ҰЛТ РУХЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ
(Т.Жұртбай туралы)
Қазақстанның рухани тәуелсіздігін нығайтуда, тарихы мен мәдениетінің тарихын түбірлі зерттеуде алдыңғы қатарда жүрген қоғамдық ғылым саласындағы көрнекті ғалымдардың бірі – жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай. Ол өзінің саналы шығармашылық, ғылыми, педагогтік қызметінде Қазақстан Республикасының рухани тәуелсіздігін нығайту жолында тыңғылықты еңбектеніп келеді.
Тұрсын Құдакелдіұлының «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты алғашқы шығармасы 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық конкурсында бәйгеге ие болып, он бес жасында баспасөзде жарияланды. Содан бері ол қазақ сөз өнерінің барлық жанрында қалам тартып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың шығармашылық жолы ақын ретінде басталды. Оның алғашқы өлеңдері он алты жасында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде О.Бөкеевтің «Тұсаукесерімен» жарық көрді. «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер» атты жыр жинақтары кезінде әдеби сыннан жақсы бағасын алды.
Проза саласындағы алғашқы туындылары «Бесқарагер» мен «Аэродром» хикаяттары жастарға арналған республикалық конкурста бірінші, екінші бәйгеге ие болды. Оның «Мөлдір көз», «Көгілдір әлем», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қар астындағы көбелек», «Ұш, маған, ұш балалығым», «Қалампыр» сияқты прозалық шығармалары лирикалық сыршылдығымен, соны түрлік ізденісімен, философиялық ой иірімдерімен ерекшеленді. «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» әңгімелерінде өмір мен өлімнің мәнін толғайтын жалған мен фанидің арасындағы мәңгілік аңсарлы сағыныш суреттелген.
Жиырма бес жасында «Жер – бесік» (1976) роман-новелласында саяси қысымның зардабына тап болған бунтарь Кербаланың тас-талқан болған тағдыры Кәрібоз абыз бен Саржан ақынның (прототипі Шәкәрім мен Мағжан) трагедиялық өмірімен желілес бейнеленеді. Әр тарауы жеке-жеке новелла тұрғысында құрылған бұл шығарма кеңестік тұста алаш идеясы, ұлттық тәуелсіздік, сенімге қысым, ашаршылық тақырыбына қалам тартқан алғашқы шығармалардың бірі болып табылады. 1980 жылы жазылған «Қар астындағы көбелек» роман-эссесіне кезінде: социалистік өмірдің көлеңке жағы трагедиялық сыпатта бейнеленген деген цензуралық тиым салынды. Кейін оның бұл шығармалары 1984 жылы Москвада өткен жас жазушылардың Бүкілодақтық кенесінде жоғары бағаланып, «Литературная газета», «Комсомольская правда» басылымдары жақсы пікір білдірді.
Т.Жұртбайдың көркем туындыларының стилі ерекше. Әдебиетшінің көркемдік әлемі арнайы зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Жазушының объектісі қазақтың «қоңыр дала, қоңыр тіршілік иелері». Сондықтан да бұл шынайы шыншыл проза. Автордың лирикалық кейіпкері ағынан жарылып мөлдір сезімдерімен бөліседі. Көркем шығармалардың атауына да басты мазмұндық концепт алынған: Мысалы: «Жүрегімнің ыстық та мөлдір тамшылары», «Қар астындағы көбелек», «Ұш, ұш маған балалығым», «Күн – өмірдің жанары», «Мөлдір көз», «Беті тілінген тарғыл тастар» – деген атаулардың өзі адамды ойға жетелейді. «Қар астындағы көбелек» деген метафора жазушы Т.Жұртбайдың көркемдік стилінің формуласы іспетті. Семей полигонына қатысты шығарманың «Беті тілінген тарғыл тастар» аталуы да өте дәл таңдалған теңеу ғана емес, шығарманың басты ойын қамтып тұрған басты дискурс – бейне. Кезінде бұл шығармаға «Тың мұңлы», «Жетімдікті жырлаған», «Совет кезінде жұт болған жоқ», деген «кінәлар» тағылғаны да тегін емес.
Алаштанушы ғалым, жазушы Т.Жұртбайдың совет кезінде сыналған бұл көркемдік әлемі тек тәуелсіздік тұсында ғана қайта жарық көрді. Автордың шындықты аңсаған кейіпкерлері тым шыншыл екен. «Беті тілінген тарғыл тастар» – Семей полигонындағы сынақты басынан кешкен жасөспірімнің тағдыры туралы ғана емес. Бұл шығарма киелі Абай жерінің қасіретті мұңы бейнеленгенімен құнды. Т.Жұртбайдың кейіпкерлері маңайындағы әлемге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Олар өздерінен есеп алып жүрушілер. Сондықтан кейін жазушының кәсіби әдеби-тарихи зерттеулерге бет бұрып кетуі де тегін емес.
1980-1991 жылдары «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің қызметкері, бөлім меңгерушісі болып істеген он жыл аралығында қазақ әдебиетіндегі көркем сынының дамуы мен әдебиет тарихының зерттелуіне белсенді түрде араласты. Тарихи шығармалардың көркемдік ерекшеліктері мен тарихи негіздері, ұлттық нысана және тарихи шындық, прозадаға түрлік және жанрлық ізденістер, тілдік бояулар мен жастардың шығармашылығы туралы сыни мақалалар жазды. Сол тұстағы СССР Жазушылар одағының сын кеңесінің пленум мүшесі ретінде қазақ әдебиетіндегі үздік шығармалардың тек Қазақстанда ғана емес, Кеңестер одағының көлемінде танылуы мен насихатталуына атсалысып, одақтық басылымдарда сыни мақалалары мен шолулары жарияланды. І.Есенберлиннің, Ш.Әбеновтің, Қ.Мұхамедхановтың, Т.Әбдірахманованың, О.Сүлейменовтің, Ж.Жұмақановтың, С.Мұратбековтің, Қ.Жұмаділовтің, М.Мағауиннің, Б.Тілегеновтің, Р.Нұрғалидың, О.Бөкеевтің, А.Сейдімбектің, Қ.Салғариннің, А.Жақсыбаевтың, Р.Сейсенбаевтың, С.Әшімбаевтің, Ж.Әбдірәшевтің, Н.Айттың, Д.Әшімхановтың және т.б. шығармашылық өмірі мен шеберліктері хақындағы сыни эсселер жазды.
Т.Жұртбайдың бойындағы шығармашылық қабілет пен сыни көркем талдауға бейімділік, ұлы тұлғалардың шығармашылық өміріне деген ынта, архив мұраларымен жақсы таныстығы оның қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ілімінде бұрын нышан танытпаған роман-эссе жанрына қалам тартуына әсер етті. «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..», «Бұзылған бесік...», «Бейуақ», «Талқы» атты туындылары арқылы көркем саралаудың жаңа бағытының қалыптасуына ықпалын тигізді. М.Әуезовтің өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын салыстыра талдай отырып, жазушының қилы-қилы тағдыры мен туындыларының жазылу тарихына қатысты бұрын әдеби ортаға белгісіз екі жүзге тарта тың деректерді ғылыми айналымға түсірді.
Сыншы ретінде ғалым Т.Жұртбай тарихи және көркемдік шындық, өмірлік тартыс және көркемдік шешім, тарихи көркем баяндау, авторлық баяндау мен авторлық мәтін, қойын дәптер және қолжазба, түпнұсқалық және кітаптық мәтін, қаламгер мен шығарма тағдыры, көркем дүниедегі кеңістік пен уақыт, көркем түйсік пен көркем таным, тарихи көркем шындықтың теориялық мәселелері мен тарихи ойлау жүйесі, тұлға мен туынды тағдыры, тарихи шығармалардағы тарихи шындықтың, авторлық кейіпкердің, кеңістік пен уақыттың жағрафиялық, жетекші және басты кейіпкер іспетті жазушы психологиясына тереңдеп баруға мүмкіндік беретін әдебиеттанудағы күрделі мәселелерді көтерді.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың өмірлік-шығармашылық мақсатына айналған үлкен тақырып абайтану мен әуезовтану саласы. Бұл бағытта ол «Бесігіңді түзе!...», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!...», «М.О.Әуезовтің шығармашылық өмірі мен көркемдік әлемі», «Мұхтар Омарханұлы Әуезов», «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі» атты монографиялар жазды. Жазушы-ғалымның ғылыми жетекшілігімен «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» (1997, 64 б.т.), «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми-текстологиялық салыстырудан өткен басылымы (1997), М.О.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының 1-7 томы (1997-1998), М.Әуезовтің «Ескермедім, қабылдамадым...» (1998) атты ашық хаттар жинағы, «Құнанбай» (2004) монографиясы жарық көрді және оның қатысуымен «Атамұра» баспасында «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды.
Т.Жұртбай Л.М.Әуезованың шақыруымен ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының М.Әуезов мұраларын зерттеу бөліміне аға ғылыми қызметкерлікке шақырылғаннан кейін М.Әуезовтің мұражай-үйін «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ретінде қайта құруға жетекшілік етті. М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының жарық көруін ұйымдастырып, осы саладағы ғылыми жобаның жүзеге асуына бастамашы болды, сөйтіп, тәуелсіз кездегі әуезовтануға жаңа тыныс қосты.
Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы Т.Қ.Жұртбайдың өмірлік көркем ой мақсатына айналды. «Күйесің, жүрек... сүйесің!..», «Құнанбай», «Абай» роман-эсселерінде «жұмбақ жанның» тағдыры мен танымы, өскен ортасы, көшпелілердің көркем және тарихи-философиялық ойлау жүйесінің қалыптасуы, рухани тәуелсіздік, өлім мен өмір коллизиясы және өмірдің мәні туралы философиясы, жадиттік жаңа ағым мен исламият, Гете мен Ницщенің мәңгілік тіршілік және түркілік дүние пәлсафасының Абай шығармаларымен тоғысы, «толық адам» мәселесіне талдау жасаған. Құнанбай мен Абайдың өмір сүрген ортасына қатысты ғылымда бұрын белгісіз болып келген екі жүзден астам архив деректерін ғылыми айналымға түсіріп, олардың өмірбаяндық шежіресін жасады.
Әдебиеттанушы ғалым Т.Жұртбай Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармашылық өмірі туралы да арнайы зерттеу жүргізді.
Сонымен қатар Т.Қ.Жұртбайдың тарихи тақырыпта жазылған «Дулыға» (1-2 кітап, 1994, 2007), «Кетбұқа» (1996), «Бұзылған бесік!..» (2010), «Күйесің, жүрек... сүйесің!» (2001), «Бейуақ» (1990, 2007), «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш бөлімнен тұратын «Ұраным – Алаш!..» (2007-2011) деректі трилогиясы қазақ ұлтының 3 мың жылдық рухани тарихын қамтыған тарихи көркем ой толғамдары болып табылады.
Т.Қ.Жұртбай «Бейуақ» монографиясының негізінде «М.О.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» және «Қилы заман» повестеріндегі көркемдік және тарихи шындық» деген тақырыпта кандидаттық (1992), «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы негізінде «М.О.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны мен көркемдік әлемі» атты тақырыпта докторлық (2000) диссертация қорғады. 2002 жылы Т.Қ.Жұртбайға профессор ғылыми атағы берілді.
Ол 1990 жылдан бастап Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызмет Академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде абайтану, әуезовтану, жазушының шығармашылық психологиясы, әдеби шығармашылық, Еуразия романдары, Еуразия романдарының типологиясы, халық ауыз әдебиеті – тарихи дерек көзі ретінде, әдебиеттанудың өзекті мәселелері, туындыны ғылыми талдау, сөз мәдениеті (саяси шешендік), XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы, XX ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиеті, қазіргі әдеби процесс (магистратура), әдебиет және алаш идеясы бойынша арнайы курстардан дәріс берді.
«Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» 2 томдық оқу құралы (ұжымдық еңбек, 2000-2001), «Сөз мәдениеті» типтік бағдарламасы (2001) мен «Әдеби шығармашылық» (2002) атты оқу-әдістемелік құралы жарияланды. 2006 жылы ақпан-шілде айлары аралығында Қытай Халық Республикасының Орталық мемлекеттік Ұлттар университетінде (Пекин қаласында) профессор ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы, бүгінгі қазақ әдебиеті, абайтану, әуезовтану пәндері бойынша дәріс берді.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай Александрия кітапханасынан кейінгі екінші білім ордасы атанған «Отырар кітапханасын» тәуелсіз кезде қайта қалпына келтіру және еліміздің рухани-тарихи жазба мұраларын сақтау, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинау, жүйелеу және кеңінен пайдалану, қазақстандық тарихтану мен деректанудың ғылыми базасын дамыту және кеңейту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 шілдегі № 924 Қаулысына орай құрылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры ретінде игілікті еңбек етіп келеді.
2001-2010 жылдар аралығында профессор Т.Жұртбайдың жетекшілігімен Ғылыми орталықтың ғылыми-зерттеу, ғылыми-мәдени, ғылыми-білім беру бағыттары үйлестіріле дамыды, аса көрнекті ғылым, мәдениет қайраткерлерінің мемориалдық кітапхана қорлары, кітап мұражайлары ашылды, оқу-әдістемелік «Жазу тарихы» мұражайы ашылды. Оларға 40 мыңға тарта сирек қолжазбалар мен кітаптар жинақталды. Ғалымның тікелей жетекшілігімен сирек қолжазбалар мен кітаптардың 31 басылымы, соның ішінде Нарманбеттің «Кер заман» (2004); «Жетінші қазына» (2004); Х.Болғамбаевтің «Шығармалары. Тағылымдары» (2005); Т.Қоңыровтың «Теңеулер табиғаты» (2005); Х.Тәкежановтың «Қазақтың салт-дәстүрлері» (2005); Ә.Марғұланның «Саят құстары» (2005); Ноғайбайдың «Елім үшін кектімін» (2007); Б.Бафиннің «Тарихи шежіре» (2007); И.Нұрахметтің «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке» (2005); С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, 2004); «Қазақтың дархан дастарханы» (қазақ, орыс тілдерінде, 2005) «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), «Қазақтың салт-дәстүрі (Энциклопедия), 2009; Қ.Сартқожаұлының «Түркі жазуының генезисі» (2007); Н.Ахметбековтің «Өлеңдері мен дастандары» (2007); К.Таңатарұлының «Арман да арман, шын арман» тарихи жырлары (2011), Қ.Мұхамедхановтың 9 томдық (2004-2011), С.Бегалиннің 6 томдық шығармалар жинағы (2007 -2011), «Қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы» атты 30 томдықтың 7, 11-15, 17 томдарын (2007, 2008, 2009, 2010 жылдары) құрастырып, ғылыми түсініктемелер жазылып, баспадан шығарылды.
Т.Жұртбай ҚР Білім және ғылым министрлігінің аясында ұйымдастырылған «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары – Қазақстанның Тәуелсіздігінің рухани негізі» (2003-2005) және «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясының рухани негізі» (2007-2009) атты жобасына ғылыми жетекшілік етіп, түбірлі зерттеулер жүргізді.
Ғалым сонымен бірге қазір «Қазақ қолжазбалары (біздің дәуірімізге дейінгі X ғ. бастап XXI ғ. дейін)» атты 10 томдық ғылыми жобаның ғылыми айналымға түсіру бағытындағы жұмысқа ғылыми жетекшілік етіп келеді. Қазір ҮІІ-ІХ ғасырдың туындылары болып саналатын көне түркі тіліндегі драматургиялық «Маитрид смидт» туындысы қазақ тілінде ғылыми басылымға дайындалып жатыр.
Ғалым, сонымен бірге, қазір «Қазақ қолжазбалары (біздің дәуірімізге дейінгі X ғ. бастап XXI ғ. дейін)» атты 10 томдық ғылыми жобаның ғылыми айналымға түсіру бағытындағы жұмысқа ғылыми жетекшілік етіп келеді. Қазір оның: «Қазақ қолжазбалары»: Ежелгі грек, көне қытай жазбаларындағы түркілік әдеби үлгілер, «Батыс өңіріндегі аз ұлт ақындарының таңдамалы өлеңдері» (51 ақын), «Түркі және қазақ жазба әдеби мұралары», «Маитри смид», ҮІІІ ғасырдағы 20 көріністі пьеса. Транскрипция, аударма, түсінік», «Жеті қаған», «Мұзбұршақ» эпосы» (ІХ-ХІ ғ.) атты алғашқы ІҮ томы жарық көрді (Алматы. Ел-шежіре. 2011).
«Ұраным – Алаш!..» атты үш бөлімнен тұратын түрме әфсанасында ғалым 1922-1957 жылдары аралығындағы кеңестік идеялогиялық қысым мен саяси жазалау, ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату, ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытына арналған тұқым үзу (геноцидтік) мен халықтың жадын өшіру, әдебиеті мен мәдениетін рухсыздандыру тұрғысындағы репрессияны «Алаш» және «Алашорда» үкіметінің мүшелерінің Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтың, Ж.Досмұхамедовтың, М.Тынышбаевтің, М.Есполовтың, М.Мұрзиннің, М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, Х.Ғаббасовтың, С.Қадырбаевтың, А.Юсуповтың, Х.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, Е.Омаровтың, Х.Болғанбаевтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің, К.Жәленовтің, Д.Әділевтің, А.Байтасовтың, М.Есполовтың, Д.Ысқақовтың, Ә.Байділдиннің т.б. жиыны 71 адамның үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде патшалық отарлау мен жазалау саясатының заңды жалғасы ретінде қарастырып, шынайы ашып дәлелдеп берді. Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарындағы қысымның да астарлы себептерін әдебиетші барынша ашып көрсетті. Т.Жұртбай өзінің «Ұраным – Алаш!..» атты 3 томдық (2008-2011) іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасады.
«Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы – университет ұжымындағы оқу үрдісін үздіксіз әрі пәрменді түрде қамтамасыз ететін маңызды саланың басшысы және Еуразия ұлттық университеті жанындағы филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі (Д 14.31.03) диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде (2001-2010) білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарына белсенді түрде араласып жүрген республикаға танымал жетекші профессор.
«Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары Қазақстанның Тәуелсіздігінің рухани негізі» және «Көне түркі жазба ескерткіштері мен шығыс қолжазбалары – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясының рухани негізі» атты ғылыми жобаның нәтижелері шетел ғалымдарының да назарын аударды.
Профессор Т.Қ.Жұртбай еліміздің рухани-тарихи жазба мұраларын сақтау, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинау, жүйелеу және кеңінен пайдалану, қазақстандық тарихтану мен деректанудың ғылыми базасын дамыту және кеңейту мақсатында белсенді түрде еңбек етіп келеді. Оның көп жылдық ғылыми зерттеу еңбектері (31 әфсана мен монография) халқымыздың үш мың жылдық рухани тарихын қамтиды.
Ғылыми-ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы, сондай-ақ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды. Ғалым ғылыми зерттеу, ғылыми мәдени, ғылыми білім беру бағыттарын үйлестіретін жаңа үрдістегі ғылыми кітапхананың қалыптасуына негіз қалады. Ұлттық идеяның қалыптасуына белсене араласып келеді.
Профессор Т.Қ.Жұртбай Қазақстан Жазушылар одағының Ш.Құдайбердіұлы атындағы халықаралық «Алаш» және І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты. Халықаралық мәдени байланыстарды нығайтқаны үшін Пәкістан Республикасының (1996), ЮНЕСКО-ның (1997) Құрмет Грамотасымен марапатталған. ҚР ғылымына еңбек сіңірген қызметкер (2001).
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай қоғамдық жұмыстармен де белсене араласты. 1987-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының праволық комиссиясының төрағасы, 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы сыншылар мен әдебиет зерттеушілері Ассоциациясының президенті, 1992-1997 жылдар аралығында М.О.Әуезов халықаралық қайырымдылық қорының президенті міндетін атқарды. 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы докторлық диссертация қорғау жөніндегі мамандандырылған ғылыми Кеңестің мүшесі.
Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері шет тіліне, ал «Мұхтар Омарханұлы Әуезов» өмірбаяндық-ғылыми очеркі ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне аударылып, таратылды.
Т.Жұртбай М.Икбалдың, Уль-Хасан Бадрдің, Я.Коластың, Э.Межелайтистің, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, Н.Дамдиновтің, Пурэвсуреннің, С.Қапаевтің, У.Раджабтың өлеңдері мен Р.Брэдберидің, Р.Жәлелдің, Қ.Жусубалиевтің, Ш.Шаваевтің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Одесса, Ташкент, Самархан, Баку, Бішкек, Станбол, Анкара, Ізмір, Тегеран, Каир, Александрия, Пекин, Хохот, Сиань, Үрімші, Ұланбатыр қалаларында өткен халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, ғылыми баяндамалар жасады.
Ғалым, жазушы Т.Қ.Жұртбай қазір Александрия кітапханасынан кейінгі білім ордасы атанған «Отырар кітапханасын» қалпына келтіру мақсатында және қазіргі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясының қалыптасуына Алаш идеясының қажеттілігін өзінің басты кейіпкерлері – Алаш қайраткерлеріндей дәлелдеп, азаматтық еңбек сіңіріп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |