялдағанда»; Арман Әлменбет «Режиссердің түстері» атты сыни мақаларында Нұрбек қазіргі жас прозаның жетістіктері мен кемшіліктерін айқара ашып берген. Жас прозаға тура осындай тура билік пікір білдіру қажет. Өтірік мақтаудан шаршаған әдеби сынға осындай жылатын айтатын достық, кәсіби, әдеби пікірлер керек деп санаймыз. Тура осылай кезінде Асқар Сүлейменов замандастары Әбіш Кекілбаев пен Дулат Исабековке нақты ескертпелерін ашық айтқан еді. Нұрбектің осы тура жолдан таймауын тілер едім.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет