АЛАШ АҚЫНЫ МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ – «БІР ӨЛЕҢІ – БІР ЕЛДІҢ МҰРАСЫНДАЙ»
«Лай су шаймайтын арым бар, дауылдан қорықпас жаным бар», – дейді ақын Мұқағали Мақатаев. Бұл сөздер ақынның лирикалық кейіпкерінің де басты азаматтық ұстанымы. Отан туралы ақынның өлеңдері циклды құрайды. Отан киелі ұғым екенін қазақ әдебиетінде Алаш ақындары айғақтап берген болатын. Олар қазақ жыраулары мен Абай жырлаған «Отанды сүю – иманнан» деген концептіні қалыптастырды.
Совет кезінде Отанды осы тұрғыдан жүрегімен сезіне отырып жырлағандар көп емес. Алаш ақындарының «Оян, қазақ!» деген ұранын Отанды қастерлей білу тұрғысынан совет кезінде жалғастырған М.Мақатаев екені айқын.
Отан ұғымын совет кезіндегідей тек декларациялық түрде емес, оның киелі, құдіретті екенін жүрегімен сезінген ақын былай деп толғанады: «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, не тындырдың «басымды иемменен?» Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой, «Отан үшін өлемін, күйем» деген. Өлем деген ерліктің қорегі ме? Өлмей-ақ қой, бос сөздің керегі не. ...Егер Отан сыңсыған орман болса, жапырақ боп жармасқын терегіне. Самалы бол, Отанның салқындаған, сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң. Семсері бол Отанның қынабында, сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған»1.
Отан тек мақтану үшін ғана емес, оны көркейте білу де әр азаматтың міндеті екенін ақын қадап айтады: «Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала, шуақ болып шашылмай жылына ма? Сүю Отанды. Шыныңмен сүйіп өт те, гүл боп қадал ойына, қырына да!»2.
Отанды сүю деген түсінікті де ақын осы ретте айқындап береді: «Жүз толғанып, күніне мың ойласам, ақ басты алып анаммен шырайласам. Қалай оны сүйем деп айта аламын, бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?! ...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, іс тынбайды «жанамын, күйемменен»... Өгей әке емес қой Отан деген, Отанды мен Атамдай иемденем»3. ... «Отаным, сенің ұлыңмын, сен үшін, Отан, бел бекем!»4. Ақынның лирикалық кейіпкері үшін Отан ең жақын жан досы. Сондықтан ол мұңын, қайғысын, үмітін онымен бірге бөліседі. «Отан! Отан! Сен болмасаң, не етер ем? Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем, өмірден бұл өксуменен кетер ем. Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды. Отансыз жан өмірінде оңбайды. Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды. Тірі адамға – сол қайғы!»5. Осы ретте ақын отансыз жат жерде өмір сүру қасірет екенін ерекше айтады: «Күн көреді, әкесіз де, анасыз, Өмір сүрер. Әйелсіз де, баласыз, ал, Отансыз – нағыз сорлы панасыз? Білесің бе, Отанның сен не екенін? (Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім). Екі Отан жоқ. Жалғыз Отан – мекенің!»6.
Совет кезінде азаматтық лирика деп аталған бұл өлеңдердің жөні ерекше. Отанды абстракциялық емес, жанымен құрметтей білу көп кездесе бермейді. Ақын осы ретте отансүйгіштік басқаның да қадірін түсіне білу екенін ескерте кетеді. Бұл бүгін де қажет ұғым. Өз Отанын қадірлемеген басқа жерде де көгермес. «Мейлі түндер, күн етсін, мейлі өмірім жүдетсін. Сен, сен Отан Сен, Отан – кеудемдегі жүрексің. Сеніменен бірге мен, бірге өл десең, бірге өлем. Қайтып сезер өзгені, өз Отанын білмеген. Құлың емес, ұлыңмын, уызыңа жуындым. Еркесімін еліңнің, жерің менен суыңның. Егер сені білмесем, мен жер басып жүрмес ем. Қай құрлыққа барсам да, қайырымды Анам, бірге сен. Сенде туып, сенде өстім, таласа алмас енді ешкім, бұзбайынша кеудемді, сені ешкімге бермеспін!!!»7.
«Ерлікті аңсаймын» өлеңінде бұл ұғым кейіпкерге айналып кетеді: «Саялы Отан... Кешір, Отан?»8. ...Сая – Отан! Самалың кеп бір өпкенде, миым мен жүрегімде дір еткен не?! Міндеттімін миымнан тоқ өргізіп, жеткізуге сендегі жүректерге («Шуағым менің» А., 2010). Отан ақын үшін – қасиетті ұғым. Ақынның міндеті осыны «жеткізуге жүректерге».
М.Мақатаевтың «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген» өлеңі Шәкәрімнің белгілі әнін еске салады. Несімен? Тақырыбымен, ата-баба үнін еске алумен. «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген. (Сонау бір соғыс жылы естіген ем) Әрәдік, әлдеқалай есіме алсам, қос басы, қою қара кешті көрем. Шар тастар, шалғынды сай Қарағайлы, Шулы өзен шомылдырған шағала – Айды. Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын, жетектеп жетегінде қара қайғы. Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген, тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген. Әр жүректі сол бір ән мазалайтын, әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген. Қос басында қауымның бәрісі де, қосылатын жасы да, кәрісі де, сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік, түсінбестен сол әннің мәнісіне. Күндізгі зор бейнеттің түні келіп, әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік. Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен сай-сала тұратұғын күңіреніп, жүректің шыңырауында қоздайтұғын, шыбыны бар кеудені қозғайтұғын, қауым айтқан сол әнді естігенде, боталы інген борықта боздайтұғын»9.
Поэзияның әсері «Жүректің шыңырауында қоздайтұғын, шыбыны бар кеудені қозғайтұғын» асыл сөздерді тауып алуымен құнды екенін ақын осы ретте ерекше атап өткендей. Осы ретте М.Бахтин айтқан асыл сөздің «внесловесный контекст» тұжырымы еске түседі. Ақын сөздеріндегі қос басындағы қауымның ауыр тіршілігіне қарамай жүректеріндегі жанға қажетті әнді тебіреніп тыңдауын көзбен ғана көріп емес, өзіміз де сол ортаға еніп кеткендей боламыз. Бұл шынайы тыңдаушысын елестетіп жазған өлеңнің қасиеті. «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, (Сонау бір соғыс жылы естіген ем) Сол бір ән көмейіме кептелгенде, өмір дейтін керуен, көшті көрем»10.
Өмір тек қиялдың арпалысы ғана емес. Ойдың елесі мен өмір көшінің бейнеленуін ақын нақты заттық әлемнің қозғалысы арқылы осылай бейнелеген: «Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын», «Жетектеп жетегінде қара қайғы». «Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген», «Тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген». «Күндізгі зор бейнеттің түні келіп», «Боталы інген борықта боздайтұғын».
Қазақ қыздарын Абай бастаған Алаш ақындары «көзімнің қарасы, көңілімнің санасы», «сәулем» десе, Мұқағали қазақ қыздарын «Арулар» деп атап, өз бағасын осылай беріпті. Анасы, әжесі, қызы, қарындасы, замандасын осы сөзбен көркейткен ақын бұл өлеңімен қазақ әйеліне деген ата-бабадан келе жатқан ізгілікті көзқарасты совет кезінде орнықтырып кетті. Партияның түсінігіндегі советтік әйел тракторшы, белсенді депутат, озат сауыншы, құрылысшы болуы тиіс деп бағаланып жатқанда М.Мақатаев қазақ қызының о баста берілген міндеттері мен қоғамдағы орны бұлардың бәрінен де қасиетті екенін былай деп «Арулар» атты өлеңінде мойындатып берді: «Арулар – асыл жандар! Шуақ боп шашылғандар, қуат боп тасынғандар, құшақ боп ашылғандар, арулар – асыл жандар! Арулар – асыл жарлар! Арулар – әрбір үйдің шаңырағы, әрбір үйге от болып жағылады. Әрбір үйде таң болып атты-дағы, әрбір үйге сәуле боп жамырады. Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын, саясына келеді-ау, шуақтағың. Жамандыққа қиярсың қалай ғана, жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын. Арулар – асыл жарлар, сағыныштар, өтініштер, құшақтар, жалыныштар... Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды, жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар. Арулар – аяулылар, ардақтылар, өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар. Арулар – тіршілікке күре тамыр, өмірді бір-біріне жалғап тұрар»11. Өлеңдегі тек М.Мақатаевқа тән бейнелілік ерекше: «Әрбір үйде таң болып атты-дағы, әрбір үйге сәуле боп жамырады. Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын, жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын. Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды, жақсы көрсе балқытып, жанына ұстар»12.
Арулар жәй сәуле ғана емес, олар «Сәуле боп жамыраған, Сондықтан да «жимайды-ау бір шашылған шуақтарын». М.Мақатаев өлеңдерінде «сәуле», «таң» сияқты бейнелі сөздер нақты етістіктер арқылы дамытыла түскен. Абай «көзімнің қарасы» десе, М.Мақатаев: «Арулар – тіршілікке күре тамыр, өмірді бір-біріне жалғап тұрар» деп нақтылай түседі. «Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар» деген мейірімді жандардың негізгі ерекшелігін ақын осылай совет заманында айқындап берді.
М.Мақатаевтың жүрегінде ұстаған, сөзін соған арнап жазған тыңдаушысы, оқырманы кім? Ол – «ойлы жас!» Ол туралы ақын былай дейді: «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет. Ойлы жас, түсініпсің, рахмет! Рахмет! Жассың ғой жалыны мол, жалыны мол және де қуаты көп. Ойлы жас! Өлең – менің бар тынысым, жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін. Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып, біреулерден жүргем жоқ арту үшін»13.
Ақын өзіне дейінгілерді де жоққа шығармайды: «Оңашада ойларын тыным еткен, біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен. Ақындар бар амалсыз бұғып өткен, ақындар бар ішінен тынып өткен. Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен»14.
Алаш ақындары сияқты М.Мақатаев Абайдың «басты ақын» екенін осылай тағы бір еске салады. (Абай, бірақ, қайтадан тіріле ме...). Өлеңшілер атақ үшін жазса, ақындар үшін «өлең менің сырласымдай»... Айтып өткен ақында арман бар ма жүрегінің түбіне кір жасырмай», – дейді ақын.
«Бізді олардың балама біріне де, ұлыға да санама, іріге де. Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай, бірақ, қайтадан тіріле ме... Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай, сырлассам да құмарым жүр басылмай айтып өткен ақында арман бар ма? Жүрегінің түбіне кір жасырмай...»15.
Асыл сөздің тылсым қасиеті туралы М.Мақатаев ақын былай деп толғанады: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта. Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан, күнделікті тірлікке бой суытпа»16.
Ақын тек көз алдындағыны ғана емес, мәңгілік тіршілікке кеткен тарихи уақытты да есте сақтауы қажет дейді ақын: «Айшылық жол... Шөлдейсің, зарығасың. Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. Жол азабын көресің, көресің де ашынасың, біресе бағынасың»17.
Ақын үшін өмір ұзақ сапар көші, оның биігі мен аласасы бар дейді ол: «Даламенен жүресің, тау асасың, сезесің биігін де аласасын. Кенезең кепкенде бір, лай суға кез-келген мақұлықпен таласасың. Сапар ұзақ. Тағы да аяңдайсың, алыпқашпаң басылып, баяулайсың. Ел шетіне жетесің, жетесің де көргеніңнің бәрісін баяндайсың»18.
Өлеңнің кілті деген ұғымды М.Мақатаев осы ретте қолданған: «Міне осылай өлеңнің кілті деген, құйттай жүйең қалмайды сілкімеген. Аттанам деп алысқа, айдалада адаспаса болғай-ды шіркін өлең»19.
«Өлең кілті» табылмай, ақынның асыл сөзді іздеп қиналуы тек бір сәттік емес екенін М.Мақатаев осылай нақтылап берген. «Ой бұлағы да ағады» деуі өлеңнің тууының ретін меңзейді.
«Өлең деген тулайды қайшылықта» екенін М.Мақатаев бізге осылай баяндап кетті, себебі ақын өзі айтқандай: «Тау бұлағы да ағады, ой бұлағы да ағады. Әрқайсысы өзінше тепкілейді жағаны. Бірі жылжып барады, бірі мөңкіп барады»20.
Ақын қалай қалыптасады, оған не әсер етеді? Ол туралы ақын былай деп бөліседі: «Сонау бір жазда, жайлауда, соғыстың кезі, қой баққам. Көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан ...Қойнымда дәптер, қаламым, қайтатын үйге жазылмай. Сағымы сабыр даланың айта алмай жүрген назымдай. Жүгірген төмен құлдырап көрдім де таудың бұлағын. Көзімнің алды бұлдырап, қалқайып екі құлағым, қабаржып, үнсіз жыладым. Сондағы көздің жасынан ләззат алғам, нансаңыз. Сұраңыз әрбір тасынан еліме менің барсаңыз. Сұрапыл, сұрғылт, ашулы сұраңыз таудан, асқардан. Сондағы тамшы жасымды кем көрмен ұлы дастаннан. Бұлақтан барып сұраңыз, көрді екен, кімді білді екен... Бұғынып қалған бір аңыз бұйығып тағы жүр ме екен. Жартастың жонын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп. Сұрар ма екен сұм-бұлақ – сол бала қайда кетті? – деп»21.
Ақынның лирикалық кейіпкері – қазақ жайлауы, сағымы бар сабыр дала, көңілдің ойлантуы, туған елінің тау мен тасы («сұрапыл, сұрғылт, ашулы, сұраңыз таудан, асқардан»), тау бұлағының құлдырауында «бұғынып қалған бір аңыз» іздеуші. Жүрегін мұң шалған баланың бұл күйіне куә болған да қазақ даласы. Табиғат бала жүрегінің есеюінің куәгері ғана емес. Ол ақын жүрегінен орын алған жақын дос. Бала кезінен тілсіз табиғаттың құдіретін жүрегімен сезінген ақынның көз жасы сондықтан да жеңілдік әкелген.
Сабыр Даланың ұлы дастанын асыл сөзбен бейнелей білген М.Мақатаев Алаш поэзиясының ұлттық рухын советтік кезде жүрегінен сөйлеген лирикалық кейіпкерлерімен дамыта түсті. Ақын өлеңдері соқырға таяқ ұстатқандай, саясатпен шегеленген тас жүректердің есігін осылай қақты.
Адам баласы қай кезде шын бақытты еді деп Шәкәрім қойған сауалына өзі тек балалық шақта деп жауап берген еді. М.Мақатаевтың «Сағым» өлеңінде осы ой дамытыла түседі: «Есімде ессіз менің бала шағым, болмасқа әжемменен таласамын. Қиыры жоқ даланың сахнасында, сағым болып ойнайтын болашағым. Теңіз болып жер беті тербелетін, қыбыр-қыбыр дүние сенделетін. Таулар алып кемедей жүзетұғын, желпіндіріп желкені желге бетін. Сиқырлы сан мың сәуле төгілетін, сан мың өрнек сәнімен өрілетін. Көз ұшында мазарлар көтеріліп, тәжімақал сияқты көрінетін. Сағым ойнап тұратын көпке дейін, бірде жылжып, шегініп шетке кейін. Көрші ауылдар ғайып боп алыстайтын, аңсап өткен моллалар Меккедейін. ...Табиғат сиқырына аңырғанмын аңырғанмын, алысты сағынғанмын. Жоққа сенгіш сәбилік қайдан білсін, сағымнан әрі тағы сағым барын»22.
Шәкәрім тек балалық шақ адам жүрегінің таза кезі десе, М.Мақатаев былай дейді: «Жоққа сенгіш сәбилік қайдан білсін, сағымнан әрі тағы сағым барын». «Тобын жазбаған топ балалық шақты» ақын былай деп еске алады: «Жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қыр кешіп, қыр гүлімен бірге өсіп, қыр желімен бірге есіп, торғайлармен тілдесіп, торы тайға мінгесіп, тобын жазбай топ бала, жүретін ек гулесіп»23.
Бұларға ең бастысы – ол кездегі ортақ құндылықтар: «Орман, таулы туған жер – ортақ бізге бір бесік, оны да біз атқардық, жігіт болдық, мақтандық, тартып мініп ат жалын, жеке-жеке аттандық, «Өнерімізді» ақтардық, өршелендік мақтан ғып, өкінішті сол ғана – өзді-өзіміз таң қалдық»24.
Ақын үшін ең маңыздысы сол сәби кездегі жүрек тазалығы мен құрбылар бірлігін сақтап қалу: «...Орақ мұрын, қыр маңдай, маңғаз жігіт жүр бүгін. Өзі ұстап тұрғандай туған жердің түңлігін. Сақтап қалса, жарады, азаматтың тірлігін, сәби шақтың бірлігін...»25.
«Сәби шақтың бірлігін» қастерлеп мойындаған ақынның хронотопы – «Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн» деп уақытты дәл бағалауы болып табылады.
М.Мақатаев күнделіктерінен байқағанымыздай ақын Құран аяттарын жатқа оқыған азамат. Сондықтан ақынның өлеңдеріндегі: «Жел маған сыбырлайды аят оқып: «Бір күні айрыласың, қара да тұр» деуі де тек анадан айырылып қалуды меңзеу емес, өмірдің өткінші екенін еске салу.
М.Мақатаевтың достық туралы ойы да айқын: «Достық деген – адамның көрігі екен, достық деген ақылдың серігі екен»26. «Бұлданба, жүрек, бұлданба! Жиылып досың тұрғанда»27.
Заман мен уақытты М.Мақатаев тарихи контексте қабылдайды. Уақыт ақын үшін бір күн ғана емес. Адамның өмірі шектеулі екенін, бұл «жүз құбылған сағым» өмірдің керуен болып өтіп бара жатқанын лирикалық кейіпкер жақсы түсінеді.
«Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға. Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын айырбастап ала алмай жүр алтынға. Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда, жастық дейтін көктеменің шағында, өскен едік сенің анаң екеуміз осы қарттың мәпелеген бағында. Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін, таңдайтынбыз алуан-алуан ертегін. Жинап алып жүрер еді жарықтық күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін»28.
Ақын замандастары мен болашаққа ата-бабаның ақылын еске салады. Не істесең де «Атаң келеді артыңда!» – осыны ұмытпа дейді ақын. Бабалар сөзі мен олардың абыройлы істеріне сай өмір кешу – бүгінгілердің міндеті дейді ақын М.Мақатаев. «Ей, болашақ! Қарт келеді зиялы, кейімесін ата-қыран ұялы. Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін, атаң саған ұзақ өмірін қияды. Ақылына айырбаста күлкіңді, қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?! Бейқам күліп өспеген соң өз басым, бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі... Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда! Дария шалқар даналығын ал, тыңда! Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын айырбастап таба алмай жүр алтынға. Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!»29.
М.Мақатаевтың лирикалық кейіпкері өмірге өз көзқарасы мен талабы бар тұлға. Сондықтан оның «мені» де анық меңзеледі: «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің. Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім, бура бұлттар – бусанып терлегенім аспаныңдай кей сәтте күрсінемін, жас талыңдай жауқазын бүршік едім. Кең дүние, керемет қалпыңменен, жүрек болып кеудеме кірші менің. Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам, секілді бәрі менен көз алмаған, кең дүние, кенде етсең сыбағамнан, шырылдаған сәбидей мазаңды алам»30.
Ақынның кейіпкері менмендеп тұрған тәкаппар біреу емес. Ол шынайы сезім мен ұлттық дәстүрдің құлы: «Анам маған: – үлкенді сыйла, – деген, сол сөз маған ізгілік құйған ерен. Үлкендерден ауысқан кішілікті, үлкендердің өзіне сыйға берем. Атамнан қалған мұра – ізеттілік, арымды соған қойғам күзеттіріп. Адалдық – менің сәби айбарым ғой, маңдайынан жүргені жүз өптіріп»31.
Ақынның лирикалық кейіпкері шынайы мен жалғанды ажырата біледі. Сондықтан ол адалдықты талдайды. «Сен менің жүрегімді жазалама, шыдайды ол қуанышқа, қазаға да, жүрек деген – сезім ғой, сезіміме, сезіммен кел, болмаса мазалама»32.
Ұрпақ ауысуын, алдыңғылардың даналығын меңгеру қажет екенін ақын еске сала отырып, не істесең де ата-бабаңды жерге қаратпа дегенді алға тартады. «Мен қарапайым қарттарды сүйем» толғауында ақын осы ойларды меңзейді: «Мен қарапайым қарттарды сүйем, не деген керім еді! Не біледі осы жұрт, не біледі?! Бабалардың баласы – қариялар сиреп бара жатқандай көрінеді. Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар, ұрпағыңа не айтасың артта қалар? О, тірі шежірелер, қалдырыңдар, қанеки, нелерің бар салтқа жарар? Қанеки, нелерің бар, аталарым? Ұрпағыңа ұран қып апарамын. Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да, сендердің мұрагерің атанамын»33.
«Бабалардың баласы – қариялар» – ақынның тағы бір бейнелі хронотопы.
М.Мақатаев қарттардан соғыста шаһид болып бабалар жасына келмей кеткен әкесін көргендей. Қарт, қариялар, бабалар деген үш ұғымды ақын айғақтап қолданады. «Бабалардың баласы – қариялар» дегені бұрын-соңды қолданбаған тіркес. А.Байтұрсынұлының «Біздің заман – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген пікірін асыл сөзбен М.Мақатаев осылай бейнелеп беріпті: «Осылай деп қарттардан қалап келем, өнеге, өсиетін санап көрем. Санап көрем... тоймаймын... сұранамын, себебі мен де бір күн жауап берем. Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін, ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!? Сондықтан да садақ боп иілемін, сауыт болам, тек қана киіне біл»34.
Ақын өзінің де уақыты шектеулі екенін жақсы түсінеді: «Себебі мен де бір күн жауап берем». Өмір – өте шығатын серуен емес екенін о баста мойындаған ақын: «Сондықтан да садақ боп иілемін, сауыт болам, тек қана киіне біл...», – дейді. Өткінші өмірде иілген садақ болып өту тек М.Мақатаевқа тән метафора.
«Садақ боп иілемін» деген ақының әр өлеңі асыл сөздің оғындай әсер етуі де сондықтан болар. «Адамдық диқаншысын» жазған А.Байтұрсынұлы: «Біле-білсең анаң – халық» деген. Осы ойды «Армысыздар, адамдар» толғауына қазақ ақыны М.Мақатаев былай деп дамытып әкеткен: «Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан, құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта Адам? Арма, өмір, бар әлемді бауырына алып шайқаған! Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар, Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар? Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, адамдар! Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар, қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғыңдар. Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!»35.
ХХІ ғасырда адамзат бір планетаның тұрғындары ретінде бірін-бірі мойындауы керек деген қазіргі ой. Бұны ақын М.Мақатаев осыдан елу жыл бұрын ерекше сезінген екен: «Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық, алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық... Армысың, сен, арамызда жалғыз перзент – тыныштық!»36.
М.Мақатаевтың замандасы О.Сүлейменов сол жылдары, «Жер, адамға иіліп сәлем бер» десе, М.Мақатаев: «Қайырлы түн! Жер Анам», «Ақ аспан!», «Алып жер», «Қайырлы түн, Тіршілік» – дейді. Екі түрлі көзқарас, екі түрлі бір өмірдің мойындалуы. М.Жұмабайдың бесік жыры «әлдиле мені өлім, әлдиле» деп өмірден түңілсе, М.Мақатаев жер ана мен тіршіліктің тыныштығын әлдилейді: «Қайырлы түн! Жер-Анам, көк аспанды жамыл да, таңға дейін дін аман, тәтті ұйқыда дамылда. Орманың да шуламасын, суларың да туламасын. Ақ басты ала тауларың да, күңіренбесін, жыламасын. Шамыңды өшір, түсіре ғой пердеңді. Қайырлы түн, алып жер! Дүбірлетіп сенің ұлы кеудеңді, таптамасын танктер. Қайырлы түн, көк аспан, алып жерді төсен де, таңға дейін тәтті ұйқыда толаста, ұшырама кеселге. Қайырлы түн, ақ аспан! Боз көрпеңді айқара жап иыққа, сенің нұрың тыныштықпен жарасқан, қайырлы түн, ұйықта! Шашу болып жұлдыздарың шашылды, айың келіп ақ мойныңа асылды. Шәйіге орап әлдилесін құс жолы тыныштық деп аталатын жас ұлды»37.
Ақын үшін адам баласы тек бейбітшілік, тыныштық үшін өмір сүруі керек. Сондықтан ғалымдар да ақыл білімін осы ретте пайдалануы абзал дейді ақын: «атомды ажал етпеуін ойлаңдар». «Қайырлы түн, қойлы ауыл, фабрика, заводтар! Бейбіт еңбек шалқысын, лаула, лаула, жан, оттар. Қорытылсын болаттар, шойындар да балқысын. Тыныштық үшін, халық үшін! Қайырлы түн, ғалымдар! Ақтарыңдар ақылды, тыныштықты тойлаңдар. Рахмет, әкеліңдер атомды, енді соны ажал етпеуді ойлаңдар. Қайырлы түн! Саған айтам, мамық түн, саған айтам, әрине. Тыныштығын қымтап ал да халықтың, әлдиле, түн, әлдиле. Тыныштық. Тыныштық. Тыныштық. Жабырқама күрсініп. Қайырлы түн, тыныштық! Қайырлы түн, Тіршілік!»38.
«Шашу болып жұлдыздарың шашылды, Айың келіп ақ мойныңа асылды. Шәйіге орап әлдилесіп құс жолы тыныштық деп аталатын жас ұлды». Мағжаннан келе жатқан сезімнің жылжуын асыл сөзбен кестелеуді М.Мақатаев осылай дамытып әкетеді. Екі заманға сай айтылған екі түрлі көзқарас, екі түрлі концепттер.
М.Мақатаевтың лирикалық кейіпкері Жер-ананың адал перзенті іспеттес. Оның басты ойы халыққа қызмет ету, ғылымды да ажал етпеуге бағындыру, халықтың бейбітшілік тыныштығын тілеу.
Абай қысты ақ сақалдыға теңесе, Мұқағали: «Демін-ай жігіт қыстың», – дейді. «Жүр досым, аяңдайық баққа қарай, күн көзін тұман тағы қаптағаны-ай! Аяз Атаң тәттісін үлестіріп, ащысын екеумізге сақтағаны-ай! Тұрғызбастай тұмшалап қаралықты, жердің бетін ақ ұлпа қар алыпты. Кеше біздер жылатып тастап кеткен, ойнатып жүр сәбилер балалықты. Топ шымшық тал басына үймеледі, (Көрінген сауысқаннан именеді). Бір орында бір биді мың қайталап, секектеп олар қашан билегелі... Аяңдайық ауылымыз жаққа қарай қайың да ақ, терек те ақ, ақ қарағай, пай, пай шіркін! Демін-ай жігіт қыстың! Қари ма-ау, күйдіре ме-ау, от па, қалай?..»39. Өлеңнің әр тармағына бір-бір сурет салуға болары сөзсіз. Өлеңмен сурет салу деген сөздер осы ретте еріксіз еске түседі.
А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы өлеңдеріндегі отаншылдық рух М.Мақатаев өлеңінде тура сол Алаш ұғымында жырланады: «Қадірлім, қасиеттім, ордам менің! Отаным, арқа сүйер қорған-белім. Заңғар көгім, сая бақ, орман-көлім, жем жеген алақаннан ақ кептерім – боз құсым иығыма қонған менің! Рухым – бар пәледен қорғар мені! Кешір, шеше! Мәңгілік майдандамын. Жауға олжа болмасын деп жайған малым, Отан деп аталатын сайран-бағым, қаламаймын біреулер ойрандауын, сол үшін күзеттемін, майдандамын, мың есе намысымды қайраудамын. Түсін, шеше! Мен емес жаман бала, ренжіме маған да, заманға да! Қарызынан Отанның құтылайын, Отан деген – маған да, саған да Ана!»40.
Абай айтқан әкең емес адамның перзенті болу ойын М.Мақатаев осы ретте Отанға қатысты келтіреді: «Қи мені Отаныма, алаңдама. Сен – менің жаратушым құндақтаған, мен сенің ұлыңмын деп кіл мақтанам. Кешір, ана! Бір сенің еркең болмай, Отаныма ұл болу – қымбат маған. Сеніменен Отаным егіз деймін, сенен Отан, Отаннан – сені іздеймін. Отаныма бер мені басы бүтін, нашар әйел тапқан ұл дегізбеймін! Кінәлілар бар әлі, күнәлілар, сақ болмасаң, салатын ылаңы бар. Алып жердің бір бұрышын мекендеген, жұмыртқасын шайқаған жыланы бар. Қаламаймын әждаһа тірілгенін, таптағым бар апатты күн ілгері. Музыканың сазымен сендіргім бар, дабыл қаққан соғыстың дүбірлерін. Ұйқысыз өтсін, мейлі, бірнеше түн, қақым жоқ бейқамдықпен күн кешетін. Әлемдік бейбітшілік керек маған, үнімен Отанымның үндесетін»41. Келесі жолдар Алаштың шаһидтік істерін еске салады: Қашан да тыныштығын қара бастың, сірә да, тыныштыққа баламаспын. Сондықтан, Сонгмидің сәбиін мен, аузынан арыстанның ала қаштым, жасқанбай жауыздықпен жағаластым. Солай, шеше. Мен мәңгі күзеттемін. Жаз өткенін білмеймін, күз өткенін. Кешегі әкелердің жеңіс бағы, тапжылмай күн-түні күзеткенім. Мен сақпын. Күзеттемін, көз ілмеймін. Өзіңнен, Отанымнан безінбеймін. Өзіңсіз, Отанымсыз өмірде мен, сірә да, өмірім деп сезінбеймін. Кешір, Ана, табынбан саған ғана, Отан деген – маған да, саған да Ана! Алдымен Отанымды ырза етейін, бер мені Отаныма, алаңдама. Ана-Отан нарқыңменен, салтыңменен, қарсы алам мына келген мартыңменен! Ана-Отан аяңдамын, қасыңдамын, біргемін өзіңменен, халқыңменен!..»42.
Абай «Әкеңнің баласы болма – адамның ұлы бол» дегенді М.Мақатаев: «Отаныма ұл болу – қымбат маған... Нашар әйел тапқан ұл дегізбеймін... Мен сақпын. Күзеттемін, Көз ілмеймін», – дейді.
А.Байтұрсынұлы айтқандай: «Жігіттер, біле білсең анаң – халық, Келіңіз ана сүтін адалдалық», – деген ойды М.Мақатаев осылай дамытып әкеткен екен. Совет кезінде тектілік пен адалдықты аңсаған М.Мақатаев: «жасқанбай жауыздықпен жағаластым», – дейді. Себебі: «Отан деген – маған да, саған да Ана!» А.Байтұрсынұлынша М.Мақатаев нақтылай түседі: «Отаным, арқа артар қорған – белім... Боз құсым иығыма қонған менің!» Алаш ойы келесіндей дамыған: «Отаныма ұл болу – қымбат маған».
«Отанды сүю иманнан» атты ойды М.Мақатаев совет кезінде осылай уағыздап беріпті. Сондықтан ақын Отанды қорғауды басты парыз санайды: «Мәңгілік майдандамын. Жауға олжа болмасын деп жайған малым». «Мен мәңгі күзеттемін».
Ақын өмірді «Ей, менің қиын өткелім» – деп бағалайды: «Ей, менің сайран мекенім! Адамға бермес екі өмір, (Әрине, болмас екі өлім) Мен сенен ертең кетемін, айдынын қимас аққудай, айналып ұшып, өтемін. Суынғам, бірде жылынғам, жүгіргем, бір жығылғам жиырма бесімде ұғынғам, он алты жастың не екенін ей, менің сайран мекенім! Ей, жастық, ердің серті едің, ерке едің, елдің көркі едің, лапылдап тұрған өрт едің, қаншама жанды жылытып, қаншама жанды өртедің? Арыма, менің аяулым – елуге толар ертеңім! Жауқазын ғұмыр, жыр-жастық, қаншада біздер қыр бастық, қаншама рет қар жауды, қайтадан бізді тұрмас қып?! Сонда да біздер жырластық, сонда да біздер сырластық, он сегіз бенен отызды, өзара бөліп, құрдас қып. Қаншама қыстан өтпедік, қаншама рет көктедік?!»43.
Өмір тек шеру ғана емес. Ол майдан алаңы деген алдыңғы өлеңдегі ойды ақын осы ретте жалғастырады. Өмір – ақиқат майданы. Ел мен ер сынағы осы ақиқат алаңында өтеді. Ақиқат үшін шайқаста оңынан табылдың дейді лирикалық кейіпкер: «Еркесі болдық біз елдің, есерсоқ болып кетпедік. Қиянды қалап, шептегі қиындықтарға беттедік. Ер сыналар майданда, еншімізге дөп келіп, қаншама қыршын кетті өліп. Ақиқат дейтін ауылдың, қасынан дәйім табылдық. Ауырдан сауыт жамылдық, сонда да бізді жауыр ғып, жоғалта алмады ауырлық»44.
Ел ішіндегі кеңпейілділікте өткен шақты ақын сағынышпен еске алады: Бір-бірімізді бауыр ғып, сонда да біздер сағындық. Ошағы сөнген үйлердің оты болдық та, жағылдық. Махаббатқа да сенгенбіз, ғашық та болып көргеміз. Баяны бар ауылға Қозы болып та келгеміз. Есерсоқ болып кетпедік, еркелей білдік елге біз!»45.
М.Мақатаев үшін өмір: «Ей, менің сайран мекенім», «Ерке едің, елдің көркі едің», «Лапылдап тұрған өрт едің», «Жауқазын ғұмыр, жыр-жастық». Өмірге деген осындай ағыл-тегіл пейіл сонау совет заманында қалай, қайдан келген құдірет? М.Мақатаевтың лирикалық кейіпкері өзі жырлап кеткен батыр ата-бабаларының, шаһид болып кеткен Алаш арыстарының үнін жеткізгендей: «Еркесі болдық біз елдің, есерсоқ болып кетпедік... Қиындықтарға беттедік». Олардың басқалардан айырмашылығы: «Қиянды қалап шептегі қиындықтарға беттедік. Ер сыналар майданда, еншімізге дөп келіп. Қаншама қыршын кетті өліп. Ақиқат дейтін ауылдың, қасынан дәйім табылдық. Ауырдан сауыт жамылдық. Сонда да бізді жауыр ғып, жоғалта алмады ауырлық». М.Мақатаев үшін: өмір – жай ғана қиын өткел емес, ол мәңгілік таңдау, ар мен арсыздықтың мәңгілік күзеті. Бірақ өмір сонымен қатар махаббат алаңы екенін де меңзейді. «Баяны бар ауылға, Қозы да болып келгеміз. Есерсоқ болып кетпедік, Еркелей білдік елге біз».
«Ей менің нұрлы ғұмырым!.. Қай жерде жүрсің, құлыным?!» деген ақынның лирикалық кейіпкері өзінің жанының тазалығы мен мәрттігімен ерекшеленеді. Сондықтан ол бізді «Өз үйі – өзінің болмай түрмесі» дегеннен сақтандырады. «Қашанда көктем келгенде, тұрасың көптеп сен – менде, жарылмай жатқан жауқазын, тулайды менің кеудемде, көктемді мынау көргенде, қабірімді қақ жарып, шығарсың сен... Ей, менің қиын өткелім!»46.
Алаш ақындары сияқты сонау совет заманында Отан ұғымын алға қоя білген ақындардың бірегейі М.Мақатаев. Отан ақын үшін абстракциялық ұғым емес. Отан деген қасиетті ұғым енді лирикалық кейіпкерге айналған. «Отаным, саған айтам» өлеңі осыған дәлел.
Ақының «Отаным, саған айтамын» деп ағынан жарылған лирикалық кейіпкерінің «әппақ арманы» бар. Ол: «Өзіңдей жаным – Аққала... алдыңда ақ қой, ақ балаң... Ақ балаң, Отан! Ақ болам!». «Айхайда ақын өмірі, абыржып қалса көңілі. Ақырын шығар неге үні?! Сүріну бар да, самғау бар, ақиқат бар да, алдау бар, ынтымақ бар да, даулар бар, бірін-бірі арбау бар. Қойсаңшы ақын серіні сау жүріп естен танғандар Отаным, саған айтамын: Менде бір әппақ арман бар ақтығы – алғаш жауған қар. Өмір бер маған аздаған, бақыт бер маған аздаған? Молынан ырыс беріп ең, өртеніп кете жаздағам. Азғанаңа да мәз балаң. Ошағы сөнбей қоздаған, жалын бер аздап маздаған?»47.
Лирикалық кейіпкер өмірді бар қалпында қабылдайды. Бұл өмірде «сүріну бар да, самғау бар. Ақиқат бар да, алдау бар. Ынтымақ бар да, даулар бар. Бірін бірі арбау бар». Ақынның кейіпкері отанымен сырласады: «Менде бір әппақ арман бар. Ақтығы – алғаш жауған қар...». «Отаным, саған айтамын», деп басталатын сөйлемдермен ол тек мұңымен бөліспейді. Лирикалық кейіпкер үшін бұл басты мәселе: «Сен үшін Отан, сертім сол – Неден де болса тайынбан! Бәрі де, Отан, сен үшін!». «Атырау-жаным – жайылма, нәр берген терек, қайыңға. Отаным, саған айтамын. Адамгершілік жайында. Салмайын сары уайымға, адамдығымнан айырма? Сен үшін Отан, сертім сол – неден де болса тайынбан! Бәрі де, Отан, сен үшін! Мәуелеп тұрған жемісім, еселеп жатқан жеңісім – бәрі де, Отан, сен үшін! Біреуге берсең жең ұшын, беремін мен де жең ұшын. Бермесең өзің келісім, бермеймін мен де келісім! Кіндігім мәңгі байланған, киелі менің өрісім! Адамдық арды сақтаған, қилы бір қиын шақта да, ала жібін ешкімнің, баса-көктеп аттаман. Досыма көзімді алартып, жұдырық түймен жатқа да. Алдында ақ қой, ақ балаң... Ақ балаң, Отан! Ақ болам!!!»48.
Алаш ақындары үшін «Отанды сүю иманнан» болса, М.Мақатаев былай деп нақтылай түседі: «Кіндігім мәңгі байланған, киелі менің өрісім! Адамдық арды сақтаған қилы бір қиын шақта да, Өзіңдей жаным – Аққала». Бұл кейіпкер үшін басты мәселе: «Өзіңдей жаным – Аққала. Алдында ақ қой, ақ балаң... Ақ балаң, Отан! Ақ болам!!!»
Лирикалық кейіпкер Отан тарихынан да хабардар, сондықтан балалық шағы «Отаным жылап жатқанда», деп рефрен болып қайталанатын тармақта соғыс кезінің ауыртпашылығын меңзейді. Соғыс тек ерлердің шайқасы ғана емес, ауылдағы жесір қалған аналардың өмір мен ұрпақ үшін жан арпалысы болғанын бала кезінен өз көзімен көрген ақын былай деп еске салады: «Дихан-Аналар қосынан, мұң бағып өстім жосыған. Көз жас пен тердің тұқымы – қазіргі біздің осы нан. Жесірдің тері – осы дән, осы тұқымға қосылам, сенесің бе, Отан, осыған? Сонау бір бала шақтарда, қарлығаш қанат қаққанда, шілдеде, я ақпанда, көз жасын маған көрсетпей, Отаным жылап жатқанда, қарағай толы қапталда, дәметіп болашақтардан, қараушы ем атқан ақ таңға»49.
«Отаным жылап жатқанда» не істедім деген сауалға ол былай деп ағынан жарылады: «Сап болып сәби күлкім де». «Аяулы менің Отаным, Көзінің жасын іркуде, көңілінің мұңын бүркеуде». Ел болып: «Дәрменсіз едім онда мен, көзінің жасын сүртуге. Қайғыра жүріп, қайрат қып, кеудеде бұлбұл сайраттық... Отанның ортақ қазанын, ортаға алып қайнаттық». «Қара суды қаймақ қып, қанағатымызды жайнаттық». Қазақтың қиындыққа төзімділік көрсеткені осылай бала кейіпкердің сөздерімен берілген: «Өлмедік біздер аш қаңғып, жасамай жанға қастандық. Туылдық, қайта басталдық. Сабаннан көрпе жамылып, сабаннан жастық жастандық». Алаш ағалары сияқты бұл ұрпақ адамдықты басты етіп алды. Сондықтан ақын: «Жасамай жанға қастандық» деуге құқықты. Соғыс кезінде ел ішіндегі бірауыздылықтың себебін, қазіргі кейбір жыртқыштық сананың соңында кетпей олар үшін басты құндылық адамдық пен «Өлмесін дедік жабылып, өзің берген Бостандық» болғанын ақын осылай айқындап береді.
М.Мақатаевтың лирикалық тұлғасы Отанымен бүгінгі сырымен былай бөліседі: «Кешіргін Отан, кей-кейде, басып бір кетсем гөй-гөйге»50.
Ақын қазақтың ата-бабалардан о баста келе жатқан тектілігін еске салады. Олар үшін ең бастысы арының тазалығы еді: «Ашынам, қайта басылам, басылам-дағы, тасынам. Адамдықтарын алтынмен, өлшегендерге ашынам! Мансапқорлардың қасынан шықпайтындарға ашынам! Жалданып өскен жасынан, жағымпаздарға ашынам!»51. Бұл ойы да А.Байтұрсынұлының белгілі өлеңі мен Ж.Аймауытұлының мансапқорларын еске түсіреді. Себебі адам әр сәт оң мен солды таңдауға мәжбүр болуының салдарынан шығатын мәңгілік мәселе. Адамдықты аяқ асты ететін мансапқорлар мен жағымпаздар әр заманда тура жолдан тайғызуға ілескендер. Атеистік заманда Отан ұғымының қастерлі екенін жүрегімен жырлаған М.Мақатаев Алаш идеясын осылай жалғастыра түсті. «Сенесің бе, Отан, осыған!» сияқты Отанына қаратып айтқан сөйлемдерінде Алаш ақындарының үні де қосылғандай: «Өзіңе ғана бас ұрам, сенесің бе, Отан, осыған! Айрылған адал досынан, алаяқтарға ашынам! Ашынам-дағы тасынам, тасынып барып, басылам... Мұңымды несін жасырам»52. Сонымен бірге М.Мақатаевтың лирикалық кейіпкері өзі кінәсіз болуды ойламайды: «Отаным, мені кешіргін? Кей-кейде мен де кесірмін. Есімнен шығып сонау кез, ессіз де түссіз есірдім. Шешінбес жерге шешіндім, көсілмес жерге көсілдім... Кеткенін білмей есімнің»53.
Бұл тұлға үшін ең маңыздысы «Өзіңмен ғана сырласам. Өзіңсіз менде тума ән. Кешіргін, Отан, кеше гөр». «Отаным сенің алдыңда, өртендім бе, әлде жандым ба?! Бас ұрып көзсіз тағдырға, барымды бермей қалдым ба?! Сәуле бер менің жаныма!»54.
Абай өз оқырманын кеудесінде сәулесі бар біреу деп айтқан болса, М.Мақатаев осы сөзді тура сол мағынасында қолданады. Адалдықты аңсау – «Сәуле бер менің жаныма».
«Райымбек, Райымбек!» поэмасын жазып Отанының тарихи жадын еске сақтаған лирикалық кейіпкер тек бүгінгісімен шектелмейді. Оның жүрегінде қазақтың жоңғардан Отанды қорғаған есіл ерлерінің даңқы да орын алғаны осы ретте аңғарылады: «Жанбаған жалын бар мұнда, аунаған толқын бар мұнда өзіңмен ғана сырласам, өзіңсіз менде тумас ән. Кешіргін, Отан, кеше гөр! Еркелеп кейде туласам. Өзегім шіріп өлер ем, өзіңнен егер тумасам...»55.
М.Мақатаев Отанды «Ақ жаным! Ардағым» дейді. Совет кезінде бұл сирек кездесетін метафора. «Сенесің бе, Отан? Ақ жаным!.. Арқаңда сенің ардағым, ақ нұрға толы жан-жағым. Әппақ нұр атқан таңдарым ақ жаным – жалғыз арманым!»56.
«Отаным, саған айтам» атты толғау басындағы ақын өзі үшін ең басты түсініктерді тағы бір айғақтаумен тәмамдалады: «...Сүріну бар да, самғау бар, тірлікте кейде алдау бар. Отаным, саған айтамын, менде бір аппақ арман бар, ақтығы – алғаш жауған қар. Ақ жырым – әппақ құстарым ақ көңілдерге самғаңдар. Бұтаға қонып қалмаңдар! Алдарыңда әлі таңдар бар, зымырап құстар заулаңдар!»57.
«Ақтығы – алғаш жауған қардай» ниетпен жазылып бізге жолданған ақынның асыл ойлары («ақ жырым – әппақ құстарым, ақ көңілдерге салғандар!») Тәуелсіз кезде Отан деген ұғымды қастерлеуге арнаған аманаты іспеттес. Отанды Мұқағалиша сүйе білу, оның киесін түсіне білу бүгін аса қажет. Сондықтан ақынның осы асыл сөзі – «әппақ құстары» тәуелсіз кезге қажетті болып табылуы да тегін емес.
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің қайта ақталуына байланысты идеологиялық оқиғаларды М.Мақатаев жақсы білген. Репрессия туралы мағлұмат ақынның «Аңсап жүріп кездестік» өлеңінде орын алған. Өлең Сәкенге арнау: «Өзің бе?.. Өзің ғажапсың! От кешкен алғаш азатсың. Халқыңа келген азатсың тап жауынан өш алып, өшің де кеткен қазақсың! «Тар жол, тайғақ кешуді», кешіп кеткен қазақсың! Есіл өткен қазақсың!!! Сойылдыға соқтырмай, қарулыға аттырмай, арашалап жұртыңды, алпауытқа аттың жай»58.
«От кешкен алғаш азатсың» – деген сөйлемде Сәкеннің ақталуы алдыңғы ғана қадам екені меңзелгендей. Келесі сөздерде советтік репрессия аңғарылады: «Арашалап жұртыңды, Алпауытқа аттың жай». «Айырылып қалыппыз, Күләш салған «Гәккудай», өзің жазған «Аққудай».
Ақынның ақталуын ел ерекше қабылдағаны да осы ретте айтылған: «Мынау қазақ даласы, Алтай, Арқа арасы, Алатау мен Атырау, тойлап жатыр, қарашы, естисің бе, ағасы? Бүкіл қазақ баласы, сені еске алып, ағасы, думандатты, қарашы. Аспанынан нұр тамған, сені еске алып тұр таулар... ...Айқай, Қызыл сұңқарлар! Пай-пай, дүлдүл тұлпарлар! Ортаға алып Сәкенді, жас қазақтың ұранын, жаңарта бір шырқаңдар!»59.
«Жас қазақ» деген интертекстік мәтінде бұл өлеңге ерекше мән берілген. «Жас қазақтың ұранын» деген сөйлемде «Оян, қазақ!» деген ұраны меңзеліп тұрғандай.
«Тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткізгендердің рухты поэзиясын М.Мақатаев совет кезінде өзі де осылай жалғастырды.
А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» (1926) толғау – «жүрек құсының сайрауы» дейді. «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін – мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды; екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда.
Әуезе тысқарғы ғаламның жыры, толғау – ішкергі ғаламның күйі депекі айырғанымызбен, екі ғаламның ісінің арасында зор іліктік бар нәрсені танығанда, сол тануымыздың өзі екі жақты болатындығын жоғарыда «Қара сөз», «Дарынды сөз» деген бапта айтылды. Әр нәрсені саңылап санамызға алған уақытта, ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген, білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңлаулап қана қоймайды, ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрсенің иә істің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, бірінен сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғалам мен сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айрылғысыз болып бірігеді. Тысқарғы ғаламнан санаға түскен саңлау мен сана жанында тұрған көңілдің күйін бір-біріне қатыстырмай, бөлектеп қоюға мүмкін емес. Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсенің тұрпатын ғана түсіріп қоятын;нәрсенің саңылауы келіп адамның санасына түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады. Адамның көңілін оятпаған нәрсе тіпті сезілмей, дерексіз өтеді. Бірақ адамның ілтипаты тысқарғы ғаламға, бірде ішкергі ғаламға көбірек ауатын орындары болады. Кейде тысқарғы нәрсе өте қорқытса, яки өте қуантса, иә болмаса өте тамаша күйде болып таңдандырса, адамның есін алып, ілтипатын өзіне аударып кетеді. Кейде қайта адам өз ойы, өз қиялы, өз көңілінің күйімен болып, айналасындағы болып жатқан уақиғаларды, істеліп жатқан істерді, тамашалы, тысқарғы ғаламды байқамай қалады. Бұл адамның ілтипатын тысқарғы ғаламнан ішкергі ғалам аударып алып кеткен уақытта болады. Ондай адамдардың көбі ілтипатын көбінесе ішкі ғалам жағына салатын адамдар болады. Кейде тысқарғы, ішкергі екі ғаламның да күші бірдей болып, ілтипатымызды бірдей түсіреді. Мәселен, бір нәрсе, яки іс қандай көркем, әдемі болса, сондай оған сүйінеміз. Қанша сүйкімсіз, жаман болса, сонша жек көреміз. Сүйтіп, манағыдан бергі айтылған сөздің қорытуы мынау болады: ертек – тысқарғы ғаламның жыры деп, толғау ішкергі ғаламның күйі деп екі бөлгенімізде, тіпті сорпасы қосылмайтын бөлектік бар деп ұқпасқа керек»60.
Мұқағали Мақатаевтың «Бір күніммен қоштастым» өлеңінде ақын поэзияны – жүрек құсына былай деп теңейді: «Тағы міне қоштастым бір күніммен, қош айтыстым бір күнгі тірлігіммен. Тоқтатып көр толассыз қозғалысты, түссең-дағы тәңірдің кіндігінен. Айлар, жылдар, ғасырлар алға аттаған, алға аттады күнім де ардақтаған. Мынау жарық әлеммен бірге айналып, заулап барам, бір күні аунап қалам. Аунап қалам... Білемін, білемін мен! Ажыраймын жармасқан тірегімнен. Құлай білем, себебі, жүре білгем, құсым ұшса болғаны жүрегімнен. Бір құсым бар кеудемде-зыңданымда, бірге туған менімен, туғанымда. Байғұсыма бостандық берсем болды, аунап кетпей әзірге тұрғанымда...»61.
Мұқағали ақын А.Байтұрсынұлының толғауға берілген түсінігін білуі мүмкін бе? Бұны бір Алла біледі. Бірақ асыл сөзді «құсым ұшса болғаны жүрегімнен» деп түсіну Алаштың екі ақынының жүректен шыққан сөзді осылай бейнелеуі тегін емес болар.
«Толғанғанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, тішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін – мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды; екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда»62, – дейді А.Байтұрсынұлы.
А.Байтұрсынұлы айтқан «толғау – жүректің лебі» деген ойы тура осы ретте меңзелгендей. Ақын «Ақтығы – алғаш жауған қардай» сияқты әппақ арманды «лай» деген сөзге қарсы қояды. Лай сөзі М.Мақатаев лирикасында жиі кездеседі: «Лай су шаймайтын арым бар», не болмаса: «Көңіліміздің лайын, құрғатар жан табылғай»63. Бұл тек М.Мақатаевқа тән метафора.
Ақынның «Мен-дағы өлең жазбаймын» өлеңі Абайдың белгілі классикалық мәтінін еске салады. М.Мақатаев Абайша бастап, оны өзіне үлгі еткенін анықтап береді: «Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, ермек үшін, немесе өлмеу үшін. Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын, жаралы жүректерді емдеу үшін. Ермек үшін белгілі жырламасым, ермек десе, ел мейлі тыңдамасын. Өтсем болды арқалап, адамдардың, қуанышын, шаттығын, мұң-наласын қуат алып Абайдың тіл-күшінен, жыр жазғанмын Абайдың үлгісімен Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден. Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін. Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін. Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін»64.
Абайдың асыл сөзге қойған талабына сай М.Мақатаев өз жырымен жауап берген бұл мәтінде олар былай деп айқындалған: «Жаралы жүректерді емдеу үшін». «Өтсем болды арқалап, адамдардың, қуанышын, шаттығын, мұң-наласын». М.Мақатаев өзіне кімді үлгі етті деген сауалға да ақын анық пікірін осы ретте айғақтап беріпті: «Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, жыр жазғанмын Абайдың үлгісімен». Алаш ғалымдары Абайды қазақтың «басты ақыны» деп түсіндіріп кетсе, М.Мақатаев совет кезінде осы ойды дамыта түседі. Ақын Абайға жай еліктемейді, тек үлгісіне жүгінбейді. Оның мақсаты: «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін». Бұл да М.Мақатаевтың Алаш дәстүрін жалғастырғанының тағы бір айғағы болып табылады.
Алаш әдебиетшілері Абайды «Қазақтың басты ақыны» деп бағаласа, М.Мақатаев «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп совет кезіндегі асыл сөз иелерінің атынан ағынан жарылады. Себебі: «Өнер керек ұрпаққа, өлең керек!».
«Өлең керек» мәтінінде ақынның асыл сөзге қойған түсініктері айқындалған: «Сая болып жаныңа емен, терек, жетер енді жатқаның көлеңкелеп. Өгейсінбей өзі боп қалу үшін, өнер керек ұрпаққа, өлең керек! Есіңде ме, түндерің көз ілмеген? Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең. Арғы атасы адамның – сезім болса, адам емес, сезімді сезінбеген. Арғы атасы ақынның жырдан туған, жыр жолында жанын да қылған құрбан. Жырлар тұнған хандардың сарайында, жыр айтылған бесікте құлдар тұрған. Ұзатылып жат жұртқа барғаныңда, жыр айтылған қыздардың жар-жарында. Жырлап, жылап, жыраулар жан тапсырған, жыр мен күйі күйзеліп бармағында. Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей, мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей. Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі, көлеңкеде қалсаң қал, көзге ілікпей!»65.
«Өнер керек ұрпаққа, өлең керек!» деген лирикалық кейіпкер үшін: «Арғы атасы адамның – «сезім болса, Адам емес, сезімді сезінбеген». Ата-баба асыл сөзінің табиғаты да осы ретте еске салынған: «Арғы атасы ақынның жырдан туған. Жыр жолында жанын да қылған құрбан».
Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы айтқан өлең адамның тал бесіктен жер бесігіне дейін жан жолдасы деген тұжырымды М.Мақатаев былай деп анықтаған: «Жырлар тұнған хандардың сарайында, жыр айтылған бесікте құлдар тұрған. Ұзатылып жат жұртқа барғаныңда, жыр айтылған қыздардың жар-жарында. Жырлап, жылап, жыраулар жан тапсырған, жар мен күйі күйзеліп бармағында». М.Мақатаев Абай айтқандай асыл сөзді арзандатып мадақтауға құлдыратпай өз орнына жұмсауды ұйғарады: «Мақтау, даттау, жәді ғой сөзді күтпей. Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі, көлеңкеде қалсаң да, көзге ілікпей!»
Мұқағали ақын көз тірісінде өзі айтқан көлеңкеде қалып өткен! Замандастарының іштарлығынан көп жапа шеккенін білеміз. Ақынның асыл сөзін жалған жаққа бұру үшін ақынды ішімдікке арнайы салу жоспары іске асырылды. Шынайы сөзіне ел еріп кетпес үшін, ол қоғамнан осылай алыстатылды. Ресми биліктің ішімдікке салып жіберу жобасының совет кезіндегі құрбаны қазақ жерінде М.Мақатаев болды (замандастары В.Высоцкий, Б.Окуджавалар сияқты). Осы өлеңдегі «Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей» тіркесі өте сәтті метафора. Жырлары жез киік болып ғасырлар аралап кеткен М.Мақатаевтың бұл өлеңі қашан жазылды екен деген сауалды алға шығарды. Себебі шамамен осы кезде ақын К.Салықовтың «Жез киігі» дүниеге келген еді. Бұл да анықтауды қажет ететін мәлімет. Екі ақын да совет кезінде даланың киігін жезге теңеуі тек технократтық стиль емес екені анық. Киік бейнесі келесі өлеңде де орын алған. «Мүйісте» өлеңі нәзіктігімен таңғалдырады: «Селк етіп, секем алып қарадың-ау, қай таудың киігі едің қарағым-ау?! Төбеңде шыр айналып бала қыран, мүйісте мергені бар қала мынау. Сондықтан секем алып қарадың-ау. Кел, менің қасыма кел, қасыма кел, жеңдіріп үрейіңді, басыла гөр. Сұлулыққа сұқтанған жат көздерден, жалт еткен жанарыңды жасыра бер. Панала, қасыма кел, қасыма кел. От-суы, отауы ырғын жатқан қырдан, нендей күш сені мұнда аттандырған?! Абайлап, адымыңды сақтандырған, бұл маңға несін келдің қақпан құрған?! Арман ғой сені мұнда аттандырған?! Үмітің, арманың да бәрі қалып, ауылды ойлап құр бекер налымалық. ...Жеткізіп тастайын ба тауыңа алып, құныңды, құралайым, таны барып. Қарағым-ау, қай таудың киігі едің?! Сыртыңнан қараймын да, сүйінемін. Ғайып болып қай жаққа баратырсың, әлде бір домбыраның күйі ме едің?!»66.
М.Мақатаевтың «Қарағым-ау, қай таудың киігі едің?! Сыртыңнан қараймында, сүйінемін» атты тармақтары Ш.Сариевтің Тәуелсіз кезде жазылған «Қарағым-ау» өлеңінде жалғасқанын аңғару қиын емес.
Аруды тау киігі бейнесіне ұқсатқанын «Қарағым-ау, қай таудың киігі едің?» кейін Ш.Сариев «Қарағым-ай» өлеңінде дамытып әкеткендей. «Қарағым-ау, қай таудың киігі едің?!» «Арулар», «Ақ күмбездер – әжелер» бейнесіне қосылған келесі метафора «Аякөз-ару» өлеңінде де орын алған. «Аякөз, сірә, аядай бұлақ көзі емес, аяулы, сірә, қыз болар. Ақиқат бағып, анықтап жатар кез емес. Белгісіз, досым, белгісіз тұр ғой бізге олар. Белінде мынау бірігіп жатқан қырлардың. Бәйіттен бөлек, белгісі жоқ-ты қыздардың. Кезінде, сірә, қызғалдақ болып гүл жарды, түндігін тесіп туырсып жатқан мұз-қардың. Бүр жарды, кетті. Өмірді мәңгі мансұқ қып, соларды іздеп, сорларды талай қаңсыттық. Қойғаны-ай, шіркін, өмірдің қатал заңының, оларды бізге, оларға бізді Таңсық қып. Аякөз – деген – аядай бұлақ деседі. (Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді!) Аякөз болып ғасырлар алға көшеді, ая, көз, ая, – арулар елі кешегі!»67. Аякөз сөзінің төркініне үңілген ақын бұл сөзге ерекше мағына береді: «ая, көз, ая – Арулар елі кешегі». Бұл да тек М.Мақатаевқа тән метафора.
Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді? деген сауал ақынның көкірегінде әрқашан сайрап тұрған өзіне қойған серті іспеттес. «Белгісіз, досым, белгісіз тұр ғой бізге олар. Белінде мынау берігіп жатқан қырлардың. Бейіттен бөлек, белгісі жоқ-ты қыздардың. Кезінде, сірә, қызғалдақ болып гүл жарды, Түндігін тесіп туырсып жатқан мұз-қарды». «Белгісіз, досым» деген сөз де бізге, қазіргі оқырманына қаратып айтылған. Елдің тарихын, мұратын осындай жырларымен жоқтай білген ақын совет кезінде әрине қолдау таппады. Партия мен коммунизмды жырлаған совет поэзиясында мұндай Алаш рухындағы тектілікке орын болмағаны да түсінікті. Қазақ даласы – Арулар елі кешегі» деп еске салып кеткен ақынның сөздері Тәуелсіз кезге айтып кеткен аманаты.
Ақын М.Мақатаев үшін жыр: «Аққудың қанатындай сыңқылдаған, үйінен сол ақынның жыр тыңдағам» болса, ата-баба даласы да киелі ұғым: «Жыр тыңдаған: Тың далам – сылқым далам. Ақ Есіл бір толастап, бір тулаған» (71). «Ақынның ауылы» толғауында М.Мақатаев қазіргі Астананы жырлағандай: «Сән түзеген Есілдің өңірінде, ақ қайыңдар әлі жүр көңілімде. Ерекше еді ол жердің көлі мүлде, ерекше еді сол жердің елі мүлде, ерекше орын алып жүр көңілімде. Суып барғам суытқан қылықтардан, жылып қайтып кеткен ем, (Суып барғам...) арасынан орманның ақын көрдім, жырын іздеп жүр екен ұмыт қалған... Жағасында Есілдің тұрыпты арлан!.. Аққудың қанатындай сыңқылдаған, үнінен сол ақынның жыр тыңдағам. Жыр тыңдаған: тың далам – сылқым далам, ақ Есіл бір толастап, бір тулаған, жағада ақ қайың мас, былқылдаған, ...Өтінем, сол ақынның тағдырын бер, өзгені қимасаң да жұртым маған?.. Ақ Есіл – ақ отауым, алқа көлім, қайың бақ, ойдым орман, қамқа жерім. Ақынның аманат бip жырындай-ақ, аңсаймын да тұрамын Арқа желін»68.
Шәкәрім адамның балалық шағы оның ең адал кезі деп дәлелдеп берсе, М.Мақатаев үшін де балалық шақ – нағыз әділ шақ: «Ей, бейтаныс, мақтаным, армысыңдар, әппағым, менің бала шақтарым! Менің болашақтарым!»69.
Шәкәрім «Кәрі Шыңғыс тау» деп сырласса, ақын М.Мақатаев табиғатты тура осылай қабылдайды. «Егістікке» өлеңінде ақсақалдардың сөзімен сөйлейді: «– Әзер шығып, әлсіреп күн батады, тұмау тиіп қалған ба күнге тағы?! Амандығын сұраспай бip-бipiнің, осылай деп, екі қарт үн қатады. Жаз аспаны жабыңқы, түнеріп тұр, жатыр дала шаңытып, күреңіп қыр. Аузын ашып, шөлдеген аңызаққа, сәл-пәл тамшы сараң бұлт жіберіп тұр. Түңліктенген қара бұлт түнеріп кеп, ауыр қару атылды, үдеріп көк. Шатыр-шұтыр шатынап аспан кетті, жауыны мен жасынын жіберіп тек. Тамашалап ашуын, жасынын да, ата-жердің ажары ашылуда. Тұмауратқан күн келіп, егістікте екі қартқа еңіреп бас ұруда»70.
Күн, бұлт, ата-жері өлеңнің кейіпкері болып кетеді: «Тұмау тиіп қалған ба Күнге тағы?» «Түңліктенген қара бұлт түнеріп кеп» «Ата-жердің ажары ашылуда». «Тұмауратқан күн келіп, егістікте Екі қартқа еңіреп бас ұруда».
М.Мақатаев тарихты да өзінің кейіпкері ретінде сезінеді. Оның қасіретін «Алтын адам» өлеңінде былай деп сезінеді: «Шежіремді ұрлапты... Зулапты күн. Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын». Сондықтан ақын «Нені аңсаймын?!» [84] өлеңінде былай дейді: «Нені аңсаймын?! Тұрған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын. Ұл де, мейлің, ағасқан құл де, мейлің, ceнi аңсаймын, туған ел, онан сайын! Неге аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын. Қуат берген дәмің мен тұзың маған, қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған. Гүлін сүйем, шалғынның бүpiн сүйем, үнін сүйем масаңның ызыңдаған. Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар, ақ бас таулар – самайын ақ басқандар. Ceнi аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, бұрынғы өреден құрт ап қашқандар, су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!»71.
Ақынның «Су кешіп, жалаңаяқ от басқандарды» есте сақтап отырып жазылған жырлары әрине ерекше.
«Чили – шуағым менің!» Пабло Нерудаға ескерткіш» атты өлеңінде М.Мақатаев ақын деген түсінік туралы ойларын былай деп тұжырымдаған: «Барлық ақын – баласы бір ананың», «Барлық ақын – бауыры тірі адамның», Ақын сөз киелі деген концепт осы ретте анықталған: «Ақын – халық перзенті қашаннан да! Халқыменен қартайған, жасарған да. Болашағын халқымен қоса армандап, ақын туған, дүние жасалғанда. Момын өтпес ақыннан қашаннан да, өмірге нұр, қаһарын шашар жауға. Өткен, сірә, ақыннан асау бар ма?! Жазмыш деген жоқ қой, Жоқ! Бар болса егер, тиме дер ем ақынға, асау жанға!»72. Бұл жолдарда ата-баба сөзі – жыраулардың билікке қаратып айтқан асыл сөздері ғана емес, адамзат тарихындағы ақын деген халықтың киесі түсіндірілгендей. Шынайы асыл сөз иелері үшін (Байрон, Пушкин, Пабло, Хосе, Лорка, Эренбург, Хэмингуей – бұл өлеңнің басты кейіпкерлері) «Әр өлеңі – ақынның соңғы өлеңі». Себебі: «Намыс үшін шын ақын сонда өледі».
«Ақын күнде қоштасар өмірменен, ақын үшін белгілі өлім деген. Ақын, әсте, өлем деп қорықпайды, кете ме деп қорқады көңілде өлең, аяқасты ажалмен, өлімменен. Әр өлеңі – ақынның соңғы өлеңі, соңғы рет жөндегені, өңдегені. Өзі тірі кезінде жылы өлсе егер, намыс үшін шын ақын сонда өледі. Шын ақынның көңілін сол бөледі»73.
Нағыз ақын үшін «Әрбір жыры – ақынның соңғы жыры. Соңғы жырды жазуға жүрек керек»74. М.Цветаева айтқандай: «на каторгу к любимому столу» деген ойды М.Мақатаев былай дейді: «Ақау түсті ақынның жүрегіне, (Әлдеқашан халқы оны біледі де). Қараң қалған столда қараң қалған, қаламына қарайды, тірегіне... Сапар шегіп кетеді жыр еліне»75.
«Түсінемін сені мен, бауырласым, сен ауырсаң, ел үшін ауырғансың. Айтар сөзін айтсын да, өлсін ақын, ақындардың Отаны ауырмасын! Соңғы жыры ақынның жазылғасын, дамылдасын, қара жер қабылдасын, Отан! Отан! Отаны ауырмасын! Ойран болса егерде жер бетінде, ол – алдымен ақынның келбетінде. Жер жарасын болар-ау жөндетуге, ақын жанын болмайды емдетуге!»76.
Ақын деген ұғым бір ұлттың емес, жалпы адамзаттық екенін М.Мақатаев осылай совет кезінде алға тартады: «Түсінемін сені мен, бауырласым. Сен ауырсаң, ел үшін ауырғансың». Асыл сөздің жоғалмауының себебін былай деп түсіндіреді: «Айтар сөзін айтсын да, өлсін ақын, Ақындардың Отаны ауырмасын! Жер жарасын болар-ау жөндетуге, Ақын жанын болмайды емдетуге!»77.
«Ерлікті аңсаймын» циклында: «Саялы Отан! Самалың кеп бір өпкенде...», «Кешір, Отан?» деген сөздерде қазақтың тарихы кейіпкер болып кетеді. Ерлікті аңсаған лирикалық кейіпкер үшін: «Санамда бір саңлау жоқ жатқа – бөтен, ақ арымды алдыңда сақтап өтем. Жалған айтсам, жазалар тұрып келіп, бауырлар моласында жатқан әкем»78.
Ерліктің жырын жазған ата-баба істерін бұл кейіпкер жүрегімен аңсайды: «Ерлікті аңсаймын! Жауда кеткен кектерім көп. Әке жолын мен әлі өткенім жоқ. Жаса, сен, мәңгі шуақ көктемім боп, менің барар сапарым, өткелім көп... Ұмытпаймын! Даламды қан сасыған. Анамды, айғайымды жан шошыған, аруларды ұмытпан ақтай өлген, төсекке байлағанда жау шашынан. Тәйірі! Кетсінші сол тамұқ күндер. Өтті ғой... Біреу – куә, табыт кімдер»79.
Ақын үшін ерлік тек соғыста емес. «Соғыс құрсын! Тек қана сонда ма ерлік?! Ерлік, ерлік... Айналам толған ерлік... Кешір, Отан? Кей-кейде дірілдедім, дірілдедім, жат оймен бүлінбедім. Дарылдадым, орынсыз дүрілдедім. Алдыңа кеп асыр сап, күлімдедім. Жат ойдың қармағына ілінбедім! Арт жүгіңді. Өлмеспін жүк артқаннан, өлейін, өте алмасам сынақтардан. Eciп кетсем, кейде бip бөсіп кетсем, әммесі оның – ерлікке құмартқаннан»80.
«Үйім – Халқым», «Халқыма еркелеймін» деген сөздерде ақынның Отан мен Халқым деген егіз ұғымдардың тоғысуын аңғарамыз. Отан – киелі жер болса, оны тұрақтаушы – қазақ елін халқым деп егілген ақын үшін бұл да қасиетті концепт: «Үйім – Халқым», Үйім – Тауым, Үйім – Ордам, Үйім – Отаным» градациялық ретпен бейнеленген: халқым, тауым, ордам, Отаным деп дамыту асыл сөздің нақтылануы болып табылады.
Совет кезінде Орда сөзі көп қолданбағаны белгілі. Алаш Орда сөзін еске салатын сөзді тек Мұқағали ғана осылай батыл қолданған. Үйім – Халқым. Халқыма еркелеймін. (Мен – кедеймін) Бүлдірсем бірдемесін, мен төлеймін. Үйім – Тауым. Тауыма сүйенемін. (Жоқ болса, сүйенерім) Келеді тауымды да күйелегім. Үйім – Ордам. Ордамда сайрандаймын. (Болмаса сайран дәйім) Мінгескен Көтібарға Аймандаймын. Үйім – Отаным! Отаннан жай табамын. Отанға не айта аламын, Отанға не айта аламын»81.
Туған жердің табиғаты ақынның кейіпкеріне айналғанын аңғару қиын емес: «Япырай! Неткен көктем! Көктем! Көктем! Дүние-ау, сен осылай көкпеңбек пе ең! Мәңгі-бақи түлеген қаз қалпында, табиғат керемет ең неткен, неткен?!»82.
Ақын қазақ жерін былай деп құрметтейді: «Әр көдеңе бір қонып, ұшар едім, әттең-шіркін, құс болып жаралмадым...»83.
Таулар М.Мақатаев үшін ерекше сырлас кейіпкерлер. Ақынның келесі өлеңінен сурет салуға болады. Сөзбен сурет салу деген А.Байтұрсынұлының теориясы осы ретте айтылғандай әсер етеді: «Біздің таулар – керуендей шұбалған, күнді өздері батырған да, шығарған. Тұлғаларын тұңғиыққа суарған, олар биік тұманнан да мұнардан. Сенсең бөрік, сәлде шалған – атамдар, желкен – бұлттар – желкілдеген сақалдар. Өркеш-өркеш маң-маң басқан – атандар, біздің таулар – аяқталмас сапарлар. Көшін тартып, көше-көше сабылып, көш бастаушы бағытынан жаңылып, біздің таулар – тоқтап қалған керуен, сахараның сағымына аңырып»84.
«Арманың бар ма?» циклында өзі тау жерінде туған ақын тау атауларын ажыратып береді: «Адырлар, жондар, шатқалдар, аспанды тipeп жатқандар, айтылды нелер мақтаулар, арманың бар ма, ақ таулар? Сапарды солай жалғаңдар, шарлаңдар, мәңгі шарлаңдар, аспанды кезген тарландар, ақ бұлттар, сенде не арман бар? Армандап адам сұрады. Ақ таулар – іштен тынады, азан сап тұрып ақ бұлттар, ағыл да-тегіл жылады. Ақ нөсер, бар ма арманың?..»85.
Тауды биіктікке теңеу жиі кездесетін тіркес. Ал бұлттардың «Азан сап тұрып, Ағыл да-тегіл жылауы» тек М.Мақатаевқа бұйырған асыл сөз үлгісі.
«Жігіттер, дем алайық тауға барып» өлеңінде ақын Алатауды «ақ шалға» теңейді. «Жігіттер, дем алайық тауға барып, балақты жүреміз бе шаңға малып?! Алматының қарайық төбесінен, алдымен көк майсаға аунап алып Алатау ашып тастап гүл кілемін, мұртына мұздақ қатып тұр білемін. Тым құрыса леппен жібітейік, ерітейік мұртының сүңгілерін. Балақты жүреміз бе шаңға малып? Сәлемдесіп қайтайық шалға барып. Алматының қарайық төбесінен, ақ шалдың кілеміне аунап алып»86. Майсадан майда, шіркін, мақпал бар ма, масайрап шығайықшы шатқалдарға. Жылылық апарайық біздер де бір, мәңгілік жатқан мұзға, жатқан қарға»87, – дейді ақын.
«Жер жәннаты – Жетісу» деген ұғымды ақын «Ақ қайың әні» поэмасында: «Әлі есімде жазы еді Алматының, Аясы еді Алатау жәннатының...»88, – деп нақтылап өтеді.
Асыл сөздің құдіретін көтеретін ақын туралы түсінігін М.Мақатаев әр өлеңінде меңзегенмен, келесі тармақтарында айғақтап берген: «Туады, туады әлі нағыз ақын, нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, жендеттің көзінен жас ағызатын. Туады, туады әлі нағыз ақын! Жыр сөздері жай болып атылғанда, атылғанда, аспаннан оқылғанда, мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, жанар пайда болады соқырларға»89.
Өлеңші емес, нағыз ақын «бал мен у тамызатын» ғана емес «жендеттің көзінен жас ағызатын» деп М.Мақатаев бізге шынайы асыл сөз иесін осылай танытып береді. Бұл сөздердің біз бүгін ақиық ақынның өзіне де тиесілі екенін мойындауымыз керек. Соцреалистік шеңберде құрсауланған қазақ совет поэзиясының қатарынан суырылып шығып ерлікті аңсап Райымбек батырдың Отанды қорғаған істерін сол кездегі партияға ғана бас ұрған мылқауларға түсіндіріп кеткен ақынға Алла разы болсын.
«Махамбеттер, Абайлар-ай» атты толғауында ақындық дерт былай түсіндіріледі: «Өмірдің қысы, жазы, көктемдері, қысылтаяң шақтары, өткелдері, адамның аққан қаны, төккен тepi, мұратқа жетпегені, жеткендері – жанымды жеп жүр менің көптен бepi. Атысу, аңдысу мен таласудың, санасу, табысу мен жарасудың, mінезін мынау адам баласының білсем деп құпиясын аласұрдым»90.
Ақын есіл ата-баба даңқын ғана есте сақтамайды, ол «адамның аққан қаны, төккен тері, мұратқа жетпегені, жеткендері» себебін талдайды. Атысу, аңдысу мен таласудың «білсем деп құпиясын аласұрдым», – дейді ақын. Совет кезіндегі замандастарын ақын былай деп бейнелеген: «Алдында алуан-алуан мінездердің, амалсыздан келеді мың өзгергің. Әркім өзін балайды данышпанға, бір-бір Құдай санайды бір өздерін»91. Сондықтан ақын өзін тыюды жөн санаған: «Білмейді екем... Қолымнан келмейді екен, жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем. Қой енді, тыйылайын, бұғынайын, ойымды орасанға бөлмей бекен»92.
«Величие аппелирует к потомкам» деген кезінде А.Байтұрсынұлының замандасы М.М.Бахтин. Ақын М.Мақатаев өзіне дейінгілердің батылдығына құрсаулы совет кезінде өз бағасын былай береді: «Жасырмай ойымды айттым талай-талай, қайтейін кетті бәрі қарайламай. ...Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!!»93.
Замандастары «кетті бәрі қарайламай» деген ақынның мұрасы тек Тәуелсіздік кезінде өзінің шынайы бағасын алды. Өзі айтқан Махамбет, Абай сияқты абайламай сөйлеген ақындар қатарына біз енді Алаш ақыны М.Мақатаевты қосамыз. Көз тірісінде өлеңінің оң бағасын ести алмай кеткен М.Мақатаевтың аңсаған кезі – қазіргі қазақ елінің тәуелсіздігі. Ақынның бізге жүрегімен арыз жазып кеткенін сезінуіміз керек. Ақындарды көзі тірісінде қадірін білу үшін. Жылы пейілімізді көз тірісінде жеткізгенге не жетсін! Замандастары баға беруге сараң болған заманда өмір кешкен ақынның шынайы бағаланатын кезі Тәуелсіздік заманы. Ақын уақыт шектеулі екенін ерекше сезінген: «Қай күні менің тәмамдалады дастаным? Бітпесе екен, жаңадан ғана бастадым. Биіктей берсін, биіктей берсін, Өкінбен, мұнартып тұрған шыңдарым менен асқарым. Сапарға сапар, жалғана берсе екен деп, жалынам күнде, жазмышқа тағзым етем көп. Адасу болар, таласу болар өмірде, жүрсем болғаны ата жерімді мекендеп. Атақ-даңқтың керегі маған шамалы. Қалады досым, қалады, бәрі қалады... Қай күні менің тәмамдалады дастаным? Уақыт өтіп, уақыт өтіп барады»94.
«Жүрек арызы» өлеңінде жан иесіне қаратып жүрек арызы баяндалған: «Оy, ием менің. Өзіңнен бұрын жаралғам. Алдымен – менмін, сонан соң – сенсің жаралған. Басың мен миың, ақылың, есің, қимылың, аяқ пен қолың – барлығы менен нәр алған. Балғын шағында, өмірге жаңа аттанған, бағыңа бастар адамдық жолға ап барғам. Кезім де болды қайғырған, әpi шаттанған, кезің де болды, қайтейін, маған да, салған. Келеді сенің кей-кейде мені мұз еткің, бәріне көндім, қателігіңді түзеттім. Төсек тартқызып, төнгенде қатер басыңа, айнымай соқтым, аялап ceнi күзеттім. Жалындым саған жақыны бол деп баршаның, жан-ием, сенің жақсылығыңды аңсадым, өткіздім сені қаншама қауіп-қатерден ал енді, маған, демалыс берші, шаршадым!.. ...Қақың жоқ сенің демалуға да, соқпауға, қарсы барамыз оқтарға, әлі оттарға. Қақым жоқ менің демалыс саған беруге, қақың жоқ сенің қалдырып мені тоқтауға!!!»95.
«Оу, ием менің» деп басталған өлеңде жүректің монологі асыл сөзбен берілген. Соңғы сөзді шаршаған жүрекке жан иесі беруі де тегін емес. Өзі Құран сүрелерін білген М.Мақатаев жүректі – жанына бағындырады.
«Арыз жазып кетейін» өлеңінде өмірдің қасіреттері мен әділетсіздікті көп көрген ақын өмірге деген назын айтып кеткен: «Бүгін менің туған күнім. Ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай. Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей, құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, – мынау – шапан, – мынау – атың, мін! – демей?! Мына жұртқа жақпады ма әлде нем? Бекер өмір сүргемін бе, әлде мен? Халқым, сенің қасиетіңді білем деп, босқа өмірім өтті ме екен әуремен?! Айтамын деп қуанышың, мұңыңды. Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды мен, бәрібір, өзіңменен бір болам, өзегіне тепсең-дағы ұлыңды. ...Тойланбаса тойланбасын, не етейін. Той көрмей-ақ сый көрмей-ақ, өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, болашаққа арыз жазып кетейін...»96.
М.Мақатаевтың көктем, наурызға арналған өлеңдері ерекше нұрлы. «Ұқсастық» өлеңінде ақын көктемді – босанған анаға теңейді. Бұл ерекше метафора: «Босанған Ана. Көктемде дала босанып, біріне-бірі болар ма ұқсас мұншалық. Толғатып дала, есен-сау Ана ұл тауып, бара жатады көктемнің көкшіл бұлты ауып, тершиді Ана, тершиді дала қымтанып. Тамыры иіп, тәтті бір ұйықтап алғасын, ана шайына, дала нөсерге қанғасын, далаға – дихан, анаға адал жолдасы, тыңайтпақ болып, даярлап жатыр қалжасын. Өскенде сәби Анадан таусап қорегін, далада тәй-тәй саусағын жаяр көк егін. Жерді – Анама, Анамды жерге теңедім, Екеуінен де егіз ұқсастық көремін»97.
Көктемнің қыстың құрсауын бұзып шығуының ретін асыл сөзбен суреттеген ақынның әр өлең жолынан Ана Жер Ананың сымбатты келбетін кескіндеуге болады. Мұндай сөзбен сурет салу Мағжанға ғана тән көркемдік үлгісі екенін осы ретте атап айту қажет.
М.Мақатаевтың бүкіл шығармашылығы А.Байтұрсынұлы тұжырымдаған толғауға сәйкес. Советтік кезде толғау деп тек жыраулар поэзиясын айтқанбыз. А.Байтұрсынұлы толғаудың асыл сөз үлгісі екенін «Әдебиет танытқышта» анықтап берді. Советтік әдебиеттану азаматтық лирика деген түсініктің үлгісін ақынның «Үш бақытым» туындысынан көреміз: «Ең бірінші бақытым – халқым менің, соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, қымбаттырақ алтыннан нарқым менің. Ал, екінші бақытым – тілім менің, тас жүректі тіліммен тілімдедім, кей-кейде дүниеден түңілсем де, қасиетті тілімнен түңілмедім. «Бақытым бар үшінші – Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! ...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен. Түтін түтет, өс, өрбі, көгере бер, немерелер көбейсін, шөберелер. Жадыңда ұста, жақсылық күтпегейсің! От емес, оқ сұрасаң менен егер! Үш бірдей бақытым бар алақанда, (Мені мұндай бақытты жаратар ма!) үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!»98.
Әр заманда ең басты болған осы үш құндылық – «Халқым, Тілім, Отаным» ақынның басты концепттері болып табылады. Бұл түсініктерді қастерлеуді Алаш ардақтылары ХХ ғасыр басында бізге аманат етіп кеткен. Совет заманында бұл қасиетті, елді ел ғып тұрған, ұғымдарды Алаш дәстүрін жаңғырта білген М.Мақатаев жырлап өтіпті.
Ақынның осы үш қастерлі ұғым мен асыл сөздің қасиеті туралы заманды бейнелеген ойлары оның күнделіктерінде тұрғаны анық. М.Мақатаевтың асыл сөзге қойған басты шарты ақынның күнделігінде былай деп тұжырымдалыпты: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы тиісті» (27.ІІІ.1972). Поэзия туралы: «В жизни – не знаю, в поэзии – не врать!» (30.ІІІ.1972).
М.Мақатаевтың күнделіктерінен біз асыл сөздің табиғаты, әдебиеттің негізгі мәселелері туралы мағлұматтарды теріп алдық. Ақынның бұл әдебиеттанулық пікірлері қазіргі заманға да қажетті екені айқын.
Тырналардың түнде ұшатынын да ақын күнделігінен аңғарамыз: «Бүгін (дәл қазір, 2 сәуір, түнгі он екілерде) тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным да сол еді, тырнаның даусын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып...» ұшып кетті... (17 сәуір 1972 жыл)99.
Ақын кімдерді көп оқыған? Ол туралы: «Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырм-ай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен?..» (2 сәуір 1972 жыл)100.
Ақын тек сезім емес, өмірден түйгенімен бізбен бөлісуші екені туралы былай делінген: «...Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде. Бұл – ақынның әлеуметтік-экономикалық көзқарасы» (17 сәуір 1972 жыл)101.
Совет кезінде ата-бабасына Құран бағыштағандар көп болмағанын жақсы білеміз. Солардың бірегейі М.Мақатаев екен: «Атам мен апамның қабіріне барып, мен Құран оқыдым» (19 июнь, Талды)102, – дейді ақын.
Асыл сөз иесінің ең басты міндеті – елінің қамы, оның намысы екенін ақын жақсы білген: «Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарндастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!» (22 ақпан 1973 жыл)103. Совет кезіндегі декларацияларға ақын еліне деген нәзік сезімді қарсы қоя білген.
«...Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» (6 наурыз 1973 жыл)104.
«Адам өмірінің бақыты – балалық шақ. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені!..» (9 сәуір 1973 жыл)105. Пушкин айтқандай: «Горести в детстве – хорошая школа, а счастливая детства – лучший университет». Екі ақынның бірдей ойлануы да тегін болмас.
«Өз творчествомда қай жерде әлсіз, қай жерде күшті екендігімді өзім жақсы білем. Әлсіз жерім менің кінәм емес, ал күшті жерім өмір сүріп отырған ортаның еңбегі емес. Үнемі өзімді өзіме қадағалатып, мәңгі мені қауіптендірумен келе жатқан уақыттың да еңбегі емес.
Қазір ақын болу қиын...» (3 қаңтар 1974 жыл)106.
Бұған қосатынымыз: ақын болу әр заманда қасірет болған. Тура осылай Абай да егілгенін еске алсақ, ақын елдің ары деген Алаш әдебиетшісінің сөзі бәрін орнына қойғандай әсер етеді.
«Будь ты проклята, моя поэтическая судьба! Будь ты трижды проклята, среда, окружающая меня! Среда, которой душой и сердцем я отдался, поверил, надеялся на лучшее. Коротаю свои униженные дни, дни, которые мне ничего не принесли, кроме горечи да страданий. Теперь-то я понял, что нет человека на свете несчастнее меня. Не знаю, чем все это кончится. Одно мое желание – успеть, воспеть свою лебединую песню.
Сегодня, 27 января 1974 г., написана поэма под названием «Чили, свет мой!». За один присест, без перерыва, без единой помарки, с 10 утра до 12 ночи. Попробуйте-ка сразиться со мной...» (27 қаңтар 1974 жыл)107.
«Қазақтың жаны – әдебиет» деген М.Дулатұлы. Олай болса М.Мақатаев совет кезіндегі саясиланбаған қазақтың жанын сақтап қалған тұлға. Ақынның даралығын қызғанғандардың пенделік әрекеттері туралы М.Мақатаев былай деп бізге жазып кетіпті.
Күнделіктерінде де жүрекпен түсінетін оқырманын ақын есте сақтап отырады: «Бауырым», дейді ақын оған. Алаш арыстары сияқты М.Мақатаев та түрменің қасіретін шеккен. Не үшін? Совет заманына сай тек партияны жырламағаны үшін.
«Білгендерін істеп бағуда. Не жаза бар, бәрін қолдануда. Милицияға да бірнеше рет тапсырды. Енді қаматпақ ойлары. Көлеңкемнен қорқатын халге жеткізді. Милиция қашан келіп, қашан алып кетер деген қауіптемін. Әнеу күні милицияда асылып өлмек те болдым, балаларымды қимадым. Мойныма тұзақ салып сәл тұрдым да, ойландым... Бұл халге де жеткізді. Соншама не істеп қойдым бұларға?! Себепсіз адам өлмейді... О, не деген қиын уақытта өмірге келгенбіз, бауырым...» (2 мамыр 1974 жыл)108.
«Келесі жылдың осы күні қандай күйде болатыным маған мүлдем белгісіз. Жалпы, менің бүкіл саналы өмірім осы күдікті шыр айналумен келеді. Мен тіпті дәл ертең не болатынын да білмеймін. Әрдайым белгісіз бір күйде қалам.
Биыл 19 майда өмірімде бірінші рет, бәлки соңғы рет үлкен кісіге өтініш білдірдім. Оның атына орысша жазып, үлкен хат жібердім. Шынымды айтып, ашына бәрін мойындадым. Ешкімге шағым айтпадым. Бұл әрекетімнен не шығатыны, мені алдымда не күтіп тұрғаны – белгісіз. Хатым қолына тие ме, білмеймін, ол өзі оқып танысар ма екен, әлде жоқ па? Мені тек бір нәрсе үміттендіреді; егер ол өзі танысса, сондай үлкен адамда қалайша үлкен жүрек болмайды?! Оған өтініш білдіріп отырған көптің бірі емес, ақын ғой, нәзік жанды ақын... Әзірше күтудемін.
«Чили, шуағым менің!» 27 ақпанда (1974) «Социалистік Қазақстанда» толық басылды... Жұрттың бәрі бір адамдай жақсы қабылдады. Көргісі келмегендер көрмей-ақ қойсын.
Бір нәрсеге өзіме-өзім дән ырзамын.
Ол – өзімнің ақындық болжамым, ақындық интуициям. Пабло туралы менің поэмамнан кейін одақтық баспасөзде көп материалдар жарияланды. Әрине, олардың бірімен де мен таныс болған емес. Солармен кейін таныса отырып, дәл басып, бұрын білмеген жайттарымды алдын-ала нақ айтқаныма мақтанам. Неруданың сүйегін қабірінен қазып, ұрлап әкетіпті, кітаптарын өртепті. Мен мұны білгем...» (25 мамыр 1974 жыл)109.
Ақын елден бұрын қауіпті сезінетін жүрек иесі екені баяғыда мойындалған қағида. «Мен мұны білгем», – дейді ақын Неруданың мәйітінің қорлануын. «Ақын нәзік жан иесі», – дейді М.Мақатаев. Өкінішке орай үлкен кісілер ақындардан алыс жүреді. Ақынның жазған хаты шенеуніктердің қолына тиіп олар оны тағы да қорлайды.
«Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды... Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашанда адам қалыптарында қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер! Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені...» (25 мамыр 1974 жыл)110.
Ең бастысы адам болып қалуды ұрпағына аманат еткен ақын бұны бізге де қаратып айтқандай.
«Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тұра талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз творчествосын бүгінгі күнмен және өзінің ура-патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі «бос орынды» тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз роль атқарады. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет. Олар, әрине, «боразданы бүлдірмейді». Осы күнгі ережелер оларды толық қанағаттандырады. Рұқсатпен жазады, жұмыс істейді, тамақ ішеді және жүріп-тұрады. Олар тәртіпті. Өйтпегенде ше, талант буырқанса, ол өз жолымен қозғалғысы келеді және жолдан шығып кетіп, бірдемені бүлдіріп те алады, сондайда құлдар аяқ асты табыла кетеді. Ұятсыздар, олар таланттың «орнын басады» да. Орынға отырады да, таланттарды үстінен бұйыра бастайды. О, қандай өкінішті! Одан өткен өкініш болмайды...» (1 қазан 1974 жыл)111.
Бұл схемада құлдық сананың психологиясы ашылған. Құл болу – билікке жағыну екенін ақын бізге анық білдіреді. Бұл да мәңгілік мәселе.
«Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам? Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады... Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп-тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашайық! Олардың желеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!» (6 қазан 1974 жыл)112.
Арамшөптер болмаса шынайы дарынды айырып алу да оңай болмас. Қолдан жасалған даңқ, атаққұмарлық туралы аңыз осылай күйзелген. Соцреализм тұрғысынан белсенділер атақ алу үшін кәсіп еткен қазақ әдебиеттануы туралы мұндай пікір айту тек шынайы ақынның қолынан келетіні анық.
«...Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен роль атқаруға тиіс. Қалғаны ақынның өзіне байланысты. Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек, оған ол салада істейтін ештеңе жоқ. Өкінішке орай егер олар өз ұяттары оянып, өздері солай шешпесе, біздің мына ғасырда оларды қуып тастау қиын. Өйткені біздің ғасыр қаталдығы болғанмен, бәрібір мейірбан...»
* * *
«Тәңірім-ай, бізде ақын мен жазушы қаншама? Бәрі де атақты болғысы келеді. Бәрінің де халыққа танымал болғылары бар. Алайда сол әрекеттеріне халықтың қалай қарайтынына бұрылып бір өздері көз салмайды-ау.
Қайран әдебиетіміз қазір не боп кетті? Ол бәрін асыраушы: талантты да, талантсызды да, пенсионерлерді де, тағы-тағыларды. Екі-үш өлеңін алып жаңа жаза бастаған жас келеді, бірер жерге көрсетеді де, бұл істен ештеңе өнбейтін, өтіп кетудің мүмкін еместігіне көзі жетеді. Сонан соң өз күшін проза жазып байқайды. Ол да алдында алынбас қамалдай тұрып алады. Ашынған, жаңа жаза бастаған жас сонан соң сынға жармасады. Поэзия мен прозадағы беделділердің біріне болмаса біріне жағымпазданудың оңай еместігін біліп, ол сын саласын ыңғайлы, әрі тиімді санайды. Сонымен өз әрекетін бастап кеп жібереді. Кейде тіпті біреуді (әрине, онша қауіпті еместі), яғни қызметі жоқты, қорқытып та тастайды, сөйтіп күндердің күнінде біздің әдебиетіміздің «білгіші» болып шыға келеді. Және әдебиетімізге пікір айта бастайды.
Мен кейде дүмбілездердің әдебиетке қандай жолмен келгенін, кімнің бақшасында өскенін, кімнің қанаты астында қатайғанын, оның қамқоры кім екенін, бүкіл кезген жолын зерттегім келеді, әттең, уақытым жоқ... Бұлай болса біреуі мүмкін де емес. Түптің түбінде бәрінің де ақыры болады, шыда, күт...» (26 қаңтар 1975)113.
Совет кезіндегі гонорар жүйесі дамыған әдебиетке күн көру үшін жармасқандардың іс-әрекеттерін ақын ашып берген.
«...Бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу: ештеңе көрмеу, ештеңе өзгермеу – қашанда қорлық қой...» (31 қаңтар 1975 жыл)114.
А.Байтұрсынұлы әдебиет – адамның жан қажетінен туған ілім десе. М.Мақатаев «Поэзия – жан бұлқынысы» деп толықтыра түседі.
«Мен өлеңді үзіп-жұлқып, орайы келгенде, кезі келген жерде жазуға әрекеттенбегем. Жоқ! Поэзия – жан бұлқынысы, бұлқыныс пайда болғанда қаламнан қол үзбей отыру керек. Кімнің қайтетінін қайдан білейін, мен өзім шабыттың бүкіл сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын. Аурудың аты ауру, бірақ жұмыс өте жақсы істелді. Кейде ол творчество мені бүкіл сырқаттан сауықтырып жібереді. Өлең – ең әуелі шығармашылық, қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйеді. Егер мен ондай толғақ үстінде жарым жолда тоқтап қалсам, кейін онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам» (12 ақпан 1976 жыл)115.
«Егер бір кездерде менің өмірім, творчеством әлдекімнің көңілін аударса, оларға былай дер едім:
– Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай. Жалған күйініш, жалған махаббат пен қуаныш, өтірік патриотизм және тағы-тағылар поэзияның жаулары. Көпшіліктің көңілін аулау үшін, рухыңның ыңғайын табу үшін жазу керек. Әрбір жазатын адам оқырманды күлдіріп абыржыта алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есінде мықтап қалу үшін барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кейде қарапайым түсіне білетін көпшілік сенің образдарың мен прообраздарыңды артқы қатарға ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының бөлшегін іздейді. Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы – бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын. Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер, нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!» (14 ақпан 1976 жыл)116.
М.Мақатаев осылай өз шығармашылығына түсініктеме беріп кеткен әдебиетші. Ақынды түсіну үшін оның шығармаларын толық біртұтастық ретінде қарау керек. Бүкіл мұрасы – өлең, поэмалары, толғаулары, хаттары мен күнделігі шынында да – бір тағдырдың поэмасы – ақын «жанының құдды дауысы».
«Көркем сынсыз көркем әдебиет өмір сүрмейді. Сын өз мойнына талай нәрсені алуға тиіс. Сын қазы да, адвокат та болуы керек, ал қажет болса қалған жағдайда ол өте қатал, мейірімсіз айыптаушы да бола білуі керек. Әйтпесе, әдебиет, жалпы өнер атаулы алғашқы қоғам құрылысын елестетеді. Әркім өз білгенінше, әйтеуір сезікпен, көркем еместігін және жақсы еместігін біле тұра әрекет жасайды. Ойпырмай-ай, қоймайды-ау қоймайды. Соның бәріне сын кінәлі. Бізде дұрыс сын жоқ. Оның таза, әділ, білгір өкілдері жоқ. Тек жағымпаздар бар. Олар беделділерді мақтау үшін өзара жарысқа түседі. Олар сол арқылы әдебиеттің асырауында өздерінің қала беруін қамтамасыз етеді. Бұл урашыл-сыншылар көркем шығарманы шатпақтан ажырата алмайды. Олар үшін автор бірінші орында тұрады. Оның кім, қандай қызметте екеніне көңіл аударады. Ал ондай шатпақайлардың көлеңкесінде таланттар бірте-бірте сөне береді. Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ. Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды. Оған тек таңдана қарауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын, тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек» (16 ақпан 1976 жыл)117.
Көркем әдебиет пен көркем сын қандай болу керек деген сауалға ақын өз пікірін осылай берген. Заман сынының негізгі кемшіліктерін ақын дәл атаған. Совет заманында сынға ұшырағандардың алды сотталып кеткенін білеміз. Олай болса биліктің қол шоқпары болған сыннан қасірет шеккендер ең бірінші М.Мақатаев сияқты дарындар болды.
«Что должен иметь поэт, чтобы быть поэтом?
П е р в о е: Талант, Талант и образование, эрудиция. Диплом необязательно. В т о р о е: совесть, чтоб стыдиться сам перед собою, прочтя свои слабые вещи. Т р е т ь е: простоту. Пусть не гениальную, как у Пушкина и Абая, но простоту человеческую, чтобы быть понятным другим. Не умничать, не рассуждать а воспеть! Ч е т в е р т о е: интуицию. Чего не видят другие, увидеть и познать. П я т о е: труд, чтобы постоянно совершенствоваться. Ш е с т о е: дух. «Менің денсаулығым қираған үй сияқты. Әзірше түзелген сиқым байқалмайды. Әсіресе, таңға жуық қиын. Кеудемді тас басып жатқандай ауыр, оң жақ қабырғамның астынан әлдене сыздайды. Бауыр ма, өкпе ме, білмеймін.
Жүрек! Менің жалғыз тірегім – тек сол» (17 ақпан 1976 жыл)118.
Ақын болу үшін не керек деген сауалға ақын өз жауабын берген: дарындылық, білім, ұят, қарапайымдылық, еңбекқорлық түйсік және рух. Бұның бәрі М.Мақатаев ақынның өз бойында болған қасиеттер екенін айтуымыз керек. Денсаулығы нашарлаған ақынның уайымы да ауырған дерті емес. Ең бастысы ақын үшін – жүрегі, оның тазалығы.
«Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықтың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы көп кедей көрінеді. Ол оның әлі жасаңдығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыштар көп болғанмен, жазылғаны (мәнді, толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиет коллективті еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейлінше даралықтан туады. Және белгілі уақыттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс. ...Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды» (25 ақпан 1976 жыл)119.
