Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі маңҒыстау облысының білім басқармасы


Оқушылар бойында рухни құндылықтар қалыптастыруда Ы.Алтынсарин шығармаларының ролі



бет4/6
Дата18.05.2022
өлшемі43,91 Kb.
#34885
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
0003905d-1b1738d5

2.3. Оқушылар бойында рухни құндылықтар қалыптастыруда Ы.Алтынсарин шығармаларының ролі
Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.
Жазушы әңгімелері еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын – елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез – құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетті.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», - дейді.
Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан – ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес.
Жазушы «Атымтай жомарт» әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға арнап әңгіме етіп ұсынды. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы да Атымтайдың сөзінен айқын көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімен тапқан пұлға нан сатып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен.» - дейді.
Алтынсариннің тәрбие жөніндегі негізгі тақырбының бірі – талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар», - деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған пікір. Жастық шақ жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Әр нәрсені де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, әрі өзіңе, әрі қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап – жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады.
Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», - деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір әңгімесінде:
«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді.
Бұл әңгіменің оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Баланы жастан», - дегендей, оған жас күннен түзу тәрбие беру, оның болашақ өмірі үшін керек. Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып мерт болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі бола алады.
Махаббат, мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан – аяған күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады. Махаббат, мейірімділік ата мен ананың үй ішіне деген махаббатынан басталады. Адамгершілікті ту ғып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын сүйеді, олардың кейбіреулері өсе келе, тек «атасының баласы болмай, адам баласы» бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мешандық көзқарасты аттап өтіп, адам деген ардақты атқа ие болушылардың шын бақыты үшін де қол созады.
«Мейірімді бала» әңгімесінде, 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін, патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап, бала – шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», - дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі.
Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан – аяған күштірек» деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді:
«Сейіт орам – ораммен жүріп бара жатқанда, бір арбалы келіп аңдаусыз соғып кетіп аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқан да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» деп сұрапты. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп жатыр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жыламасын деп жатырмын», - деді.
Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас алақанына салып аялап, тәлім – тәрбие беріп отырған ұлы анасы- Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз.
Балаларға арналған шығармалар ең алдымен уақиғалы, қысқа, қызықты, тартымды болуы қажет. Мейлінше түсінікті, балалардың ұғымына жеңіл, тілі жатық және әдеп - өркен, оқу, өнер адамгершілікке жетектейтін тәлім – тәрбие берерлік болуы шарт. Балаларға ешбір зорланбай, қызыға отырып оқумен қатар, көздеген нысана, ойлаған мақсат іске асуы керек. Яғни, автор әңгімесіне қандай мақсат қойса, сол балалардың ой – санасында мәңгілік қалатын болсын. Сонда ғана әңгіме өз міндетін атқармақ. Ыбырай әңгімелері осы шарттардың барлығына дәл келеді.
«Бай мен жарлы баласында» ел көшіп кетіп, ойламаған жерден жұртта ұмытылып қалған екі баланың бастарынан кешірген бір тәуліктегі оқиғаны суреттеуге арналса да, тереңірек қараған адамға автордың ой түйінінде көптеген сыр жатқандығын аңғаруға болады.
Шығармасының бас кейіпкері етіп бай баласы мен кедей баласын алуының өзінде үлкен сыр жатыр.
Егер оның көздегені тек Үсеннің ақылдығы, Асанның ақылсыздығы, яғни, бір жастағы балалардың бірі ақылдырақ, екіншісі ақылсыз болуы мүмкін екендігін көрсету болса, онда оларды екі таптан шығарудың қажеті болмас еді. Жазушының бұл жерде көрсетейін дегені биологиялық, не психологиялық мәселе емес, әлеуметтік мәселе. Асанның есі дұп – дұрыс, дені сап – сау. Бірақ, оған қарағанда Үсен көш ілгері жатыр. Өмірмен бетпе – бет келгенде Асанның әлсіз мүгедектігіне кінәлі де, Үсеннің өз құрдастарынан асып түсіп, бетпе – бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуіне негіз де - тұрмыс. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен, ақысыз – пұлсыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке, бишаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс кедей баласы Үсенді күрес ері етті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет