Пайдаланған әдебиеттер:
Шапаев Т. Ой түбінде жатқан сөз: Әдеби-сын мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 192 бет.
Шапай Т. Шын жүрек – бір жүрек: Эссе. Әдеби сын. Зерттеу. – Алматы: Жазушы, 1999. – 256 бет.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТЕОРИЯСЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗЕРТТЕЛДІ?
Қазақ әдебиеті теориясын Алаш әдебиетшілері «Әдебиетті таныту» деп түсіндірген. Кеңес кезінде Алаш әдебиет теориясына тыйым салынып, әдебиетті зерттейтін ғылым соцреалистік шарттарға сай дамыды. Тәуелсіздік тұсында Алаш әдебиеттануының басты зерттеулері ғылыми ортаға қайта оралды. Олар: А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» (1926), М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхаммедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928).
Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхаммедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы зерттеулеріндегі әдеби-теориялық түсініктер қазақ әдебиеттануы кәсіби ғылым саласы ретінде кеңес заманына дейін қазақ тілінде «пән сөздері» арқылы қалыптасқанын дәлелдеп тұр. Осыдан 20 жыл бұрын тәуелсіз ғылымға қайта оралған «Әдебиет танытқыш» қазіргі әдебиеттанудың идеологиялық шарттардан арылу жолдарын көрсетті. «Әдебиет – адамның жан қоштау қажетінен туғанын» теориялық тұрғыда Алаш әдебиеттануы баяғыда дәлелдеп берген екен. Кеңестік біліммен шектелген бүгінгі бір академик: «одан бері ғылым алға кетті, А.Байтұрсынұлы ескірді» деген пікірінен күні бүгін қайтқан емес.
Тәуелсіз кездің жас әдебиетшілері керісінше «Әдебиет танытқышты» ғылыми жаңалық ретінде қарсы алдық. Өз басым бұрын М.Бахтин, А.Гинзбург, Б.Томашевскийлердің зерттеулеріндегі идеологиясыз әдебиеттануға риза болып жүргенде тура осындай үлгіні А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мен Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиетінен» тауып қайран қалдым. Кеңес кезінде күшпен жойылған бұл ұлтттық әдебиеттанудың бар кінәсі – әдебиетті қазақтың ұлттық тарихы, діні, ділі, өткені мен келешегі контексте зерттегені. Бұл менің ғана жеке пікірім емес еді.
Кеңес кезінде Алаш әдебиет теориясының аталған теориялық ұстанымдары қолданыста болды ма? Соцреалистік тәртіп пен партияның идеясын насихаттаған әдебиеттанумен қатар, Алаш әдебиетшілерінің еңбектерін қастерлеп ұстаған Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтар «Әдебиет танытқыштың» негізгі түсініктерін өз еңбектерінде іске асырды. Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1942) мен «Әдебиет танытқышты» салыстыру арқылы бұған көзіміз жетті.
«Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламаларын ойлап тапқан да Ахаң: көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, шендестіру, дамыту, түйдектеу ... – осылардың бәрінің түп-тамыры Ахаңда жатыр. Мұхтар Әуезовтың «Ахаң түрлеген ана тілің дейтін әлдиінің әдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы». Демек, «Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы – осылайша әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығың – дейді академик З.Қабдолов.
1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» әдебиеттану, оның ішінде әдебиет теориясы саласында қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек екені даусыз. «Әдебиет танытқыш» деп атаудың өзінде үлкен мағына бар. Әдебиет – сөз өнері болса, оны халыққа түсіндіріп, оның көркемдік ерекшеліктерін, адамгершілік, кісілік, яғни, имани, рухани сипаттарын таныту әдебиетшілердің, зерттеушілердің қасиетті парызы екенін А.Байтұрсынов осы екі сөзбен ғана түсіндіріп кетті.
Әдебиет деген не? Бұл сауалға бүгін дайын жауап бар ма? Осы орайда академик З.Қабдолов былай дейді: «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...
Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында «Арнау» деген бір-ақ түр; шауып шықса, бұған «Шешендік сұрау» қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал, қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді».
Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық...» (З.Қабдолов).
Қазақ өлең құрылысының теоретигі академик З.Ахметов «Әдебиет танытқыштың» құндылығын былай деп анықтады: «Әдебиет танытқышта» негізінен поэтика, стилистика, өлең құрылысына қатысты мәселелер көбірек сөз болады. Автор үлкен тілші-ғалым болғандықтан, оның қазақ поэзиясының ерекшеліктерін осы мәселелерге байланысты тексеріп талдайтыны түсінікті. Автор поэзия тілінің бейнелілігін, сөз қолдану тәсілдерін мұқият зерттеп, теңеу, ауыстыру (метафора), алмастыру (метонимия), шендестіру, арнау, қайталақтау, дамыту, бүкпелеу секілді ұғымдарды әдеби термин ретінде қолданады. Сөйлемдердің синтаксистік топ болып бірігуін, «оралым», «қайшы оралым» деген сияқты түрлерін ажыратып көрсетеді. Қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындай, бунақ, тармақ, шумақ ұғымдарын қалыптастырады.
Демек, қазақ өлең құрылысының, қазақ әдебиет теориясының басты терминдерін Ахмет Байтұрсынов қалыптастырған екен.
«Әдебиет танытқышта» бұл орайда көркем сөздің тектері мен түрлері «адамның жан қоштау керегінен шыққан» нәрселерге жатқызылады. «Нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз өнері болады. Қазақша – асыл сөз, арабша – әдебиет, еуропаша – литература»… Және оның басқа өнер салаларымен айырмашылығын айта кетеді: «Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді».
«Әдебиет танытқышта» белгілі әдебиет терминдерінің қазақша баламасы көңілге қонымды әрі сәтті түрде қолданысқа енгізілген. Әр категория өзінің логикалық дамуы, қалыптасқан жүйесі бар түсінік ретінде айқындалады. Мысалы: «Байымдаманың зор мүшесі төртеу: бастамасы, ұсынбасы, баяндамасы, қорытпасы». Яғни, әр тұжырымның ішкі заңдылықтары ашылып, парадигма ретінде дәлелденеді.
Қара сөз бен дарынды (көркем) сөздің айырмашылығын Ахмет Байтұрсынұлы нақтылап көрсетеді: «Қара сөз әдебиетте пікір, сүлде түрінде айтылады. Дарынды сөзде пікір сурет түрінде шығады, яғни, сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпайы тұлға, түс, бітім, тірі нәрсе болып шығады. Сондықтан да дарынды сөз – көркем сөз деп аталып, қара сөздер - жалаң сөздер деп айтылады». Ғалым мұнымен шектелмей, осы екі түрлі сөзді қалай тануды, олардың дұрыстығын қалай айқындауға болады деген сауалдарға жауап береді: «Қара сөздің сынында пікір дұрыстығы, істің растық жағы тексерілсе, көркем сөздің сынында пікір дұрыстығының үстіне пікірге берілген сурет, сұлулық жағы да тексеріледі. Көркем сөзді әрі сүлде, әрі сурет – екі жағынан да тексеруге тиіс болғандықтан, оның сынында мынандай сұраулар боларға керек».
Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми түсініктің негізін жалғастырып, нақтылай түседі. Демек, қара сөз «шығарманың сүлде жағының сының болса, көркем сөзге басқа міндеттер жүктеледі: 1. «Мазмұны дұрыс па? Мұрат қалып па? Кейіп қалып па? Бұл – шығарманың сүлде жағының сыны. 2. Көркем сөз табына шын қосарлық сөз бе? Қиял жасаған тұрпаттар, ойдан үйлестірілген оқиғалар пікір санасына тура келіп, дұрыс суреттеп, өңдендіріп көрсете ала ма? Тілі өрнекті ме? Әуезді ме? Лұғаты таза ма? Анық па? Қысқасы ойды өрнектеп, көрнектеп, суреттеп көрсеткендей тілінде шеберлік бар ма? Ақылдың аңдағанын, қиялдың меңзегенін, көңілдің түйгенін тілі дұрыс жеткізе алған ба?». Әдебиет теориясындағы стиль, әдеби тіл, талдау, көркемдік, сюжет деген категорияларды Ахмет Байтұрсынұлы осылай түсіндіріп берген.
Көркемдік түсінігінің, көркем мәтіннің шарттары қандай деген сауалға Ахмет Байтұрсынұлы екі түрлі талап қою керек екенін айтады: «Көркем сөзде екі тысқы, екі ішкі сын болады. Тысқы сындар: 1) Тілдің лұғатының сыны, яғни, тілдің дұрыстығы, анықтығы, тазалығы, дәлдігі, көрнектілігі, әуезділігі, өрнектілігі жағының сыны». Яғни, шығарма тілінің стильдік ерекшеліктері, бүгінгі стилистикалық талдауға сай тысқарғы жағын бөліп айтады. Ғалым бұдан ішкі сындарды бөліп алады, демек, бұл әдебиеттану, әдебиет теориясының еншісі, теориялық талдаудың объектісін нақтылайды: 2) «Суретінің сыны: кестесін келтіріп, ұнасымды түрде үйлестіріп, суреттеуінің сыны. Ішкі сындар: 2) Алынған мінез, айтылған қылық, көрсетілген қалып, жан жүйесінің жөнімен қарағанда, дұрыс, бүтіп шығу, шықпауының сыны. 2) Өмір жүзінде айтылған нәрсенің болатындығының себебін дұрыс көрсеткен-көрсетпегенінің, адам қауымындағы қалып түзелу жағына әсер етерлік (пайда-зиян келтірерлік) қуаты бар-жоғының сыны. Көркем сөзді сынағанда, әдебиет түрінің осы төртеуі түгел жұмсалады».
Ахмет Байтұрсынұлы теориялық талдаудың, әдебиеттің, көркем сөздің басты мақсатын жоғарыдағы тұжырымның соңғы сөйлемінде қорытынды ретінде түйіндейді. Бүгінгі әдебиеттанудағы аксиологиялық әдістің мән-жайын Ахмет Байтұрсынұлы осылай алға тартады. Демек, тек маңызды, ұлағатты көркем сөз ғана сынға түсуі абзал. Және оның тысқы және ішкі сынға түсуіне лайықты көрнекті түрі мен ұлағатты мазмұны болуы шарт. Бүгінгі әдебиет теориясындағы «мазмұнды түр» – «содержательная форма» деген категорияның сырын Ахмет Байтұрсынұлы осылай түсіндірген.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыштағы» басты ойлары: «Әдебиеттің өз даму заңдылықтары бар екені және олар тікелей саясатқа, идеологияға байланысты емес екені жөніндегі тұжырымдар. Яғни, «сөз өнері» деген термин «халықтың ежелден келе жатқан әдебиеті» деген ұғымды білдіреді. Оны «ауызша», «жазбаша» деп бөлудің өзі ойдан шығарылғаны екені айтылады. Әдебиеттің ресми жазба түрі бар деп бөліп-жару соцреализмнің ойлап шығарғаны болып шықты: бір әдебиетті жоғарылату үшін екіншісін төмендету керек болды.
Біздің кейбір фольклортанушылар Діни әдебиет жанрларын осы күнге дейін фольклор деп атап кеді. Тәуелсіз кездің әдебиетшілері М.Жолдасбекұлы, А.Қыраубаева, М.Мағауин, Н.Келімбетовтер ежелгі қазақ әдебиет ұғымын бұлардан арашалап алды. А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Ауыз шығарманы «ауыз сөз» деп қана атап, жазба шығарманы «сыпайы әдебиет» деп танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебіне жүріледі».
Ғалым әдебиетті өз категориялары арқылы түсіндіруге шақырады, яғни, «пән сөздері» басты міндет атқаруын басып айтады. Сонда зерттеу мағыналы болып шығып, зерттеушінің жалпылама көпсөзділіктен бас тартуына әкеледі. Бұл қағида дәлелсіз бос мақтаулардан да сақтандырады.
Көркемдік әлемнің құдіреті тікелей жазушының ішкі рухани бостандығымен байланысты екенін айтып, осы орайда, Абайдың, Мағжанның шығармаларын мысал ретінде келтірудің бүгінгі мәні керемет емес пе? «Әдебиет танытқыштағы» біз бүгін ұмытқан діндар дәуір жанрларының атаулары: Қисса, хикаят, насихат, мінәжат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, намыс, яки соғыс толғауы, марқайыс толғауы, терме деген түсініктердің өзі ой салады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» (14-16 ғғ) еңбегі: «Хақ жолындағылар тарихы» деп аталса, оның соңы «Алла Тағалаға мінәжәт айтумен» аяқталады. Кеңес кезінде өшірілген бұл мінәжат жанры туралы мәлімет А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» ғана кездеседі. Бұлар бізге бүгін қажетті әдеби талдаулардың үлгісі емес пе?
Зерттеушінің кітабына кең ауқымды ойлау қабілеті тән. «Біздің қазақ Еуропа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақ айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң алданышына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды». Бүгінгі әдебиеттанудағы «сенкретизм», «типология», «әдебиеттердің қарым-қатынасы», «сюжеттердің ұқсастығы» деген мәселелер туралы «Әдебиет танытқышта» А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Жер жүзіндегі жұрттардың тіліндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас себебі: олар шыққан заманда халықтың бәрінің бір ананың қолында өскен балалар сияқты көрінгені, өнегесі, үлгісі бір болған».
А.Байтұрсынұлының пайымдауынша, көркемдік заңдылығы біреу ғана және ол барлық тілдегі әдебиеттерге ортақ. Демек, «адамның жан қоштау керегінен шыққан» әдебиет – «асыл сөз». Сондықтан, «Сөздің асыл болатын сырын білген адам сөзді сынай біледі». Өйткені: «Жүйірік аттың белгілі сипаттары сияқты асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сөз сол сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады». Әдеби стиль, даралық стиль көркемдік шеберлік категорияларын ғалым осылай таныта түседі.
Б.Кенжебаевтың шәкірті Р.Нұрғалиға «Әдебиет танытқышты» аманат етіп тапсыруы азаматтық іс. Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтердің ұлт-азаттық қозғалыстың бас қаһарманы Кенесары ханға қатысты кеңес кезінде қуғынға ұшыраулары да тегін емес. Олар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхаммедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы зерттеулеріндегі ұлттық ұранның жаңғырығын жеткізушілер екен. Бұл үрдіс бүгінгі аға ұрпақ зерттеулерінде дамыды. Ә.Дербісәлі ежелгі әдебиет туралы түсінігіміздің шеңберін кеңейтіп, әл-Фарабидің жиырма еңбегін, әл-Таразилердің бірнеше еңбектерін бүгінгі ғылымға енгізді. С.Қирабаев ұстазы Қ.Жұмалиев сияқты көркем мәтіннің мазмұндысын ғана қарастырды, Т.Кәкішұлы мен Р.Нұрғали бүгінгі әдебиеттануға Алашшыл сарынды әкелді. Т.Кәкішұлы қазақ әдеби сыны түсінігін тұңғыш рет ғылыми сала ретінде анықтап берді. Д.Ысқақ пен О.Әбдіманұлы «Әдебиет танытқышты» тәуелсіз әдебиеттанудың басты кітабы ретінде айғақтады. Ж.Дәдебай М.Х.Дулатұлының «Тарихи Рашидиі» – әдеби-көркем мәтін екенін тұңғыш рет теориялық тұрғыда дәлелдеп берді. С.Мақпырұлы, Қ.Әбдезұлы, Т.Шапай, Д.Қамзабекұлы мен Г.Пірәлиеваның қазіргі әдебиетті қазақша танытуы Алаш әдебиеттануының «пән сөздерінің» орынды қолдануын көрсетеді.
«Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүкіл мемлекетке керек сезімдерді менмендік, бәсекелік, ерегіс секілді аламандықтың жеңгенін ел арасынан жинаған ескі сөздер анықтап көрсетіп тұр. Ел әдебиетімен таныспайынша, өткеннің көбін де, бардың жарымын да тану қиын», деп Х.Досмұхаммедұлы айтқандай әдебиетті «Отанды сүю – иманнан» тұрғысынан зерттеу – бүгінгі әдебиет теориясының басты мақсаты болып табылуда.
«Қазақ әдебиеті» № 52 (3163)
15-25 желтоқсан, 2009 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |