№ 3 (106) 2015
107
айналды. Жыраулық поэзиядағы «Жылқыдан асқан мал бар ма» деген өршіл рухтағы арман аңсар
көркемдік дамуда заңды жалғасын тауып отыр. Ақын Маралтай Райымбекұлы «Кентавр» атты
өлеңінде еуропалықтардың ежелгі далалықтарды көруінен, ғажап жұмбақ санап, сұқтануынан
туған мифтік кейіпкер, грек мифологиясы кентавр атаған көшпелі жауынгер, жылқы-адам образын
жаңғыртты. Ол біздің түркі бабамыз. Маралтай ақын «Түркі тілді тұлпар тектес қарындас» («Тәуба»
атты өлеңінде) деп те толғанады. Ал «Құйын» атты өлеңінде «Кез еді Ер Төстіктей көзім талған – /
Құсадан Жер бетілік мезі болған» деп жырласа, фольклорлық сарындағы ұрпақтар сабақтастығын
өмірдің мәні деп тануы болады. Ақынға кентавр рух шақыру үшін керек.
«Тұлпарға мінген Ұлы даланың,
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте,
Қиылған талай гүлім, қарағым.
...Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі нысап.
...Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау –
Жүрегім, неге кісінемейді?
Пұшайман халім өртеді мені.
Қылқобыз кеудем шертеді нені?
Жал бітті,
Кенет...
Жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.
Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын – Ай сияқтанып.
Алапам тасып, ақырып, төніп,
Аруағымды шақырып келіп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңір ақырын беріп!».
Қазақ қаламгерлерін кентавр тақырыбы бей-жай қалдырған емес. Ақын Ұлықбек Есдәулет
«Кентавр Хирон» деген өлеңінде:
Тарылды дала!
...Ипподромда ит болған жүйрікке қарап,
Кеңдікті іздеп соғамын санымды ғана.
...Шабандоз қазақ деп білсін ғасырда алғы,
Кентавр Хирон көлденең жолыға қалса!» –
деп ерекше көркемдік қуатта жырлайды [3, 224-225].
Сондай-ақ жазушы Марат Қабанбаев «Кентавр» атты романын аяқтай алмай кеткені белгілі.
Жартылай адам-жартылай жылқы образының кейінгі әдебиетте тартымдылығы соншалық,
қазіргі прозаның көрнекті өкілі Асқар Алтай «Кентавр» атты әңгіме жазды. Осы әңгіме туралы
әдебиет зерттеушісі Бақытжан Майтанов мифопоэтикалық ойлау жүйесі қазіргі экосоциологиялық
проблемаларды бейнелейді деп бағалады.
Жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Ер Төстіктің дүниеге келуі» атты әңгімесі де жоғарыда
байыпталған мәселелерді барынша тереңдете түседі. Әңгіменің атауы осылай болғанмен, құрып
кетуге үкім етілгендей білінген бір әулеттің өшейін деп тұрған тұқымын жалғайтын ұл туады,
автор баланы нақты есіммен атамайды, нәресте атсыз, яғни, бұл нәрестенің Ер Төстіктей ерен
ұл боларын, ұлттық идеяны символизм арқылы бере алған. Мұндағы символизм бір әулеттен
артып, тұтас бір халықтың өміршеңдігін танытатын сияқты. Айгүл Кемелбаеваның әңгімесіндегі
сарынның түп қазығы Ер Төстік тұспалы небір ауырпалықты жеңіп шығатын ұлттық жазмыш.
Жазушы фольклорлық бейнені прозаның түп сарынын ашатын идея үшін шебер пайдалана білген.
|