Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



Pdf көрінісі
бет21/42
Дата03.03.2017
өлшемі2,34 Mb.
#6131
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   42

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
188
Дүниенің шексіздігі мен адам тіршілігінің өткіншілігі туралы 
пайымдай  отырып  С.  Торайғыров    әр  адамның  өмірде  өз  орны 
мен  міндеттері  бар  екенін  зерделейді.  Ол  өзінің  міндеті  –  қазақ 
халқының рухани дамуын және ар-намысын қорғау деп көрсеткен. 
Адам болмысының мәні туралы ойланған С. Торайғыров үшін ең 
қорқыныштысы – өлгеннен кейін ұмытылуы, жойылуы, із-түссіз 
жоғалуы. Әр тұлғаның тіршілік  ету уақыты өмір мағынасымен, 
оның  бағытымен  өлшенеді.  Яғни  адам  өлімі  күнделікті  өмір 
ағымына әсер етпейді. Мәңгілік дегеніміз – үнемі ауысып отыра-
тын өмір кезегі. Ал көзге көрінер Әлем – таусылмас болмыстың 
бір  сәттілік  ұшқыны.  «Өмірді  үзіп  алуы,  Қараңғы  көрге  салуы, 
Мың жасасаң да көңілде, Сөзсіз арман қалуы». 
Ақын тағдырға өз «менін» қарсы қояды. Оның философиясы 
– адамның өзін-өзі билеуі, өз еркін өзі бағындыруы. 
Жақсылық қылсам өзімнен, 
Жамандық қылсам өзімнен
«Тағдыр қылды» деулерді, 
Таса қылман көзімнен [1, 199 б.] – деген ой түйеді. 
С.  Торайғыров  тағдырды  адам  өзі  билік  ете  алмайтын  жан 
дүниесінің  ашылуы  түрінде  қарастырады.  Шынында,  тағдыр 
кей кезде адамға қатал болады, адам жанын қинайды, бірақ ерік 
пен  тілекті  де,  тасыған  ақылды  да  тағдыр  сыйға  тартады  ғой. 
Сұлтанмахмұт  шығармаларындағы  Қамар  да,  Әжібай  да,  кедей 
де  ортада  болып  жатқан  әділетсіздікке  қарсы  шыға  алмайды. 
Сол  себепті  олар  амалсыздықтан  қайғы,  қасіретке  көніп,  сары 
уайымға салынады. Олар адамзаттың тұрақсыздығы салдарынан 
осындай күйге жетіп отырғандығын түсініп, өздерін де кінәлі деп 
есептейді. 
Торайғыровтың айтуынша тағдыр адамды мүгедек етіп, кейде 
өлтіруі де мүмкін, бірақ оның адамгершілік қасиеттерін өзгертіп, 
өзіне  қарсы  қоюы  мүмкін  емес.  Өйткені  адамгершілік  құлшы-
нысты адам өзі таңдайды. Яғни тағдырға мойынсұну немесе өмір 
ағымына  қарсы  шығу  шешімін  адам  өзі  қабылдайды.  Адамның 
ішкі жан дүниесі – тағдырға қарсы тұра алатын еркіндік белгісі.
Сұлтанмахмұт  өмірмен  алыса  жүріп  шындық  жолын  та-
уып,  өз  тағдырын  өзі  жасаған  ақын.  Ол  өз  өмірін  өз  өлеңімен 

189 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
жасады.  Оны  ақынның  шығармаларының  ізінен  көруге  болады. 
Сұлтанмахмұт  көрген  өмір  азабы,  жоқшылық,  жас  таланттың 
соған  қарамай  ізденуі  –  оның  шығармаларында  сайрап  жатыр. 
Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп 
айтуға әбден болады.
С.  Торайғыровтың  шығармаларында  трагедиялық  сарыны 
басым,  ол  жан-жақты  қыспақтағы,  тарих  көшінен  кеш  қалған 
қараңғы халықтың трагедиясын көре білді. Өзі халық өкілі ретінде 
жоқшылықтан, надандықтан шығудың, өнерге ұмтылудың қиын 
жолын кешті, көп ізденді, «шындықтың ауылын іздеді». 
Іздедім, іздесем де таба алмадым, 
Табам деп өзімді өзім неге алдадым?
Адамның адам аты ақталмайды, 
Бейнет қып, бар білгенім – соны аңғардым
деуі де сондықтан. Ары таза, пікірі ашық адамның заманы мен за-
мандастарына айтқан сыры бұл.
Жүсіпбек  Аймауытов  «Сұлтанмахмұт  Торайғырұлының 
сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!» деген ашық хатына 
«ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны 
ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, 
ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» деп жазған. 
Сұлтанмахмұт  -  өз  бетімен  көп  оқыған  және  ғылымның 
әралуан  саласынан  хабардар  болған.  Ескі  Египеттің  фараонда-
рынан  бастап  Николай,  Вильгельмдермен,  Шыңғыс,  Бонапарт 
жорықтарымен, ғылымда үлкен жаңалықтар ашқан Эдиссон, Луи 
Пастер  еңбектерімен  оның  таныс  болғандығы  шығармаларынан 
айқын  көрінеді.  Жалғыз  өз  халқы  немесе  кітаптарын  көп 
қарастырған орыс, Еуропа елдері ғана емес, жалпы Шығыс, әсіресе 
Қиыр Шығыстағы Жапон елінің даму тарихы жайлы жазғандары 
да  қатты  таңдандырады.  Ол  мәдениеті  озық  елдердің  жоғары 
жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. 
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам, [1, 202 б.] –

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
190
деп жырлаған ақынның бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле 
шашып  тұратын  ең  жарық  күндердің  бірі  болып  мәңгілікке 
қалғанына ешкімнің таласы жоқ.
 
                                           
Әдебиеттер
1    Торайғыров    С.    Екі  томдық  шығармалар  жинағы.  –  Алматы, 
Ғылым, 1993. 1-том. – 280 б. 
2 Ахметова Г. т.б. М.Ж. Көпеев, С. Торайғыров пен Ж. Аймауытов 
шығармашылықтарындағы  этикалық  және  эстетикалық.  –  Павлодар, 
Кереку, 2010. – 82 б.
3 Сегизбаев О. А.  Казахская философия ХV- начала ХХ века. – Ал-
маты, Ғылым, 1996. – 472 с. 
4  Дюсенов  М.  Казахская  социально-философская  мысль  и  ее  раз-
витие во второй половине ХVIII - в начале ХХ веков. – Алматы, Білім, 
2012. – 208 с.  
5  Бейсембиев,  К.  Очерки  истории  общественно-политической  и 
философской мысли Казахстана (дореволюционный период). – Алма-
Ата, Казахстан, 1976.– 428 с. 
6 Мамраев Б. Основные тенденции развития казахской литературы 
первой четверти ХХ века. Алматы, Ғылым, 1998. – 262 с. 
7  Акбаева  Л.  Проблема  человека  в  мировоззрении  Султанмахму-
та Торайгырова. Автореферат на соискание ученой степени кандидата 
философских наук. КазНУ им.аль-Фараби, 1994. – с.29 
2.7 М. Жұмабаевтың дүниетанымы және философиясы
Өткен  жиырмасыншы  ғасырдың  басы  –  қазақ  философия-
сының  даму  тарихы  тұрғысынан  әлі  күнге  дейін  толық  және 
терең  зерттелмеген  кезең.  Бұл  кезеңде  әйгілі  ақындар  мен  жа-
зушылардан,  ғалымдар  мен  қоғам  қайраткерлерінен  құралған 
демократиялық  бағыттағы  қазақ  зия лыларының  ерекше 
шоқжұлдызы:  Шәкәрім  Құдайбердіұлы,  Әли хан  Бөкейханов, 
Ахмет  Байтұрсынов,  Міржа қып  Дулатов,  Жүсіпбек  Аймауытов, 
Мағжан Жұмабаев сынды алыптар өмір сүрді. Олардың бізге жет-
кен шығар машылық мұрасын қайта жүйелі зерделеу кезінде бұл 
ой шылдар дың  сол  заманда-ақ  көтер ген  мәселелерінің  мәні  өте 
терең екенін және айтқан ойларының мағынасын енді ғана толық 

191 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
түсіне  бастағанымызды  байқаймыз.  Шын  мәнінде  олар  өз  зама-
нынан  озық  туған  тұлғалар  болыпты.  Бүгінгі  таңда  біз  шешімін 
іздеп  отырған  сұрақтардың  (тәуелсіздік,  бостан-дық,  азаттық, 
жер, су және тағы басқа өзекті мәселелердің) жауабын осыдан бір 
ғасырға жуық уақыт бұрын айтып қойған тұлғаларға бұлай баға 
бермеске шара жоқ.
Жалпы Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, 
оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы батыстағыдай 
қалыптасқан  философиялық  жүйелерде  емес,  поэзияда,  фоль-
клорда,  музыкада,  ауыз  әдебиетінде,  мифологияда,  мақал-
мәтелдерде, қанат ты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-
өзі  тануын,  тұлғаның  өмірдегі  орны  мен  рөлін  фило софиялық 
және  этикалық  тұрғыдан  жан-жақты  зерделеуге  айрық ша 
мән  беру  қазақ  философиясының  ерекше  сипаты  болып  та-
былады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы – шығыс тық 
философиядағы  ең  алдымен,  то-лық,  рухани  жағынан  жетілген 
адам  болу  рухын  қастерлеу  мен  зерделеу  дәстүрін  жалғастыра 
отырып, оны өзіндік мазмұнмен байыт қан философия.
Қазақ  халқының  философиялық  және  әлеуметтік  ойын 
зерттеуші  ғалымдар  осындай  ерекшеліктерді  ескеріп,  ұлттық 
әдебиетті  ұлттық  фило софияның  өмір  сүру  формасы  ретінде 
түсінгені,  көркем  әдебиет  туындыларын  салыстырмалы  талдау 
әдісін қолда на отырып зер делегені, жеке тұлғалардың поэтикалық 
мұрасын дағы  философиялық  мазмұнды  герменевтика-лық 
әдіспен  ашып  алу  үшін  оны  философиялық  ойлау  құралдары 
көмегімен қайта саралағаны дұрыс болар еді.
Жиырмасыншы  ғасырдың  басындағы  қазақ  ойшылдарының 
көзқарастары  терең  демократиялық  және  гуманистік  сипатта 
болды.  Олардың  шығармаларында  жалпыадамзаттық  маңызға 
ие философиялық мәселелер – адамның болмысы мен еркіндігі, 
өмір дің мәні, дін мен еркіндіктің арақатынасы т. б. мәселелердің 
де  көтерілгенін  атап  айтуымыз  керек.  Қазақ  ойшылдары  адам 
бойындағы даралық қасиетке ерекше мән берді, кез келген кісіге 
қайталанбас  жаратылыс  жұмбағы  ретінде  қарады,  адам  мен 
ұлттың тарихтағы рөлін дұрыс бағалай білді. Философиялық мә-
селелерді ізгілік пен қараулық аясында қарастырып, дүниета ным-
дық ойларын этикалық бояумен астастыра бейнеледі.
Дәл  осы  кезеңде  ғұмыр  кешкен  ең  көрнекті  қазақ  ақын-
дарының  бірі  Мағжан  Жұмабаев  поэзия  аспанын  өзінің  құдай 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
192
берген  жарқын  талантымен  ерекше  шұғылаға  бөледі.  «Өлеңнің 
тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, – деп жазады 
Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы «Мағжанның ақындығы 
туралы»  деген  тамаша  мақаласында,  –  Абай  да  сөздің  ішін  мә-
нерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жа-
сауда,  сөздің  сыртқы  түрін  әдемілеуде  Мағжанға  жеткен  қазақ 
ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әде-
биетке  жаңа  түр  кіргізіп,  соңына  шәкірт  ерткен,  мектеп  ашқан 
күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ» [1. 416 б.].
Ал қазақ халқының тағы бір кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезов 
1927 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 
сауалдарына  қайтарған  жауабында  «Мағжан  –  культу расы  зор 
ақын...  заманнан  басып  озып,  ілгерілеп  кеткен  ақын  бо лады... 
Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен ке лешекке 
бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан сөзі. 
Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп біле мін» деп жазады 
[2, 128 б.].
Бұдан  біз  көзі  тірісінде-ақ  Мағжан  Жұмабаев  жырларының 
қазақ халқы, тек қазақ халқы ғана емес-ау, бүкіл түркі әлемі зия-
лы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, 
әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. 
Шынымен-ақ,  Мағжан  шығармаларында  айтылатын  қағидалар 
мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір 
ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт 
озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық философиялық-
әлеу меттік  проблемалар  қатарында  алдымыздан  қайта  шығып 
отыр.
Ол қандай ойлар, қандай толғаныстар еді? Жалпы қазақтың 
киіз туырлықты үйінде дүниеге келіп, әлемдік мәдениетке ерекше 
құбылыс  болып  қосылған  Мағжан  Жұмабаев  шығармашы лығы-
ның қайнар-бастаулары қайда жатыр? 
Бұл  сауалдарға  бір  тарау  аясында  толық  жауап  беріп  шығу 
қиын шығар, алайда осы бағытта жүргізілуге тиіс болашақ зерт-
теулердің бағыттарын анықтап алудың мезгілі жеткен сияқты.
Мағжан  Жұмабаев,  ең  алдымен,  ерекше  табиғи  дарын  иесі. 
Адам бойындағы айрықша қабілет – Құдайдың сыйы, әлі ғылым 
зерттеп  бітпеген  жаратылыстың  жұмбағы.  Әйтпесе,  қазіргідей 
оқу-ағарту  жүйесі,  кітап  шығару  өндірісі  қалыптаса  қоймаған 
дәстүрлі қазақ ауылында дүниеге келген Мағжанның төрт жасын-

193 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
да хат тануы, он тоғыз жасында алғашқы өлеңдер жинағы «Шол-
панды»  кітап  етіп  жариялатуы  таң  қаларлық-ақ  дерек  емес  пе? 
Және бұл қандай өлеңдер десеңізші? 1912 жылы Қазан қала сын-
да жарық көрген «Шолпан» жинағы хат танитын қазақ қауымын 
бірден елең еткізді. Ұлы Абай рухын бойына сіңірген, кең байтақ 
қазақ даласының сұлулығы мен сырлы аңыздарынан армансыз су-
сындап өскен бұла таланттың дүниеге келгені белгілі болды.
«Кең дала көресің ғой, ана жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар –
Әне, сол анам еді мені тапқан», –
деп жырлайды ақын мұндай жұмбақ құбылыстың сырын білгісі 
келгендерге [3, 48 б.]. Табиғатпен етене араласып ғұмыр кешкен 
туған ха л қының тұрмыс-салты, әні мен жыры, аңызы мен әпсанасы, 
өз тарихы мен өзге жұртқа көзқарасы, бір сөзбен айтқанда, қазақ 
халқының дәстүрлі дүниетанымы – міне, Мағжандай дара талант-
ты  тудырған  әлеуметтік  орта  осы.  Сондықтан  да  ол  қазақтың 
кең  даласын  «әне,  сол  анам  еді  мені  тапқан»  деп  жырлап  отыр. 
Ақынның кейінірек жазған «Қорқыт», «Баян ба тыр», «Қойлы бай-
дың  қобызы»  сынды  классикалық  поэмалары ның  да  халық тық 
аңыздар желісінің негізінде жазылуының да осындай сыры бар.
Екіншіден, Мағжан Жұмабаев – Құдай берген талантына қо-
са өз заманына сай жан-жақты жоғары білім алған зиялы азамат. 
Қызылжар қаласындағы Мағжан оқыған «Шалақазақ медресесі» 
сол  заманда  Қазақстандағы  белгілі  оқу  орындарының  бірі  бола-
тын.  Медреседе  сабақ  берген  Мұхамеджан  Бегішов  –  Стам-
бул  қаласындағы  Түрік  университетін  бітірген  көрнекті  қазақ 
зиялыларының  бірі  еді.  Мағжан  бұл  медресе  қабырғасынан  бес 
жыл ішінде араб, парсы, түрік тілдерін меңгеріп, түркі халықтары 
та рихынан  жақсы  мағлұмат  алып  шығады.  Бірақ  алған  білімін 
місе  тұтпай,  әкесінің  қарсылығына  қарамастан,  бірге  оқыған 
досы  Бекмұхамбет  Серкебаев  (Ермек  Серкебаевтың  әкесі)  екеуі 
1910  жылы  Уфадағы  «Ғалия»  медресесіне  оқуға  аттанады.  Сол 
замандағы Ресейдегі түркі халықтарының жастары үшін мәдени 
және  ғылыми  орталыққа  айналған  «Ғалия»  медресесін  қазақ 
халқының тағы бір зиялы азаматы Сәлімгерей Жантөрин басқа-
ратын,  татар  халқының  атақты  жазушысы  Ғалымжан  Ибраги-

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
194
мов  те  осында  сабақ  беретін.  Мағжан  «Ғалия»  медресесінде  үш 
жыл  оқып,  Біләл  Сүлеев,  Зейнелғабиден  Иманжанов,  Бейімбет 
Май лин сынды кейінгі көрнекті қазақ зиялылары болып қалып-
тасқан  азаматтармен  танысқан,  Орынборда  Ахмет  Байтұрсынов 
шығара бастаған «Қазақ» газетінің жұмысына белсене араласқан, 
Қазан қаласында алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарған, т. б. 
Ең бастысы – жас ақын Шығыс мәдениеті мен философиясының 
озық үлгілерінен мол мағлұмат алады. Мағжанның бұдан кейінгі 
тағдырына  орасан  зор  ықпал  еткен  адам  –  Міржақып  Дулатов. 
Жас  ақынның  шығармаларынан  тума  талантты,  өзімен  рухтас 
тереңдікті  байқаған  М.  Дулатов  Мағжанға  орыс  тілін  үйретеді, 
шет ел және орыс ақындарының өлеңдерін аудартады. 1913 жылы 
Мағжанның Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсуіне 
де М. Дулатовтың ақыл-кеңесінің ықпалы болған. Мұғалімдер се-
минариясында оқыған төрт жыл Мағжан Жұмабаев дүниетаны-
мы ның  қалыптасуындағы  елеулі  кезең  болды.  Осы  оқу  орны 
қабырғасында ол белгілі энциклопедист-ғалым Г.Н. Потанинмен 
кездесіп, түркітану ғылымының атасы жас ақын бойынан «екінші 
Шоқан» бейнесін көрген. Семинарияда Мағжан «Потанин қоры-
нан» стипендия алып тұрған. Ақынның Батыс Еуропа классик тері 
Гете  мен  Гейне  шығармала рын  құмарта  оқитыны,  орыс  қа лам-
гер лері  Л.  Толстой  мен  А.  Блок  шығармаларымен,  неміс  фило-
софы О.Шпенглердің «Еуропаның сөнуі» кітабымен, орыс фило-
софы  В.С.  Соловьевтың  туындылары мен  жақын  таны-сатыны  да 
осы  кез.  Кейін  жиырмасыншы  жылдары  ол  Мәскеудегі  Жоғары 
әдебиет және көркемөнер институтында оқыған шағында шет ел 
және орыс әдебиетінің озық үлгілерін терең зерделеуін жалғасты-
рып, орыс қаламгерлері С. Есенинмен, М. Горькиймен, В. Брюсов-
пен, А.В. Луначарскиймен достық қарым-қа тынаста болады. Се-
ми нарияны  алтын  медальмен  бітір ген  Мағжан  Жұмабаевтың 
қоғамдық  және  педагогтік  қызме ті нің  басталуы  Ресейдегі  әлеу-
меттік толқулармен тұспа-тұс келген еді.
Ақынды елдегі әлеуметтік-саяси күрес майданы бірден үйіріп 
әкетті. Негізгі халқы «ақ» пен «қызылға» бөлініп, бір-біріне қар-
сы  бітіспес  қан  майдан  ашқан  бұрынғы  империядағы  аласапы-
ранды пайдаланып, қазақ ұлты-ның дербес мемлекетін қалпына 
келтіруге ұмтылған Алашорда қайраткерлерімен бірге Мағжан да 
қолынан келгенше осынау ұлы арманның жүзеге асуына өз үлесін 
қосуға  тырысып  баққан.  Абақтыға  да  түскен,  атқа  мініп  алаш 

195 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
ұлдарын еркіндікке шақырып та көрген. Алайда «бостандық әпе-
рем» деген қызылдардың көкейіндегі астыртын арам ниетін сез-
ген, оларға қарсы көтерілген «ақ гвардияшылардың» бейбіт қазақ 
ауылдарын тал түсте қырғынға ұшыратқан қатыгездігінен жаны 
түршіккен,  халық  басына  түскен  осындай  қасіретке  қарамастан 
бас-басына би болып, екіге жарылған қазақ зиялыларының істе-
рінен түңілген ақын жүрегі қан жылайды.
Арман күйреді. Қазақстанда кеңестер билігі орнады. Мағжан 
енді жаңа билік иелерінің берген аз ғана мүмкіндігінің өзін тиімді 
пайдаланып, туған халқының оқу-ағарту жүйесін жетілдіруге бар 
күш-жігерін арнайды. Ақмолада (қазіргі Астана) «Бостандық туы» 
газетінің редакторы, Ташкентте Қазақ-қырғыз білім комиссиясы-
ның мүшесі бола жүріп қыруар шаруа бітірді. «Шолпан», «Сана» 
журналдары  мен  «Ақ  жол»  газетінің  жұмыстарына  бел-сене 
аралас ты.  Екі  жыр  жинағын,  оның  рухани  әлемінің  бірден-бір 
кілті  ре тіндегі  «Педагогика»  оқулығын  жарыққа  шығарып,  оқу-
ағарту  ісі не,  әдебиет  пен  мәдениет  тарихына  қатысты  ондаған 
ғылыми  ма қа лалар  жазды.  1924  жылы  Мәскеуге  қызметке  ауы-
сып, үш жыл бойы Күншығыс баспасында қызмет атқарды, қазақ 
тіліне  М.  Горь кийдің,  Мамин  Сибиряктың,  В.  Ивановтың  т.  б. 
шығарма ларын аударды. 1927 жылы елге оралып, Қызылжардағы 
Қазақ  педагогикалық  техникумы  мен  кеңес-партия  мектебінде 
сабақ берді. Алайда күшіне міне бастаған кеңестік билік күні кеше 
ғана Қазақ елінің дербестігін аңсаған ақынның бұрынғы қылығын 
кешпеді. Әлде оның халық арасындағы даңқы мен мұқалмаған ру-
хынан қорықты. Әйтеуір Мағжан Жұмабаев 1929 жылы үш жүз-
ден астам қазақ зиялыларымен бірге қамауға алынып, Каре лияға 
айдалады.  Бұл  жазадан  1935  жылы  М.  Горькийдің  көмегімен 
босанғанымен, екі жылдан соң, 1937 жылдың 30 желтоқсаны күні 
қайтадан тұтқынға алынып, қазақтың ақиық ақыны «қызыл тер-
рордың» құрбаны болып кете барды.
Бұл пәнидегі қырық бес жылдық ғұмыры халқымыз тарихын-
дағы атыс-шабысқа толы, қырғын зұлмат кезеңге тұспа-тұс келсе 
де,  аттың  жалында,  түйенің  қомында  жүріп,  артында  сан  ғасыр 
бойы  ұмытылмайтын  мұра  қалдырған,  көзі  тірісінде-ақ  қазақ 
поэзия сындағы  Абайдан  соңғы  ұлы  құбылыс  болып  бағаланған 
Мағжан  Жұмабаев  шығармашылығы  соңғы  10-15  жыл  шегінде 
егжей-тег жейлі зерттеле бастады. Белгілі ғалым Ш. Елеукеновтің 
«Мағжан» монографиясы бұл бағыттағы елеулі еңбек болып та-
нылып, лайықты бағасын алды. Алайда бүгінге дейін жарық көр ген 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
196
зерттеулердің көпшілігінде, негізінен, Мағжан Жұмабаев шығар-
машылығы әдеби-көркемдік тұрғыдан талданып келді. Ал оның 
жырларындағы  терең  толғаныстардың  философиялық-дү ние та-
нымдық астары, ақынды сан түрлі сезімге түсірген жағдайлардың 
әлеуметтік мәні зерттеушілер назарынан тыс қалып ке леді.
Иә, Мағжан Жұмабаев, ең алдымен, ақын, Жүсіпбек Ай мауы-
тов  сөзімен  айтсақ,  «Мағжан  сыршылдығымен,  суретшілі гімен, 
сөзге  еркіндігімен,  тап-қыштығымен  күшті,  маржандай  ті зіл ген, 
торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды за рымен 
күшті».  Оның  өлеңдері  «әлде  өкіндіреді,  әлде  мұңай тады,  әлде 
жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер бе реді» [1, 
425 б.].
Біздің бұған қосарымыз, ақын жырларындағы әлгі «нәзік үнді 
күйдің» де, «шерлі, мұңды зардың» да астарында қорғасын дай ой 
жатыр, ұлы тұлғаның таңды таңға ұрған толғаныстары жа тыр. Ол 
қандай ой, қандай толғаныстар?
Ақынды алғашқы өлеңдерінен бастап, соңғы демі үзілгенше 
туған  халқының,  бүкіл  түркі  жұртының,  Шығыс  мәдениетінің, 
жалпыадамзаттың тағдыры толғандырады. Ес білгеннен көкжиек-
ке  дейін  керілген  кең  байтақ  даланы  тамашалап,  еркін  өскен, 
елінің өткен дақты тарихы мен ертегі-аңыздарын құлағына құйып 
ер  жеткен  Мағжан  бойында,  әуелгіде,  өршіл  ұлттық  рух  кеме-
рінен асып төгіледі:
«Шынында менің өзім де – от,
Қысылған қара көзім де – от.
Мен оттанмын, от – менен
Жалынмын мен жанамын
Оттан туған баламын.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . 
Талай зулап ұшқанмын
Альпіге барғам Алтайдан
Балқанға барғам Қытайдан...» [3, 50 б.]
Ақынның «от» деп отырғаны – халықтың ұлы ұлттық рухы. 
Ұлттың  тарихи  және  философиялық  зердесін  оятып,  рухын 
көтеру арқы лы ғана бодандықтан құтылуға, ел тәуелсіздігіне қол 
жеткізуге,  тіпті,  әлем  халқына  өз  өркениетіңді  танытуға  болады 
деп есеп тейді ол:

197 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
«Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар» [3, 52 б.].
Жоқ,  жоқ,  бұл  –  кезінде  Еуразия  құрлығын  ат  тұяғымен 
дүбірлеткен,  алыс-жақын  ұлыстарға  мәдениет  пен  шаруашы-
лықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуы-
мен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің 
аспандағы  айды  алам  деп  секірген  тарпаңдығы  емес.  Бұл  –  өз 
халқының  бойындағы  биік  рухқа  сенген,  сол  рух  қайта  бір  дүр 
сілкінсе, армандаған азаттыққа жеткізеді, әлемдік өркениет көші-
нің  алдыңғы  легіне  қайта  қосылуға  болады  деп  үміттенген  аза-
маттың парасатты да мақсатты әрекеті. 
Ал  Мағжан  ақын  болса,  халықтың  тарихи  зердесін  оятып, 
ұлттық намысы мен ұлттық рухын сілкіндірудің қажеттігін, ортақ 
мүдде  жолында  топ тасқан  ұлттың  ғана  азаттық  алып,  әлемдік 
өркениеттік қауымдастық қатарына қосыла алатынын осыдан бір 
ғасырға жуық бұрын-ақ түйсініп, өршіл жырға айналдырып, айта 
алған. Және туған халқының сол замандағы қиын халін, кенжелеп 
қалған тұрмыс-тіршілігін көре отырып, осылай жасаған:
«Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол елімді сүйемін!», – 
деп суреттейді ақын сол замандағы ұлтының болмысы мен тұр-
мыс-тіршілігі ту ралы [3, 36 б.]. Ақын әлемде не болып жатқанымен 
шаруасы жоқ, «алдындағы малымен», «ескі заңымен» қоңырқай 
тірші лік кешіп жатқан халқын сүйіп қана қоймайды, оның ертеңгі 
болашағының  жарқын  болатынына  сенеді.  Оның  сол  жарқын 
болашаққа тезірек жетуі үшін жанын да, қанын да аямайтынын 
паш етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет