Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



Pdf көрінісі
бет1/12
Дата02.03.2017
өлшемі1,62 Mb.
#5094
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ 
ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ
Күлсия Қоңырбаева 
ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЫ 
ЭВОЛЮЦИЯСЫНДАҒЫ ЕРКІНДІК ИДЕЯСЫ
Алматы
2013

2
ӘОЖ 1/14
КБЖ 87
Қ 65
ҚР БҒМ ҒК  Философия, саясаттану және дінтану институтының 
Ғылыми кеңесі ұсынған
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы
профессор З.К. Шәукенова және философия ғылымдарының докторы, 
профессор С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен
Рецензенттер:
Б.М. Аташ, философия ғылымдарының докторы
Қ.Ә. Әбішев, философия ғылымдарының докторы, профессор
А. Сағиқызы, философия ғылымдарының докторы, доцент
Қ  65        Қоңырбаева  К.М.  Қазақ  философиялық  ойы  эволюция-
сындағы  еркіндік  идеясы.  –  Монография  /  З.К.  Шәукенова  және                            
С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Фило-
софия, саясаттану және дінтану институты, 2013. – 216 б.
ISBN 978-601-7082-95-6
Монографияда
 алғаш рет қазақ философиясы мен отандық тарихи филосо-
фиялық  дискурста  объективті  логика  тұрғысынан  еркіндік  құбылысы  мен  эво-
люциясы және оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызы ашылып 
көрсетіледі.  Халқымыздың  тарихи-мәдени  және  әлеуметтік-құқықтық  даму 
үрдісіндегі  еркіндік  идеясының  зерделену  деңгейі  ХVІІ–ХХ  ғасырлар  аясында 
қарастырылды.  Кітапта  ұлттық  дүниетанымдағы  еркіндік  идеясының  рухани-
танымдық  қырлары  анықталып, 
онтологиялық,  аксиологиялық  тұрғыдан  тал-
данады.
 Қазақстанның келер ұрпақтарының санасындағы және бейсанасындағы 
еркіндік  рухын  сақтау,  сана  бостандығын  нығайту  идеясы  негізделеді.  Ұлттық 
идеяның  теориялық-әдіснамалық  негіздерін  құру  мен  ұсыну  ауқымында  ер-
кіндіктің,  одан  туындайтын  азаттық  пен  бостандық  мұраттарын  нығайту  үшін 
рухани-танымдық бағдарлар сарапталады. 
Кітап ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, студенттер мен магистранттарға 
және  еркіндік,  өмірдің  мәні,  адам  болмысы  сияқты  философиялық  мәселелеге 
қызығушылық білдіретін жалпы оқырман қауымға арналады.   
Монография «Ғылыми  қазына (2012-2014 жж.)» салааралық ғылыми  бағдарламасы 
аясында даярланған.
 
ӘОЖ 1/14 
КБЖ 87
 
ISBN 978-601-7082-95-6                     
© ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану 
                                                                  және дінтану институты, 2013
                                                               © Қоңырбаева К.М., 2013 

3
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ....................................................................................................................
4
1.
ХVІІХІХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ МЕН 
ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ 
ЕРКІНДІК ИДЕЯСЫ...................................................................................
10
1.1. Дәстүрлі қазақ дүниетанымының ерекшеліктері және 
ондағы еркіндік идеясының орны.............................................................
10
1.2. Қазақ би-шешендері ой-толғамдарының құндылықтық-
мағыналық ерекшеліктері...........................................................................
22
1.3. ХVІІ–ХVШ ғасырлардағы ақын-жыраулар 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы................................................
48
1.4. Махамбет Өтемісұлының дүниені пайымдауындағы 
рух еркіндігі..................................................................................................
81
2.
ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛАРЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫНДАҒЫ 
ЕРКІНДІК ИДЕЯСЫ..................................................................................
102
2.1. Қазақ ағартушылығының идеялық алғышарттары 
мен әлеуметтік негіздері............................................................................
102
2.2. Абай Құнанбаев шығармашылығы – қазақ рухани 
болмысының еркіндік сипаты..................................................................
123
2.3. Қазақ зиялыларының еркіндік идеясын тарихи 
сабақтастықпен жалғастыруы..................................................................
138
3.
ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ЕРКІНДІК ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ 
ҚАЙШЫЛЫҚТЫ СИПАТТАРЫ...........................................................
163
3.1. Тоталитарлық жүйе дәуіріндегі идеологияланған 
құндылықтардың  ерекшеліктері.............................................................
163
3.2. Қазақ халқының кеңестік кезеңдегі еркіндікке ұмтылысы................
173
ҚОРЫТЫНДЫ.....................................................................................................
200
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................
203
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 
Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану 
институты туралы мәлімет..........................................................................................
210
Информация об Институте философии, политологии 
и религиоведения Комитета науки Министерства образования 
и науки Республики Казахстан................................................................................... 212
Information about the Institute for Philosophy, Political Science 
and Religion Studies of Science Committee of the Ministry 
of Education and Science of the Republic of Kazakhstan..........................................
214

4
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
КІРІСПЕ
Азаттық  пен  еркіндік  мұраттары  халқымыздың  даму 
тарихында басты идея ретінде көрініс тауып келгендіктен, оның 
әрбір дәуірдегі идеялық қадамдары мен орнығуы, ілгері дамуы 
маңызды  танымдық  бағдар  ретінде  қарастырылады.  Бүгінгі 
таңда  еліміздің  мәдени-рухани  және  экономикалық-саяси 
салада өрлей түсуі мен халықтың әлемдік дамудың аясындағы 
белгілі  бір  жетістіктерге  жетуінің  алғышарты  Қазақстанның 
тәуелсіздігі екендігі белгілі жайт. Осы тәуелсіздік халқымыздың 
Ресей отаршылдығы тұсында және кейін де жалғаса түскен Кеңес 
заманының  зұлматты  зардаптары  кезінде  саяси-мәдени  және 
психологиялық  күресінің  аясында  қол  жеткізген  құндылық 
екендігі  сөзсіз.  Олай  болса,  тәуелсіздікті  сақтау  мен  нығайту 
оның тарихи тамырларын, күрескерлік рухтың философиялық 
негіздерін, оның дүниетанымдық бағдарын жеткілікті деңгейде 
зерттеп, меңгеруді қажет етеді. 
Осы  орайда,  адам  еркіндігі  мен  әлеуметтік  азаттық 
құбылысын  халқымыздың  жүріп  өткен  жолы  бойынша 
философиялық  тұрғыдан  сараптау  қажеттілігі  туындайды. 
Монографиядағы  тұжырымдар  қазіргі  кезеңде  ұлттық  құн-
дылықтарды қайта жаңғырту бағытындағы атқарылып жатқан 
шараларға, еліміздің осы бағыттағы іс-тәжірибесіне  теориялық 
деңгейде белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосады деген ойдамыз. 
Себебі, ұлттық дүниетанымдағы еркіндік мәселесінің рухани-
танымдық  қырлары  бұрынғы  философиялық  зерттеулер  ая-
сында жете қарастырылмаған болатын. Сондықтан бұл өзекті 
мәселені,  әрі  философиялық-әлеуметтік  деңгейде  қарас-
тырылатын  құндылықты  қазақ  философиясы  тұрғысынан 
қарастырып,  оның  белгілі  бір  кезеңдегі  өзектендіру  деңгейін 
ашып  көрсетудің  өзі  заманның  обьективті  талаптарын  қана-
ғаттандыруға  бет  түзейді.  Қол  жеткізген  тәуелсіздігімізді 
нығайтуда  қандай  құндылықтарымызды  сақтағанымыз  жөн. 
Еркіндігімізге нұқсан келтіретін кертарпа әдеттер: жалтақтық, 

К і р і с п е
5
жалқаулық,  тоқмейілсу,  енжарлықтан  арыла  отырып,  кері-
сінше  тиянақтылық,  табандылық,  іздену  сиқты  қасиеттерді 
бойымызға жинай білу қажет.
Еркіндік категориясын философияның басқа да категори-
ялары  және  ұғымдарымен  байланыста  қарастыратын  болсақ, 
философия  тарихында  қажеттілік  категориясына  қарсы 
қойылатын көзқарастар болған. Еріктілік бар жерде қажеттілік 
жоқ  дейтін  волюнтаризмге  соқтырған  А.  Шопенгауер  мен                
Ф.  Ницшенің  көзқарастары  бойынша  еркін  адам  ойына  кел-
генін істейді. Ал, керісінше қажеттілік бар жерде еркіндік жоқ 
дейтін Т. Гоббстың және т. б. теориясы фатализмге әкелді. Осы 
бағыттағы көзқарастар бойынша адамда ерік болмаса, басына 
не жазса соған көніп, тағдырға бойұсынады. 
Бүгінгі таңда бұл мәселенің өзектілігі тарихи қалыптасқан 
дүниетанымның  маңызды  компоненті,  тұлғаны  тәрбиелеудің 
негізгі міндеті, демократиялық идеологияның маңызды қыры 
болып  табылатындығында.  Қазіргі  қоғамдық,  гуманитарлық, 
сонымен  қатар  жалпы  методологиялық  білім  көрсеткендей, 
Кеңестер  Одағы  кезеңінде  тарихи  қалыптасқан  еркіндік 
мәселесін  талдауға  бағытталған  ұстанымның  негізінен  абс-
трактілі-пайымдық  кейіпте  болып  келген  еді.  Зерттеу  еңбегі 
қазіргі  кезеңдегі  және  келер  ұрпақтың  санасындағы  немесе 
бейсанасындағы  еркіндік  рухын  сақтауға,  сана  бостандығын 
нығайтуға және еліміздің әрбір азаматы үшін тәуелсіздікті ая-
лай  білуге  үндейтін  теориялық-практикалық  дәрежедегі  ту-
ынды  деп  айта  аламыз.  Сондықтан,  бұл  халқымыздың  тари-
хи санасын оята түсу мен ата-бабаларымыздың азаттық үшін 
күресінің  философиясын  жете  түйсінуге  жетелейтін  еңбек 
болғандықтан, бүгінгі күннің өмір шындығының талғамы мен 
талаптарын қанағаттандыруға бағдарланған. 
Ұлттық рухты көтермелеу мақсатындағы, мемлекетіміздің 
мәдени-рухани  дамуындағы  қажетті  алғышарттардың  бірі 
–  ұлттық  идеяны  қалыптастыру  барысында  да  бұл  моно-
графиялық  зерттеу  жұмысының  нәтижелерін  пайдала-
ну  өз  мүмкіндігінше  оң  нәтижелерін  бере  алады.  Атап 
айтқанда, ұлттық идеяның теориялық-әдіснамалық негіздерін 
құру  мен  ұсыну  аясында  еркіндіктің,  одан  туындайтын 
азаттық  пен  бостандық  мұраттарын  нығайту  үшін  рухани-

6
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
танымдық  бағдардарларды  сараптаудың  идеялық  базасын 
орнықтыруға  септігін  тигізеді.  Көне  Түрік  заманынан  бері 
келе жатқан азаттық философиясы, «Мәңгілік ел», «Қазақ елі», 
Иолығтегіннің  «Тұтас  түрік  елі»  идеялары  арасында  тарихи 
сабақтастық үзілуге тиіс емес.
 
Осы тұрғыдан қазақ халқының 
философиялық бай мұрасындағы еркіндіктің мәні, оның қазіргі 
қоғамдағы  ауқымы  кең  мәселелерді  шешудегі  рөлі,  еркіндік 
пен ерліктің дәстүрін жасаған көшпенділердің ұлы өркениеті-
нің  желісін  жалғастырып,  рухани  қазыналарымызды,  оның 
асылдарын  жарқырата  жаңғыртып,  философиялық  тұрғыдан 
зерделеудің  маңызы  артып  отыр.  Өйткені  қазіргі  әлемнің 
көптеген  қайшылықтары  мен  қақтығыстарының  басты  себебі 
– ұлттық мәдениеттердің дәстүрлі гуманистік құндылықтарын 
ұмыту,  оны  ескермегендік.  Ал  ұлттық  мәдениеттер  бол-
са  қазіргі  өркениеттердің  негізгі  парадигмаларын  байытып, 
толықтырады. Жалпы әлемді түрлендіреді.
Даналық ойлар мен ой-қазыналарымызды ақтармайынша, 
оларды  қоғамдық  санамызға  сіңірмейінше,  қазақ  халқының 
бүгіні  мен  болашағы  күңгірт,  айқын  болмайды.  Дегенмен, 
қазіргі күні халқымыздың тарихи қалыптасқан адамгершілікті 
қарым-қатынас,  әдептілік,  имандылық  бағытындағы  дәстүр-
леріміздің  жұтаңдануы  сезіледі.  Бұл  жалпы  ақпараттық 
қоғамда  болатын  құбылыс.  Өйткені  ХХІ  ғасырдың  басында 
әлемде болып жатқан іргелі экономикалық, саяси-әлеуметтік 
өзгерістер адам өмірінің барлық салаларына өз әсерін тигізді. 
Әсіресе,  посткеңестік  мемлекеттерде,  мысалы  Қазақстанда 
болған мұндай өзгерістер бұл мемлекеттердің азаматтарының 
тіршілігінде  негізгі  әлеуметтік  кепілдіктерден  айрылуымен 
сипатталғандығы белгілі. Сонымен қатар адамның еркіндігін, 
шығармашылығын  жүзеге  асыруда  үлкен  мүмкіндіктерге 
жол  ашылды.  Еркіндік  пен  азаттық  идеясы  сонау  ықылым 
замандардағы  мифтік  дәуір  оқиғаларынан-ақ  бастау  алады. 
Ол  байырғы  түркілік  дүниетаным  мен  наным-сенімдерде 
де  айшықты  орын  алды.  Мәселен,  Зороастризмдегі  Ахура-
Мазданың Анхра-Майньюмен күресі – ізгілік пен әділеттіліктің 
бостандығы  үшін  күресінің  рәміздік  көрінісі.  Ал  тәңіршілдік 
идеясында  Тәңір  түркі  халқына  бостандық  сыйлаушы  және 
оны  қамтамасыз  етуші  құбылыс.  Шамандық  сенімде  бақсы 

К і р і с п е
7
өзінің рух-жігерінің бостандығы үшін күреседі, зұлым рухтар-
ды  бағындыру  мақсатында  рухани-психологиялық  еркіндікті 
қалайды. 
Тарих шындығына жүгінсек, ғұн мен сақ дәуірінен бастау 
алған еркіндік рухы түркі халықтарының V–VІІ ғасырлардағы 
жазба  ескерткіштеріндегі  нақыл  сөздермен  жалғасын  тапты. 
Дешті  қыпшақ  даласындағы  азаттық  сүйгіш  сана-сезіммен 
ұласып, қазақ хандығындағы хандар мен билердің, жыраулар 
мен батырлардың идеяларымен сабақтасып отырған. 
Ал,  әлемдік  философияда  еркіндік  мәселесі  көне  Грек 
ойшылдарының  идеяларынан  анық  көрініс  табады.  Қоғамда 
адамдардың  еркін  және  еркіндігі  жоқтарға  бөлінуіне  бай-
ланысты  еркіндік  батыс  философиялық  ойында  антикалық 
кезеңде мәселе ретінде қойыла бастады. Бұл мәселені алғаш 
философия  тарихында  Сократ  көтерген  болатын.  Әрі  қарай 
өрбіткендер  Платон,  Эпикур,  стоиктер  және  тағы  басқалар 
болды.  Орта  ғасырларда  болса  көбінесе  ерік  бостандығы 
ретінде  философия  мен  теологияда  еркіндік  мәселесін  ше-
шуге талпыныстар жасалынды. Бұл әсіресе христиан дінінің 
үстемдік етуімен байланыс-ты. Ондағы негізгі идея адамның 
«күнә  мен  күнәдан  құтылу»  жолдарын  таңдауы  болды.  Бұл 
мәселеде  философтар  ғана  емес  теологтар  да  бір  шешімге 
келген  жоқ.  Соңында  екі  негізгі  бағыттағылар  арасында 
күрес басталды. Еркіндіктің алдын ала Құдаймен анықталып 
қойылатындығын  жақтаушылардың  ең  көрнекті  өкілі  Ав-
густин  болды.  Орта  ғасырдағы  ұлы  христиан  ойшылы  ақыл 
мен  еріктің  айырмашылығын  адамның  Құдай  алдындағы 
күнәһарлығы еріктің алғашқы көрсетілген түзу жолдан тай-
қуынан көреді. Екінші бағытқа ерік бостандығын дәріптеуші 
Фома Аквинскийдің ілімін жатқызуға болады. Ал Қайта өрлеу 
дәуірінің  ойшылдары  еркіндікті  адамның  кедергісіз  жан-
жақты дамуы ретінде түсіне отырып, оны жоғарғы адамдық 
құндылықтық деңгейіне көтерді. Мұндай түсінік Дж. Бруно, 
Пико делла Мирандола, М. Монтень еңбектерінде көрінеді.
Жаңа  Заманда  капитализмнің  орнығуымен  еркіндік 
өзекті  мәселеге  айналды.  Еркіндік  мәселесі  жайында  Декарт 
пен Спиноза, Гоббс пен Руссо, Локк пен Юм сияқты ойшыл-
дар  ой  толғамай  қала  алмады.  Осы  ізденістердің  өзіндік  бір 

8
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
қорытындысындай болған және де буржуазиялық мәдениеттің 
еркіндік  мәселесін  шешудің  шыңына  неміс  классикалық 
философиясы  жетті  деуімізге  болады.  Неміс  классикалық 
философиясының өкілдері И. Кант, Г.В.Ф. Гегель, Л. Фейербах, 
И.Г. Фихте, В.И. Шеллинг еркіндік мәселесін ерекше деңгейге 
көтере  отырып,  оны  онтологиялық,  этикалық,  әлеуметтік-
психологиялық тұрғыдан қарастырды. 
Еркіндік мәселесін диалектикалық материализм тұрғысы-
нан қарастыру Ф. Энгельстің шығармашылығымен байланыс-
ты. Кеңестік философияда еркіндік көбінесе тек қажеттілікпен 
байланысты  қарастырылды.  Одан  кейінгі  бұл  мәселені  тал-
даудағы  маңызды  материалдар  А.  Шопенгауэр,  Ф.  Ницше,  3. 
Фрейд, Э. Фромм, М.Хайдеггердің философиясынан табылады. 
Қазақ  даласы  мен  Ресей  мемлекетінің  өзара  қарым-
қатынасы  қазақ  философиялық  ойының  тарихында  жаңа 
кезеңді  қалыптастырды.  Шығыс  пен  Батыстың  бір-біріне 
қарама-қарсы,  бетпе-бет  келуінде  мәдениеттердің  бола-
шағын  таңдау  әсіресе  «зар  заман»  ақындары  мен  қазақ 
ағартушыларының 
философиялық 
ойларынан 
айқын 
көрініс тапты. Тарихи кезеңдегі философиялық ойдың негізгі 
мәселелері – жаңашылдық пен дәстүрлі рухани құндылықтар 
арасындағы  үйлесімділік,  отырықшылар  мен  көшпенділер 
әлеміндегі  қарама-қайшылықтардың  жойылуы,  шығысқа 
еліктеуші мәдени кеңістік пен қоғамдық прогрестің батыстық 
үлгілерінің қосындысы болды. Ғасыр басында қазақ қоғамдық-
философиялық  ойында  қарама-қарсы  пікірдегі  екі  ағым 
пайда  болды.  Ә.  Бөкейханов  оларды  «батысшылдар»  және 
«дәстүршілдер»  деп  атайды.  Бірінші  ағымдағылар  Батыс 
мәдениеті  мен  өнері,  ғылымы  мен  білімін  игеруге  шақырып, 
ағартушылық ағымды жақтаса, екіншілері қазақ мәдениетінің 
өзіндік ерекшеліктеріне нұқсан келтірмей, эволюциялық жол-
мен құндылықтарымызды дәріптей отырып дамуды жөн көрді. 
Еркіндік  мәселесіне  байланысты  қазақ  философиясында 
және қоғамдық ойындағы (Әбішев Қ.Ә., Бурабаев М.С., Орынбе-
ков М.С., Сегізбаев О.А.) зерттеулердің болғанына қарамастан, 
бұл мәселе онтологиялық тұрғыдан тәуелсіздік, рухани еркіндік 
ретінде қаралмаған. Отандық философияда еркіндік мәселесін 
онтологиялық, аксиологиялық тұрғыдан қарастыруға Қ. Әбішев, 

К і р і с п е
9
Ж.М.  Әбділдин,  Н.Қ.  Сейтахметов  көп  көңіл  бөлді.  Қ.Әбішев 
еркіндікті  адамның  дүниедегі  болмысының  түпкі  онтология-
лық негізі ретінде қарастыра келе, еркіндік – адамның о бастан 
сыртқы  себептілікпен,  жағдайлармен,  ешбір  сыртқы  күштер-
мен әрі өзін қоршаған ортамен алдын ала анықталмағандығы  
деп тұжырымдайды.
Ал, қазақ философиясындағы еркіндік мәселесі жеке зерт-
теу нысаны болмағанымен, оны жалпы қазақ философиясының 
тарихы,  рухани  мәдениетін  зерттеу  контексінде  қарастыруға 
зор үлес қосып келе жатқан философтар Ә.Н. Нысанбаевтың, 
Т.Ы.  Әбжановтың,  А.Х.  Қасымжановтың,  Қ.  Бисембиевтің,   
М.С.  Бурабаевтың,  О.А.  Сегізбаевтың,  Ғ.  Есімнің,  С.Е.  Нұр-
мұратовтың,  Қ.Ш.  Нұрланованың,  С.Н.  Ақатайдың,  І.Е.  Ерға-
лидың, М.С. Орынбековтың, Т.Қ. Айтқазиннің, Н.Е. Елікбаевтің, 
Т.Х.  Ғабитовтың,  Г.  Нұрышеваның,  Д.С.Раевтың  еңбектерін 
айтуға болады. 
Ал Р.Ж. Әбділдинаның «Человек в контексте культурно-
исторического процесса» атты монографиясы жеке адам мен 
жеке  тұлғаның  адам  эволюциясын,  оның  іргелі  анықтамасы 
–  еркіндікті,  бостандықты,  субъектілікті  анықтауға  арналған. 
Б.С.  Қабыкенованың  «Идея  свободы  в  истории  философии 
права»  атты  монографиясында  құқық  еркіндігі  мәнінің 
философиялық  құқықтық  ойдағы  даму  эволюциясы 
зерделенген. 
Ұсынылып  отырған  монографияда    дәстүрлі  қазақ 
дүниетанымындағы және ХVII ғ. соңы – ХХ ғасырдың басындағы 
қазақ  ойшылдарының  еркіндік  құбылысын  философиялық 
тұрғыдан  талдау  және  қазақ  халқының  ұлттық  идеясы-
мен  тарихи  сабақтастығын  көрсету  болып  табылады.  Қазақ 
мәдениетіндегі еркіндік феноменін зерттеудің дүниетанымдық 
және  әдіснамалық  астарларын  зерделеу  мақсатында  дәстүрлі 
қазақ  дүниетанымының  ерекшеліктері  анықталып,  ондағы 
еркіндік идеясының алатын орны көрсетіледі.

10
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
1. ХVІІ–ХІХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ МЕН 
ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ 
ЕРКІНДІК ИДЕЯСЫ
1.1. Дәстүрлі қазақ дүниетанымының ерекшеліктері 
және ондағы еркіндік идеясы
Қазақ  халқының  дүниетанымында  еркіндік  болмыстың 
іргетасы ретінде қарастырылады. Адам мен әлемнің қатынасы 
контексінде еркіндік мәселесі адамның табиғаттан ажырамай-
тын төл туындысы ретінде қарастырылуынан туындайды. 
Алдымен  бұған  дейінгі  тарихи-әлеуметтік  ағышарттар 
мен  осы  дәстүрдің  қалыптасу  барысына  шолу  жасағанымыз 
ләзім.  Өйткені  хандар  –    еліміздің  тұтастығы  мен  ұлттық 
мемлекеттілікті  орнықтыруда  еркіндік  рухын  сезініп,  басқа 
халықтармен  теңдікте  болған  кезеңдерді  қамтамасыз  еткен 
ұлы  тұлғалар  еді.  Олардың  тәуелсіздік  жайындағы  идеяла-
рын,  ұстанымдарын,  бағдарларының  тарихи  философиялық 
сарапталуы  бүгінгі  ұлтымызды  ұлт  ететін  құндылықтарды 
байытуда өз үлесін қосары даусыз. Басқаға тәуелділікте болу 
ең  жеңіл  жол,  ал,  еркіндікті  таңдау,  ең  қиыны.  Ел  басымыз 
бұл  мәселенің  өзектілігі  жайында:  «Алашқа  айбын  болған
азаттық  ұғымының  айдынын  кеңейткен  тұлғаларымызды  ел 
санасына, тарихи беттеріне қайыра алып келген тәуелсіздікті 
осындай  ұлтқа  пана  болар  аруақтарымызды  тірілтіп  бергені 
үшін  асқақтатуымыз  керек  емес  пе?»  [1,  355  б.]  –  деп  жаз-
ды.  Сондықтан  да  тәуелсіздік,  бостандық,  еркіндік  туралы 
ұғымды философиялық тұрғыдан жан-жақты зерделеу бүгінгі 
қазақстандық қоғам үшін ерекше маңызды.
Қазақ  халқы  еркіндікті,  әсіресе  жеке  басының  азаттығы 
мен  ой  еркіндігін  бәрінен  жоғары  қояды.  Сөздің  жаны  бар 
деп  есептеген,  сөзге  тоқтаған,  кітапханасы  мен  мұрағаты 
өздерінің  жады  болып  табылатын  халықта  демократиялық 
құндылықтар  басымдық  танытқаны  белгілі.  «Бұрынғы  қазақ 

11
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
қоғамындағы «Дат» деп алып, ханға да қарсы уәж айта беретін 
дәстүрді  қоғамтанушылар  «далалық  демократия  үрдісі»  не-
месе  «көшпелі  демократиясы»  деп  атап  жүр.  Хан  да,  батыр-
да,  сұлтан  да,  бай  да  қара  халықтың  осы  уәжімен  есептесу-
ге  мәжбүр  болған...Бұл  орайда,  ел  сыйлаған  жыраулар  мен 
ақындардың пікірі елеулі әлеуметтік күшке айналған. Осылай-
ша дәстүрлі қазақ қоғамындағы сөз бостандығы, ой еркіндігі 
Абай  айтқандай  «бас  басына  би  болуға»,  анархияға  ұласуға 
дейін  барды.  Сірә,  қазақ  қоғамының  кезінде  қатаң  билік 
үстемдік  құрған  елдерден  кенже  қалуы,  сөйтіп  өзгенің  бода-
нына  айналуы  осы  еркіндіктің  шектен  шыққан  әрекеттерге 
ұласуынан  да  болар»,  [2,  83  б.]  –  деген  Ә.  Нысанбаевтың 
тұжырымдары  еркіндікті  пайдаланып  елдің  шырқын  бұзуға 
дейін  барудың  келеңсіз  тұстарына  берілген  дұрыс  баға  деп 
есептейміз.  Адамдық  мәнділік  еркіндікте.  Өмірде  адамдық 
мәнділікті  еркіндік  жағдайында  таңдай  алады.  Адам  таңдау 
жасау арқылы алдағы өмір сүру жоспарын анықтайды. Өзінің 
идеалдарын, нені құндылыққа балап, нені өмірінің мәні ететі-
нін осы таңдау еркі болмаса жүзеге асыруы мүмкін емес. Ал 
таңдау жеке тұлға үшін үлкен сын болып табылады. Осы таңдау 
жасауларымыздың  өзі  еркіндіктің  болуымен  анықталады. 
Адамдар  күнделікті  қатынастарында  табиғат  жағдайларына 
ғана емес, өздері жасаған күштерге де тәуелді болып жүреді. 
Ол күштер әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар, салт-
дәстүрлер мен сана түрлері болып табылады. Осы кезге дейін 
философия тарихында зертеушілір еркіндікті бар деп дәлел-
деп  жүрсе,  оған  қарама-қарсы  пікірдегілер  еркіндікті  жоққа 
шығарады.  Дәстүрлі  қазақ  мәдениетінің  негізгі  мәселелері 
мейрімділік  пен  қатыгездік,  шындық  пен  өтірік,  адамның 
әлемдегі орны, оның тағайындылығы, өмірдің мәні, адамның 
қоршаған  ортамен,  жоғары  күшпен,  рухтармен  қарым-
қатынасы  болып  табылады.  Қазақ  халқының  дүниетанымы, 
дүниеге көзқарасы өмір сүрген кезеңдерінде әр түрлі сипатқа 
ие болды. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде «Әлем-Жер-Адам» 
қатынасы  тұтастықты  қамтиды.  Қазақ  философия  тарихын-
да  ақын-жыраулар  шығармашылығында  өздерінің  болмы-
сын категориялар арқылы кескіндеп кейіптемей, поэтикалық 
қалыптағы образды ойлар арқылы айшықтады. Халқымыздың 

12
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
дәстүрлі  дүниетанымындағы  еркіндік  рухы  мәселесі  тарихи-
әлеуметтік деңгейде таразыланды. Оның негізгі ұғымдарымен 
түбірлес, тектес түсініктері ұсынылып, олар тарихи сана тұр-
ғысынан  байыпталатын  еді.  Бұл  зерттеуде  билер  мен  хандар 
және жыраулар дүниетанымындағы еркіндік категориясының 
мәнін  философиялық  тұрғыдан  ашып  көрсетуге  талпыныс 
жасалды. Алайда қоғам еркіндігі туралы мәселеде «еркіндік» 
тәуелсіздік, егемендік, азаттық, бостандық ұғымдарымен аста-
сып кетеді.
Сондықтан,  еркіндік  категориясының  қазақ  қоғамындағы 
жалпы  мазмұнын  таразылау  барысында  хандардың  ролі  зор 
екендігін,  ел  мүддесі  мен  азаттығы  соған  тікелей  байланыс-
ты  болатындығын  ескере  отыра,  оның  осы  мәселедегі  ақыл 
парасаттылық  деңгейі  мен  нақты  іс-тәжірибелік  әрекеттерін 
тарихи сана тұрғысынан таразылауды жөн көрдік. Осы орай-
да,  қазақ  хандарының  жалғасуының  басты  буындарының  бірі 
болғандықтан, екіншіден, біз қарастырып отырған мәселе ХVІІІ 
ғасырдағы еркіндіктен бастау алатындықтан – Абылай ханның 
жеке  дара  тұлғасы  арқылы  әлеуметтік  азаттық  мәселесін 
таразылауға мүмкіндік аламыз. 
ХVІІІ  ғасыр  оқиғалары  қазақ  халқының  әлеуметтік-саяси 
және  философиялық  ой-жүйесіне  ерекше  бір  шабыт  беріп, 
қозғау салған еді. Өркениеттің бір белгісі еркіндік. Қазақ атқа 
мінсе болды, демін еркін алып, жан-жағына қарап, өзін еркін 
сезінген. Қайда барамын, қалай жүремін ол өз еркінде. Бүкіл ай-
нала аймақты ол өз жері сияқты сезінген. Өмірі өзін емін-еркін 
ұстаған  қазақтың  дүниеде  қорқатыны  бостандықтан  айрылу 
болған. Абақтыға қамалу ол үшін өлімге тең көрінген. Соғыста 
қорқу, үрку дегенді білмеген. Ата-бабасынан қалған оның бір 
ерекшелігі соғыста өлемін деп қорықпаған. Оның қорқатыны 
тұтқын  болмау,  зынданда  отырмау,  не  құл  болмау.  Иә, 
өмірлерінің мәні болған еркіндік пен еркіндігінің материалдық 
негізі  болып  есептелген  малынан  айырылған  қазақ  мүсәпір 
ғана емес, аштықтан қырылды, – дейді Д. Кішібеков [3, 46 б.]. 
Көшпелілер  көзқарасында  жаугершілік  заманда  ат  жалын 
тартып мінген ер азамат, жауынгер майдан алаңында жаумен 
шайқаста  шейіт  болса,  оған  еш  өкінбеген.  Өйткені  олардың 
түсінігінде  бұндай  өлім    «ақ  өлім»  деп  саналған.  Мәселен, 

13
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
Ақтамберді  жырау  қартайған  шағында,  төсек  тартып  жатып: 
«Бар арманым, айтайын, батырларша жорықта, өлмедім оқтан 
қайтейін»  –  деп  армандаған  екен.  Бұл  арман,  еркіндік  үшін 
өлімге  де  бас  тігетінін  айғақтайды.  Елі  мен  жерін  қорғау  жо-
лында жан берудің өзі олар үшін өлімнің ең қадірлі-қасиетті 
түрі  болып  түсінілген.  Адам  үшін  мына  жарық  дүниені  қию 
қандай қиын болса, оны да осы жолда құрбан етуге бар. Оларға 
еркіндік жоқ жерде өмірдің мәнісі де қалмайды. Сондықтан жа-
уынгер-жыраулар өздерінің жалынды жырларында «жалаңаш 
бар да жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп 
сарбаздарға  рухтандырушы  күш  бере,  өздерінің  азаттығы 
жолындағы соғыста қайтпас қайсар болуға шақыра толғайды. 
Еуразиялық кеңістіктегі Қазақ Ордасының осы бір кезеңінің 
тарихи  хал-ахуалын  жазушы,  жыраулық  поэзияның  білгірі 
М. Мағауин «Түркістан бастаған жиырма бес қаладан айыры-
лу Қазақ Ордасының қанатын қырқып, өрісін тарылтып қана 
қойған  жоқ,  оның  алдағы  замандардағы  тіршілік  кебін  бір 
жақты  мал  шаруашылығымен  ғана  айналысатын  көшпенді 
кепке  түсірді.  Түркістандағы  Әзірет  Сұлтан  дүрбесінен  ба-
стап,  Сауран,  Шымкент,  Сайрам,  Ташкент,  Созақ  және  басқа 
қалалардағы  мешіттер  қоймасында  сақталған  бай  кітапхана, 
ондағы  діни-фәлсафалық  еңбектер,  ескі  тауарихтар  мен 
шежірелер, біз бар деп білмеген тағы қаншама мұра өртке кетті, 
талан-таражға түсті, жойылды» – деп сипаттайды: [4, 100–101 
бб.].  Сахара  жұртына  соншалақты  қымбат  құндылықтардың 
күйрей  бастауының  нышандары  айқын  көріне  бастаған  кез 
басталды.  Осындай  алмағайып  заманда,  қазақ  халқының 
өмір  сүруі  мен  жойылып  кетуінің  алдында  тұрған  неғайбіл 
шақтарында  ұлттың  айбынды  да  асқақ  жоғары  рухының  ар-
қасында  еркіндікке  деген  құштарлық  бәрін  де  жеңіп  шықты. 
Бабаларымыздың көзсіз жанқиярлық ерлігі жайында көптеген 
аңыздар, өлең-жырлар, толғаулар дүниеге келгені белгілі. Ол 
туындылар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің тебіренісі, 
халықтың арман-тілегі. Біздің жадымызды екі ғасыр бөліп тұрса 
да, бабалар үні құлағымызда тұрғандай. Бұрынғы мәдениеттен 
қиратындылар, ал түптің түбінде күлдің үйіндісі қалады, бірақ 
осы күлдің үстінде рух қалқып жүретін болады деген Л. Вит-
генштейн  сөзінің  жаны  бар  екенін  тарих  дәлелдеп  отыр  [5, 

14
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
276–277 бб.]. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп ата-
латын  жылдар  мен  «Қаратудың  басынан  көш  келеді»,  «Елім-
ай» атты әндер қазақ елінің дербестіктен айырылып қалу қаупі 
туған  кезеңнің  туындылары.  Осындай  қауіпті  ең  алғаш  сезіне 
бастаған  халықтың  ең  сезімтал  ұлдары  –  жыраулар,  билер, 
ақындар,  осындай  күйреудің  үрейлі  ұшқындарын  өздерінің 
шығармаларында көрсетіп, халықты, билік басындағы хандар-
ды бірлікке шақырды. Олардың негізгі үні – отаншылдық, ерлік, 
жерін, атамекенін қорғау т. т. бір кездегі Түрік империясының 
дәуірлеген  кезіндегі  рухтың  өрлігі  бәсеңсігенін  жандандыруға 
арналды.  Ұсақ  мүдделердің,  билікке  таласудың,  тайпалық, 
рулық,  т.  б.  пиғылдардың  белең  алғандығы  қатаң  сыналып, 
тұтас халықтың бірлігінің мүдделерін алға тарту басым. 
Дәуірдің геосаяси жадайына келетін болсақ, қазақ даласын 
Қытай мен Ресей бөліп алуға даярланып жатқан еді. Ресей екі 
жақты, қалмақтармен және қазақтармен «саяси ойын жүргізу» 
саясатын ұстанды. Абылайдың Қытаймен одағы сол кезеңдер 
үшін  бірден-бір  дұрыс  шешімдер  болды.  Қазақ  халқының 
мәдени құндылықтарының өсіп-өркендеуіне елеулі кедергілер 
келтірген  XVІІІ  ғасырдағы  тарихи  жағдайлар  бір  жағынан 
ұлттың намысын оятып, халықты бір жағадан бас, бір жеңнен 
қол шығаруға бірауыздылыққа, бірлікке жұмылдырды. Екінші 
жағынан,  осынау  сахараны  мекен  еткен,  ешкімнің  жеріне, 
байлығына көзінің қырын да салмаған, ешкімге өзі тарапынан 
соғыс жариялап, шабуыл жасамаған ұлттың саяси мәдениетін 
қалыптастырды.  Саяси  мәдениет  тек  ұлттық  мемлекеттілік 
құрылымның  пайда  болуына  байланысты  қалыптаса  бастай-
ды. Тайпа, ру аралық қатынастар, ел ішіндегі ірілі-уақты болып 
жататын өкпе-наз, барымта, шаруашылыққа байланысты жер 
дауы,  әлеуметтік  мәселелердің  ішіндегі  қазақ  қоғамының  ең 
бір өзектісі – жесір дауы, бұлардың барлығы дерлік халықтың 
өзінің ішкі қатынастары болып табылады. Олар саяси сфераға 
жатпайды. Халықтың халық ретінде одан кейінгі дәуірлерде ұлт 
ретінде  бірігу  үдерістері.  Әрине  бұл  құндылықтар  негізгілер. 
Бірақ  оларда  саяси  қатынастардың  белгілі  бір  нышандары 
болғанымен,  шын  мәніндегі  саяси  қатынастар  жоқ  деуге  бо-
лады.  Саяси  қатынастар  халықтық  және  ұлттық  құрамаларға 
айнала бастағанда, ол құраманың басқа сондай құрамалармен 

15
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
қатынас аясында өрістеуі тиіс. Осы халықтық құрама тұтас елді 
біріктіретін  күш,  мемлекеттің  пайда  болуымен  байланысты, 
сол арқылы күшейе түседі.
Тәуелсіздік  жолындағы  күрес  жылдары  елді  басқару, 
көрші  мемлекеттермен  халықаралық  қатынастарды  реттеу, 
ұлттық  мемлекеттің  саяси-әлеуметтік  істерін  басқару  хан 
билігі арқылы жүзеге асты. Тарихшыларымыз, әдебиеттанушы 
ғалымдарымыз  осы  ғасырды  Абылай  заманы,  Абылай  дәуірі 
деп  атап  жүр.  М.  Қозыбаев  «Абылай  және  оның  заманы» 
атты  мақаласында:  «Қазақ  халқын  талай  хандар  билеген. 
Бірақ  Абылай  хан  болған  дәуірде  Шыңғыс  әулетінен  тараған 
ханзадалардың құны құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған 
кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға 
түсті» – деп атап көрсетеді. [6, 29 б.]. Абылай ханның тұлғалық 
және  билеушіге  тән  қасиеттерін  саралар  болсақ,  Платонның 
мемлекет  жайындағы  іліміндегі  мемлекетті  басқарушы  адам 
қандай  болуы  керек  деген  қағидасы  ойға  оралады.  Платон 
оларды  топтарға  бөліп,  бірінші  топтағы  басқарушыларға  – 
данышпандарды  (философтар)  жатқызады.  Олардың  негізгі 
қызметі – мемлекетті дұрыс басқару. Ал екінші топқа әскери 
адамдарды, яғни мемлекетті қорғаушыларды жатқызады. Көне 
грек философының мемлекетті қорғаушылар ішкі-сыртқы жа-
улардан қорғап қана қоймай, соғыс өнерімен қоса поэзия, му-
зыкамен де айналысса деген пайымдаулары ел билеуші ердің 
жан-жақты жетілген Тұлға болуын талап еткендіктен еді. 
Мемлекетті  басқарушының  бойынан  Платон  іздеген 
осы  қасиеттер  Абылай  хан  бойынан  табылған-ды.  Абылай 
Тұлғасы өзінің әмбебаптылығымен де дараланды. Ең бастысы 
Абылайдың  қазақ  сахарасының  даналық  философиясын  бой-
ына  сіңірген  ақыл  иесі  болуында.  Соған  қоса  өнерден  де  құр 
алақан емес-ті, және де сол киелі өнерді дарытып қана қоймай, 
өз жан тебіреністерін музыка тіліне көшіре білген нәзік сезімді 
күйшілігі де болған. Абылай XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санау-
лы күйшілеріміздің бірі. Абылай күйлері, өздерінің аты айтып 
тұрғандай сол кездегі нақты өмір құбылыстарына арналған. Мы-
салы: «Ақтолқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», 
«Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржын қақпай», 
«Майда жол», «Садақ қақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық» 

16
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
деп  аталатын  күйлерімен  қазақ  халқының  музыка  өнеріне  де 
өз  үлесін  қосқан  композитор  деп  білеміз  [7,  9  б.].  Тұлғаның 
әмбебаптылығы,  рухани  жетілгендігі  шығармашылығы 
арқылы  өлшенеді.  Абылай  күйлері  жаугершілік  заманның 
жорықтарында  дүниеге  келген.  Қазақтың  ер  жүрек  баты-
ры  Баянның  қазасына  арнап  «Шаңды  жорық»  күйімен  аза-
ланса,  «Қоржынқақпай»  күйі  қазақтардың  Еділ  бойындағы 
қалмақтармен соғысында жеті күн ашыққандағы халін шертеді. 
Абылай  көшпелілер  қоғамының  рухани  әлемін  тереңдей 
меңгерді. Абылай хан туралы аңыз-әңгімелерге сүйенсек және 
тарихшы,  жазушыларымыздың  сараптамаларына  жүгінсек, 
ата-анасының ат қойып, азан шақырған аты Әбілмансұр болған. 
Әбілмансұр жастайынан жетім қалып, Төле бидің малын бағып 
Сабалақ атанған, Түркістан түбіндегі Қарнақ қаласын билеген 
үлкен әкесі ержүректілігімен жауға мейірімсіз болғаны үшін 
«қанішер Абылай» атанған үлкен атасының аруағын шақырып, 
жауға «абылайлап» ат қойып, жеңіске жеткен Әбілмансұрды 
осы шайқастан соң Абылай атап кетеді. Сол кездегі Орта жүздің 
ханы Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет хан Орта жүздің 
сұлтаны  атанған  жас  жігіт  Абылайға  ешқандай  төңкеріссіз, 
жаңжалсыз тағын бергенін білеміз. 
«Тарихтан белгілі, – дейді философ-ғалым Ғ. Есім – біздің 
елге  қызыққан  жау  көп  болды.  Солардан  қорғап,  жерімізді 
бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған аталарымыз жеке меншік 
дегенді  білмеген.  Ел  қорғаған  батырда  да,  ел  сөзін  сөйлеген 
биде  де  жеке  меншік  болмаған…  Жерге  қауымдық  меншік 
болған  соң  қазақта  бір  сана  қалыптасқан.  Ол  қазақ  жерінің 
тұтастығын қорғау» [8, 66–67 бб.]. Жер халықтың меншігі болған 
соң ұлттық мүдде ортақ, сыртқы жаудан ел мен жерді қорғау 
қажеттілігі туды. Ел ішіндегі саяси жағдайлар да әділ шешімін 
тауып жатты. Біздің бабаларымыздың даналығы қазақтың да-
ласындай  кеңдігі,  ойлау  өрісінің,  кең  пейілінің  нышандары 
осындай  мәселелер  шешіліп  жатқан  кезде  анық  байқалады. 
Билік  құмарлық,  атаққұмарлық,  даңққа  дандайсу  сияқты 
сияқты  пиғылдар  халықтың  бірлігі  мен  тәуелсіздігіне  үнемі 
қатер туып отырған замандарда өз-өзінен тұншығып отырған.  
Осы жерде ұлы Абайдың сөзі көкейде жүрсе ләзім. Абай отыз 
тоғызыншы сөзінде: «Ата-бабаларымыздың мінді істерін бір-

17
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
бірлеп  тастап  келеміз,  бірақ  олардың  бұл  замандағылардан 
артық екі мінезі бар екен», – дейді. «Сол екі мінезді жоғалтпай 
тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, үйренген өнеріміздің бәрі 
де  адамшылыққа  ұқсамайды,  сайтандыққа  тартып  барады, 
жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың үлкен бір себебі сол. 
Ол екі мінез қайсы десең – әуелі – ол заманда ел басы, топ басы 
деген кісілер болады екен. Көші қоңды болса, дау жанжалды 
болса,  билік  соларда  болады  екен.  Өзге  қара  жұрт  жақсы-
жаман  өздерінің  шаруасымен  жүре  береді  екен.  Ол  ел  басы, 
топ басылары қалай бітірсе халықта оны сынамақ, бірден-бірге 
жүгірмек болмайды екен… Оны зор тұтып, әулие тұтып онан 
соң жақсылар да көп азбайды екен. Бәрі де өз бауыры, бәрі өз 
малы болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, солардың 
қамын жемей қайтеді. Екінші – намысқор келеді екен. Ат ата-
лып,  аруақ  шақырылған  жерде  ағайынға  өкпе,  араздыққа 
қарамайды  екен,  жанын  салысады  екен.  Кәніки,  енді  осы  екі 
мінез қайда? Бұлардан айрылдық. Ендігілердің достығы бейіл 
емес,  алдау,  дұшпандығы  кейіс  емес,  не  күндестік,  не  ты-
ныш отыра алмағандық» [9, 105–106 б.]. Осы екі жақсы мінез 
бабаларымыздың  асыл  қасиеттерінің  бірі  болған  соң  да  елді 
есен,  жерді  аман  алып  қалудың  басты  салдарының  бірі  бол-
ды.  Сол  кездегі  ел  бастаған,  қан  майданда  қол  бастаған  аза-
маттарымыз  нағыз  батырлықтың,  ержүректіліктің  үлгілерін 
көрсетіп қана қойған жоқ, керек кезінде Отаны үшін жанын да 
қиятынын паш етті. Қан майданда қалмақ ханның хас батыры 
Шарышты жекпе-жекте өлтіргеннен кейін Абылайды қапияда 
қолға  түсірген  Қалдан  Шерін  оны  алдына  шақырып  алып 
«Шарыш сынды батырдың орнына сені өлтіремін, не арманың 
бар?»,  –  дейді.  Сонда  Абылай  тұрып:  «Менің  үш  арманым 
бар,  әуелі  мен  Шарышты  қазақ  пен  қалмақтың  қан  майда-
нында өлтірдім, ал сіз мені ұйықтап жатқан жерімнен ұстап 
алып, өлтіргелі отырсыз. Қазақ пен қалмақтың қан майданын-
да өлсем арманым жоқ», – депті. Сол кездегі көшпенділердің 
әдет-құқық заңдарының ережелері бойынша «қанға – қан, кек-
ке – кек» деген қағида болған. Мәселе, екі көрші мемлекеттің 
басты  адамдарының  тағдырын  шешу  жөнінде  болып  отыр. 
«Екінші,  қазақ  көшіп-қонып,  орнықпай  жүрген  ел  ғой.  Бір 
жерге орнықтырып, отырықшы өмірге кіргізіп өлсем, арман-
сыз  болар  едім.  Үшінші,  төрт  атадан  бері  жалғыз  едім,  дәл 

18
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
қазір өліп кетсем, не балам, не бауырым жоқ, дүниеге келме-
гендей боламын ғой», – депті [10, 26 б]. Ал жоңғар ханы Қалдан 
Шерін де көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауатты екендігін та-
нытты. Екі ел арасын ушықтырмау мақсатын көздеп, Абылай 
өтінішін тыңдағаннан кейін кешірім жасап, келіссөзге келеді. 
Бұл  жерде  Абылай  өзінің  халқына  қаншалықты  дәрежеде 
қажеттілігін сезініп қана қоймай, қалайда тірі қалудың амалын 
қарастырғанын  байқаймыз.  Оның  арман-мұраты  қазағының 
басын  біріктіріп,  отырықшы  өркениетке  жеткізу.  Екі  жаула-
сушы  мемлекеттер  арасындағы  оқиғалардың  осындай  оңды 
шешімдер  тауып  жатуы  халықаралық  саясаттың  мәдениетін 
қалыптастырды. Ал, адам өмірінің мәнділігі, тарихтағы жеке 
адамның  сын  сағатта,  дер  кезінде  жан  пида  етуі  Абылайдың 
өмірмәндік  философиясында  айшықталғанын  көруге  бола-
ды.  Қ.  Әбішев  өмірдің  мәнділігі  жөнінде:  «ру  мен  тайпаның 
сақталуы  үшін,  ұрпақ  пен  ұрпақтың  жалғасуы  үшін  жеке 
адамдарға  екінің  бірінде  өз  өмірін  қиюуды  қажет  етеді.  Ал 
жеке адам көбінесе оны даусыз мойындаған. Яғни, әрбір жеке 
адам үшін оның өз өмірінен бағалырақ нәрсенің болғаны ғой… 
Өз  өмірін  де,  басқа  адамдардың  өмірін  де,  тіпті  жер  бетінде 
тіршілік  атаулыны  бағалай  білу  мәнділіктің  басталатын  көзі. 
Бірақ  осы  мәнділікті,  осы  құндылықты  өз  жан-дүниесінің 
үнемі  ақтаушы,  оның  рухани  ұмтылыстарына  ұдайы  бағыт 
беруші  күшке  айналдыру,  тек  адамның  өз  тіршілігінен  жал-
пы тірлікті жоғары қою шартынан шығады. Осы жалпылықты 
өзі  үшін  мән  етуден  басталады»  [11],  –  деп  жазды.  Абылай 
хан  да  халқының  тағдырын,  оның  азаттығын  өзінің  өмірінің 
мәні  еткенін  көруге  болады.  Жеке  өмірін  жалпылықтың  жо-
лында  пида  етуге  даяр.  Көрші  екі  ел  арасындағы  шиеленісті 
мәселелер түйіні кейде осылайша оң шешімдер тауып жатты. 
Қазақ  пен  жоңғарлардың  ата  салттары,  жөн-жоралғылары, 
қалыптасқан дәстүрлері ұқсас болуымен қатар, арман, тілек, 
мақсаттарының  да  кейде  ұштасатын  тұстары  бар  екенін 
түсінісіп, бейбіт шешімге келіп, татуласып тарасқан кезеңдері 
де болған. Көшпелі халықтардың мемлекеттік дипломатиялық 
қарым-қатынастары жоғары дәрежеде жетілгенін көруге бола-
ды. Сонымен бірге жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың 
алға шығуы өрістеген шақтарымен де айшықталады. 

19
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
Абылай  хан  тұсында  мәмілегерлік  үрдісі  дамытылып,  са-
яси сана қалыптасып, саяси мәдениетің де жоғары сатыларға 
көтеріліп, даму үстінде болғанын бағамдаймыз. Осындай тари-
хи оқиғалардың барысына философиялық тұрғыдан талдаулар 
жасау арқылы, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз 
етуде ел билеушінің атқарар рөлінің зор екеніне көз жеткізуге 
болады.  Тұлғаның  әмбебаптылығы  қан  төгіс  ұрыстарды 
ауыздықтауда  өз  іскерлігі  арқылы  көрініс  тапты.  Жоңғар 
мемлекеті  мен  Қазақ  хандығының  арасында  тек  қана  үздіксіз 
соғыстар  мен  бірін-бірі  жаулаудан  басқа  ештеңе  болған  жоқ 
десек, ақиқатқа қиянат жасаған болар едік. Осы айтылған мы-
салдардан  біздер  екі  ел  арасында  бейбітшілік  орнап,  елшілік 
қатынастар  дұрыс  жолға  қойылған  кезеңдердің  де  болғанын 
анықтаймыз.  Олардың  өз  ырықтары  мен  тілек-талаптары 
арқылы бейбіт өмірді қалап, тыныштық орнатқан шақтары да 
болды. Бұл да еркіндік арқылы мүмкін болатын ақиқат.
Абылай  ханның  әлеуметтік-саяси  көзқарастарының  қа-
лыптасуын Шоқан Уәлиханов өз зерттеулерінде сол кезеңнің 
тарихи жағдайларымен байланыстырады. Қазақ қоғамын ты-
ғырыққа тіреген қайшылықты жағдайлардың оңды шешілуі-
не: «Дүрбелеңге толы дүбірлі кезең Абылайдың тапқырлығы 
мен  табандылығы,  ақылдылығы  мен  алғырлығын  танытуы-
на  жағдай  жасады»  –  деп  сипаттайды.  Оның  іскерлігі  мен 
саясаткерлігі,  сол  кездің  қайшылыққа  толы  саяси  жағдай-
ларын  көрегендікпен  болжағыш  әдіс-айласы  Ресей  патшасы 
мен Қытай Боғды ханынан кем болмағаны баршаға аян. Абы-
лай хан аумалы-төкпелі заманда, халықаралық жағдайлардың 
шиеленісіп  тұрған  уақытында  ұлт  тәуелсіздігін  сақтап  қал-
ды.  Кең  байтақ  қазақ  сахарасын  мекен  еткен  халықтарды 
біріктіруші  күш  рухани-философиялық  идеямен  халықты 
соңынан ерте білетін беделді тұлға дәрежесіне көтеріле алды. 
«Шынында да қазақтар мұны ұлы істер атқару үшін Алланың 
жіберген елшісі, әруақ иесі деп ұққанға дейін Абылай талай 
күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті» [12, 8 б.], – 
деп жазды Шоқан Уәлиханов. Өзінің табиғи қабілеттілігімен 
қоса ата-бабаларының өмір философиясының бұлақтарынан 
нәр  алып  өскен  Абылай  өзінің  өмірлік  тәжірибесіне  сүйене 
отырып  айналасына  билері  мен  батырларын,  жырауларын 

20
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
топтастыра  білді.  Ұлттың  келешегін  сақтап  қалудың  бірден 
бір  жолы  оның  бірлігінде  екенін  түсініп,  сол  жолда  өзінің 
барлық күш-жігерін жұмсай да білді. Абылай ханның сыртқы 
саясатта  жеткен  жетістіктері  Жоңғар,  Қытай,  Ресей  сияқты 
күшті  мемлекеттерге  Қазақ  мемлекетінің  тәуелсіздігін  мой-
ындатуы болды.
Ал  ел  ішіндегі  істерге  келетін  болсақ,  Абылай  хан  қазақ 
қоғамының  саяси-әлеуметтік,  мәдени-рухани  мәселелерінің 
негізін шешетін мемлекеттің тиісті органдарын құрды. Соның 
бірі  –  ханның  жанындағы  Кеңес.  Хандық  қоғамның  саяси 
құрылысын  басқару  принциптері  сан  ғасырлар  бойы  ата-ба-
баларымыз  салып  кеткен  айқын-ақиқат  жолмен  жүріп,  хан 
кеңесшілері – сұлтандар, билер, данагөй қариялар, батырлар 
жиналған  алқалы  жиындарда  іске  асырылып  отырған.  Бұдан 
Қазақ  хандығында  демократиялық  үрдістердің  басымдық  та-
нытқанын бағамдауға болады. Осындай қазіргі кездегі Парла-
ментке  пара-пар  келсе,  асып  түсетін  алқалы  кеңестің  мүше-
лері жайында Үмбетей жырау былай деп толғайды: 
Аруағыңа болысқан, 
Әділ билік қылысқан.
Қашпаған қандай ұрыстан – 
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай – 
Абылай сенің тұсыңда,
Сол бесеуі болыпты-ай.
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай си
 [13, 29, 77–78 бб.].
Егер  Қабанбай,  Бөгембай,  Жәнібек  сынды  батыр  бабала-
рымыз Абылай ханның жауға сілтер семсері мен қылышы бол-
са, Қазыбек пен Бұхар жырау оның сезімтал жүрегі, кеңесшісі 
бола білді. 
Сол  кезеңдегі  қазақтың  саяси-қоғамдық  ойында  бірнеше 
ағымдар қатар өмір сүрді. Жоңғар шапқыншылығынан әбден 

21
1. ХVІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары мен жырауларының 
шығармашылығындағы еркіндік идеясы
әлсіреген, одан қалса Шығыстан бір дұшпан, іргеден екіншісі 
анталап  тұрғанда  үш  жүзге  бөлініп  келген  осы  жұрттың 
алдында  қай  жолды  таңдаса,  қай  пікірді  қолдаса,  кімнің 
соңынан  ерсе  тығырықтан  шығамыз  деген  мәселе  тұрды. 
Ең  бастысы  елдің  тұтастығы  мен  тәуелсіздігін  сақтап  қалу 
қажеттілігі  туындады.  Әбілхайыр  хан  кіші  жүздің  ру  басыла-
рымен  ақылдаса  келе  Ресеймен  бірігіп,  әскери  Одақ  құрып, 
қалмақтардан  қорғануды  жөн  деп  байлам  жасайды.  Төле  би 
бастаған Ұлы жүз, Қазыбек би бастаған Орта жүз ақсақалдары 
да  Ресеймен  Одақ  болуды  қалайды.  Осы  ой-пікірлермен  са-
наса  отырып,  Абылай  хан  бір  орталыққа  бағынатын  ұлттық 
мемлекеттілікті хандық диктатураға бағындырып ұстауды жөн 
санаған еді. Айлалы саясаткер дала демократиясын да шебер 
қолдап, хандық билікпен ұштастыра да білді. Хандық кезеңнің 
әлеуметтік-философиялық  ой  қазыналары  бір-бірімен  осы-
лайша  толықтырылып  біртұтастанған  идеяға  айналды.  Қазақ 
ұлтының  бостандығы  мен  еркіндігін  қамтамасыз  етуде  Қазақ 
хандығы тәуелсіз мемлекеттіліктің үлгісі бола алды.
1757-1758  жылдарда  Қазақ-Қытай  қатынастары  шиелені-
сіп, екі жақ та алма кезек бір-біріне беріспей, бірнеше қан төгіс 
шайқаста күш сынасқаннан кейін, Шығыстан шыққан жаудың 
оңай еместігіне көзі жеткен Абылай хан Ұлы империямен тіл та-
бысуды жөн санайды. Ендігі жерде ұзақ жылдарға бағытталған 
жүйелі, орнықты саясат қажет екенін түсінді. Абылай ханның 
қазақ  қоғамы  мен  мемлекеттілігі  жөніндегі  бағдарламасын 
әлеуметтік-саяси ойдың шыңы деуге болады. Өйткені Абылай 
ханның бұл бағдарламасы прогресшіл бағыттағы құжаттар бо-
луымен  ерекшеленді.  Бағдарлама  өзінің  алдына  қазақтардың 
ерікті,  егеменді  ел  болуын  мақсат  етіп  қойды.  Абылай  үш 
жүздің  басын  қосып,  бір  орталыққа  бағынатын  Қазақ  Орда-
сын құру мақсатында көшпелі тұрмыстағы халқын отырықшы 
мәдениетке  көшіруге  бел  байлайды.  Ал  басқа  мемлекеттер-
мен саяси қатынаста әр мемлекет бейбіт қатар, бір-бірінің ішкі 
істеріне араласпай өмір сүрсе екен дейді. Тәуелсіздік жолындағы 
күрес көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жүргізудің саяси 
үлгілерін қалыптастырды. Қазақ елін сол кездегі сыртқы жау-
лардан аман сақтап қалуда Абылай хан азулы жыраулар мен 
арқалы билердің кеңесіне аса зор ілтипатпен құлақ асты.

22
Қазақ философиялық ойы эволюциясындағы еркіндік идеясы
Батыстағы көптеген деспоттық билік жүргізген отырықшы 
өркениетке қарағанда  номадтар өркениетінде жеке адам өзін 
еркін  сезінді.  Өйткені  көшпелі  қоғамда  қатал  тәртіп  орна-
ту  олардың  өмір  сүру  тәсіліне  байланысты  мүмкін  болмады. 
Далалық  демократия  орныққан  қазақ  қоғамындағы  хандық 
биліктің өзі қатал тәртіп орнатуға бағытталмаған болатын. 
Сол  дәуірдегі  хандық  дала  демократиясындағы  еркіндік 
пен  азаттықтың  тарихи  және  жалпы  теориялық  тұғырларын 
анықтай келе:
• 
Хан – далалық еркіндік пен азаттық рухының жаршысы 
және оны тәжірибе жүзінде іске асырудың орталығы;
• 
Еркіндік  таза  шексіз  немесе  шектен  шыққан 
бейберекетсіздік  емес,  ол  әлеуметтік  деңгейде  белгілі  бір 
жауапкершіліктермен,  түсіністіктермен,  келісімділіктермен 
шартталып  отыруы  тиіс  екендігінің  бақылаушысы  да  хан  бо-
лып табылады;
• 
Хан  –  Жеке  тұлғалық  еркіндіктің  негізі  –  әлеуметтік 
еркіндік, ұлт азаттығы мен бостандығы екендігін үнемі ескертіп 
отырушы ақпараттық және рухтандырушылық жан иесі;
• 
Хан  –  халқымыздың  еркіндіксүйгіш  дүниетанымы  мен 
азаттықсүйгіш  психологиясын  толықтай  меңгерген  рәміздік 
түрде жинақтаушы образ;
• 
Халықтың азаттық рухы пен тәуелсіздігі, сайып келген-
де, осы ханға тәуелділікпен ұштасып жатады деген – бағамдар 
жасауға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет