Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет41/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   50
Байланысты:
treatise41326

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Бөкейхан Ә.Н. ҚЭ, 1995. 485-б.

ҚАЗІРГІ ПРОЗА: прагматикалық әлем және білімнің мәңгілік трансляциясы



Әлем әдебиеттануы қазір 3 бағытта дамып келеді: неориторика, нарраталогия, интертекст теориясы. Неориториканы бельгиялық әдебиет теоретиктері қалыптастырған, таза европалық теория. Бұлар дәстүрлі Аристотель ілімін дамытушылар. Нарраталогия мен интертекст теориясы – әлемдік ілім, 1920-1940 жылдардағы ресейлік әдебиет теориясы негізінде қалыптасқан ағым. Нарраталогия Пропптың «Морфология сказки» (1928) зерттеуінен бастау алады, осының негізінде Греймас нарратив теориясын қалыптастырды. Интертекст теориясын Ю.Кристева тұжырымдап берсе, өзі айтқандай, бұл теория – әр мәтіннің диалогтық табиғаты бар деген қағида М.М.Бахтин теориясынан сөз өнері эстетикасынан бастау алады. Әр мәдениет пен өнер түрлері, әдебиеттің өмір сүруі тек диалогтық жағдайда ғана мүмкін деген пікір 1926 жылғы «Әдебиет танытқышта» да тұжырымдалған. Ахмет Байтұрсынұлының әдеби байланыс пен сабақтастықсыз өнер түрлерінің дамуы мүмкін емес дегені тағы бар.
Осыдан 10 жыл бұрын Берлин университетінің профессоры И.П.Смирнов (ИМЛИ-дің түлегі): әлем прагматикалыққа бас ұрғанымен білімнің мәңгілік трансляциясы-сабақтастығы тоқтамайды деген еді.
Әдебиет теориясының әдебиет мойындалмай тұрған заманда қажеттілігі де шамалы. Әдебиет мойындалған қоғамда ғана әдебиет теориясы өзінің әдебиетті таныту міндеті арқылы қоғамға әсер ете алады. Ойын-сауық қуып кеткен қазіргі заманда ішіп-жеуді насихаттап кеткен ортада әдебиет өзінің тәуелсіздігінен айырылып, прагматикалық қоғамға қызмет ете бастады.
Әдебиет теориясыз әдебиет қалай дамуы мүмкін? Еш ғылым саласы теориясыз дамуы мүмкін емес. Қазіргі әлемдік әдебиеттану теориясы 4 бағытта дамып келеді: 1) европалық cultural studies яғни мәдениетті әркім өзінше түсінуге құқылы. Бұл антропологияға қарсы теория, сондықтан бұл микс: кино тарихы, мәдениетті күнделікті тіршілікке бейімдеу, т.с.с. Сондықтан бұл пән осымен шектеулі, ал әдебиет жалпыадамзаттық құбылыс болғандықтан бұл шеңберге сыймай келеді;
2) геопоэтика, геокультурология, геолитературоведение. Cultural studies постсемиология, геопоэтика-постмимезис мағынасына ие. Геопоэтикада әдебиет миметика тұрғысынан түсіндіріледі. Әдебиеттегі өмірдің көрінісі тікелей нақты саясиландырған хронотопқа байланыстырылады. Қазіргі әдебиеттануда осындай зерттеулер басым. Геопоэтика негізін неміс ғалымы (Карл Хаусхофер) тудырған сала және қазіргі ресей әдебиеттануында қарқынды дамып келеді;
3) Әдебиеттің философиясы. Деррида ұсынғандай, философия әдебиет сияқты түсіндіріледі. Деррида айтқандай, жазушы мен философтың айырмашылығы жоқ. Осы ретте философияның әдебиетке әсері арнайы зерттелуде: Лиотардың «Жест и комментарий» зерттеуінде әдебиет өзін философиялық тұрғыдан түсіндірілуін қажет етеді. Дерриданың пікірінше, философ пен жазушының айырмашылығы шамалы;
4) Гендерлік зерттеулер. Бұл ең қарапайым түрі.
Осы 4 түрлі ғылыми иірімдері әдебиеттануды басқа салалармен араластырып, оның тәуелсіздігінен айыруда. Дегенмен, қазіргі әдебиеттануда нақты бір авторға қатысты, не архивтік жарияланымға тиесілі, не белгілі мәтіндер анализі таза әдебиеттанулық ұстанымда болуы да заңдылық ретінде іске асып келеді.
Қазіргі әдебиеттану дегенмен өзін-өзі жойған емес. Әдебиет туралы ғылым дағдарысы (кризис) тікелей әдебиетпен байланысты екені әбден мойындалды. Қазіргі әдебиет екі жолмен дамып келеді: 1) Әдебиет бір жағынан тобырлық болып барады – оқырмандарды сауықтыратын, пляж, самолетте, метрода оқуға лайықталған мәтіндер; 2) документалды мәтіндер.
Қазіргі әлем жылдам өзгеруде. Прагматикалық даму ілгерілеп, эстетикалық шығармашылық ұмытылып барады. Бүгін ең маңыздысы интеллект емес, жеңіске жету маңыздылау. Жеңістің стратегиясы мәңгілік құндылықтардың стратегиясынан басым болып барады. Тұлғаның еркіндігі не рухани тәуелсіздігі емес, оның қалай әр жағдайда ұтымды бір әрекеттерге барғанын сөз етеміз және ол кім болса сол болуы мүмкін. Қалай болғанда да жеңіске жеткен кейіпкер ғана алға шығуда. Сондықтан қазіргі әлем әдебиетінде екі кейпкер бар: лидер және лузер.
Әдебиет өмірдің прагматизациясын осылай нақты мәтіндерде айқындап беруде. Қазір көзіміз жеткендей, әлемдік саяси аренада қай саясаткер ұтымды болып көрінеді? Ең қажетті бағдарламасы бар емес, тек ақшасы көбірек, сондықтан саяси амалдары яғни политехнологиялар жағынан қулауы алға шығуда. Бұл әлемдік тенденция, глобализация контексі тудырған прагматизмнің салтанаты.
Әлемдегі прагматикалық даму ілгерілеп, эстетикалық шығармашылық ұмытылып барады. Бүгін ең маңыздысы адамның жан тазалығы не интеллект емес, жеңіске жету маңызды. Тұлғаның еркіндігі не рухани тәуелсіздігі емес, оның ұтымды әрекеттері ғана алға шығуда. Қалай болғанда да жеңіске жету қазіргі әдеби кейіпкердің басты мақсаты. Геосаясиланған қоғамда әдебиетке деген сұраныс өзгергені жаңалық емес. Қазіргі әлем әдебиетінде шынайы көркем мәтіндерден гөрі шапшаңдықпен жеңіске жеткен кейіпкердің әрекеттері сұранысқа ие болып келеді. Бұл ретте көркемдік мәселесі екінші планға шығып отыр. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі қазақ прозаның хал-ахуалы қандай екен?!
2014 жылы шыққан менің қолыма түскен кітаптармен танысып, оларды 4 топқа бөлуді жөн көрдім: 1. Тарихи дискурс: ұлт-азаттық қозғалыс, тарихи тұлғалардың істері, мұрағат деректеріне негізделген тарихи шындықты бейнелеген проза. 2. Классикалық дискурс – оқырман жанына әсер ететін дәстүрлі көркемдік мәтіндер. 3. Ғылыми-танымдық құжаттық негізі бар эсселер мен жастар дискурсы. 4. Гендерлік дискурс.
1. Көркем прозадаға тарихи дискурс қазақ әдебиетінің тарихи сюжеттерге, тарихи оқиғаларды тақырып етіп алуымен сипатталады. Сонау М.О.Әуезов бастаған І.Есенберлин совет кезінде жалғастырған ұлт-азаттық қозғалыстың әртүрлі кезеңдерін бейнелеу қазір тәуелсіз кезде де қарқынды дамып келеді. Біреулер айтқандай, тарихқа кетіп, бүгінгі заманды бейнелемеу емес. Қазақ елі тарихы күні бүгін болған қалпында жазылмағандықтан, қазақ әдебиеті осы ауыр міндетті өзі көтеріп келеді. Қазіргі қай тарихи еңбектен қазақтың ұлт-азаттық көтерілістің басты кейіпкерлері қазақ хандары мен батырлары туралы шынайы мағлұмат таба аламыз?
Бәрін қойғанның өзінде қазақ хандарының ұлт-азаттық жолындағы нақты істері туралы не білеміз? Совет кезінде қатаң тиым салынғанның өзінде І.Есенберлин «Қаһарды» неге жазып кетті?
Бүгінгі қазақ тарихшылары заманға жалтақтап отырған кезде қазіргі прозаиктер қолдарынан келгенше біраз іс тындырып тастапты.
Тарихи дискурстық мәтіндер: Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспановтың «Наркескен» (тарихи көркем трилогия) романы 3 кітаптан тұрады: «Бас кескен балта» атты бірінші кітапта Сыр-Арал өңіріндегі қазақтың Хиуа, Қоқан хандықтары мен Ресейдің патшалық отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық күрестің оқиғалары бейнеленген. Жанқожа Нұрмұхамедұлының (1774-1860) қазақ азаттығы үшін күресі тарихи құжаттар негізінде романға арқау болған.
Әкесі Нұрмұхамед Киікбайұлы баласын жасынан әділдік пен ұлт-азаттығы жолында күресуге ақылы мен намысы бар екенін байқайды. Келешек батырға бата берген Қылышбай Жұмағұлұлының кім болғаны, қаруластары Толыбай Мықтыбайұлы, Дабыл Бекшеұлы, Ақтан Ақайұлы, Беласар Рысбайұлы, Дәрменқұл ахун Қосымұлы, Бекарыстан би Амалдықұлы, Есет Көтібарұлы, Қызылбас балуан, Шабақ Қазанбайұлы, Төремұрат жырау, Еспембетұлы сияқты билер, батырлар мен ақын-жыраулардың бейнелері сомдалған. Бұл кітапта 1792-1841 жылдар аралығындағы Созақты қоқандықтардан азат ету кезіндегі шайқас суреттелген. Батыр ерлердің нақты істері мен азаматтық тұлғалары, шешен абыздарының асыл сөзідерінің тууына себеп болған оқиғалар да сөз етілген. Ел басына күн туғанда қазақ ерлері Жанқожа батырдың қасынан табылғаны нақты тарихи оқиғалар арқылы көрсетілген. Батыр, би, жыраулар арақатынасы да осы ретте ұлт ақыл иелерінің қатынастары ретінде айқындалған.
Кітапта Жанқожа батырдың Кенесары хан, Наурызбай сұлтанмен қарым-қатынастары да нанымды сипатталған. Наурызбай сұлтанды көрген Жанқожа батыр былай деп сүйсінеді: «Осы алып тұлғалы, сұлу мүсінді, жай оғындай жарқылдап тұрған, екі иығына екі кісі мінгендей жас жігітті ағасымен салыстыра қарап отыр. Жігіттің нағыз сұлтаны! Құдай Тағала бір адамның басына үйіп-төгіп бере салған екен, сірә. Сәл қызбалықтың табы бар ма, қалай? Шу асаудай басылмаған шағы ғой. Тау мен тастан да, от пен судан да қайтпайтын нағыз шыңның қабыланы боларсың! Ғұмырың ұзақ болсын, балам!» деп, батыр іштей еміреніп кетті» (1-кіт. 290-бет). Бұл сөздер бәрін көріп, кейіпкелердің қасында жүрген нарратордікі.
Қазақ әдебиетіндегі Наурызбай сұлтанның бейнесі бұған дейін арнайы сомдалмағаны белгілі. Жанқожа батырдың көзімен берілген суреттеу романда ұтымды келтірілген. Кене хан бастаған ұлт-азаттық соғыс оқиғалары Сыр өңірінде қалай өтті? Ер болып, ел басқарған Жанқожа батыр қандай істердің басынан табылды? Романда осы оқиғалар қамтылған.
Романның «Адыра қалған үміт» атты 2-кітабында 1842-1852 жылдар аралығындағы Хиуалық бектердің Сыр бойындағы қазаққа жасаған шапқыншылықтары, оған қарсы тұрған Жанқожа батырдың ерліктері баяндалған. Ресей патшасының Райым, Қазалы, Қармақшы форттарын салып, отарлаудың іскке асыру әрекеттері көрсетілген. Сол кездегі Сыр өңірінің аштыққа, басқыншылыққа ұшырау себептері де әшкереленген. Бұл кітапта да мұрағаттық деректер мен тарихи мағлұматтар келтірілген. Кенесары ұлт-қозғалыстың хас батырлары қандай болғаны, Кенесарының әскери, адами тұлғасы, Наурызбай мен Бопай ханша бейнелері де сомдалған. Кенесары көтерілісінің Сыр өңіріндегі іздері нақты тарихи шайқастары арқылы айқындалған.
1844 жылы көктемде Кенесары ханның Қарақұмға келуі, оның алды «күзде қарындасы Бопайды бірнеше төлеңгіттермен жіберіп, жайлау таңдатып, Қарақұмнан шегенді құдық қаздырғаны» (2-кіт. 81-бет.) осы ретте айтылған.
Төремұрат жыраудың толғаулары романда орынды келтірілген. Романда ақын-жыраулардың Хан мен батыр, ел арасындағы бітімгерлігі жақсы бейнеленген. Төремұрат пен Доғалақ айтысы ел ішіндегі дауларға тиым салуға себеп болғандығы осы ретте берілген.
Романның бұл бөлімінде Жанқожаның қарындасы Батпаны Кене хан қатындарының алауыздығынан төркініне қайтарғаны үшін екеуінің араздығы осыдан басталғаны туралы тарихи негізі бар оқиға келтірілген. Дегенмен, романда елдің қамын жеген хан мен батырдың текті бейнелері сақталған.
Романда Кене ханның Жанқожаға жазған хаты да келтірілген. Ел бірлігіне қол жеткізе алмаған Кене хан туралы Жанқожа батыр: « Иә, бұл барар жер, басар тауы қалмаған жаралы жолбарыстың ең соңғы жанталасы екен ғой. Жарасы жанына қатты батқан ол, енді өзін өзі тағынан тастаудан да тайынбас, - деді Жанғожа алдыңғы күні ауылдарында болған оқиғаны асыға-аптыға айтып берген Ботабайға қарап» (2-кіт. 110).
Кіші жүзден зекет бермегені үшін 2 үйір жылқы айдап әкеткен Кене ханды сөгіп жатқан елге Жанқожа батыр былай деп тоқтау салады: «Хиуа мен Қоқан бектері мал түгілі жаныңды да мыңдап-мыңдап айдаған жоқ па, ана жылы? Қайда барса да Қорқыттың көріне тап болып жүрген Кенесарыға бұл жұрттың 2 үйір жылқысын да қимаймысың? Төре тұқымы ұрпағының бәрі қазаққа жиен екенін білмеуші ме едің? Көп болса, жиендік жасаған шығар?!» (111). Бұл сөздер Ер азаматтың ауызынан ғана шығуы мүмкін екені аян.
Романда Кене ханға жаны ашып жүрген Жанқожа батырдың көрген түсі келтірілген: «Батыр сәл ойланып отырды да Ботабайға: – Балам, бері қара. Өткен түнде бір қолайсыз түс көрдім. Тау басынан алысқа көз жіберіп тұрған Кененің басын көзді ашып-жұмғанша найзағайдың оты қиып түсті. Жанындағы Наурызбай сасқалақтап жан жағына алақ-жұлақ қарай беріп еді, басында ақ сәлдесі бар бір қария жетіп келіп: «Неғып аласұрып тұрсың? Бар, ізде ағаңның сайға түскен шақша басын!» деп қолындағы қанжарымен Наурызбай батырдың кеудесін қақ айырды. Сол кезде Құдайдың құдіретімен кеудеден бұлқына шыққан жүрек терең сайды жап-жарық қылып жіберді. Күректей қара сақалы қызыл қанға боялып, тастан тасқа соғылып, төмен қарай құлдырап бара жатқан басын көргенде: «Аға-а-а!» деп шыңғыра айқайлайды. Қарлы шыңдар қақ айырылардай күңіреніп кетті де, бүкіл әлемді қара түнек басып бара жатты. Мен Науанның дауысынан шошып ояндым. Кене оны еркелетіп осылай айтатын, бірақ балам, мұны ешқашан да тісіңнен шығарушы болма, түсіндің ба?!» (111-112).
Жанқожа батырдың тектілігі келесі сөздерінен аңғарыла түседі: «– Ой, қайран ерлерім-ай! Қайда барып тұрақтар екенсіңдер? Әлде ажал айдап бара ма, сендерді? Осы жақта кідірсеңдер болмас па еді?! Ағайынмен айтысып-тартыспай-ақ бәріміз біріксек, аз-кем күн болса да, ең болмаса осы өңірдегі қазақтарға қорған бола тұрар едік қой. Жортуылға үйренген жолбарыстарым-ай, сүйектерің қай таудың қуысында қалар екен?! Құм-құмды қуалап, жөңкіліп жүрген қазақтың көрінгенге жем болған қазақтың бастарын қоса алмай, әлі-ақ талайымыз жалғаншы мына өмірден өтерміз. Біз кеткен соң артта қалған ұрпақтарымыз қайтеді?! Келіп қалды ғой тұс-тұстан қаптап, өңшең өңмеңдеген доңыздар! Түп-тамырымызбен жерімізбен қоса жұтар ма екен?! Не болмаса да бір кездері жалмауыздың аранын бітеп, тепкісіне шыдайтын ұлдар туып, санаулысы тірі қалса да жабыла жармасып, жығылған туды жоғары көтеріп: «Мен – қазақпын! Мен – алдын болжаған әулие Майқы би мен қарақыпшақ Қобыландының, аты шулы Абылай мен әлімнің әйгілі баһадүрі Жалаңтөстің, шапырашты Қарасай батыр мен қаракерей Қабанбайдың, қанжығалы Бөгенбай мен арғын Ағыбайдың, тама Есет пен қыр шектісі Көтібардың, қарасақал Ақша мен кішкене шекті Киікбайдың ұрпағымын! Менде де осы бабалардың білегі бар, қайтпас қайсар жүрегі мен қайнаған қаны бар! Таны мені, таны, еркіндік алған қазақты!» деп жар салатын азат күн келе ме екен?! Шіркін-ай, менің ұрпақтарым сол заманды көрер ме екен?! Жанқожа қатты тебіреніп кетті...» (112-113).
Қазіргі қазақ тарихишылары Кенесары көтерілісінің қалай іске асқанын күні бүгін толық бір ретке келтірілмегені белгілі. Ол ұлт-азаттық қозғалыс қалай іске асты? Қазақтың батыр деп мойындалған Ерлері қандай істердің басынан табылды? Ел бірлігі үшін олар қандай қасірет шекті? Әдебиеттің ерекшелігі тарихи оқиғаның адам жанына қалай әсер еткенін бейнелеу болып табылады. 10 жылға созылған Кенесары көтерілісінің Сыр өңіріндегі ізі осы романда Жанқожа батырдың қатысуымен нақты бейнеленген.
Романда бізге жетпей жатқан Отансүйгіштік пен ел қамы үшін адал қызмет ету, қара бастың қамы емес, ел бірлігі, ұрпақ үшін деген ұстанымдар тарихи оқиғалардағы басты шарт ретінде көрсетілгенімен құнды. Сондықтан «Наркескен» романындағы ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың, шешендік пен ділмарлық, тарихи тұлғалардың Отан үшін жанын пида ету істері мен адалдықтан аттамаған ерліктері қазіргі замандастарға қажетті рухани тәжірибе екені де айқын.
Трилогияның «Сатқындық құрбандары» атты 3-томында нақты тарихи оқиғалар бейнеленген. Сыр өңірі қазағының Ресейдің отарлық езгісіне қарсы шыққан Жанқожа батыр көтерілісі (1856-1857) нақты оқиғалар көрсетілген. Қазалы форты жанындағы қазақтардың жазалануы, Жанқожа батырдың ерлігі, 1860 жылы батырдың сатқындар қолынан қаза табуы сияқты шерлі оқиғалар баяндалған. Роман соңында: «Қош, туған жер! Қош, азаптан көзін шел қаптаған, өз ішінен басқа жерде жау таппаған, сорлы қазағым! Өзіңе өзің жау болғанды тоқтатқан түні ғана азаттыққа қолдарың жететіні жетелеріңе жеткізе алмай-ақ кеттім-а-а-а-а-у, қайтейін». Бірақ оны естіген бір де бір жан болмады» (3-кіт. 330).
Қазіргі тарихшылар нақтылап бере алмай отырған Жанқожа батырдың ұлт-азаттық қозғалыстағы ерлігіне Тәуелсіздік кезде қазақ әдебиетінде Ә.Оспанов «Наркескен» романымен ескерткіш орнатты.
Қазіргі шет елдік блокбастерлердің басты тақырыбы тарихи сюжеттерді қазіргі дискурсқа салып қайта жаңғырту болып табылады. Біз болсақ күні бүгін қазақ жеріндегі әл-Фараби бастаған ілім иелерінің кім болғанын да меңгере алмай келеміз. Жазушы Дүкенбай Досжан мен Әнуар Әлімжановтың әл-Фарабиге арналған шығармаларынан басқа қазақ әдебиетінде бұл ілім иесіне арналған нақты көркем мәтін жоқ.
Қазақ даласында өмір сүріп кеткен қасиетті бабаларымыз туралы да тарихта мағлұматтар ала-құла. Осы ретте Ұзақбай Бегімбайдың «Алдаспан рухы» деген атпен шыққан тарихи романдарының орны ерекше. Кітапқа 3 роман енгізілген: Қара бура, Сопы Әзіз пір, Марал баба. Кітапта аталған 3 тарихи тұлғаның көркем бейнелері сомдалған. Хан-батыр Қара бура, имандылықты басты еткен Мүсірәлі, әулие Марал баба, Арыстан баб бастаған роман кейіпкерлері қазақ жеріндегі ілім иелері болғандығы нақты оқиғалар арқылы нанымды суреттелген. Романда Қара бура, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Арыстан баб, Жүсіп Баласағұни, Сүлеймен Бақырғани сияқты тарихи тұлғалар бейнесі сомдалған. Қарабураның «бүкіл таманы мұсылман етіп, ислам дінін қабылдатқаны» нақтылана түскен. Қарахан мемлекетінің басты идеологиясы ислам болғаны да романда айқындалған.
Сопы Әзіз пір кім болған? Қандай істердің басынан табылған? Бұл «Сопы Әзіз пір» атты романның басты тақырыбы. Әз Тәуке хан, қазақтың билері Төле, Қазыбек, Әйтекенің ата жолындағы биліктері, Қожаберген жырау, Сопы Әзіз Мүсірәлі замандастарының қатысуымен болған тарихи оқиғалар суреттелген. Осы ретте Сопы Әзіз Мүсірәлінің ханға қарата айтқан келесі сөздері келтірілген: «Әлемге әйгілі Әмір Темір: ел-жұртының кім болуы басшысына байланысты. Жолбарыс басқарған жұрт жолбарыс, шибөрі басқарған жұрт шибөрі болады» деген. Дұрыс басқарып, дұрыс жөн сілтеуге де байланысты екенін менен артық білесің тақсыр! деген сопы Әзіз ханға сынай қарайды. Асып-саспай бұл сөзді мұқият тыңдап, зердесіне түйіп, сұрыптап талқылағандай біраз уақыт үндемей отырды».
Басты кейіпкердің келесі ақыл сөздері қазақ хандары ұстануға мәжбүр болған үкім: «Халық – Құдайдың бір аты. Халық қорқытады, терең – батырады. Не айтып, не бұйырсаң да тобыр деп қарама! Аңдамасаң мойының үзіліп, тірсегің сынады. Орынсыз айға шапшығандай болма, деп алдын-ала ескерткенің-ау, пірім, – деп жан жағына басқалардың болмағанынан шүкірлік етті» (260).
«Марал баба» романында автор келесі тарихи тұлғаның бейнесін сомдаған. ХІХ ғасырдағы оқиғалар Кенесары ханнның замандасы Марал бабаның белгілі тарихи тұлғалармен ара қатынасы басты кейіпкердің көзімен суреттелген.
«Шоған абыз – тарихи тұлға» Қондыбай Ілияс Дәркембайұлы. Бұл кітапта да тарихи мағлұматтар мол. Осы ретте Майқы би туралы автор Шыңжандық ғалым Ж.Мырзахановтың «Тарих қойнауынан» еңбегіне алға тартып, Майқы бидің сөздері келтірілген: «... Ол Ұлы жүз үйсінге – жалау, Орта жүз арғынға – көз, Кіші жүз алшынға – найза таңбасын беріпті» (11).
Осыған қоса Д.Дүйсенбаевтың «Домалақ Ана» еңбегіне сүйеніп, Майқы би – мемлекет тұлғасы, Шыңғыс хан империясының ең мәртебелісі болғаны нақтыланған. Майқы бидің 7 ханды қолынан өткеріп, бар ғұмырын ел тағдырын ойлауға жұмсаған, 3 жүздің еншісін беріп, таңбасын таратқандығы айтылған: «Ұлы жүзге ту ұстатты, орта жүзге қауырсын қалам, кіші жүзге найза берді. Осы бөлістен соң Майқы би туралы «Хан біткеннің қазығы – бұқара жұрттың азығы» деген мақал қалған делінген (15). Кітапта автор қазақтың шығу тегі, Бәйдібек баба, Нұрила ана, Шоған абыз туралы шежіре деректер мен аңыз-әпсана келтірген.
Қазіргі әлем әдебиетінде ең көп оқылып келе жатқан кітаптардың көбісі тарихи тұлғалар туралы ғылыми-деректі мәтіндер. 2014 жылы жарық көрген Әнуар Тарақтың «Абылай ханы» осы тектес. Қазіргі оқырманды тек көркемдікпен қызықтыру жеткіліксіз. Интеллектуалды оқырманға нақты құжатты деректер мен мағлұматтар керек. Автор Абылай хан билік құрған 18 ғасырдағы тарихи оқиғаларды сол кездегі ресей, қытай, құжаттары және қазақтың ақын-жыраулар поэзиясы негізінде қазақ мемлекеттілігінің ахуалын бейнелеп шыққан. Абылай хан қандай тұлға болған? Оның қандай адами, ер азаматтық, батырлық қасиеттері мемлекет басшысы хан болуға себеп болды? Қазақтың басын біріктіру үшін қандай істер атқарды? Автор осы ретте Абылайханның сол кезде ұстанған саясатын, қолбасшылық, дипломатиялық, мемлекетке ие болу қайраткерлігін қазіргі Тәуелсіздік тұрғысынан саралап шыққан. Тарихи құжаттармен қатар қазақ толғаулары мен шешен сөзіндегі құнды мағлұматтар осы ретте келтірілген.
Күні бүгінге дейінгі қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі Абылай хан бейнесі жаңаша сұрыпталған. М.О.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, Қ.Жұмаділов туындыларындағы Абылай хан бейнесі жаңа тұрғыдан сипатталған. Сонымен қатар С.Торайғыров, С.Сейфуллин, М.Жұмабай, Ә.Тәңірбергенов, М.Айтбаев поэмаларындағы Абылай дәуірі мен хан тұлғасының бейнеленуі нақты тарихи деректермен салыстырылып, хан бейнесінің қалай сомдалғаны айқындалған.
Бұл кітап ғылыми зерттеумен қатар қазақтың Абылай ханы туралы тың мағлұматтар мен мемлекет басқарған Ер Азаматты үлгі етіп, қазіргі заманда еске салатын көркем мәтін. Кітаптың қазіргі талғамы мен талабы биік оқырмандарға берері мол.
Абылай қандай тарихи істердің басынан табылды? Қолбасшылық, саясаткерлік, қайраткелік өнегесі неде? Абылай ханның тағдыры, өмір сүрген тәжірибесі қазіргі бізге несімен құнды? Отан үшін, Қазақ Елі үшін мемлекет қайраткері, мемлекет басшысы қандай құрбандықтарға баруға мәжбүр? Қара басы, не бір тап, не әулеттің мүддесі емес, қарайған елдің келешегі, біртұтастығын көздеу үшін қандай ақыл мен парасат керек болды?
Ресей мен Қытай арасында тұрған Қазақ Елінің мемлекеттілігін іске асыратын саясат жүргізе алған Абылай хан аттан түспеген батырлығымен елдің сүйіспеншілігіне көзі тірісінде ие болған асыл Ер. Автор ресми деректерге сүйене отырып «Абылайдың саясатының негізі – Ел мүддесін қорғау» екенін дәлелдеп шыққан (27). Ресей мен қытайдың айдағандарына жүретін, айтқандарына көнетін хан керек еді, бірақ Абылай хан қазақ мемлекетінің билігін іске асырды. Ресей мен қытай құжаттарынан келтірілген деректерден Абылай ханның аттан түспей қазақ елі үшін жанталасып өткен өміріне куә боламыз. Қалмақтармен шайқасы батырлығының ғана куәсі емес, ресей бодандығына бойұсынбаудың амалдарын таба білгені. Еділ қалмақтарының қытайға бара жатқан жолын кесіп, тас талқан ету арқылы Абылай хан елін үлкен қауіптен сақтап қалғаны саяси стратегия ретінде айқындалған.
Автор Абылай хан стратегиясының ең басты қасиеті: 1. «Ханның Алланы ардақтап, дінге, ислам қағидаларына қалтқысыз беріктігі»; 2. «Ел жақсыларымен ақылдасатындығы»; 3. «Әділдігі: түскен олжаны тең бөліп отыруы» деген қорытындыға келген. Майқы би сөзімен айтқанда, «Хан – халықтың қазығы» болған дәуір – Абылай хан дәуірі. Тағы да Майқы биге сүйенсек, «Хан әділ болса, халық ынтымақты болады» (151). Хан болу Алланың сынынан өту екені осы ретте айғақталған.
Бұл кітаптың эсселік дискурсы қазіргі әдебиетті іздеп жүріп оқитын талаптарға сай. Қазіргі оқырманға қазақ ханы Абылай туралы қолпаштаған сөздер ғана емес, нақты дәлелдер мен құжаттық айғақтар да қажет. Сондықтан Тәуелсіз кездегі Абылай хан бейнесін Ә.Тарақтың кітабы қазақ мемлекеттілігінің де тарихы. Үш жүздің басын қосып, елді біріктерген ханның тектілігі мен өнегелі істері қазіргі біз мақтаныш ететін Отанға қызмет етудің үлгі ретінде айғақталған.
Қазіргі замандастарымызға үлгі боларлық кейіпкерлер қажет-ақ. Бұл кітаптағы Абылай хан бейнесі осы тұрғыдан айғақталғанымен кітап сұранысқа ие болуы да айқын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет