Бейнелі сөздердің қай-қайсысының болсын құндылығы, түптеп келгенде, өмір құбылыстарының ұқсастығын тап басып, дәл көре біліп, мол әсер, бай ассоцияция туғызатын, оқушының ойын қозғап, терең сезімге бөлейтін шеберлікте жатқанын естен шығармауымыз керек.
Шәкәрімнің ақындық серпініне, шеберлігіне лайық көркемдік көрсеткіштер аз емес. Атап айтсақ, метонимия, символ, синекдоха, нақыл сөз, фразеологиялық оралымдар.
Осы тілдік-бейнелілік аспектілер арқылы ақын болмыстың шынайы бейнесін сәулелендіре суреттейді деп айтуға болады.
Ақын сөздің эстетикалық қызметін, танымдық мәнін шебер меңгеріп, негізгі айтайын деген ойын, тақырыбын ұршықтай иіріп жырлайды.
Енді сол тілдік-бейнелілік аспектілерге жеке-жеке, жүйелі түрде тоқталып өтсек.
Барлық троп түрлері бір-бірімен байланысты. Троптар-ойды бейнелі, көрікті етіп жеткізудің әр түрлі амал-тәсілдері, тілде әрқайсысының өзіндік көркемдік қызметі мен ерекшеліктері бар. Қазақ ғалымдарының көпшілігі бір заттың орнына екінші заттың алмастырылып айтылуын, заттың немесе құбылыстың тек бір жағын не болмаса бөлшегін атай отырып, ойдағы затты түгелімен елестетуді метонимияға жатқызады. Метонимияның метафорадан, өзге троп түрлерінен айырмашылығы, өзгешелігі де осы алмастырылып қолдану қасиетінен болса керек.
Метонимия метафора сияқты тілге жаңа сөз қоспайды, бұрынғы бар сөзге жаңа мағына береді немесе оның мағыналық аясын кеңітеді. Біраз мысал келтіріп көрсек. "Жастарға" атты өлеңінде:
Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
Айланы, ақыл демей, сескенелік!
Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?
Ақты аныққа шығарам деп көрелік!
Кісіге оны бұрған өкпелелік!
Тіл алса, "мұны қой" деп ақыл айтып,
Тыңдамаса, жау көріп кектенелік!
"Мен қорқамын, қорқамын" өлеңінде:
Кек, ашудан тый дейсің,
Айыртып ақ пен қарасын.
Мен құдай ма, патша ма,
Ынсапсызға бастама.
Ауыртып ашып жаныштама,
Жанымның ескі жарасын.
Қара көрсем, кетемін,
Жетуге талап етемін.
Пайдасында ісім жоқ,
Не де болса жетемін.
"Ақты" аныққа шығарам-әділдік мағынасында "ақ пен қара"- жақсылық пен жамандық, "қара"-көзге көрінген зат, алдыдағы мақсат мағынасында.
Поэзияда, әдебиетте салыстыру арқылы аңғартылған шындық дайын күйінде айтылған ақиқат-тұжырым емес, ол әдетте оқушының жан-сезімін оятып, оған ой салатын және көбінше астарлы мағынасы бар, кейде тіпті тұспал, ишара секілді мағынасы бар бейне, сурет түрінде көрінеді.
Метонимия негізінде екі нәрсенің арасындағы жалғастық, ұқсастық, ескеріліп, соның негізінде ауыспалы, астарлы мағынасы бар бейнелі сөз туады.
Метафора, теңеу, метонимия, эпитет, перифраз бір-біріне біршама жақын тілдік, көркемдік құбылыстар, дей тұрғанмен, әрқайсысының өзіндік ерекше қасиеті, өзгешелігі бар дейміз.
Екі нәрсенің алмастырылып, бірінің орнына екіншісі айтылып, бірі арқылы екіншісін ұқтырудың түрі көп.