Қ.С. МӘМБЕТОВ
1
, Ж. ТАНАУОВА
2
, М.Қ. МӘМБЕТОВА
3
ф.ғ.к., Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері
1
,
Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Түркістан
2
,
ф.ғ.к.әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
3
, Алматы, Қазақстан
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ
Мақалада Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуында дербес мемлекеттік, оны қорғау мен нығайту
қажеттігі жағдайында бір мезгілде әрі көреген суырыпсалма ақын, әрі хандықтың бас идеологы, әрі
хандардың серігі және кеңесшісі, әрі тайпаның жауынгер басшысы ретінде көрінген жыраулардың рөлі
жайлы сөз қозғалып, поэзиясы талданады. Жыраулар – Қазақ хандығы мемлекетіндегі халқымыздың барлық
жастағы адамдарының асыл, саналы қасиетті болуын мұрат еткен нағыз тәрбиешілер. Жыраулар поэзиясы
– қазақ сөз өнеріндегі шынайы ұлттық сипаттың негізгі көркемдік іргетасы. Сондықтан, халықтық тәрбие
дәстүрін жыраулар поэзиясы арқылы тереңдете ұғындыру өмір талабынан туындаған мәселе. Себебі бүгінгі
буыны қатаймаған Қазақ мемлекетінің іргетасының шайқалмай дамып өсуі үшін жыраулар поэзиясының
беретін тәлім-тәрбиелік мәні орасан зор. Бұл мақалада жыраулар поэзиясында көтерілген ел мүддесі қазақ
хандығымен байланыстырыла баяндалады.
Түйін сөздер: қазақ хандығы, жыр, жырау, жыраулар поэзиясы, сөз өнері, шешендік өнер, фольклор.
Қазақ хандығының мемлекеттік тұрмысы мен өмірінің өзіндік дамуында, қоғамның рухани
өмірінде жыраулар поэзиясы мемлекет пен билеушіге қызмет етті және мемлекетке қызмет
көрсететін әдебиетті қалыптастырды.
Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуында дербес мемлекеттік, оны қорғау мен нығайту
қажеттігі жағдайында бір мезгілде әрі көреген суырыпсалма ақын, әрі хандықтың бас идеологы, әрі
хандардың серігі және кеңесшісі, әрі тайпаның жауынгер басшысы ретінде көрінген жыраулардың
рөлі едәуір арта түсті.
Қазақ хандығының тәй-тәй басып қаз тұрған дәуірінде қоғам мен мәдениетті этотизм және
күшті хан билігі идеясы басты болды және ол жыраулардың поэзиясы мен эпикалық және тарихи
фольклорлық туындыларда ерекше шабытпен жырланды. Жыраулар поэзиясы мемлекет пен
билеушіге қызмет көрсететін әдебиетті қалыптастырды. Жыраулар мемлекет пен билеушіге қызмет
етуді өздерінің басты мақсаты деп білді; күшті әміршіні дәріптеді. Мысалы, Бұқар жырау Абылай
ханды көреген, данышпан адам деп «Дүниеден шықпай мініңіз», бүкіл үш жүздің басын қосып
біріктіргенін дәріптеген:
...Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың...
Сондай-ақ,
...Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың.
Әділдікпен жүрдіңіз
Әдепті іске кірдіңіз [1, 98], –
деп Абылай ханның әділдігін жоғары бағалаған.
Жыраулар ханның ең жақын кеңесшісі, идеологы болған, мемлекеттік өмірдің аса маңызды
мәселелері бойынша суырып салып айтып, өз сөздерін тікелей ханға арнаған.
Хандық дәуірдегі жыраулардың ерекшеліктері олар толғауларын хан кеңесінде немесе бүкіл
халықтық жиналыста айтқан және олардың айтқандары поэтикалық толғаныс-толғау не арнау
түрінде болған. Олар бұл туындыларында өз дәуірі мен өткен дәуірді өсиеттік-философиялық
тұрғыдан жырлап, оларды салыстырып отырған, елдегі жағдайға баға беріп, болып жатқан оқиғалар
туралы өз пікірлерін білдірген, ақыл-кеңес айтып, ұсыныстар берген, көбінесе сәуегейлікпен
болжам жасаған.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен өмірінің өзіндік ерекшелігі, қоғамның рухани
өмірінде жыраулардың поэзиясын алдыңғы қатарға шығарды.
Ұлттық әдебиет тарихында жыраулар поэзиясының мұраларын тұңғыш енгізуші,
қалыптастырушы ғалым-жазушы М.Мағауин болды. Бүгінгі таңда жыраулар поэзиясын зерттеу өз
дәрежесінде деп айтуға болмайды.
|