2. Педагогикалық эрудиция мен құзіреттілік, құндылық бағдарлар – педагогикалық мәдениеттің компоненттері Педагогикалық шеберліктің басты шарты педагогикалық эрудиция мен құзыреттілік болса, педагогикалық эрудиция дегеніміз мұғалімнің педагогикалық міндеттерді шешу барысында икемді пайдаланатын қазіргі заманғы білім қоры. Ал, құзыреттілік дегеніміз қызметтегі тұлғаның жеке мүмкіндіктерін, оның белгілі бір мәселені шешуге жағдай жасайтын біліктілігін (білім, тәжірибе) атайды.
Педагогикалық-психологиялық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үрдісінде екі ұғым: құзыреттілік (компетенттілік) және құзырет (компетенция) ұғымдары пайдаланып келеді. Оның біріншісіне «Қазақ Совет Энциклопедиясының» орысша-қазақша сөздігінде «хабардар, жетік, терең білетін» деп, ал екіншісіне «хабардарлық, міндет, қызмет бабы» деп анықтама берілген. Құзыреттілік түсінігі көп аспектілі жан-жақты ұғымды білдіреді.
Ғалымдар құзыреттіліктің табиғатын түсіндіру мақсатында оны білім, білік ұғымдары арқылы анықталатын тұлғаның жеке қасиеті (Н. Кузьмина, А. Маркова, К. Махмурян және т.б.) немесе ерекше қабілеті (Д. Ж. Равен, Р. Уайт, Х. Хершген және т.б.) деп түсіндіреді.
Өмірдің өзгермелі жағдайында құзыретті тұрғы білім берудің практикасы мен теориясының дәстүрлі мақсаты ретінде алға шығады. Құзыретті болу мен құзыретсіз болудың себептері бірдей, ол адамның жеке тұлға ретіндегі жай-күйі. Немесе құзыреттіліктің бар-жоғын анықтау үшін қарым-қатынас, педагогтік еңбек нәтижелері мен адами қарым-қатынаста, оның қорытындыларына қарап пайымдау қажет. Мұның мағынасы педагог мамандар өз әрекеті мен орындаған жұмысы кәсіби іс-әрекеттің белгіленген талаптарына жауап беретін және орындай алатын болса, кәсіби құзыретті болып саналады. Н. Г. Милорадованың айтуынша білім беру жүйесінде құзыреттілікті тудыратын төрт негіз бар (біріншісі – кәсіби-әдістемелік құзыреттілік, екіншісі – іс-әрекет негізіндегі құзыреттілік, үшіншісі - әлеуметтік қарым-қатынас құзыреттілігі және төртіншісі – жеке тұлға негізіндегі құзыреттіліктер) сыншыл ойлауды, рефлексияны, өз позициясын анықтау қабілеттілігін, өздігінен бағалайтын ойдың дамуын және өмір бойы үйрену қабілеттілігін талап ететіні анық.
Құзыреттілік – жұмыскердің өз білімі, біліктілігі және дағдылары негізінде нақты кәсіп аясында жоғары сапалы және мөлшерлік еңбек нәтижелеріне жету үшін нақты жұмыс түрлерін білікті атқара алу қабілеті.
Құзыреттілік (компетентность) ұғымы белгілі бір салада шешім қабылдауға, тұжырымдар жасауға мүмкіндік (немесе құқық) беретін адамның қабілеттілігі мағынасында қолданылады. Бұл қабілеттіліктің негізін білімділік, хабардарлық және іс-әрекет тәжірибесі құрайды. Осы арқылы құзыреттілік ұғымының жинақтаушылық, кіріктірушілік сипаты айқындалады. Адам білімді және сәйкесінше тәжірибені меңгеру негізінде құзыретті болады. Сондықтан, құзыреттілік ұғымы қазіргі таңда елімізде, шетелде де білім берудің нәтижесі ретінде қолданылады.
Ш. Таубаева: «Құзыреттілік – ол тұлғаның оқыту және әлеуметтену процестері барысында меңгерген білім мен тәжірибеге негізделген, оның жалпы қабілеті мен іс-әрекетке даярлығы ретінде айқындалатын, тұлғаның кіріктірілген қасиеті» - деп қарастырады.
«Құзыреттілік – білімдер мен іскерліктерді, іс-әрекет тәжірибесін меңгеру нәтижесінде белгілі бір іс-әрекет түрін табысты жүзеге асыруға қабілеттілігін сипаттайтын тұлғаның кіріктірілген қасиеттері».
Құзыреттілік дегеніміз қызметтегі тұлғаның жеке мүмкіндіктерін, оның белгілі бір мәселені шешуге жағдай жасайтын біліктілігін (білім, тәжірибе) атайды.
Педагогтың кәсіби құзыреттілігі ұғымы мұғалімнің жеке мүмкіндіктерін білдіреді, ол педагогикалық ситуацияларды дербес және тиімді шешуге ықпал етеді. Ол үшін мұғалім педагогикалық теорияларды және оны практикада қолдануды білуі керек. Ғалым В. А Мижериков бойынша, мұғалімнің педагогикалық құзыреттілігі дегеніміз кәсіби іс-әрекетті орындаудағы теориялық және практикалық дайындықтарының бірлігі.
Педагогикалық құзыреттілік – педагогтың кәсіби көрсеткіші; педагогтың дайындығы және «қабілеттенуі» арқылы, іс-әрекеттерді меңгерудің әдістері мен құралының шынайылығында, алға қойған міндеттерді шешу мүмкіндігінде көрінетін нәтиже.
Жоғары оқу орны оқытушысының кәсіптік-тұлғалық құзіреттіліктері Энциклопедиялық сөздікте былайша жіктеледі:
Бейімделу - өркениетті адамның жайлы өмірді қамтамасыз етуде, қоршаған әлем туралы білімінің, табиғатқа қатынасы, ортаның өзгергіштігіне бейімделу және бірегей табиғи байлықты шынайылықтың шығармашылық жолмен түрленуін сақтау арқылы қолданылатын интеллектуалды, физикалық және психомоторлы біліктіліктердің жиынтығы;
Әлеуметтік - ұйымдастырушылық - әр түрлі нақты әлеуметтік жағдаяттарды шешу үшін мақсатты таңдалған жол іздеу негізінде адамдардың арасындағы қарым-қатынастардың барлық қатынасушылар үшін қолайлы өзгеріске әкелетін, нәтижесінде өз мақсаттары, көңіл-күйі, әрекет ету тәсілдерін реттеуді қажет ететін тұлғаның білімдерінің, рефлексивті біліктіліктерінің және қабілеттіліктерінің жиынтығы;
Коммуникативті – құрылымы жағынан күрделі және білім беруді ұйымдастыруда тұтас, қарым – қатынас жасаудағы негізгі міндеттерді табысты жүзеге асыруды және тұлғаның өз мүмкіндіктерін ашуын қамтамасыз ететін және лингвистикалық біліктіліктерді меңгерумен сипатталатын, тілдік тәртіптің арнайы әлеуметтік – мәдени нормалары мен қарым – қатынас жасаушылар арасында психологиялық заңдар, қолайлы жағдайды қолдау, тұлғаның әсерлі сезімтал ортасын дамыту;
Құндылықты-мәнді - тарихи дәуірге, әлеуметтік немесе тендерлік топқа, адамның белгілі бір уақыт аралығындағы кәсібіне қатысты өзгермейтін (инвариантты) сипаттағы құзыреттіліктердің жиынтығы, сонымен қатар олар тұлғаның озық ойы мен әрекетін анықтайды, оның «уақыттан озу» қасиетін келешектің әулиесі және жаратушысы болуын, күн ілгері тұлғаның сыртқы әрекеттерге қатысты тұрақтылығын анықтайды, кез келген жағдайда адамның «дербестігі сақтауды қамтамасыз етеді.
Рефлексия - өзімізді, әрекеттерімізді талдауға бағытталған теориялық іс-әрекеттің ерекше түрі. Рефлексия латынша өткенге қайта оралу дегенді білдіреді.
Рефлексивті іскерлік:
берілген үлгілер бойынша жеткен нәтижені сәйкестендіру негізінде бақылау;
ойша күтілетін әрекеттер нәтижесі негізінде бақылау;
нақты орындалған әрекеттерді талдау негізінде бақылауды білдіреді.
Аталған педагогикалық іскерліктер нақты педагогикалық әрекетте көрініс табады. Олай болса, педагогикалық іс-әрекет ұғымын түсіндірместен бұрын іс-әрекет ұғымына тоқтала кетейік. Іс-әрекет – адамның қоғамдық тарихи болмысының ерекше формасы. Бар болудың және даму тәсілі ретінде іс-әрекет бұл адамның табиғи және әлеуметтік шындықты мақсатты түрде қайта жаңғырту тәсілі ретінде түсіндіруге болады. Іс-әрекет ұғымын бірнеше мағынада түсіндіруге болады: ғылыми білім категориясы, қоғамдық тарихы болмыстың ерекше түрі, бар болудың және даму тәсілі ретінде.
Педагогикалық іс-әрекеттің мақсаты – ол тарихи құбылыс. Ол әлеуеметтік даму қарқынына байланысты өзгеріп отырады. Ол қоғамдық дамудың объективті тенденциясы ретінде пайда бола отыра, қоғамның қажеттіліктеріне қарай педагогикалық іс-әрекеттің мазмұны, формасы және әдістеріне сәйкестендіре отырып, ең жоғары мақсатқа жетудің кезеңдік бағдарламасы құрастырылады.
Педагогикалық іс-әрекеттің негізгі функциональды бірлігі – педагогикалық әрекет. Педагогикалық әрекетті мақсат пен мазмұнның біртұтастығы ретінде түсіндіруге болады.
Педагогикалық іс-әрекеттің мәні – мақсат, мотив, әрекет, нәтиженің біртұтастығында, ондағы мақсат жүйе құрушы сипатқа ие болады (А. Н. Леонтьев).
Кәсіби педагогикалық іс-әрекет қоғам арнайы ұйымдастырған келесі мекемелерде жүзеге асады:
Мектепке дейінгі білім беру мекемелері;
Орта білім беру;
Орта арнаулы оқу орындары;
Жоғары білім беру;
Қосымша білім беру;
Біліктілікті арттыру және қайта даярлау.
Педагогикалық іс-әрекеттің өнімділік деңгейлері (Н. В. Кузьмина бойынша):
1-деңгей – продуктивті емес – педагог өз білгенін өзгелерге айтып бере алады;
2-деңгей – аз продуктивті – бейімделуші, педагог өз хабарламасын аудитория ерекшелігіне бейімдей алады;
3-деңгей - орташа продуктивті – педагог оқушыларды курстың әр бөлімдері бойынша білімге, дағдыларға, іскерліктерге үйрету стратегияларына ие;
4-деңгей – продуктивті – жалпы пән бойынша оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларын жүйелі қалыптастыру іскерліктерін меңгерген;
5-деңгей – жоғары продуктивті – педагог оқушы тұлғасын қалыптастыру, оның өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамыту қажеттіліктерін құралдарын меңгерген.
Педагогикалық іс-әрекет әлеуметтік маңызды іс-әрекеттердің маңызды бір түрі. Бұл іс-әрекет түрі құрылымы жағынан күрделі жүйені құрайтын іс-әрекет болып табылады. Педагогикалық ісәрекеттің құрылымы үш бөліктен құралады: конструктивті, ұйымдастырушылық, коммуникативті іс-әрекеттер.
Педагогтың ұйымдастырушылық іс-әрекетіконструктивті ісәрекеттің жалғасы деп айтуға болады. Мұғалім өзі құрастырып, өзі жоспарлаған іс-әрекеттерін нақты іс-жүзінде жүзеге асарады. Оқушыларды білім алу процесіне, тәрбиелеу процесіне ұйымдастырады. Олардың жүйелі білім алуын, олардың таным процестерін басқарады. Оқушылардың сабақтаны тыс әрекеттерін, әр түрлі тәрбиелік шараларды, балалар ұжымының іс-әрекетін, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты іс-әрекеттерін және т.б. шараларды ұйымдастырады. Бұл педагогикалық іс-әрекет құрылымындағы маңызды іс-әрекеттердің бірі болып табылады.
Педагогтың коммуникативті іс-әрекетіпедагогикалық процеске қатысушылармен қарым-қатынас орнатуға бағытталған іс-әрекеті. Мұғалім оқушылармен, мұғалімдер ұжымымен, ата-аналармен тиімді қарым-қатынас орната алуы керек. Коммуникативті іскерлік мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетіндегі маңызды құралы деп айтуға болады. Мұғалім өзінің сөзі арқылы оқушыға білім беріп, оның тәрбиесін ұйымдастырады. Сондықтан да жақсы мұғалім болуы үшін педагогикалық қарым-қатынас құпияларын, педагогикалық әрекеттің этикасын меңгеру маңызды болып табылады.