Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


ХVІІ–ХVШ ғасырлардағы ақын-жыраулар



Pdf көрінісі
бет3/12
Дата02.03.2017
өлшемі1,62 Mb.
#5094
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.3. ХVІІ–ХVШ ғасырлардағы ақын-жыраулар 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
Жыраулар  шығармашылығының  басты  ерекшелігі  адам 
еркіндігін  ең  басты  құндылық  ретінде  тануында.  Ақын-
жыраулардың дүниетанымдарына тән ортақ сипат – еркіндік 
ел  тұтастығы,  ел  бірлігі  мәселелерімен  біртұтастықта  қарас-
тырылады.  Өйткені  XVII–XVIII  ғасырлардағы  уақыт  тала-
бы  халықтың  басын  біріктірумен  байланысты.  Ақтамберді, 
Үмбетей,  Бұқар  жыраулардың  халықты  бір  билікке  бағын-
дыруды көздеп, оған өз шығармашылықтарын арнауы халық-
тың  дербестігін  елдің  бірлігі,  еркіндігі  мәселесімен  қатар 
қоюымен анықталады.
Даналық  дүниетанымдық  үрдісте  ой  кешкен  ірі  тұлға-
лардың бірі қазақ сахарасында бір ғасырға жуық ғұмыр кеш-
кен  ойшыл,  философ  Бұқар  жырау  бабамыз  болды.  Бұқар 
жыраудың  замандасы  Үмбетей  жырау  «Өткіздің  тоғыз  ханды 
толғауменен»  дегенде  оның  Әз  Тәукеден  бастап  –  Қайып,  Бо-
лат,  Сәмеке,  Әбілмәмбет,  Күшік,  Әбілхаиыр,  Барақ,  Абылай 
хандар  тұсында  өмір  сүргендігін  айтады.  Бұқар  жырау  Абы-
лай  хан  дәуіріне  дейін  де  қазақ  қоғамының  саяси-әлеуметтік 

49
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
өміріне араласқан болатын. Өзінің терең ойлы философиялық 
тұжырымдамаларымен  қоғамдық  ойды  жетілдіруге  ат  салы-
сты.  Алғаш  рет  Бұқар  жырау  мемлекет  дәрежесіндегі  істерге 
Тәуке  ханның  тұсында  қатысады.  Қарақұмдағы  тоқсан  бидің 
басын қосқан Құрылтайда сөз алып, осы әдет-ғұрып заңдарын 
қайта  қарап  жатқан  кезде  пікірталасқа  қатысуы  бұған  дәлел. 
Бұл кезде Бұқар Көкілташ медіресесін тамамдап, мұсылманша 
оқумен қатар ғылымның бірнеше салаларын игеріп, араб, пар-
сы, тәжік тілдерін терең меңгерген болатын. Дүниетанымы мен 
дүниеге  көзқарасы  жағынан  толысқан  ойшыл  еді.  Дәстүрлі 
ақын-жыраулар  шығармашылығынан  сусындаған  Бұқар 
көшпелілер  өркениетінің  рухани  дүниесінен  терең  нәр  алды. 
Сонымен бірге оны Шығыс мәдениетімен шебер толықтырып, 
білімін мемлекеттік мәселелерді шешуде шыңдайды. 
Көшпелі  қазақ  қоғамдық  жағдайында  сақталынып  келе 
жатқан  рулық  қатынастар,  патриархалдық  от  басы,  көшпелі 
мал шаруашылығының басқа да қатынастарын реттеп отыра-
тын әдет-ғұрып құқығы болды. Құқықтық заңдарды талқылау 
кезінде  дін  ислам  орталығы  Бұқара  қаласынан  келген  қазы: 
«Сіздер, қадірменді қазақ халқы, әлмисақтан бері мұсылманбыз 
дейсіздер,  заңға  келгенде  Құран-шариғаттың  жолымен  жүр-
мейсіздер.  Уәдені  көкке  сілтейсіздер.  Көк  атсын  дейсіздер. 
Ата-баба  моласына,  әруаққа  табынасыздар.  Бұл  шариғат  жо-
лынан кеткендік» – дегенде, шариғатты Бұқараның қазысынан 
да жетік меңгерген Бұқар жырау: «Алла аспанда емес, жерде 
де  емес,  әркімнің  жүрегінде,  сезімінде,  жадында.  Ал  заң  сол 
сенімнен жоғары емес» [28, 86–87 бб.] – деген екен. Жыраудың 
осы пікіріне зер салсақ, оның ислам дінінің негіздерінен жақсы 
хабардар  екендігін  көрсетеді.  Мұсылманның  шариғат  заңы 
қазақ үшін жат емес, Құранда «қанға-қан, кешуі болса құн төле» 
десе, қазақтың жолы да осыны айтады. Қоғам ісі қазақтың жо-
лымен, дін шаруасы шариғат жолымен жүрсін. Дін мен құқық, 
мораль мен адамгершілік туралы түсініктердің әрқайсысының 
орнын айқындап береді. Бұқардың бұл пайымдаулары мемле-
кет істеріне діни мекемелердің араласпауын жақтайтындығын 
білдіреді. 
Философия тарихында көз жіберсек немістің классикалық 
философиясының  негізін  қалаушылардың  бірегейі  Кант  мо-

50
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
раль,  құқық,  еркіндік,  тұлға  ұғымдарын  баламалы  түрде 
қарастырады.  Адам  қоғамдық  жаратылыс,  ол  қандай  да  бір 
азаматтық  қоғамның  мүшесі.  Ал,  қоғамда  адам  еркіндігі 
заңдармен (сөз құқықтық заңдар туралы болып отыр) шектеледі 
[29,  584  б.].  Заңдар  болса  жеке  тұлғалардың  еркіндіктерін 
шектеп,  азаматтық  қоғам  мүшелерінің  іс-әрекеттері  мен 
қылықтарын  қалыпқа  түсіріп  отырады.  Бірақта  заң  өзі 
өздігінен  ештеңе  емес.  Оның  қызмет  істеуі  үшін  қоғамдық 
құрылымда  ықпалды  бір  элемент  болу  керек.  Бұл  элементті 
Кант  күштеу  аппараты  деп  білді.  Бұқар  жырау  да  елді  бір 
орталыққа  бағындыратын  хандық  билікті  дәріптейді.  Үш 
жүзді  орталық  билік  хандық  билікке  бағындыруды  көздейді 
Ғасырға жуық ғұмырында бірнеше ханның билік жүргізуінің 
куәгері болған абыз жырау ханды елдің ұйытқысы деп түсінді. 
Бұқар шығармашылығының негізгі арқауы – ол елдің бірлігі. 
Ал ауызбіршіліктің негізгі ұстанымдары адамдар арасындағы 
өзара  түсінушілік  пен  сыйластық.  Өмірдің  сәні  де,  мәні  де 
осында  деп  білген  жырау  тіршілікте  адамдар  арасындағы 
осындай жарастықты, шат-шадыман өмір сүру туралы былай 
деп жырлайды:
Адамзаттың баласы,
Атадан алтау тумас па,
Атадан алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі арыстан болмас па.
Арыстанның барында,
Жорғасы болса мінісіп, 
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен сүрмес пе
 [19, 121 б.]
Жалпы  адамзаттың  бірлігі  мен  татулығы  мәселесін 
қозғайды.  Қазақтар  бейнелі  сөздер  мен  теңеулерді  шебер 
қолданған.  Адамды  қанаттандыратын  жақсы  сөз.  Бұл  жерде 
жақсы сөз жарым ырыс деген нақылдың осындайда айтылғанын 
көруге  болады.  Араларындағы  жақсыларыңды  қадірлеп, 
құрметтеп,  оны  сақтай  біліңдер  дейді.  Ол  ел  қорғаны  болған 
батырлар  мен  билеушілерін  арыстанға  теңейді.  Арыстаннан 

51
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
айрылса артында қалған жамандар бас-басына тозбас па деген 
ғұлама  айтқан  өсиет  әлі  күнге  өз  өзектілігін  жоғалтқан  жоқ. 
Ол  өсиет  жан  ұядан  бастап,  мемлекетке  дейінгі  аралықтағы 
әлеуметтік  топтар  ішіндегі  өзара  қарым-қатынастың  тұғыры 
болуға  тиіс.  Бұдан  біз  халқымыздың  рухани  бастаулары  мен 
даналығының  қайнар  көздері  жырауларымыздың  асыл  ойла-
рында жатқандығын байқаймыз. 
Бұқардың  философиялық  даналыққа  толы  шығарма-
ларының  өзегі  адам.  Қоғамдық  қатынастарды  реттеу  мен 
әлемнің  тыныштығын,  ел  тыныштығын  сақтау  туралы  бо-
лып  келеді.  Жырау  өзінің  ойлау  жүйесімен,  өмірдегі  тәжіри-
бесімен дүниетанымдық негіздерді қалыптастырып, өзіне тән 
көзқарастарды  орнықтырды.  Оның  он  бір  тілектен  тұратын 
толғауы  қазақтардың  мұсылманшылығын,  діни  санасын 
қалыптастыратын  өнегеге  толы  шығарма.  Ондағы:  «Бірінші 
тілек тілеңіз, бір аллаға жазбасқа». Ойшыл ең алдымен Алланың, 
жаратушының  бар  екенін,  бір  екенін  мойындау  керектігін 
ескертеді.  Ислам  дінінің  негізгі  шарттарын  мойындап,  оған 
құлшылық  етуге  шақырды.  «Екінші  тілек  тілеңіз,  шұғыл  бір 
пасық залымның тіліне еріп азбасқа» – дегені әр нәрсенің бай-
ыбын  ақылға  сал,  ақ  пен  қараны,  жақсы  мен  жаманды  ажы-
рата  біл  дегенге  меңзеп  тұрғандай.  «Үшінші  тілек  тілеңіз, 
үшкілсіз  көйлек  кимеске,  Төртінші  тілек  тілеңіз,  төрде  төсек 
тартып жатпасқа», – деп қоғамның  толыққанды мүшесі болу 
үшін дені сау адам болу ең бастысы екендігін көрсетті. Жетінші 
тілекте «желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, сонан 
сасып тұрмасқа» деп жаугершілік заманда кез-келген уақытта 
жеріңді қорғауға дайын болуыңды ескертеді. Ғұлама жыраудың 
сегізінші  тілегінде  «сегіз  қиыр  шартарап,  жер  тұлданып 
тұрмасқа» деген жолдардан Жер-Ананың бүтіндігі, зілзала, то-
пан су сияқты табиғат апаттарынан сақтауын тілеуді ескертеді. 
«Тоғызыншы тілек тілеңіз, төреңіз тақтан таймасқа» – хандық 
билікті халықтың, ұлттың тәуелсіздігінің кепілі деп білді. Ұлт 
тізгінін  қолдан  жібермей,  әділеттілікпен  билік  жүргізетін 
хандық билікті күшейту мақсатын көздейді. Қарт ананың, қарт 
әкенің қартайған шағында аңырап қалмауы үшін осы тілектерді 
тілеңіз  деп  халқына  арнау  жолдайды.  Ойшылдың  даналыққа 
толы ойлары көшпенді халықтың өмір сүруінің әліппесі, үлгісі 

52
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
іспетті.  Жырау  шағармашылығының  негізінде  ұлттың  ішкі 
болмысы, өмір сүру қағидалары, дүниетанымы жатыр. Бұқар 
жыраудың философиялық ой-жүйелерінде Адам, Әлем, Өмір, 
Өлім  мәселелері  қозғалады.  Адамның  біуге  құштарлығы,  ол 
құштарлықтың шексіздігі жайлы: 
Әлемді түгел көрсе де, 
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап, 
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат
 [19, 132 б.], – деген толғауы бүгінгі 
күні  жоғарғы  технологиялар  заманында  дәлелденіп  отыр. 
Жырау  адамзаттың  әлем  ғажайыптарын  игеретіндігін  алдын 
ала  болжады.  Адам  танымының,  оның  құмарлықтарының 
шексіздігі  туралы  ойлары  жыраудың  таным  теориясының 
категорияларын  саралап  білгендігін  көрсетеді.  Адамзаттың 
еркіндікті  шексіз  пайдалануы  апаттарға  ұрындырары  сөзсіз. 
Адамның  табиғатты  тануы  мен  өзгертуі  тіптен  адамның  жер 
бетінен жойылып кету қауіпін туғызып отыр. Адам табиғатқа 
өз  үстемдігін  еркіндігі  арқылы  жүзеге  асырады.  «Қайғылы 
күні қабарып, қазалы күйге түссе де, Өмірге тоймас адамзат. 
Жақындап ажал төнсе де, Жанына қылыш ұрса да, Қалжырап 
көңіл  қарайып,  Қарауытып  көзі  тұрса  да,  Үмітін  үзбес  адам-
зат».  Өмірдің  қызығына  тоймай,  ажал  төніп  тұрған  кезде  де 
адам  болашақтан  үмітін  үзбей,  тіршілікті,  жарық  дүниені 
қимайтындығы  жыр  жолдары  арқылы  әсем  өріліп,  Өмір, 
Өлім, Үміт сияқты философиялық ұғымдардың адамзат үшін 
мәңгілік ұғымдар екенін меңзейді. 
Бұқар  жыраудың  саяси-әлеуметтік  ойларының  негізгі 
түйіндері  халықты  ауызбірлікке  үндеу.  Ол  көрші  қалмақ 
еліндегі объективті құбылыстарды сыни көзбен талдай отырып:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,

53
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
Бірін-бірі күндесті
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас,
Ханын қалмақ жаулаған,
Сүйткен қалмақ оңбаған,
Үш Қарқара, Көктөбе
Иттей ұлып қалмаған
 [35, 130–131 бб.] 
Көрші  қалмақ  еліндегі  оқиғалардан  мысал  келтіре  оты-
рып,  оның  жайын  баяндап,  алауыздықтан  ауызбіршілікке 
үндеді.  Адам  бойындағы  жаман  қасиеттер  –  күншілдік, 
көреалмаушылықтан  аулақ  болып,  жамандық  іздеспей, 
жақсылыққа  ұмтылуға  үгіттеді.  Хан  қисайса  бәрі  оңбас  деп, 
Елбасын құрмет  тұтуға шақырды.  Көрші  елде  болып жатқан 
оқиғаларға  ден  қойып  қана  қоймай,  соны  сараптай  отырып, 
алдын ала сондай жағдайларды өз елінде болдырмауға атсалы-
сты. Хандық мемлекеттің мызғымас бірлігіне нұқсан келтіретін 
рулар  арасындағы  алауыздықты  әшкереледі.  Жырау  «Керей 
қайда  барасың?»  дегенде  бір-біріне  өкпелеп  көше  жөнелетін 
қазақты тоқтатуға, кешірімшіл болуға үндеді. 
Бұқар  жырау  сынды  кемеңгер  ойшылдарымызға  кеңестік 
идеологиялық көзқарастар тұрғысынан «сарай ақыны» деген ат 
тағылған кез де болған. Таптық тұрғыдан талдаудың әдістемесі 
арқылы Тұлғаларымыз осындай жаңсақ көзқарастың құрбаны 
да болды. Жыраудың басты мақсаты үш жүзге бөлінген сахара 
халқын топтастырып, ұйымшылдыққа шақыру болғандықтан 
Хандарымызды мадақтап, дәріптеуі халық алдындағы беделін 
көрсете жырлауы мемлекеттігімізді нығайтуда қажетті құрал-
дардың бірі болды. Далалық демократиялық басқару үрдістерін 
жыраулар мен ақындар, билер мен шешендердің Хан маңына 
топтасуынан-ақ көруге болады. Ал Бұхардың жаугершілік за-
манда  халықты  күшті  бір  орталыққа  бағынған  мемлекет  пен 
ханның  қол  астына  топтасуға  үндеуі  халықты  біріктірудің 
негізгі ұстанымы болды. Демек жырау ұлттың ұйтқысы. Еркін 
ойшылдыққа бет бұрған кезеңде жыраулардың түпкі мақсат-
мүдделері ел тыныштығы мен ұлттық құндылықтарымыздың 
сақталуын  көздегенін  баса  көрсетуіміз  қажет.  Бұқар  жырау 
салиқалы  ой-толғауларымен  жаугершілік  заманда  ел  тоз-тоз 

54
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
болып  ата  қоныстан  үдіре  көшкен  кездерде  ұлтымызға  рух, 
батырларымызға  қанат  бітіріп,  ханымызға  ақыл-кеңес  бере 
білді.  Ақыл-кеңестерін  ханға  да,  халқына  да  тыңдата  білді. 
Ойшылдың  философиялық  шығармашылығының  дені  билік 
мәселесіне арналып, әділеттілік, адамгершілік, ізгілікті мемле-
кет және оны басқарушы жайындағы пайымдаулар болды. Ол 
Абылайдың билік құру өнері жайлы былай деп толғайды:
Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз,
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың
Жетім менен жесірге
Ешбір кесір қылмадың
Әділетпен жүрдіңіз
Әдепті іске кірдіңіз
Арманың  бар  ма  Хан  ием?  [19,  50  б.]  –  деп,  қанат  бітіре 
мадақтауы  қазақ  халқының  мақалы  «жақсының  жақсылығын 
айт, нұры тассын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» 
дегенін жырау халық атынан айтып отыр. Абылай хан тұсында 
қазақтың  үш  жүзінің  басы  бірікті.  Билік  құрудың  басты 
ұстанымы әділеттілік болса, ол да хан бойынан табылды. Жы-
раулар мен ақындар билікке оппозиция да бола алды. Ханды 
осылайша  көтермелеп  халық  алдында  абыройын  асқақтата 
отырып, кезі келген тұстарда оппозициялық пікірлерін де ба-
тыл айта алған. Жыраудың келесі толғауынан сол кездегі өмір 
шындығының басты-басты оқиғаларының бәрін жіті қадағалап 
отырғанын байқауға болады. Әрқашан өзінің қырағылығымен 
ішкі-сыртқы саяси мәселелерге дер кезінде араласып отырды, 
орысқа соғыс ашамын деген Абылайға: 
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Орыспенен соғысып,
Басына мұнша көтерген,
Жұртыңа  жаулық  сағынба
,  [19,  51  б.]  –  деп  өте  қатал  да, 
зілді  басу  айтады.  Абыз-жырау  Ресей  мемлекетімен  арадағы 

55
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
қатынаста бейбітшілікті қолдайды. Өзінің болашақты болжа-
ғыш,  қырағы  көкірек  көзімен  сезгендерін  жырау  ханға  керек 
жерінде батыл да, батырып та айта алған. Өйткені қарт жы-
рау үздіксіз соғыстың әлеуметтік-экономикалық зардаптарын 
көзімен  көріп,  басынан  кешірді.  Сондықтан,  ел  тыныштығы 
мен  бірлігін  көксеген  ойшыл,  ендігі  жерде  ханның  тағы  да 
соғыс  ашқысы  келгендігіне  қарсы  шығады.  Абылай  ханның 
жаулаушылық  саясатына  батыл,  ашық  түрде  қарсы  шығып, 
босқа  қан  төкпеуге  шақырып  қана  қоймай,  бұйыра  айтып 
тоқтатқан  кездері  де  болған.    Бұқар  жыраудың  ханға  қарсы 
оның алдағы соғыс ашу туралы жоспарына үзілді-кесілді той-
тарыс  беруі,  сол  кездегі  қазақ  қоғамындағы  жариялықтың, 
сөз  бостандығының,  демократиялық  үрдістердің  басымдық 
танытқанының айғағы. Ханға жауап айтпасам, ханның көңілі 
қалады,  қандыра  жауап  айтпасам,  халқым  не  деп  айта-
ды  деген  жолдардан  қазіргі  кездегі  депутаттың  да  міндетін 
атқарғанын  бағамдаймыз.    Абыз-жырау  өзінің  саяси  ойла-
рын құлаққа жағымды, көңілге қонымды, көкіректе әрқашан 
гүлденіп, санада сайрап тұратындай қылып айта білген. Әулие 
жыраудың  еліміздің  тыныштығын  сақтап  қалуда  атқарған 
рөлі  ерекше.  Бұқар  өзіне  дейінгі  ақын-жыраулар  көтерген 
мәселелерді  тарихи  сабақтастықпен  жалғастыра  білді.  Оны 
айғақтайтын толғауларына тоқталсақ, Асан қайғы бабамыздың 
болжамдарының  жаңа  заманға  лайықталған  түрін  Бұқардан 
да табамыз. Оның кейбір шығармаларында сонау Асан қайғы 
бабамыздың  ой-толғауларындағы  болжамдар  Бұқар  зама-
нында  да  ұлтымыздың  тыныштығына  қауіптің  көрші  Ресей 
мемлекетінен болатынына меңзейді. XV ғасырда Асан қайғы:
Ай, Жәнібек ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан,
Қарағай  басын  шалмай  ма
  [30,  24  б.]  –  деп  жұмбақтап  кетсе, 
сол жұмбақтың шешімін XVІІІ ғасырда Бұқар жырау жалғас-
тырып, былай деп толғайды: 
Күн шығыстан бір дұшпан
Ақыр да шығар сол тұстан,

56
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
Өзі сары, көзі көк
Бастығының аты поп
Күн шығысқа қарайды
Шашын алмай тарайды
Жаяулап келер жұртыңа
 [19, 52 б.] 
Әулие  ойшыл  болжаған  отаршыл  пиғылдағы  көршілері-
міз  қазақтың  қойнауы  байлыққа  толы  өлкесіне  ғана  көзін 
сүзіп  қоймай,  халқын  мәңгүрттендіруді  де  ойластырғанын 
айтып  кетті.  Басқыншылық  пиғылдағы  мемлекеттер  ұлттың 
төлтумалығын,  мәдени-рухани  табиғатын  жоюды  көздейтіні 
белгілі.  Оған  кәрі  тарих  куә,  бүгінгі  ұрпақ  куә.  Осыны  бол-
жай  білген  көріпкел  жырау  елінің  болашағын,  елдің  азып-
тозарын,  бодандықта  өмір  кешетінін  алдын  ала  сезді.  Бұқар 
жыраудың  басқа  ақын-жыраулардан  айырмашылығы  оның 
болар  істі,  келешекті  болжай  білетін  сезімтал  қасиеттері  мен 
сұңғылалығында.
XVІІІ ғасырда Орталық Шығыста халықаралық саясаттың 
негізгі орталығы Ресей империясы болды. Петр І Үндістан мен 
Қытайға саудаға шығу үшін барша шығыспен сауда жолдарын 
иемденгісі келіп, қазақ жерлеріне қорғандар салып, қайтсе де 
оның ішіне ену үшін небір айла-тәсілдерді ойластырды. Орыс 
патшасының  осындай  арандатушылық  отаршыл  саясаты-
ның  салдарынан  өз  халқының  болашағы  мен  егемендігіне 
нұқсан келерін жырау алдын-ала сезіп, осы жайлы былай деп 
толғайды:
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа
Жемірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына
 [19, 52 б.]
Бұл  айтылған  болжамдар  қазақ  қоғамында  1937–1938 
жылдардағы  қаншама  есіл  ерлеріміздің  өмірін  қиған  оқиға-
лармен расталды. Отарлаушылық саясаттың іргесі Ресейде сол 
кезде  қаланған-ды.  Қоғамда  теңдік  пен  әділеттілік  орнатуды 
мақсат еткен Кеңес өкіметі кезінде де отарлау саясаты жалғаса 

57
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
беретінін жырау көрегендікпен тағы да өзінің шығармасында 
ескерткен: 
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан,
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда
Теңдік  тимес  құлыңнан
  [19,  51  б.].  Ресей  мемлекетінің 
құрамында  болған  кезеңдерде  пролетариат  диктатурасының 
орнауымен  болатын  сойқандықтарды  сахара  ойшылы  екі 
ғасыр бұрын болжаған еді. Жырау шығармашылығының негізгі 
арқауы сол кездегі қазақ мемлекетіндегі саяси хал-ақуалды тегіс 
қамтып отыр. Бұқар жыраудың бойынан жыршы, жыраулық 
қасиеттермен  қоса  саясаткерлік  қабілеттер  қатар  табылып, 
қазақ қоғамының идеологы дәрежесіне көтерілді. Жырау өзінің 
жан-жақты шолу көрегендігімен сол кезеңнің өзекті мәселелері 
болып отырған Қытай-Маньчжур саясатынан да сақтандырды. 
Цин империясының күшінен сақтандырып, қара қытайларды 
қаптатқанша, орыспен одақтасуды жөн деп санайды. 
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді
. [19, 52 б.] деп, қытайлармен одақтасудан 
сақтандырды.  Бұқардың  саяси  көзқарасы  Абылай  хан  саяса-
тымен  үндесіп,  бірін-бірі  толықтырды.  Бұқар  жырау  Абы-
лай  ханның  саяси  ойларын  ары  қарай  жетілдіріп,  жүйелеп 
беріп  отырды.  Абылай  ханның  қасында  Бұқарекең  жыр-
лайды,  жырлағанда  не  дейді,  соғыспа  деп  жырлайды.  Ұзақ 
жылдарға созылған жаугершілік заманның зобалаңынан әбден 
шаршап-шалдыққан халыққа тыныштық керек екенін түсініп, 
хан  саясатының  бейбіт  жағдайда  өрбуіне  ықпал  етті.  Бұқар 
жырау  толғаулары  терең  философиялық  астарымен  ондағы 
ұғымдар  мәнінің  ашылып  көрсетілуімен  құнды.  Жаулық  жо-
лын сүймеңіз, мұнау сұм дүние өтпей қалмас демеңіз. Қазақ 
халқының тыныштығын, бейбітшілігін бірінші орынға қояды. 
Дүниені  «жалғанға»,  «сұмға»  теңейді.  Үнемі  ат  үстінде  соғыс 
жағдайында  ғұмыр кешкен жырау тыныштықты аңсады. 

58
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
Бұқардың  сопылық  әдебиетпен  де  жақсы  таныс  екендігін 
оның ой-толғауларынан аңдауға болады. Шығармашылығының 
өзегі  исламдық  құндылықтармен  көмкеріліп,  имандылық, 
сабырлылық, төзімділік сияқты ұғым-түсініктердерен тұрады. 
Шығыс  мәдениетінің  озық  үлгілерін  сопылық  өлеңдерді 
көшпенді  қазақ  даласының  ойлау  жүйесімен,  көшпенділер 
мәдениетінің  озық  үлгілерімен  ұштастырып,  оны  байыт-
ты.  Соған  қоса  Бұқар  табиғаттың  бізге  әлі  беймәлім  тылсым 
дүниесінен  хабар  алатын  көріпкелдік  қасиет  қонған  жан. 
Бұқар  жыраудың  көріпкелдігі,  сәуегейлігі  жайында  көптеген 
аңыздарда  айтылады.  Абылай  хан  бір  елге  сапарға  аттанар-
да осы сапарымыз қалай болады екен, жолға шығуға бола ма, 
сәуе көріп беріңіз деп өтінеді екен. Сонда Бұқар жырау: «Егер 
сары бура келіп, туыңның түбіне шөгіп жатып алса, онда осы 
жорыққа шықпағаның жөн болар» – дейтін көрінеді. Бұқардың 
айтқандары  шынымен  де  тура  келіп  отырған.  Абылай  хан 
мен  Бұқар  жыраудың  қазақ  ұлтының  бірігуі  жолындағы 
қайраткерлігі  өз  алдына  зерттелетін  құбылыс  болса,  саяси-
әлеуметтік,  философиялық  ой-жүйелері  әлі  де  талай  ойлар-
ды  қанаттандырары  сөзсіз  деп  ойлаймыз.  Олар  өздерінің 
өнегелі  ғұмырнамасы  арқылы  ауызбіршіліктің,  достықтың 
жарсымдылығы,  үйлесімділігінің  үлгісін  кестеледі.  Бұқар 
жыраудың  Абылай  хан  науқастанып  жатқанда  көңілін  сұрай 
келіп, айтқан арнауында:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен жаның-ай
 [19].
Абылай  хан  тұсында  қазақ  елінде  тыныштық  орна-
ды.  Жырау  толғауы  арқылы  қазақ  халқы  ұзақ  жылдар  бойы 
шапқыншылықтан мезі болып, енді ғана мамыражай күн кеш-
се, осы күнге жетуде Абылай ханның еңбегі зор болғанын паш 
етті.  Ғасырларда  бір  рет  дүниеге  келетін  кемеңгер,  ақылгөй 
даналарымыздың  бірі  –  Бұқар  жырау  шығармашылығының 
інжу-маржандарын тере берсек, оның мән-мағынасы әр қыры-

59
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
нан  ашыла  беретіндігіне  тәнтіміз.  Философияның  мәңгілік 
мәселелерінің бірі «Өлім» туралы жырау дүниедегі не өлмейді 
деген сұраққа:
Ай мен Күннің өлгені
Еңкейіп барып батқаны,
Айдын шалқар өлгені
Мұз болып тастай қатқаны,
Қара жердің өлгені
Қар астында қалғаны
 [35], – дей келіп, табиғаттағы «өлім» бір 
түрдің екінші бір түрге айналуы күйіндегі қарама-қарсылық-
тың  күресі  диалектикасында  жүзеге  асса,  адамның  мәңгілігі 
рухы екенін «жақсының аты өлмейді, әлімнің хаты өлмейді» деп 
тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйін түйеді. Қаншама ғасырлар 
өтсе де ақын-жырауларымыздың ақыл-кеңесі мен өсиетнамасы 
кейінгі ұрпаққа жететінін айтып отыр. Олардың өлмес мұра-
лары арқылы қазірде бізбен сұхбат құрғандай тілдесеміз. Қазір 
де  біз  Бұхар  жыраумен  өз  замандасымыздай  сырласамыз, 
өсиеттері бүгінгі таңда да біздер үшін өнеге. Қысы мен жазы, 
көктемі  мен  күзі  алмасатын  өткінші  дүниеде  адам  өмірінің 
мәңгіліктігі  оның  артында  қалған  шығармашылық  мұрасы 
дейді.  Бұқар  жырау  өз  поэзиясына  осындай  философиялық 
мәселелерді арқау етті. Адам болмысының мәңгілік мәселелері 
жырауды толғандырмай қоймады. Ал қоғам өміріндегі құбы-
лыстар  мен  ондағы  шиеленісті  жағдайлардың  шешімін  табу-
да  философиялық  ойдың  тамаша  үлгілерін  қалыптастырды. 
Жырау  алысты  болжай  алатын  сұңғыла  саясаткерлігімен 
қоса  ақылға  бай  кеңесші  де  еді.  Батырларымызға  арнаған 
толғауларында  олардың  ержүректілігін,  елі  мен  жерін  жау-
дан  қорғаудағы  жанқиярлық  көзсіз  ерліктерін  мақтанышпен 
жырға  қосты.  Бізге  жеткен  жырларының  ішінде  қазақтың 
қамал-қорғаны болған Бөгембай батыр өліміне арнауында:
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан

60
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
Батыр шыққан даңқынан
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған
Батырың өтті Бөгембай
 [19], 
– деп қазақи дәстүрдегі өлімді естіртудің өзін елі-жұрты аты-
нан  толғайды.  Қазақтың  дәстүрлі  мәдениетінде  қалыптасқан 
салт  бойынша  Абылай  ханға  Бөгембайдай  батырының 
бұл  дүниеден  өткендігін  жыр  жолдары  арқылы  жеткізеді. 
Өнегелі  жұрттың  ардақтысын  қадір  тұтып,  батырларын  үлгі 
етіп  ерекше  қастерлегенін  жыраудың  арнауынан  көруге  бо-
лады.  Бұқар  шығармалары  қазақ  қоғамының  көкейтесті 
мәселелеріне  арналды.  Батырлық  пен  ерлік  туралы  жырла-
ры  арқылы  халық  еркіндігі  жанқиярлықпен  қорғалатынын 
айшықтайды. Тәуелсіздік үшін күрес жылдарында ұлттық на-
мыс пен отансүйгіштік сезімдерді оятып, халыққа қанат бітірді. 
Батырлар  мен  саяси  тұлғалардың  сомдалуы  мен  олардың 
күш-қуатын  шыңдауда  жырау  шығармашылығы  рух  беріп, 
қанаттандырып  отырды.  Бұқар  шығармалары  ұлттың  саяси 
санасын  қалыптастыруда  зор  үлес  қосумен  қатар  тәрбиелік, 
тәлімдік-тағылымдық  жүйелер  болды.  Қай  заманда  болма-
сын  ақын-жырауларымыз  ел  тұтастығы  мен  бейбітшілігін 
қамтамасыз  етіп,  азаттықты,  еркіндікті  сақтауды  әрқашан 
шығармаларына өзек еткен.
Келесі  арқалы  жырауларымыздың  бірі  –  Шалкиіз  жы-

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет