Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
100
1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін» деген айыптаумен он жылға сотталды. Елге
қайта оралғасын екінші рет қайта ұсталып, ұзақ сұрақ-жауаптан кейін ату жазасына кесілді. Бұл
жаза 1938 жылы 19 наурызда орындалды [3, 42]. Осылайша ғибратты ғұмырының соңына дейін
азатшыл ұстанымынан танбаған Мағжан ақын сталиндік қырғынның құрбаны болды.
М.Жұмабаевтың коммунистік идеологияға қарсы пікірлері ең алғаш “От» деген өлеңінде
байқалады. Ол өлеңінде қараңғылықтың дұшпаны – отты сипаттай келіп былай дейді:
Кеше маған тіл келді,
Күнбатыстан жел келді.
Қараңғылық қаптады.
Ұяттан әсер қалмады [4].
Мағжан үзіндіде кеңестіктердің қазақ қоғамына қараңғылық алып келгенін ашық айтып отыр.
Ақын патша отаршылдығына қалай табанды қарсылық көрсетсе, кеңестік отаршылдыққа да ашық
қарсы шықты. Оны кеңестердің «баршаға теңдік» уәдесі иландыра алмады. “Адастым» және
“Жолдасқа» деген өлеңдерінде де оның коммунистік идеологияға деген көзұарасы айқын көрінеді:
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,
Жан-жағымды жын басты [4].
Коммунистер көтерген қанды жалаумен жердің жүзін түн басты. Ақын осы ойымен өздерін теңдік
әкелушілер ретінде танытпақ болған отарлаушылар мұрагерлерінің жалған уәделерін әшкереледі.
М.Жұмабаев поэзиясында «сұр жылан», «қарашекпенділер», «аузы түкті шетелдіктер» бейнесінде
суреттелген отаршылдардың образы аталған үзіндіде «шегір көзді», «сары шаш» сияқты жаңа
баламалармен толығып отыр.
Мағжан кеңесшілердің таптық идеологиясына түбегейлі қарсы, өйткені олардың халықты тапқа
бөлу арқылы бір-біріне қарсы қою мақсатын көздеп отырғанын білді. Олар түрлі айла-шарғылармен
туыс түрік халықтарының ара жігін айырумен ғана шектелмей, әрбір ұлтты іштей іріткіге салуды
көздеді. Іштей бірлігінен айрылған ұлтты бағындыру да, қалағандарынша басқару да оңай еді.
«Мағжан коммунистік идеологияның негізгі мақсаты – ұлттың басын қоспау, оның бірлігіне сызат
түсіру екенін, сөйтіп, басы бірікпейтін тобырға айналдыру екенін де сезе білген. Сол үшін де ол
“тапсыз бүтін бір елмін», “бұзылмаған қордамын», - дейді [5].
Мағжан азатшылдардың біртіндеп партия шебіне шығып, кеңестік билікті мойындап
жатқанында, үстемдік алып отырған идеологияны қабылдай алмай, “жапанда жалғыз күңіренгенін»
айтады. Өйткені 1918 жылдан 1927 жылға дейін көз ашып көргені – қазақ халқының азып-тозуы
мен аштық-жалаңаштыққа тап болуы еді. “Толғау» атты өлеңінде:
Еділ кездім, шөл кездім,
Кезгенімде не көрдім:
Қайда барсам көр көрдім.
Айдарлысы құл болып,
Тұлымдысы тұл болып,
Еңіреген ел көрдім.
Қаралы көштің ішінде
Қара салып басыма
Елмен бірге еңіредім [4].
-деп, кеңестіктердің отарлауы астындағы жаңа Түркістанға қандай ауыр күн туғанын айтып отыр.
Еркіндік аңсаған ел азаматтары құтыларға жол іздеп тоқсан тораптың қайсысына ат басын бұруды
білмей дел-сал. Ал Мағжан қандай күн туса да бастапқы беталысын өзгертпек емес:
Бір сөзімді есіңе ал:
Мен толқынға жай болсам,
Жеті жыл бұрын осыдан,
Төңкерістің таңында
Алты Алашқа әйгілеп:
Не бостандық, не құлдық,
Не езілу, не теңдік,
|