Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
166
керек? Көне өркениеттер деп танылып жүрген өркениеттердің қайсысында түркілік бастау жатыр?
Осы сауал бүгінде түркі тегінен тараған саналы адамды үнемі мазалайтын болды. Және ол табиғи
қызығушылық – уақыт тудырған қажеттілік деп айта аламыз.
Әдеби үрдісті, әдебиеттің бастауларын анықтап алу үшін өркениет деген түсініктің мағынасын
ашып алуымыз керек. Себебі әдебиет мәселесін сөз еткенде міндетті түрде өркениет ұғымымен
қауышамыз. Өркениетті қоғамда ғана әдеби шығарма өмірге келген. Әдебиет – өркениетті тудырып
тұрған оның құрамдас бір бөлшегі. Бұл орайда әдебиеттің ауқымын өркениетпен бір деңгейде деп
бағаламаймыз. Алайда бірінсіз бірін елестете де алмаймыз. Яғни, өркениет жоқ жерде әдебиет жоқ,
әдебиет жоқ жерде өркениет те жоқ. Ендеше біз қазір түркі әдебиетінің бастауын іздеген болсақ, оны
көне замандарда жасаған әлемдік өркениеттердің ішінен қарастырғанымыз орынды деп санаймыз.
Түркі тегінен өрбіген қауым бүгінгі заманда жер-жаһанның түкпір-түкпірін мекен етіп жатса
да, оның негізгі шыққан алтын бесігі – Азия құрылығы екендігі мәлім. Оның ішінде бір ғалымдар
Алтайды меңзесе, енді басқалары Кіші Азия аймағын сөз қылады. Осы күні Батыс пен Шығыстағы
түркі этносын бір антропологиялық типке жатқыза алмаймыз, ал оның шыққан түп отанын бір
жерден, бір аймақтан өрбіткеніміз орынды бола ма? Осындай ұлан-ғайыр аймақты мекен ететін
этнос бір өлкеден ғана түлеп шықты деген қисынды ма? Бұл күрделі сұрақтардың шешімін беру
үшін қазіргі археология, антропология, генетика ғылымдарының соны жетістіктерін кеңінен
қолдану қажет деп есептейміз.
Бұл күні ықылым замандарда өмір сүрген өркениеттер жайлы бірталай ғылыми, танымдық
еңбектер көп жазылды. Осы орайда итальяндық тарихшы Сабатино Москати сынды ғалымның
«Көне Шығыстың өркениеттері» деген еңбегіне тоқталғымыз келеді. Кітап ағылшын тілінен
аударылып, Мәскеуде орыс тілінде 2010 жылы жарық көрген [4]. Зерттеу төрт бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлім: «Сыртқы жағдаяттар» («Шығыстық жаңғыру»);
Екінші бөлім: «Құрамдас бөлшектер» («Шумерлер», «Вавилондықтар және ассиралықтар»,
«Мысырлықтар»);
Үшінші бөлім: «Катализаторлар» («Хеттар және хуриттар», «Ханаанейлер және арамейлер»,
«Израилдықтар»);
Төртінші бөлім «Синтез» («Парсылар», «Ежелгі Шығыс келбеті»).
Кітаптың іштей мазмұнына назар аудармас бұрын бір ғана тараулар атауынан оның мағынасы
жайында түсінік қалыптастыруға болады. Сонымен қатар, мысырлықтар дегенде бүгінгі мысыр
мемлекетінің халқын солардың мұрагері деп елестетеміз. Болмаса, израилдықтар деп көрсеткенде
Израиль мемлекетін мекен ететін негізгі халық – еврейлерді көз алдымызға келтіреміз. Ал парсылар
десек, бүгінгі парсы тұқымдас қалың қауым – солардың заңды ұрпағы деп түсінеміз. Осылайша,
көне дәуірдің өркениеттеріне атау таққанда сол істе бүгінгі халықтардың, мемлекеттердің мүдделері
бар ма, жоқ па екендігін жіті зерттемейміз.
Еуропалық тарихшының еңбегін біз түркі этносының ұрпағы ретінде сын көзбен оқимыз. Ежелгі
Шығыстың мекендік және мезгілдік өлшемдерін анықтағанда тарихшы Сабатино Москати былай
деп жазады: «История этого региона непрерывна и прослеживается по писменным источникам –
в отличие от соседних регионов, населенных в основном народами, не оставившими после себя
письменных документов, а стало быть, практически лишенными истории» [4, 10].
Яғни, Ніл, Ефрат пен Тигр арнасын мекен еткен халықтар өз тарихын жазып қалдырған да,
өзге көрші аймақтарда өмір сүрген қауымның жазба дерегі болмағандықтан, олардың тарихы да
жоқ сынды. Бұл пікірден біз ықылым замандардағы тарихын жазып қалдырмаған халықтар ішінде
түркілердің ата-бабалары бар деп топшылаймыз. Немесе, итальяндық ғалымның көзқарасымен
келіспейтінімізді білдіріп, көне дәуірдегі өркениеттер ішінен түркілік мәдениеттің, сондай-ақ
әдебиеттің сілемдерін табуға әрекет жасаймыз. Ал ол ізденіс көп дайындықты, күрделі де кешенді
ғылыми жұмысты талап етеді.
Тәуелсіз мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, кез келген мәселеде, соның ішінде ғылымда
да ойын еркін айтуға, пікірін тайсалмай нақты білдіруге, барлық іске ұлттық мүдде тұрғысына
қарауға мүмкіндік алған қазіргі түркі халықтары өзінің көне тарихына қатысты объективті зерттеу
жүргізуге мүдделі. Ғылымның жолы – шындық жолы деп түсінсек, сауатты ғылыми зерттеулер ғана
көп құпияның сырын ашады деп есептейміз. Алайда, бұл істе барынша салқынқандылық танытып,
мейлінше бұра тартушылыққа бармағанымыз абзал. Осы уақытқа дейін әлемдік ғылым мойындаған
ғылыми ұстанымдармен, ешкім күмән келтірмейтін нақты қағидаттармен ізденіс жүргізсек қана
көздеген мақсатымызға жете аламыз деп білеміз.
|