Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі маңҒыстау облысының білім басқармасы



бет2/6
Дата18.05.2022
өлшемі43,91 Kb.
#34885
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
0003905d-1b1738d5

Жұмыстың өзектілігі: көркем шығарманы мейлінше көп оқу арқылы сауаттылыққа, тіл байлығының артуына қол жеткізуге болады. Сонымен қатар шығармашылыққа баулимыз. Ыбырай атамыздың көркем шығармаларының тәрбиелік мәні зор, әсіресе, еңбекке баса назар аударған. “Еңбек – бәрін де жеңбек” дегендей, адам бойындағы қабілеттің одан әрі ұшталып, өркендеуіне мол үлес қосатын, ол әрине еңбек. Атамыздың әңгімелерін оқи отырып, болашақ Қазақстан азаматтарын еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа, үнемшілдікке шақыру.
Жұмыстың жаңашылдығы: Күннен-күнге дамып келе жатқан елімізге сауатты, білімді ұрпақ керек. Мектеп қабырғасында терең біліммен қатар, әр оқушы өзінің жүрегіне жақын кәсіп түрін меңгерсе, өмірге бейім тұлға болары сөзсіз. Мектеп жанында қосымша шаруашылықтар, мәселен, шағын көкөніс өсіретін жылыжай, үй жануарларын өсіретін шағын шаруашылық түрлерін ашуды ұсыну.


Кіріспе
Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезім мен өз еліне деген сүйіспеншілігін, адамгершілік сезімдерін дамытуға тиіспіз», - деп атап көрсеткен.
Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында жарық жұлдыздай болып бағыт – бағдар сілтеген, сөйтіп, сол ұлттың, халықтың тарихында есімдері ерекше аталатын зор тұлғалар болатыны айқын. Есімдері мен еңбегі баршаға қымбатты, халқымыздың тұңғыш энциклопедист-ғалымы Шоқан Уәлиханов, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев осындай жұлдызды есімдер. Аталған екі ұлы есімді өзінің халқы үшін кешкен азаматтық ғұмыры, атқарған жарқын істерімен бір – біріне жалғастырып тұрған сахараның және бір данышпан перзенті бар, ол – тұңғыш ағартушы, педагог – жазушы Ыбырай Алтынсарин.
Мен бүгінгі шағын зерттеуімде осы ұлы тұлға – Ы.Алтынсарин атамыздың өнегелі өмірі жөнінде, оның арада қаншама заман өтсе де еш құндылығын жоғалтпаған, керісінше жас жеткіншек дамуына керек рухани қажеттіліктерге толы шығармаларына өзімше талдау жасап, сіздерге ұсынбақпын.

1
2. Негізгі бөлім


2.1. Ұлы педагог, ағартушы Ы.Алтынсариннің өмір жолы
Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті ағартушы, этнограф ғалым, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы ақын әрі жазушы, орыс графикасы негізінде қазақ алфавитін жасаушы жаңашыл педагог болған адам.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазанның жиырмасыншы жұлдызында Орта жүздің қыпшақ руында дүниеге келген. Әкесі 1844 жылы Кенесары шапқыншылығы кезінде қаза табады да, жас Ыбырайды атасы, белгілі би Балғожа Жаңбыршыұлы тәрбиелейді. 1844 жылы патша өкіметі Орынбор Шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытып песірлер мен тілмаштар дайындайтын арнаулы мектеп ашу туралы шешім қабылдайды.
1846 жылы наурыздың бесінші жұлдызында Балғожа Жаңбыршыұлы ашылмақ мектепке немересі Ыбырайды оқушы етіп қабылдау жөнінде Орынбор Шекаралық комиссиясының председателі генерал – майор М.В.Ладыженскийге өтініш жасайды. Орынбор шекаралық комиссиясының сол жылғы наурыздың бесінші жұлдызындағы журналдағы қарары бойынша Ыбырай Алтынсарин жаңадан ашылмақ мектепке оқушы болып қабылданады. 1850 жылы жиырма екінші тамыз күні Орынбор қаласында ашылған мектепке отыз баланың бірі тоғыз жасар Ыбырай болды.
Ыбырай бұл мектепті жеті жыл оқып, 1857 жылы бітірді. Ыбырай ерекше зерек, дарынды болған.
Ыбырай қазақ арасынан көптеп мектеп ашуды аңсады: «Сірә, қазақ даласынан көптеп мектеп ашатын мезгіл қашан болар екен?» - дейді. Ол өнер – білімді, мәдениетті дәріптеп, халықты соған шақырып өлең, әңгіме, мақала жазды. Бұл жөнінде, басқаны былай қойғанда, оның «Өнер – білім бар жұрттар» деген өлеңі айқын дәлел.
Әуел бастан – ақ Ыбырайдың бар ынтасы халық ағарту жұмысы болады. «Ыбырай ылғи оқу жұмысымен айналысуды, қазақ халқын ағарту жұмысына ат салысуды көксейтін. Бұл оған бақыт, рахат сияқты көрінетін» - дейді Ильминский. Сол үшін Ыбырай халық ағарту жұмысына өзі сұранып, соған ақыры 1864 жылы ауысады, 1869 жылы бірінші қыркүйекте Торғай облысының оқу инспекторы болып тағайындалады, өмірінің соңына дейін осы қызметте болады.
Педагог – жазушының ізденіске, күреске толы өмірінің баршамыз үшін, әсіресе өмір босағасынан енді аттаған жастар үшін ғұмырын халыққа арнаудың өшпес өнегесін танытты. Ол өзіне дейін толғағы әбден жеткен, бірақ шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселелерді бірінші болып қолға алып, алғаш іске асырады. Қазақ даласында бірінші болып мектеп ашып, білім шырағын жағу, ана тілінде оқыту секілді халық өмірінде бұрын – соңды болмаған зор әлеуметтік мақсаттарды орындау Ыбырай Алтынсаринге, әрине, ол кезде оңайға түскен жоқ.
Ыбырай атамыздың тынымсыз қажырлы еңбегі, күресі арқасында 1864 жылы қазақ сахарасының төрінде бұрын құлаққа шалынбаған жаңа әуен – балаларды білімге, өнерге шақырған қоңырау үні тұңғыш рет естілді. Бұл ұлы мақсатқа ғұмырын арнаған жас ағартушының осы жолдағы алғашқы жеңісі, ал қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік маңызды тарихи оқиға болатын. Сондықтан да болар, Ыбырай Алтынсарин бұл қуанышын (дұрысы жеңісін) Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы (яғни 1864 жылы) январьдың сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар», - деп айрықша мақтаныш сезіммен жазды.
Тұңғыш білім отауының босағасын алғаш аттаған он төрт баланың есімдері бізге беймәлім болғанымен, олардың жұдырықтай жүрегін билеген сезімдері соншалықты таныс, ыстық.
Міне, сөйтіп, Ыбырай Алтынсарин Шоқан Уәлихановтай аяулы азаматтың халқым оқыса, өнер – білімді игерсе деген арманын іске асырушы болды.
Ыбырай Алтынсарин – «Қазақ хрестоматиясы» (1879 жыл) деп аталатын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс - қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім...» - деп тұжырымдаған. Хрестоматия бұл екі міндетті де толығынан атқарды. Оқулықтың революцияға дейінгі мерзімде бірнеше мәрте (4 рет) қайталап жарық көруі, оның өз кезеңінде ғана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойында да талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазына бастауы болып келгендігін көрсетеді. Хрестоматияға Ыбырай Алтынсарин өзінің педагогтық мақсатына лайықты жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай - ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізген болатын. Бұл шығармалардың тақырыптық – идеялық мазмұнынан біз Ыбырайдың ұстаз–тәрбиеші ретінде алдына мақсат етіп қойған адамгершілік мәселелерін көреміз. Олар жас жеткіншектерді адал еңбекке тәрбиелеу, белгілі бір кәсіпке, өнерге баулу, адам бойындағы адалдық, достық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ардақтау, үлкенді, ата – ананы қадірлеу, өнер – білімді байлық – дәулеттен жоғары қою тағы басқалар.
Баршамызға бастауыш сыныптардан етене таныс, әрі ыстық «Кел, балалар, оқылық!» - «Қазақ хрестоматиясының» беташар өлеңі. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған «өнер – білімі бар жұртқа» - терезесі тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман – сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасыр бұрынғыдай:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық! –
деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыра бермек.
Ұлы ағартушы туған халқының тамаша болашағына сенді.
Ол төл туындыларын жазғанда да, орыс және Европа халықтары әдебиетінен аудармалар жасағанда да бір мақсатты қатты ұстанды, ең алдымен ол туындылардың балалар ұғымына сай, олардың қиял–ойын шарықтататындай тағылымды да қызықты болуына баса назар аударады. Сондықтан оның әңгімелерінен балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы мен құрылысының қарапайымдығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы, тәрбиелік – танымдық мәннің жоғарылығы, оқиғалардың балалар ұғымы мен жасына сай, көркем әрі қызықты баяндалуы, балаларға тән мінез, әрекет, ой – қиялдың табиғи түрде жазылуы.
Мұның бәрі Ыбырай Алтынсариннің қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихындағы қадірлі орнын көрсетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет