№ 3 (106) 2015
165
бір адамның ғұмыры жетпейді. Осы күрделі де қиын мәселемен адамзат баласы ықылым заманнан
бері айналысып келеді. Алайда, кесімді жауапты әлі бере қоймады. Мәңгі сұрақтың жауабын
мүмкін ешқашан да таба алмас. Ал өзінің өткен заманына байланысты, жүріп өткен жолына орай
тарих беттерін қалпына келтіру үшін адам баласы ғылым арқылы түрлі жолдарды таңдады. Соның
ішінде қолға ұстауға келетін деректік заттарды, көміліп қалған жәдігерлерді, құм астында жатқан
қалаларды тауып, оларда сақталған өткен күннің елесін түсінуге тырысып бақты. Мұның бәрін
археологиялық ізденіс деп біліп, археология ғылымының тарих көрінісін қалпына келтірудегі
орнын жоғары бағалаймыз. Генетика ғылымының жетістіктерін пайдаланып, ғалымдар ықылым
заманның құпиясын ашуға тырысады. Сондай-ақ, өзге де ғылымдар бойынша адам баласы ата-
бабасының шыққан тегін, таралу аймағын, жалпы тағдыр-талайын біліп жатады. Мұның бәрі де
қажет. Өйкені тек ғылыми таным арқылы ғана тарихтың тылсым сырын ұғынып, болашақ өмірінің
бейнесін елестете алады.
Көненің хабарын көмілген тастар, оларда бейнеленген жазбалар мен суреттер, немесе ыдыс-
аяқ, адам баласы қолданған заттар ғана жеткізбейді. Иә, рас, біз алдымен аталған жәдігерлерді
ескере отырып, өткен тарихтың бейнесін жасап жатамыз. Сонымен қатар, көне дәуірдің шындығын
бейнелейтін өзге де мүмкіндіктерді атауымыз керек. Солардың ішінде сөздің берері мол екендігін
ерекше айтамыз. Сөзде сақталған тарих дегенде біз сөздің, сөз өнерінің даму эволюциясына назар
аударамыз. Қандай да бір оқиға, оны жеткізу үлгісі, көркемдеу тәсілі, одан туындайтын ой әр заманда
өзгеріп отырғанымен, тарихтың ұзақ даму кезеңінде соның бәрінде бір жүйенің, бір тәртіптің ізін
табуымызға болатынын түсінеміз.
Сөз қадірі жайында, оның тарихты тану үшін таптырмайтын қажеттілігі туралы түркі тарихын
терең зерттеулерімен көпті мойындатқан заманымыздың көрнекті оқымысты Олжас Сүлейменов
жақсы жазады: «Еще не обнаружены письменные свидетельства об адресной прадревности тюрков.
Где они появились и проявили себя как самостоятельная этническая общность со своим языком,
верованиями, материальной культурой? Археологический материал, найденный на территориях
нынешнего расселения, мало что может сказать: он молчит. Остается единственный документ,
который может подтвердить или опровергнуть построения, вычисленные или вымышленные
за десятилетия развития тюркологии... Но слово – вот чип, в котором закодировано прошлое
человечества» [3, 79].
Жеке сөзде, сонымен қатар сөздерден тұратын көркем мәтінде тарихи шындықтың сілемдерін
ажыратуға болады. Сөзде тарих сақталады. Осы орайда түркі халқының әдебиетіндегі тарихи
шындықты біз бүгін дәл тауып, қателеспей ажыратып жатырмыз ба деген күрделі сұрақ туындайды.
Түркілердің тарихына қатысты бірұдай тұрақты пікір ғылымда әлі орнықпады. Түркілердің
этногенезіне байланысты әркім өзінше пайымдаулар жасайды. Біреулер түркі халқы бір тектен
тараған этнос деген болса, басқалары түркілер көне халықтардың мұрагері ретінде құрамдас этнос
болып бертінгі дәуірде тұтасты деп топшылайды. Бертінгі заманға дейін түркі халқының адамзаттың
дамуына қосқан үлес салмағы әділ бағаланбады. Көбінесе түркілік өркениеттің жетістіктері өзге
этностардың еншісінде аталып келді. Оның бәрі неге солай болғанын бөліп-жарып жатпай-ақ
қояйық. Біз осы орайда түркі этносының тарихи негіздерін, тарихының дәуірленуін сөз еткенде
түркі халқының әдеби мұрасын назардан тыс қалдырмау керектігімізді атағымыз келеді. Себебі
бүгінде әлемдік деңгейде дамыған деп танылатын ірі этностардың қай-қайсысы да өзінің тамырын
көне замандағы үлкен өркениеттерден бастайтынын көреміз.
Көне дәуірдің өркениеттері сол заманда салтанат құрған мәдениеттерден құралатыны мәлім.
Ал мәдениетті қоғам қашанда сөз өнерінің қадірін, оның қоғамдағы үлкен орнын тамаша білген.
Сондықтан біз мүмкіндігімізше ықылым замандардан әдеби мұраның сілемдерін табуға тырысамыз.
Ол өз кезінде сол әдебиет жасалған мәдениет, айналып келгенде үлкен өркениеттің бар болғанын
дәлелдейді.
Осы заманда зерттелген көне өркениеттердің ішінен түркілік таңбаны, түркілік ізді табу –
қиынның қиыны болып кетті. Көне өркениеттер туралы еңбектерде түркі сөзі аталмайды, ал ол
өркениеттердің мұрагерлері ішінде түркі этносының аты көрсетілмейді. Біздіңше, бұл жағдай тарихқа
біржақты көзқарас қалыптастырудан орныққан түсінік деп санаймыз. Себебі түркі атауымен тарих
сахнасына көтерілген этнос күні бүгінге дейін қилы-қилы замандарды өткеріп, күрделі тарихты
басынан кешті. Және сол жолда адамзатқа олжа болатын талай жаңалықтардың бастауында болды.
Ал осындай үлкен түркілік өркениетті өмірге әкелген этнос тақыр жерде қалай пайда болды? Оның
тамырын біздің дәуірімізге дейінгі заманда салтанат құрған көне өркениеттерден неге бастамауымыз
|