Совет әдебиеттануы кезінде айтылған бұл пікір бүгінде аса қажет. Мәселе жанрлардың санында емес, санасында, мойындалуында. Әдебиет – фотография емес дейді ақын. Соцреализмге ол шынайы асыл сөзді осылай қарсы қояды.
Алаш ардақтысы Х.Досмұхамедұлының «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңдылығы» зерттеуі бойынша қазақтағы Мұқағали, Махмуд, Мұхтар есімдері Пайғамбарымыз (с.а.с.) атының қысқартылған бір түрі болып табылады. Демек, Мұқағали Мақатаев адамзаттың соңғы Пайғамбары (с.а.с.) атына сай есімге ие болған.
Мұқағали Мақатаев поэзиясымен мен тек 1980 жылдары таныстым. Мәскеуде оқып жүрген кезімде Б.Окуджава мен Вл.Высоцкиидің оқырмандарын көріп қайран қалатынмын. Біздің тура сол кеңес заманында шындықты айтып, кеңестік талаптарға істері мен қылықтары, сондықтан өлең-жырлары сай емес ақындар қайда екен, – деп ойланатынмын. Мұқағали туралы естідім, бірақ сол кездегі ресми пікірге байланысты болу керек, кітаптары қолға тимеді.
1988 жылы қазақ әдебиеттануында төңкеріс болды: «Алаш» атты асыл әдебиет пен әдебиеттану өз төл арнасына қайта оралды. Менің қатарластарыма бұлар аспаннан түскендей әсер етті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының шығармалары шынайы көркемдіктің үлгісін әкелді. Сол кездегі атақтары дардай көп жазушылардың туындылары бұларға қарағанда ортаңқолды болып шыға келді.
Осы Алаш әдебиетімен танысқаннан кейін мен көпке дейін бүгінгілерді оқи алмай қалдым. Себебі бүгінгі әдебиетте рух жоқ, жігерлілік жоқ, бізге керек ой мен бағыт жоқ. Керісінше, ХХ ғасыр басындағы «Оян, қазақ!» ұраны 1986 жылғы оқиғалардан кейін қазақ үшін нағыз қажетті болып табылды!
Мәскеулік математик аспирант замандасым аспиранттар арасында отырғанда Мұқағалиды жатқа айтатын.
1990 жылдың басында Мұқағали өлеңдерін, тіпті «Райымбек» поэмасын отырыстарда жатқа білетін замандастарымды көргенде ойлана бастадым. Қолыма «Қош, махаббат» жинағын алып қарасам Алаш әдебиетінің рухы, еңсесі биік тұлғалы ойлар алдымнан шыға келді. Оқыған сайын ақынның сөзді орынды, нақты пайдалана білуі, қазақтың намысын оятатын сөздер таба білуі мойындата түсті. Міржақыптың «Оян, қазақ!» ұранын жалғастырған осы Мұқағали екеніне көзім жетті! Ол оның әр өлеңінде дәлелденіп тұр. Екеуі тура бір кезеңнің азаматтары іспеттес!
Алаш ұранына кеңес саясаты ресми тыйым салғанымен біржола тұншықтыра алмайтын. Ол ұран Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев өлеңдерінде орын алған екен.
Біз Абай дәстүрі деп көп жағдайда орынсыз айта береміз. Абайға арналған бірінші ғылыми мақалалардың авторлары кім деген сауалға жауап іздесек, олар Алаш зиялылары: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы. Мағжан ақынның «Хакім Абай» деп анықтап берген сөзі бүгінгі қаншама философиялық еңбектерге арқау болды?! Осы бір ауыз сөз – абайтануға қосылған ғылыми үлес екенін айтпай, Мағжан ақын ғой деп оған да абайтануды қимаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Қазақтың бас ақыны» – Абайдың дәстүрі кеңес кезінде де жалғасын тауыпты. Абай қазақтың кей қылықтарына көңілінің толмауы, «хақиқатты хақиқат қалпында» танытудың жалғасын Алаш әдебиетінен көрсек, бұл үрдіс Қасым, Сырбайдан басталып Мұқағали өлеңдерінде толығымен орнығыпты.
Мұқағали өлеңдерінде Ахметтің саяси-азаматтық үні, Мағжанның мұңы, сезімді бейнелеудегі шынайылығы мен дәлдігі, Міржақыптың «Оян, қазақ!» ұраны қайта тірілгендей!
Алаш әдебиетінің дәстүрі өз зерттеушілерін күтіп тұрған ғылымға қажет тақырыптар! Себебі ойлары ортақ: қазақ қалай өзін ел болып сақтай алады, қазақ жұрты нені аңсап, неден жиреніп өткен? Ата-баба аманаты деген ұғым қандай? Қасиетті даланың бастан кешкен тарихын біз не үшін жаңғыртып отыруымыз керек? Біз кеңес өкіметі сендіргендей тек ХХ ғасырдың басында мол қалыптасқан елміз бе, әлде тарихында рухани үлгілі істердің басында тұрған асыл Ер тұлғалардың мирасқорларымыз ба? Осы рухтың қазіргі замандағы үні Мұқағали мұрасында тұр екен.
Өткен жылы «Он ғасыр жырлайды» атты жинақ шықты. Біз онда Отан, адамдық, иман, ата-баба сөзі, атамекеннің құдіретін сезіну, өзін соның асыранды емес, төл перзенті болып толғану дәстүрі кімдердің жыр-өлеңдерінде іске асқан екен деген сауалды алға қойдық. Бұл кітаптың басы Жүсіп Баласағұни өлеңімен ашылса, кітаптың соңғы беттері Мұқағали Мақатаевпен тәмамдалып тұр. Бұл жеке бір ұйымдасқан топтың келісіп алуы емес еді. Алла, Құбыла, адамдық, мінәжат, әдеп, намаз, Отаншылдық, атамекен, иман сөздерін кеңес кезінде тек Мұқағали өлеңдерінде ғана бар екен!
Атеистер Дарвин теориясын алға тартқан заманда: «Мен маймылдан жаралған жоқпын, мен Адам ата мен Хауа ана ұрпағымын деп сол кездегі ресми білімге өзінің имани сенімін де қарсы қойып кеткен тек Мұқағали ғана!
Мұқағалиды біз не үшін оқуымыз керек? Себебі бүгінгі біздің көңіл-күйіміз, қазақтың мүддесі, оның күйініш, сүйініші, шері ақын лирикасының басты тақырыптары. Бұл біздің өзіміз үшін қажет өлеңдер!
Мұқағалиды оқыған оқырман шынайы әдебиет – асыл сөзбен жазылған бір күндік, не атақ үшін жазылған мәтіндердің ерекшелігін өзі танып ажыратып алады. Ақын сөздері көркемдігі төмен, мәні жалаң өлеңдерден жиренуге үйретеді. Бұл өлеңдер нағыз әдебиет пен жалған дүниелердің арасын ашып беруімен де құнды.
Бүгінгі кейбір жазушылардың атағы жер жарғандай. Өткенде бір ақынның есімінің алдындағы атақтары қазақ радиосынан 2 минут айтылды. Бұл кім екен деп шыдаммен күтіп отырдым. Ортанқолды бүгінгі той-думанда әркімге өлең шығарып жүрген ақын екен.
Мұқағалидың қызғаншақ замандастарының арқасында болу керек, Алла Тағала бұндай күнәдан оны сақтаған екен! Ақынды адамдар берген атағымен емес, өз сөзінің рухы, нәрі, мазмұндығымен ғана бағалануы қажет екенін Мұқағали бізге бүгін дәлелдеп бергендей. Олай болса өлеңдерін жатқа білетін қазақ халқы бар кезде, біз әдебиетшілер, ұятқа қалмай бұл мұраны бүгінгі тұрғыдан түсіндіре, насихаттай білейік. Өзіміздің кісілігімізді де Мұқағалимен тексере білейік. Бұл да нағыз көркем әдебиеттің тағы бір шарты.
Атеизм салтанат құрып, ата-баба дәстүрі құрсауланған заманда Мұқағали ақынның «Райымбек» поэмасын жазып кетуі, бүгінгі тұрғыдан ерлік деп саналу керек. «Ер» мен «Ерлік» сөзінің бүгін біз түбі бір екенін ұмытып кеткен кезде, аталған поэма бұл ұғымдардың егіз екенін және қазақ ер бала туса, оны ез емес ер болып өсуін, бүкіл әулет намысы деп санағанын еске салады.
Райымбек – тарихи тұлға, бірақ тарихшылардың еңбектерінде ол туралы дерек тым аз, және нақты емес. Тарих ғылымы қай заманда да саясатқа тікелей бағынған ғылым ғой. Әдебиет болса көркем бейне арқылы тарихи тұлғаның шынайы, халық берген бағасын бейнелі сөздермен келістіріп айта алады. Әрине, бұл Алла Тағала әдебиетке – асыл сөз деп берген қасиеті – о замандарда тарихи тұлға бүгінгі сияқты сайлаумен немесе жоғарыдан тағайындалмайды. Ол жастайынан отбасы, әулет ішінде мойындалуы, бүкіл ұлт үшін, елдің намысы мен абыройы үшін өмір сүретін тұлға. Райымбек батыр бейнесі поэмада толығымен осы тұрғыда ашылған. Жастық шағынан ерен істерімен өзін мойындата білген батыр өсе келе тұлғаланып, бүкіл қазақ елін жоңғарлардан қаша беру емес, керісінше оларды атамекеннен қуу жолын бастаған тарихи тұлға. Кеңес кезінде ата-бабаның осындай істерін аңсап, оның есімін кеңес тарихшылары жойып жібермес үшін ақын осындай көркем бейнені поэманың бас кейіпкері қылып ресми заманға көлденең қоя білген! Есіңді жи елім, осындай батырлары болған елдің тарихи жадын жою мүмкін емес дегендей!
Көркем әдебиеттің тарих сақтай алмай қалған деректері мен нағыз ерлердің істерін осылай сақтай алатын қабілетін Алаш ақын Мұқағали бізге және бір рет дәлелдеп беріп кетті.
Алатауға жақындаған сайын ол төбе-төбе болып кете береді. Көтерілген сайын жақын көрінеді. Алыстан қарасақ Алланың жерге орнықтырған қазығы іспеттес Алатау боп арулана түседі. Кезінде М.М.Бахтин айтқандай «величие аппелирует к потомкам» Мұқағалидың замандастары күншілдікпен: «Ту ғып ұстап топастықтың танымын, қаламдастар қазып жатты – қабірін». Жүсіпбек 42, Достоевский 60-қа жуық, Мұқағали 45 жас өмір сүріпті. Олардың мұрасы алыстаған сайын бізге аса қажетті ғибратты ілімге айналуда. Олай болса біреуге қиянат жасамай, Мұқағалиша өмірді бағалай білейік. Бұлар «Адал құлы бола білген арының». Сондықтан да біз үшін кісіліктің, әділдіктің, отансүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек.
Мұқағали 1931 жылы 9 ақпанда туылған екен. Бұл жылы Жүсіпбек Аймауытұлы Алаш зиялылары ішінен бірінші болып атылған еді. 9 ақпан ресейлік замандастары өздерінің пайғамбарларына ұқсатып «Жаңа пайғамбар» атаған Федор Михайлович Достоевскийдің дүниеге келген күні. Әдебиетте де, еліне де осы үш тұлғаның істерін бір күн болса да еске салатын күн екенін білген қауым – Мұқағалидың оқырмандары: оқушылар, студенттер, зиялы қауым осы күні аталған тұлғалардың иманды, ғибратты, отансүйгіштіктен туған мұрасын соның иегерлері ретінде таныта білейік! Олар айтарын айтып бізге «арыз жазып кетті». Соны түсініп, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің азаматы екенімізді саналы түрде ұғына білейікші...
Осы тұста айта кетер тағы бір жәй бар. Біз осындай иманды сөздерді кестелеген, жадымызға кісілік пен тектілікті, әділдік пен шынайылықтың үлгісі болатын ақын-жазушылар, ғалымдар туралы ресми жиындарды сол мұраға сай рәсімде өткізсек деймін. Шетелдерде қайтыс болып кеткен тұлға туралы жиын 1 минуттық үн үзілісі, не болмаса Құран, не басқа дін өкілдерінің сөздерімен ашылады. Бұл мәдениеттілік пен парасаттылықтың белгісі және аруақ алдындағы бүгінгі тірі жүргендердің парызы. Бұл тек осы жиынға қатысты ғана емес, бірақ келешекте мұндай ғибратты мұраны қорламас үшін айтылған ой.
«Әдебиет танытқыштағы» мінәжат жанры мүлдем жоғалған екен деп жүрсем. Мұқағалидың келесі мінәжаты бұл жанрдың сонау М.Х.Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінде ғана үзіліп қалмай, кеңес кезінде де жаңғырған үлгісі барына көз жеткізеді: «Я, Жаратушы Аллам! Қолдай гөр, сүйей гөр мені, сүйей гөр! Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем. Жасаған ием! Құлап барам, сүйей бер! Пенделерге табына-табына болған ем. Жаратушы жалғыз ием, қуат бер, азабымды, тозағымды жеңейін. Жаратушы жалғыз ием, шуақ бер, өзіме де, өзгеге де төгейін. Я, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым, өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың. Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын, достарым кеп демесін бір, қолға алсын. Я, Аллам! Адамдарға қас қылма, сорлы қылма, көк аспанның астында. Я, Аллам! Жауыздықтан сақтай гөр, жамандыққа, жауыздыққа бастырма! ...Я, Аллам! Жаратушы жалғыз Ием, Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем! Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ, жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем. Я, Алла\Һ\! Жарылқай гөр, жалғыз Ием, көнейін, көндігейін тапшылыққа, жат жұртта, күн кешейін жатшылықта. Я, Алла\Һ\|! ...Ақырын соқтыра гөр жақсылыққа, сақтай гөр, соғындырма жат қылыққа!»110.
Мұқағалиды оқиық, бұл жырлармен өзіміздің кісілігімізді тексерейік, бүгінгі тек атақ, лауазым үшін жүргендер кім екенін тани білейік!
Кейбір әдебиетшілер айтқандай, әдебиеттегі асыл сөз дәстүрі біреуді таңдап мирасқор ретінде берілмейді. Абай дәстүрі Алаш әдебиетінде және кеңес кезінде Мұқағали өлеңдерінде нақты орын алған екен. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін, бірақ пенделер үшін кәсіби талдаулар арқылы түсіндіруді күтіп тұрған ғылыми мәселе.
Кеңес кезінде имандылықты өлеңінде жырлаған, Райымбек батырдың тұлғасын, оның қазақ елі үшін істеген ерлігін аңсаған ақынға Аллаһ Тағаланың рақымы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағаты болғай!
М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасында Отанын қорғаған халық батырының көркем бейнесін қалыптастырған. Совет кезінде қазақ тарихы толық айтылмай шектеліп келгені белгілі. Борис Годунов пен Иван Грозный тарихы ғана оқытылатын заманда М.Мақатаев ата-бабасының «Отанды қорғау иманнан» атты істерін замандастарының есіне салды. Қазақтың тарихы, жоңғар шапқыншылығы туралы тарихи мағлұматтар айтылмайтын, ата-баба дәстүрі мен тектілігі ұмыт қалған совет дәуірінде Алаш ақыны М.Мақатаев елдің санасын ояту үшін осы поэманы жазды. XVІІІ ғасырдағы қазақтың басына түскен қасірет былай суреттелген: «...Көш келеді, боздатып боз даланы, көз ұшында боз сағым қозғалады. Әлдекімнің естілсе созған әні, әлдекімдер аңырап жоқтау айтса, әр кеудеде бір шемен қозданады әр қазақтың естіліп боздағаны. «Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық, сайран салып жатушы ең, жайлау барып. Опа болып, ақ ордаң ойранданып, қара жауың әкеліп қара қайғы, тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып, аңырауды доғарып, аттан, қазақ! Алты жасар ұлыңды майданға алып». Шұбатылған шаң көріп алыстағы, қабай жырау жар сала дауыстады: – жау келеді, жұртым-ау, жау келеді! Жаудан қалған жемтікке жабысқалы, тағдырыңды біржола тауысқалы... Сап түзеді қажыған нар боздақтар, қара жаумен қайтадан алысқалы, қайта қозып қазақтың намыстары. Қайта шулап, жамырап, қатын, бала, қанға шөлдеп, қаңырсып жатыр дала. Қайта жауып, жай оты шатырлаған, қайта төнген тамұқтың сотын қара. Қара жауы қайтадан лап қойды, кезек бермей пақырға, батырға да. Қазақ қанын сылқытып жатыр дала...»120.
Қабай жырау сөздері монолог ретінде берілгенімен құнды: «Қан сасыған далаға қарайды да, қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау: пәруәрдігер, неғылған сұмдық еді! Өңім бе, әлде түсім бе, қалай мынау?! Боздақтардың даланы бояп қаны, құзғындар да әнеки тояттады... Өңім болса, тәңірім, тарт жанымды, түсім болса, ұйқыңнан оятпағын? Оятпағын, мәңгілік оятпағын?! О, тәңірім! Неғылған шаққа айналды?! Бір өзіңе жалынып, жақ байланды, түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды, не қылығы жұртымның жақпай қалды? Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды»121.
Қасірет шеккен елдің жырау былай деп толғанады: «Қабай жырау басы ауған жаққа кетті, Құзғындарға қалдырып боздақтарын!.. Кете барған, артына бұрылмаған, аят оқып, ішінен сыбырлаған Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда, құлын дауыс естілді шырылдаған»122.
Өліктердің ішінен тірі қалған баланы көріп жырау батасын соған береді: «– Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың, мен де көпке бармаспын, сен қаласың. Ойран болған ордаңның орнына кеп, отау тігіп, оттарын сен жағасың!»123.
Қазақ қай заманда да әулиелеріне зиярат етіп, рухани демеуді Алладан, одан кейін ата-бабадан тілеген. Қабай жырау осыны сақтап отырып былай дейді: «Әулиенің бас иіп мекеніне, мұсылмандық парызын өтеді де Қабай жырау қайтадан еріп кетті, қажап тұрған ойының жетегіне... Қыздарымды қатын ғып, шаңырағымды отын ғып, отауымды топыр ғып, Отанымды қоқыр ғып, ойран етті, әулие! Қан сасыған даламның қатын менен баламның, кегін қайтіп алармын? Жебеп жібер, әулие! Елінің есін кіргізер,Жерінің малын өргізер, жауына зауал төнгізер, қырықпышақ хандарды, қылығына көнгізер, дегеніне сенгізер, соңынан жұртын ергізер, бар қазақтан бір қазақ тумас па екен, әулие?! Бас ауған жаққа барамын, көзімнің асты көлкілдеп, ақ сақалым желпілдеп, кәрі басым селкілдеп, көкірегім күркілдеп, іздесем кімді табамын? Бағыт сілте, әулие?! Айтса тілін алдырған. Алмастан оғын жондырған ата-қазақ баласын алақанға қондырған бар қазақтан бір қазақ, табар ма екем, әулие?»124.
Ел бірлігінен айырылу себебі де осы ретте былай деп айтылады: «Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой, қанатымыз қайырылып, топшасынан сынды ғой. Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ, алауыз боп өзді-өзі Құдай бізді ұрды ғой. Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым, ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың? Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ, білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын. Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын, тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын, бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын»125. Осылай егілген қария он үштегі Райымбек баламен кездеседі. Отаны үшін күйінген Райымбектің сөзіне риза болған қария былай дейді: «– Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің? – Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің. Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар. Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн – қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер ең? – Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем. Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып, қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем! – Өзің бала болсаң да, сөзің дана отты екен, ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен. Қалдым сенің ығыңда, мынау екі ғаріпке, барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен...»126.
Келесі бөлімде бәйгеге түсіп қатарын жеңіп келе жатқан Райымбекті көреміз: «Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған, қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған. Өз атын өзі ұрандап бала келеді, қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған. Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ, келеді бала, есімін өзі ұрандап. Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ, өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап келеді қыршын есімін өзі ұрандап. Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты, бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты. Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек, Албанға алғаш өстіп өзін танытты»127.
Әлмерек ата бастағандар үлкендер баланың бұл ісін сөгеді: «Е-е-е, Түкенің ұлы – түлейдің ұлы сен бе едің? Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің. Сасық көкектей өз атыңды өзің ұрандап... Сырымбет пенен Қангелді сенен кем бе еді?!»128.
Сонда Қабай жырау келешек батырды қолдап оған болысады: «Оу, ағайындар! Жәбірлемеңдер баланы, жәбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?! Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой, желісін үзіп сендерден қайда барады. Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден, сендермен бірге тағдырын тәңір тең бөлген өз атын өзі ұрандағанның несі айып? Аузына салып, періште шығар дем берген. Жауына шапса өз атын өзі ұрандап, қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ. Есі бар тентек есейе келе ер болар, ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап...»129.
Сүйеніш алған жас батыр жұртқа өз атын ұрандағанының себебін былай түсіндіреді: «Күреңменен атылып шетке шықты да, айғайлап тұрып, анықтап, нақ-нақ, ұқтыра: Дәрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра, күшік тазыдай жылмаңдайсыңдар мықтыға! Ата жауларың арқаңа бәлем, шықты ма, әкелеріңнің көріне, бәлем, тықты ма! Қызыңды сатып, қымызға мас боп жатыңдар, халықпысыңдар?! Қазан аңдыған қатындар! Қорқау қасқырдай бірісін-бірі талаған, бірісін-бірі тонаған, тозған пақырлар! – деді де, бала күреңіменен самғады, өз атын өзі ұрандауынан танбады тетір де болса, тентек баланың аруағы шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады»130.
Бұл батырдың он үштегі ісі еді. Он сегізге келген Райымбек туралы былай делінген: «Білігі, бітімі де бөтен екен, бар күні мал соңынан өтеді екен. Ерін – жастық, тоқымын төсеніш етіп, белін шешпей, қисая кетеді екен ел арасы дау-шарға араласпай, лоқ беріп, ағайынмен жағаласпай, қайсар болып, қатты боп өсті жігіт, қатыгез құмға біткен қарағаштай ...Қалқалап, қадір тұтып естілерді, талайды түйді жігіт, өсті, көрді. Қазақтарды жау шауып жатыр деген, үзік-үзік хабарды естіген-ді. Ойлап тұрса, сол жауы іргесінде, ойлап тұрса, сол жаудың түрмесінде «Айламен алдарқатып кеткен дүшпан, кім кепіл шауып кірмесіне?!»131.
Намысына тиген жас батыр былай деп толғанады: «Қиын екен өмірдің сұраулары, Ойланды балаң-жігіт, біле алмады. «Белінен дұшпан аттап баратқанда біздің ел неге қарсы тұра алмады?! Қайда жүр баяғының батырлары? Бас қойып, неге ұранын шақырмады?! Жігер тайып жігіттің жетесінен, сарқылды ма қарттардың ақылдары?! Неге бірі садақ боп атылмады?! Қайта шапқан жауыңды танығасын, Құдайыңа шынымен табынасың. Атамекен, жұртыңды сағынасың. Бұралқы боп, жат жерде зарығарсың. Құланыңды бауыздар желіге айдап. Құраныңның өртенер соры қайнап, қайда барсаң Қорқыттың көрі болып, Қонысыңнан ауарсың «Елім-айлап». Қайтсем екен? «Аттан!» – деп ағайынға, Құрбандыққа басымды шалайын ба?! Қабай жырау қайда екен, не дер екен?! Ақыл сұрап көрейін барайын да»132.
Ел қорғау ісін қолына алуды міндет санаған батыр бата сұрап келеді: «– Ар ма, ата! Арнай келдім, батаңды бер! Қасыма балаңды қос, қатар жүрер! Жол сілте, ақылыңды айт, қысылғанда аятым болсын менің атап жүрер. Сырымбет әулетінен таралғанмын, қангелді қасиетінен нәр алғанмын әкемдей мал жанды боп, өріс күйттеп, жарамас жабағы үйде қамалғаным, жанымды тұншықтырған бар арманым.. ... – Кенедейден көзімді ашқан жауым, еске түсіп, бойымды басқанға мұң, деген ой «жастығымды ала жатсам» жоқтұғын менің мүлде басқа арманым»133.
Қабай жырау жас батырдың еңсесін көтеретін ақыл береді: «Ақылымнан танғанда, Азуымнан шалғанда. Кәрі қойдың жасындай, аз ғұмырым қалғанда, нендей ақыл айтармын?! Ата жауың қалмақ-ты, ел-жұртынды зарлатты. Ата-қазақ ұрпағын аяқ асты қорлапты, аспаныңды торлапты, Жазираңды шаңдапты, жазықсыз елді қандапты. Жалғыз қайда барарсың! Жауыңды қалай табарсың! Ауызданбаған арланым, абайсызда шабарсың, Айлалы жаудың алдында тұзаққа түсіп қаларсың! Соңыңнан жұртың ермесе, қолының ұшын бермесе, дегеніңе көнбесе, ауызданбаған арланым, жауыңа жалғыз бармағын, қиылып қалар арманың!»134.
«Жауыңа жөнсіз ұрынбай, ұрымтал жерден шап, балам» деп отырып жырау соғысудың амалдарын былай деп үйретеді: «Беліңнен бір-ақ аттаған, берекеңді таптаған, қулығын ішке сақтаған, құмырсқадай қаптаған, жауыңа жөнсіз ұрынбай, ұрымтал жерден шап, балам! Жауыңның күшін аңдамай, бетпе-бет ұрыс салмағай! Ол көп-тағы, сен азсың, опық жеп, балам, қалмағай, алды-артыңды барламай, орынсыз іске бармағай! Тұтқиылдан лап беріп, томаға-тұйық шап келіп. Жауыңның есі кіргенше, қара түнді қақ бөліп, ізіңді жасыр жалт беріп. Алды-артыңды аңғармай, айқаспай тұрып қорғанбай, қолайлы жерде қамданбай, ашкөзденіп, мерт болма, қораға түскен арландай! Шабарыңды білдірме, шаужайыңнан ілдірме! Жекпе-жек күтіп, ділгірме! Жер қайысқан жауыңды жеңемін деме бір күнде! Көзсіздік іске татыр ма? Айласыз батыр батыр ма?! Отырып қалар тақырға. Күндіз ұйықтап, түнде жорт. Қарасын Күннің батыр да, – кегіңді қайра ақылға, жалғыз жортып, шатылма аттанып жар сал, ер ұлым, ел-жұртыңды шақыр да. Дүниеқоңыз, енші бер, соңыңнан ерген пақырға»135. Бұл сөздерде тек соғыс тәсілі емес, соңынан ел ерту үшін не істеу керек деген ақыл да бар.
Жиналған ел Райымбек батырға соғысқа аттану алдында шарт қояды: «Бидің үйі, Іленің жағасында. Жақсы менен жайсаңның бәрі осында. Қарасақал, ақсақал – алқалы топ, алдына алып бір істі қарасуда, бірі көнсе, біреуі таласуда... Ұйқылы-ояу би отыр данасынып, қақ төріне қауымның дара шығып ...Би билігін күтуде Райымбек, алып ұшып, жүрегі аласұрып»136.
Ақсақалдар батырды сынап – «Ілені кесіп өтсін» деген талап қояды: «Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін, басын тартса, сөз басқа, есі кетсін топ ішінен таңдаған атын мініп, мына жатқан Ілені кесіп өтсін! Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да, дуылдасқан дау-шарды доғарсын да, ақ күн тусын алдынан, тарта берсін, таңдап-таңдап елінен қол алсын да. Шартым – осы! Осыған шыдайсың ба? Шыдамасаң тынасың, құлайсың да. Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың. Алдыменен бағыңды сынайсың да. Шыдайсың ба! Бағыңды сынайсың ба!..»137.
Бұл сыннан жас батыр абыроймен шығады. «Қайда барсаң, бәрібір, кірерің көр, қабылдайды қойнына түнеріп жер. Қапталына түсіріп күреңімнің, қамыс артып, жігіттер, жіберіңдер! Жарлы менен жақыбай намысты ойлап, артып берді екі тең қамыс байлап. Тілсіз жауға тірексіз тура тартса, жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма?.. Тұрғанда ашу, намыс, сезім арбап, тоқтасын ба, қауымның сөзін аңдап, қамшы басып күреңге суға атылды, өз есімін айқайлап, өзі ұрандап... Артқан қамыс тірліктің белгісі боп, демеу жасап, жылымға бергісі жоқ. Ақ айдыннан екі бас көрінеді, адамның да, аттың да өлгісі жоқ. Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ. Жұрт назары – осынау ақ айдында, екі басқа еміне қарайды да, аруақтарды көрінен шақырады, талай аят оқылып, талай дұға. Күрең менен жігіттің бағын ойлап, жалынады жағалау «а, құдайлап». Екі басты қақпақыл қағып алып, әлдеқайда барады ағын айдап»138.
Ілені аман өткен батырға ақсақалдың батасы беріледі: «– Дауасы жоқ жан екен, оты жанған, ілесіңдер осыған оты барлар! Су жол берген батырға мен жол бермей, қамауда ұстап қыранды отыра алман... Қангелдінің сауытын кигізіндер, қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер. Сырымбеттің туының алдына әкеп, тәубе еткізіп, басын да игізіңдер. Шауламаған шабыты бала қыран, балалықпен қапыда қалары бар. Баптап өзің, батырды қалауыңа ал бас болғайсың балаға, дана-жырау... Би кесті. Қара халық қабылдады, қару алып, қол жимақ қабырғалы. Жорыққа әзірленіп жатты қауым, қасынан Райымбек табылғалы»139.
Ақтабан шұбырынды деген тарихи ұғым көркем сөзбен былай бейнеленген: «Ақтабан шұбырынды. Ақтабан шұбырынды... Қадарсың қайда барып тұғырыңды?! Қазақ жері – алып бір қара қазан, Қазанда қайран жұртым қуырылды. Ақтабан шұбырынды. Қарғаған кім болды екен ғұмырыңды! Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды, шаппай тұрып, үйрендің тығылуды. Ақтабан шұбырынды, ақ туың жығылулы. Олақ қатын тоқыған алашадай, өрмегіңнің арқауы суырылды... Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға, өтті күнің, сор қатып маңдайыңда. Кетті қымыз жауыңның таңдайында, кетті қызың жауыңның борбайында... Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар, бәрібір, пана болмас ауызға алар. Бәрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын, әйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар. Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар, арнасында наласы жылап ағар. Қандай жаудың болса да қарауылы – қазақ байғұс қалқайып тұра қалар»140.
Қазақ тарихы туралы нақты мағлұмат беретін бұл поэма 1981 жылы жарияланған екен (ЛЖ, 26 қараша, 1981). Совет кезіндегі қазақтың өз еркінен айырылған рухани мүшкіл жағдайын М.Мақатаев тарихтың қайғылы кезеңін бейнелеу арқылы меңзегендей: «Өзіңнің тұрмағасын уысыңда, өз жерің өзіңе жат, құрысын да!.. Жер шетімен шекараң шектелсе ғой. Жатса ғой алып мұхит шығысында. ...Жалғанның жартысындай мынау өлкең кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба! Пайдаланып былығың-шылығыңды Жауың кеп, шырылдатты шыбыныңды. Жау да, өзің де ластап тұнығыңды, жаяу ұстап қолыңа құрығыңды, қайда босып барасың, қайда, қайда? Ақтабан шұбырынды! Ақтабан шұбырынды!!! Ақтабан шұбырынды!!! ...Боса берген. Артына қарамаған. Өзіне жат өз жерін сағалаған. Бірі барып құл болып Хиуаға, екіншісі орысты паналаған»141. Бұл шағын поэманың өзінде том-томға жетерлік тарихи деректер келтірілген. Ол XVIII ғасырда қазақтың жоңғарлардан көрген қорлығы, тозған елдің ішінен намысын қайрап ел қамын ойлаған жастардың шығуы да таңдалып алынған тақырып. Қазақ өз заманы үшін жауапты екенін М.Мақатаев жас батыр Райымбектің тұлғасы арқылы совет заманына қарсы қояды. Елдің тарихы мен оны қорғай алған ерлердің көркем шежіресі осылай баяндалғанымен құнды.
Ақынның жас Райымбек батырдың топты жарып ел қорғаған ерлігін алға тартуы осындай ер тұлғаны аңсауы ғана емес еді. Қазақ тілі мен қазақ деп айтуға қорланған совет дәуірінде ата-бабаның тектілі ісін елдің есіне салуды М.Мақатаев өзіне міндет деп санағандай. Үрейленген ақсақалдар заманға ыңғайланып бара жатқанын көрген ақын замандастарынан жас Райымбектің намысы бардай біреуді аңсайды. Бұл да ақынның көрегендігі еді. 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық намысын арқалаған жастар алаңға шықты. Демек, қазақтың елді қорғаған жастарының рухы осылай тағы бір рет серпіліп қалды. Мағжан Жұмабай айтқандай «Мен жастарға сенемін» деген сөздерде Отан қорғау міндеті меңзелгенін М.Мақатаев совет кезеңінде бізге аманат етіп кетіпті.