«Қазақ әдебиетінің халықаралық байланысы» сериясының «Нұрпейісов әлемі» (Құрастырушы Маданова М.Х., Машакова А.К. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2006) атты жинағында Ә.Нұрпейісов шығармалары жайлы шет тілдерінде жарық көрген түрлі мақалалар мен ғылыми конференцияларда жасалған баяндамалар, хаттар, қолжазбалар, т.б. материалдар орыс тіліне аударылып енгізіледі. Сонымен қатар, Нұрпейісовтің 1970-2000 жылдарда Франция, Германия, Испания, Венгрия, Египет, Болгария, Словакия елдерінде жарық көрген «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары жайлы жазылған әдеби сын мақалалар да қамтылған. Ш.Елеукеновтың осы жинаққа сөз соңы ретінде «Творчество Абдижамиля Нурпеисова в зеркале зарубежной критики» (1,0 б.т.) атты зерттеуі бар.
«Очерки по мировой литературе рубежа ХХ и ХХІ столетий» атты монографияда дүниежүзілік әдеби процестің бүгінгі бағыты қарастырылған. Зерттеуде ағылшын, неміс, итальян, чех, грек, латын-америкалық, түрік, араб, индия, жапон және орыс әдебиеттері мен олардың типологиялық ерекшеліктері зерттелген. Шолу ретіндегі әдебиеттанулық ақпарат бүгінгі әдеби процесс туралы мағлұмат береді. «Қазіргі әлем әдебиеті» атты ұжымдық монографияда ғасырлар тоғысындағы (1990-2001 жж.) француз, грек, ағылшын, латын-американ, итальян, араб, жапон және т.б. елдер әдебиеттеріндегі ұлттық ерекшеліктер мен көркемдік ізденістер, дәстүр мен жаңашылдық мәселелері қарастырылды. Қазіргі әлем әдебиетіндегі әдеби процестің жетекші бағыттары айқындалып, негізгі тақырыптар, проблемалық мәселелер жайлы сөз қозғалды. Әрбір әдебиеттің өзіндік ерекшеліктеріне ерекше назар аударылып, жаһандастыру процесіндегі ұлттық әдебиеттің жай-күйі баяндалады. Зерттеу тақырыбы бойынша М.Х.Маданованың «Қазіргі француз әдебиеті», С.В.Ананьеваның «Қазіргі грек әдебиеті», А.Е.Ментебаеваның «Қазіргі жапон әдебиеті», А.К.Түсіпованың «Қазіргі ағылшын әдебиеті», А.К.Машакованың «Қазіргі итальян әдебиеті», С.М.Алтыбаеваның «Қазіргі латын-америка әдебиеті» туралы зерттеу жұмысы жүргізілді. Бөлімнің қызметкерлерінен тыс бұл жобаға шетел зерттеушілері де атсалысты. Шетел ғалымдарының қатысуымен орындалған «Соңғы он жылдағы түрік әдебиеті» (Мехмет Төренек), «Қазіргі Чех әдебиеті» (Любомир Махала), «Қазіргі үнді әдебиеті» (Индра Нат Чудхири) зерттеу еңбектерінде әрбір әдебиеттің өзіндік ерекшеліктеріне, жаңалықтарына ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, әлемдік әдеби процестің жетекші бағыттары айқындалып, негізгі тақырыптар, теориялық, проблемалық мәселелері айқындалды. Қазіргі әлем әдебиетінің (1991-2004 жж.) жаңалығы, жаңа буын өкілдері шығармашылығының ерекшелігі, жетістіктер мен әдеби кемелдену мәселелері қарастырылып, зерделенген.
Тәуелсіз кездегі әдеби-теориялық зерттеулер тек осындай категориалды талдаумен шектелмей, ұлттық концептілерді айқындауға бет алды.