АБАЙ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ
І
Қазақ халқының ұлы ақыны, ақыл-ойшылы, ұлы
кемеңгері Құнанбайұлы Абайдың туғанына осы жыл август
айында жүз жыл толады
1
.
Абай тар заманда, “соқтықпалы соқпақсыз” жер-
де, халықтың игілікті ісіне қарсы топпен жалғыз алысып,
халқының көшін жаңа жолға – мәдениет, өнер-білім жолы-
на бастады. Халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолын-
да қажымай еңбек етті.
Абай қазақ елінің дәл бүгінгідей ерікті, берекелі, бірлікті,
күшті, мәдениетті, бай, бақытты ел болуын көкседі.
Берекелі болса ел,
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды, соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден,
Өзгеше боп өсер төл, –
деп тіледі.
Абай қазақтың әрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы
үшін, ой-санасын жетілдіру, ержеткізу үшін күресті. Оларды
халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге
шақырды, адамгершілікке баулыды.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
44
Осыны біл. Талап қыл, өнер, кәсіп ізде.
Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме.
Қызық келсе, қызығып, оған да ерме,
Жүрегіне сүңгі де, түбін кез де,
Бұдан тапқан шын асыл, тастай көрме, –
деп ақыл айтып, қайрап, жігерлендірді.
Абай қазақтың жаңа әдебиетін – мағынасы терең, тілі
орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем әдебиетін жасады.
Шын мағынасында өлең өнерін жасады. “Мақсатым – тіл
ұстартып, өнер шашпақ” деген сертіне жетті.
Абай халқына “іші алтын, сырты күміс” өлең қазынасын,
мәңгі өлместей асыл сөз қазынасын қалдырды. Ол – қазақ
халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті, дүние тануы,
мінез-құлқы, зар-мұңы, тілек-арманы. Ол – жапа көрген,
көп шыдамдылықпен жақсы болашаққа сенген ер халықтың
бейнесі.
Абай өз халқын мейлінше сүйді. Сол өз халқын сүю
арқылы онымен тілек-арманы, тарихи тағдыры бір
халықтарды сүйді. Халқына үлгі боларлық, жәрдем қолын
созарлық ұлы орыс халқының мәдениетін, өнерін сүйді.
Абай – халқының шын ұлы. Ол өмір бойы халқының
қайғы-шерін жазып, мерейін көтеру жолында қызмет етті.
Абай халқына тек өз тұсында ғана қызмет етіп қойған жоқ,
ол өзінің жарқын бейнесімен, асыл сөздерімен бүгін де
қызмет етіп отыр.
Абай – қазақ халқының ұлы классик ақыны, үлкен ой-
шылы, зор әлеумет қайраткері. Сол үшін оны халқымыз
сүйеді де, құрмет етеді, оның атын мақтан етеді. Сондықтан
оның туғанына жүз жыл толған күнді еліміз зор мереке етіп
өткізеді.
ІІ
Абай он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында жа-
сады. Ол осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын
жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған.
Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі қоғамдық
қарым-қатынас бар еді: ол – капиталистік, бектік-феодалдық
45
қалып болатын. Қазақ бұқарасының басында осы екеуінен
туған екі түрлі ауыр азап, екі түрлі қанау, қысым бар еді.
Оның бірі – отаршылдық қанау еді де, екіншісі – бектік-
феодалдық қанау еді.
Ресей патшалығының қазақ даласын түрлі жақтан отар-
лауы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында мейлінше
күшейді. Қазақ халқының өз ұлт бостандығы жолындағы
40-50 жылға созылған ерлік-қаһармандық күресін патша
үкіметі осы қарсаңда басып, жеңіп аяқтатқан-ды.
Енді қазақ жайында түрлі жоба, ереже шығарып, әуелі
сұлтан, аға сұлтан тәртібін орнатты, кейін сұлтан, аға сұлтан
тәртібін жойып, болыс, старшын, сайлау-штат тәртібін ор-
натты, би сайлау тәртібін шығарды.
Міне, осының бәрі қазақ арасында ру партиягершілігі
мен талас-егесті, дау-жанжалды, парақорлық, талан-тараж-
ды, зорлық-зомбылықты күшейтті. Қазақ бұқарасының
малы жауға, басы дауға түсті. Осы халді үкімет қуаттап, әдейі
өршітіп отырды.
Мұның үстіне, осы кезде қазақ арасында алым-салық
көбейді. Түтін салығы, жер салығы, мал салығы, жан салығы,
шөп салығы, су салығы шықты. Кімде-кім салығын төлей
алмаса, кезінде төлемесе, одан айып, өсім алынды. Бұл
алым-салықтарды, айып-өсімдерді болыс, старшын, ауыл-
найлар өз пайдасын көздей отырып, еселеп өндірді.
Осымен қатар, патша үкіметі қазақтың жерін тартып
алуды күшейтті. Қазақ халқын тау-тасқа, шөл далаға айдап
салды. Ол жерлерді де 1824 жылы шыққан уақытша ереже
бойынша қазақ көшпелілеріне қоғам болып пайдалануға
берілді деп жариялады. Ең жақсы, ең шұрайлы жерлерді
тартып алып, помещиктерге, чиновниктерге үлестірді.
Ал қазақ көшпелілеріне қоғам болып пайдалануға
берілген жерлердің көбі шынжыр балақ, шұбар төс
байлардың, би, болыстардың, рубасылардың қолында бол-
ды. Қазақтың кедейлері, жарлы-жақыбайлары тілім жерге
зар болды. Олар жатақ болып, қалалы жерлерде малайлық
істеді.
Абай заманында қазақ арасында бұрынғы ру-ақсақал-
дық, бектік-феодалдық қалыптың қалдықтары да әлі күшті
46
еді. Ол елдің еңсесін түсіріп тұрған, оны ілгері бастырмай
тұрған жағдайдың бірі еді.
Өйткені осы рубасылар, ақсақалдар, би-төрелер, қожа-
молдалар халықтың қалың бұқарасын түрлі жолмен
қанайтын еді. Мініп-түсетін көлік беріп, сауын беріп, ас-су,
киім-кешек беріп жұмсап, арзан бағаға қызмет істетіп езді.
Тағы бір тобы әдет-ғұрып заңын, дін салтын пайдаланып,
қызмет істетіп езетін болды. Бай-феодалдар, алыпсатар сау-
дагерлер кедейлерді, жарлы-жақыбайларды несиеге, өсімге
мал, ақша беріп, ортақ-серікке жер, тұқым, көлік, сайман
беріп, қанаушы еді.
Осымен қатар, ел ішінде ынта-жігерсіздік, жалқаулық,
құр сандалып күн кешірушілік көп еді. Ел ішінде қараңғы-
лық, дін салты, қожа-молданың ықпалы да күшті болды.
Ислам діні, оның түрлі парыз-шарттары, қожа-молдалары
иман, тағдыр деп, жақсылық та, жамандық та, бай болмақ
та, кедей болмақ та – бәрі де құдайдан деп, халықтың ой-
санасын тұмшалап, тұмылдырықтап, қайрат-жігерін, ынта-
талабын байлап-матап ұстайтын. Адамның ілгері талабына,
ізденуіне жол бермейтін.
Қазақ арасындағы бұл ру-ақсақалдық, бектік-феодалдық
қалыптың қалдықтары патша үкіметіне іздегенге сұраған
болып табылды. Патша үкіметі оны қуаттап, нығайта түсті,
өзінің отаршылдық мүддесі үшін пайдаланды.
Сонымен, Абайдың заманында қазақ даласында екі түрлі
шаруашылық-әлеуметтік қалып, қарым-қатынас ұштасып
жатты: бірі – күннен-күнге әлсіреп, құрып бара жатқан
бектік-феодалдық қалыптың қалдығы, екіншісі – күннен-
күнге өсіп, күш алып келе жатқан жаңа капиталистік
қарым-қатынас еді. Осы екеуінің тоғысуы қазақ даласын-
да шаруашылық, әлеуметтік қайшылықтардың айқын
көрінуіне себеп болды.
Міне, Абай өзінің осы заманын, оның осы өзгешелігін –
шым-шытырық қайшылықты екенін жақсы ұққан ақын.
ІІІ
Абай он жасына дейін ауылда өсіп, елдегі молдадан
оқыды. Он жасына келгенде, оны әкесі Семей қаласына
47
әкеліп, медресеге оқуға береді. Онда оқу, әрине, ескіше, ылғи
дін сабақтары. Соның көбін араб, парсы тілінде оқиды.
Абай медреседе үш жыл оқиды. Өзімен бірге оқыған
үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді,
ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәріс ретінде
оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан
анағұрлым оңай, көп уақытын да алмаған.
Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен
өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салы-
нады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік
жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған
ертегі, қыса сияқты әдебиет мұралары.
Абай оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін
сезімді оқушы бола бастайды. Араб, парсы, түрік ақын-
дарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі
ақындары болады
2
. Солардың әр сөздерін оқып шығып, та-
лай бәйіттерін (жырларын) жаттап жүреді.
Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша
ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз араб, парсы тілі
деп біліп, Абай да алғашқы өлеңдерін араб, парсы тілдерімен
Физули, Сағдише айтады.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай Семей
қаласындағы “Приходская школаға” түсіп, орысша да оқи
бастайды. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Басы-аяғы
үш-ақ аймен бітеді. Мұсылманша оқуы да доғарылады.
13 жасқа толғанда әкесі Абайды оқудан шығарып
әкетеді. Ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып,
жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.
Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін
салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жараты-
лыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын
еріксіз осы жолға салады. Ел кісісімен араласқанда сөз ке-
рек, тапқырлық керек. Кезеңді жерге келгенде айла да, ашу
да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не
сөйлейді, не істейді? Бұрынғы жақсы адамдар не айтып, не
істеген? Өз әкесі қайтеді? Оған қарсы адамдар не тілейді?
Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле
қарап, толық ұғынып, жете білуге тырысады.
48
Абай жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі
сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне
елдің маңдай кісілерімен қатар түсетіндей білім алады.
Халықтың қоғамдық тіршілігіндегі қайшылықтарды, ауыр
шындықтарды да содан ұғатын болады.
Қаладағы оқудан Шығыс ақындарын сүюді, ақындықты
сүюді ала келген Абайға енді бір тәрбиеші, ұстаз қазақтың
халық қазынасы болады. Бұл жөніндегі азық, білімді
ол тағы да халықтан шыққан шешен, ділмәр ақыннан,
ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ол әңгімелердің,
жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуан әкімдер
зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі.
Осындай мұраларды сүю Абайдың негізгі іргесін қатал
билер ортасында қалдырмай, халық мүддесіне жақын
етіп жүреді. Билер, әміршілер ортасын ел көзімен көріп,
қиянаттарын танып, қатты сынап, жиреніп өсуге себеп бо-
лады.
Енді сол ортаның залалды мінездерімен алысып, еліне
тым құрса сонысымен пайдалы азамат болғысы келеді.
Бірақ мұның ол жолы ел жуаны жау еді. Олар Абайдың өзіне
өтірік пәле-жала жауып, жарға жықпақ болады. Олардан бас
қорғау ретінде және, бір жағынан, жаманын жазалаймын,
тезге саламын деген талаппен Абай оларға қарсы алысатын
болады.
Сонымен, 28 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген
партия басы жалақорлардың өтірік арызы, көп шағымы
Семейдің кеңселеріне түсе береді
3
.
Абай осындай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан
3-4 айға шейін шыға алмай жатады. Осы кезден оның орыс-
ша жағынан ізденуі басталады. Бірақ алғашқы жылдардағы
оқуы үнемі салынып ізденген іс емес. Қалада болған уақытта
оқта-текте қарастырады.
Жасы отыздан асқан соң орыстың тілін мықтап оқиды.
Қалада жатып, едәуір тіл білген соң, енді көп нәрлі кітаптар
оқуға кіріседі. Содан бері аз жыл өткенде Абайдың күндегі
өмірінде үлкен орынды тек кітап алады. Пәлен жақсы, түген
жазушы дегендердің сөздеріне құмарланып, қадала оқи
береді.
49
Абай 1880 жылдарда Петербурдан айдалып келген
революцияшыл-халықшыл Михаэлис деген кісімен та-
ныс болады. Сол арқылы 80-жылдарда айдалған басқа
халықшылармен де танысады. Соның ішінде халықшыл ад-
вокат Гросс, жас доктор Долгополов сияқтылар болады.
Олар патша үкіметі Сібірге, Қазақстанға жер аударған
революцияшылдар болатын. Қазақстанның батыс жағына
Шевченко айдалып келгенде, Омбы сияқты қалаға, орыс
халқының атақты жазушысы Ф.М. Достоевский бастаған
талай игі жақсылар келген. Бұлардың ішінде Буташевич-
Петрашевскийдің өзі, Дуров сияқты ірі адамдар болған.
Революцияшыл демократтардан Чернышевскийдің та-
лай серіктері болып еді. Абаймен жақындасып, достасқан
Михаэлис, Долгополовтар осы соңғы топтан шыққан адам-
дар болатын.
Ұлы орыс халқының осылар сияқты адал, халықшыл
ұлдарының бәрінің жүрегінде патшалық дегенде өштік пен
жиреніш аса күшті еді. Олар айдауда жүрген күндерінде
де орыстың қалың бұқарасы, қара шаруасының құлдық,
қорлық халін патшалыққа кешпейтін.
Сонымен қатар олар Сібірде, Қазақстанда патшалық
езіп жүрген барлық бұратана елдерге де үлкен достықпен,
зор бауырмалдықпен қараушы еді. Патшалықпен алысқанда
Ресейдегі езілген, бұратана халықтармен орыс халқын бір-
біріне дос етіп, күштерін біріктіру шарт дейтін. Қазақ дала-
сын қараңғылықта ұстап, орыс халқымен жаулықта ұстауға
тырысқан, орыс мәдениетінен жырақтатып ұстаған саясатқа
да қарсы алысқан.
Сондықтан орыс халқының шын адал және ұлы өкілі
болған, патшалықтан жиренумен өткен ой алыптары – Пуш-
кин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Достоев-
ский, Чернышевскийлермен Сібір, Қазақстан халықтарын
таныс етеді. Ол халықтардан шыққан ел қамқоры, саналы
азаматтардың бәрін жаңағы жазушылардың еңбектерімен
таныс ету айдаудағы революцияшыл демократтардың саяси
үлкен жолының бірі болады.
Бұлардың арасында Абайға алдымен әсер еткен кісі
Михаэлис. Оның істеген еңбегі көп болғандықтан, Абай
50
кейінгі уақыттарда: “Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэ-
лис”, – деп, алғашқы басшылық істеп, бет нұсқағандығы
үшін өмір бойы алғыс айтып кеткен.
Михаэлистің өзінің тексерген саласы табиғат ғылымы
болса да (жердің жаратылысын оқыған), әр тарау жолдардан
мағлұматы болған мәдениетті адам, Абайға қандай кітапты
оқу туралы шынымен үлкен бағыт берген.
Бұрын қолына түскеннің бәрін талғаусыз оқып жүрген
Абай, ендігі оқуын Михаэлистің ұсынуы бойынша, үлкен
тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия,
табиғат ғылымдары, әлеумет жайындағы кітаптарға шейін
тарау-тарауымен, жоспармен оқитын болған.
Сонымен, 1884–1885 жылдары Абай дүниеден көп
мағлұматы бар кісі болады. Әр нәрсе туралы ғылым-
философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар,
әншейін ел кісілерінен сонағұрлым қырағы, озғын кісі бо-
лып, жекеленіп шыға бастайды.
Абай, өз айтуынша, отыздың ішінен бастап, Европа
оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман
келген уақытта “бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып
өзгеріп, күншығысым – күнбатыс, күнбатысым күншығыс
болып кетті” дейді. Ол енді бұрынғы күнге үйлескісі келмей,
заманынан, ортасынан озып шығып, ұстаз, ақын, даныш-
пан болуға айналған Абай болады.
ІV
Абай қазақтың ірі феодал табынан шыққан. Оның
өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы
Ырғызбай – бұлардың барлығы да ірі феодал болған, ру
ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Әсіресе Абайдың
туған әкесі Құнанбай өз дәуірінің феодалдық табының бел
баласы, айқын өкілі. Ісі мен мінезінде заманының талай
айқын таңбасы, талай ерсілігі бар адам болған.
Бірақ Абай өзінің ісінде болсын, өлең-жырларында
болсын өзі шыққан таптың сөзін сөйлемейді, халық сөзін
сөйлейді, тап намысын жоқтамайды, халық намысын
жоқтайды: атаның ұлы болмайды, адамның ұлы болады.
51
Күншығыс пен күнбатысты жете біліп, заман ағымын
әбден аңғарып, жол азығын мол етіп алған Абай халықтың
хал-жайын, мұң-зарын жете ұқты. Ол ақын жөнінде айтқан
сөзінде:
Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әделет пен ақылға
Сынатып, көрген, білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін, –
деп, құлашын кең сермейді.
Шаруашылық жағынан, мәдениеттен, өнер-білімнен
кенжелеп, артта қалған ел-жұрты бар. Қыс жұтымен, жаз
індетімен аралас ел шаруасының құтын, елдің елдік берекесін
қашырып тұрған қырсық жағдайлар бар.
Бұл жағдайлардың бір жағы өз әкесі тобында, жуандар,
атқамінер, қулар тобында жатыр. Бұлар барымта, шаб-
уыл, жесір дауы, жер дауы, бақталас сияқты әлек-лаңдарды
қоздырып әкеліп, қалың ел ортасына пәле қылып тастай-
ды. Сол арқылы момын, еңбекші, есесіз көпті жейді, то-
найды, қанайды. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық
қамы дегенді ойламайтын дүлей қараңғы. Олар бастаған ел
көшінің барар беті қараңғы, екіталай тығырық.
Абай ел ісіне араласқанда өз әкесі мен әке досы, әке
тобының халық басына, ақынның өз басына қалдырған
ауыртпалығы оған зәрдей болды. Абай сол зәрді іше жүре,
әделетсіздікті, қиянатты таныды. Жуандар, Құнанбайлар
ортасы ел қамы емес, ел сорына біткен озбырлар, қиянат-
шылар ортасы екенін таныды.
Осыдан кейін Абай әкесіндей бар жуан тобынан торығып,
жеріп, іргесін бөлек салып, басқа жол іздеу қажет деп таба-
ды. Барлық ақыл-ойын, күш-қуатын осы топты, осы ортаны
мінеп, шенеп, оның құнсыздығын ашуға жұмсайды.
Өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
52
Бір күн жыртың етеді, бір күн бұртың,
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын, –
деп кейіді.
Абай жуандар тобына қарсы шығумен, олардың мінін
сынаумен қатар, ел арасындағы барлық ескілік сарқынына
қарсы болды. Әйел жөніндегі, тәлім-тәрбие жөніндегі ескі
көзқарасқа, ескі салтқа, дау-шарды шешудің ескіден келе
жатқан жөн-жосығына, өтірік-өсек, жалқаулық, еріншектік
сияқты мінездерге, надандыққа, надан молдаларға – бәріне
қарсы шықты, бәрін шенеп, мінеді.
Абай жаңағыдай өз талабын алға қойып шыққан кезде,
ел сорына біткен жуандар, қулар тобымен қатар, бүкіл қазақ
даласында штат-партия таластарынан туған алыс-жұлыс та
өте көп еді.
Патшалықтың парақор ұлық, жандарал, ояз, началь-
никтеріне, адвокат, чиновник, тілмаштарына табынған
атқамінерлер – қоғамдық тірлікті ылайлаған, неше алуан
мін мен дертке толы еді. Ол патшаның отаршылдық саяса-
тынан туған күй болатын. Патшалықтың ел ішіндегі өкілі,
әкімі, сүйеніші бай, жуаннан шыққан болыс, би, елу-
басылар еді.
Неше алуан ауыртпалық орнағанда қалың бұқараның,
момын еңбек елінің басына арнайтын. Болыс сайлауының
ылаңы мен патшалықтың алым-салығы, парақор, жеміт
болыс, бидің қарашығыны – барлығы байға мол түспей,
“түңлік басы” деп, жоқ жітікке, жарлы-жақыбайға түсетін.
Жалаңқая, жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп...
... Жүзіқараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп... –
дейтін сөз осыдан туатын.
Жуандар тобы сияқты би, болыстар тобы да шірік топ,
шірік орта еді. Елдің қамын ойламай, өз құлқынын ойлай-
тын, елдің сорына біткен топ еді. Мұны Абай айқын аңғарды.
Сөйтіп, ол әке тобынан түңілгені, жерігені сияқты бұл топ-
53
тан да түңіліп, жеріді, әке тобын шенеп, мінегені сияқты бұл
топты да шенеп, мінейді. Абайдың “Күлембайға”, “Болыс
болдым, мінеки”, “Мәз болады болысың” деген өлеңдері
мен тағы басқа өлеңдері осы би, болысты сынап, мазақтап,
солардың құнсыздығын әшкерелеуге арналған.
Ақынның бұл өлеңдерінің тағы бір зор саяси мәні болды.
Абай би, болысты жексұрын, жаман етіп көрсету арқылы
патша үкіметін, патша үкіметінің отаршылдық саясатын сы-
нады. Жұртқа патша үкіметін де жексұрын етіп көрсетті.
Бұл ретте Абай орыс халқының ұлы жазушылары
Салтыков-Щедриннің, Гогольдің әдісін қолданды деуге
болады. Олар да өз тұстарындағы түрлі чиновниктердің,
үкімет адамдарының жаман қылығын, оңбағандығын,
құнсыздығын көрсетіп, сынап, сол арқылы жұртқа патша
үкіметінің өзін құбыжық етіп көрсететін. Патша үкіметінің
саясатын сынайтын еді.
Сөйтіп, Абай жуандар тобынан жеріп, бөлініп шығып,
момын шаруаны, еңбекші елді, есесіз көпті тапты, соның
тілеуін тіледі. Абай бір сөзінде:
“Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп,
кімді қадірлеймін деп ойладым... Болыс пен биді
құрметтейін десең, құдай берген болыстық пен билік елде
жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен
биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең,
жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі
елде жоқ... Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін тіледің? Енді,
әлбетте, момындығынан “ырыс баққан дау бақпас” деген
мақалмен болам деп, бергенімен жаға алмай, жарымын
беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым,
қуларға жеміт болып жүрген шын момын шаруаны аямасаң,
соның тілеуін тілемесең болмайды, содан басқаны таба ал-
мадым”, – дейді.
Ал момын шаруа, халық әлгі айтқан, екі бірдей қанауда:
ұлт-отарлық қанау мен бектік-феодалдық қанауда – жан-
шылып, жапа көріп жатыр. Осыны көріп ақын:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...
54
... Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың, –
деп зарлады.
Осымен қатар, Абай қалың бұқараның басындағы бұл
күйдің ақыр бір күн арылатынын, бұл екі бірдей қанаудың
ақыр бір күн жойылатынын аңғарды:
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, –
дейді.
Ол болашақтан зор үміт күтті, жарқын, шат, бақытты
өмір күтті, сол болады деп сенді.
Сондай-ақ Абай орыс халқының ішіндегі қаналған қалың
бұқара мен қазақ ішіндегі еңбек елінің тарихи тағдыры, ой-
тілегі бір екенін аңғарды. Және осы аңғарғанын халыққа
аңғартуды өзіне борыш-міндет санады.
Қараңғыда қармалған елге жөн сілтейтін, ел мұңын өз
мұңы етіп, ел тарихын жаңғыртып, өзгертетін ер, азамат ке-
рек. Абай мұны да жақсы білді.
Абайдың даналығы осы көрсетілген жағдайлардың бәрін
дұрыс байқап, айқын аңғаруында. Соған қарай халыққа төте
жол сілтеуінде. Ол жол – көш бетін Шығыстан Батысқа
қарай бұру, Батыстың мәдениетіне, өнер-біліміне жетілу,
сөйтіп, шаруашылық, мәдениет жөнінен жаңа жолмен даму
еді.
Осы ретпен Абай шығармаларында өз тұстастары
Шоқан, Ыбырай сияқты боп еңбекті, өнер-білімді, адам-
гершілікті дәріптеді. Халықты еңбек етуге, өнер-білім
үйренуге, адамгершілік жолға түсуге шақырады.
“Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан
қашпақ керек. Ол: әуелі – надандық, екінші – еріншектік,
үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім, ғылым-
ның жоқтығы: дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмай-
ды, білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – дүниедегі
күллі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, ұятсыздық, кедей-
55
лік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының
дұшпаны: адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді,
бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады...
Ғылым үйрен. Орыстың ғылымын үйрен, “Орыстың
өнер, ғылымы – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арза-
нырақ түседі” деп насихаттады.
Абай заманында орысты, Батысты жат көретін, дұшпан
деп білетін ұғым, салт бар еді. Абай осы салтты мансұқ етті.
Ол орыстың, батыстың мәдениетін, өнер-білімін сөзде емес,
істе насихаттады. Орыс халқының ұлы классик ақындары
Пушкиннің, Лермонтовтың асыл мұраларын қазақ тіліне
аударып, халыққа үлгі қылып ұсынды. Қазақ жастарын Тол-
стой шығармаларынан, Салтыков-Щедриннен үлгі ал деп
үгіттеді. Анау орыс, мынау жат деп тұрмай, әр халықтың,
бүкіл адам баласының жақсысынан үлгі алу, өнегелі ісін,
өнер-ғылымын үйрену керек. Үлгілі, өнегелі кісі – адам ба-
ласы. Адам баласының бір-біріне жаттығы жоқ. Әкенің бала-
сы – дұшпаның, адамның баласы – бауырың. “Адамзаттың
бәрін сүй бауырым деп” деді. Осылай ол интернационал-
шыл болды.
Халқының бетін Шығыстан Батысқа бұру, оны Ба-
тыс жолымен дамуға бастау, Батыстың, орыс халқының
мәдениетін, өнер, білімін үйренуге, адам баласын бауыр
көруге үгіттеу жағынан Абай өзінің тек қазақ замандаста-
рынан ғана үздік алда болған жоқ, сондай-ақ қазақ сияқты
елдердің көбіндегі замандастарынан да үздік болды. Жақын
Шығыста Абай тұсындағы ақын-жазушылардың, оқымысты
ғалымдардың бірде-бірі өз халқын Европа мәдениетіне
Абайдай үндеген жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |